Сәрсенбі, 13 Қараша 2019
2761 3 пікір 3 Сәуір, 2017 сағат 17:03

Тұтубаев неге жалған сөйледі?

Алматы облысы Іле аудандық сотында Қытайдан келген кәсіпкер Қонай Масипхан мен Бақытбек Тұтубаев (ағасы Асқар Тұтубаев Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары) арасында өткен жұма күні 4-ші сот отырысы өтті. Бұған дейін кәсіпкер Қ. Масипханның сұхбаты мен осы іс туралы мақалалар ақпарат құралдарында жарияланған болатын. Кәсіпкер ҚР Бас прокуроры Жақып Асанов мырзадан да араша сұрап, хат жазған болатын.

Кәсіпкер 2009 және 2015 жылы берген қолхаттарында ақшаны Асқар Тұтубаевтан алғанын жазған. Ал сотқа оның інісі Бақытбек Тұтубаев беріп отыр. Осы іс бойынша куәгер ретінде бірнеше рет сот Асқар Тұтубаевты шақырған көрінеді. Бірақ әлі күнге шенеунік сотқа келген жоқ. Өткен жұма күні «31» телеарнаға телефон арқылы берген сұхбатында А. Тұтубаев « Оның алдында болғанмын, показание бергем. Істе бәрі бар...» деп анықтама беріпті. Біз айыпталушының қорғаушыларынан Асқар Тұтубаевтың сотқа келмегенін білдік. Егер ары таза болса, ол неге сотқа келмейді? Неге сотқа барғанмын деп өтірік айтты? Соттан жалтару шенеуніктің заңды сыйламауы емес пе?

Осыны білмекке Асқар Тұтубаевқа бірнеше рет қоңырау шалып ек, телефон тұтқасын көтермеді. Тұтубаевтан басқа Қ. Масипханның үстінен арыз беруші 3 адамның ешбір дәлелі жоқ дейді қорғаушылар.

Біз алдағы уақытта Тұтубаев мырзаның өзінен сұхбат алуға тырысамыз. Егер айтар қандай да бір уәжі болса, оны сайт бетінде жариялауға әзірміз.

Нұра Матай

Abai.kz

3 пікір