Бейсенбі, 18 Сәуір 2024
46 - сөз 4974 4 пікір 3 Сәуір, 2017 сағат 02:16

Әруақтың белгілі бір күш, қуат иесі екендігі мәлім

Америка әлеуеттік қуаты өте мықты мемлекет. Сондықтан әлем жұртшылығы олармен санасады.

Сонда біз ол әлеуетті қуатты қалай түсінеміз? Рас, оған қаржылық мүмкіндікті, экономикалық жетістікті, әскери күшті, тағы сол сияқты дамыған елдерге тән жетістіктердің бәрін тізбелей беруге болады. Сол күштер жиынтығын біз бір ауыз сөзбен сол елдің «әлеуеттік қуатына» жатқыздық. Сол қуатты біз дәстүрлі дініміздегі түсінікте «әруақ» деп атаймыз. Бұдан әруақтың белгілі бір күш, қуат иесі екендігі мәлім болады. Діни тілде ол қуат «гауһар» деп те аталады. Сондықтан сол гауһарға ие адам (мемлекет) күші басым болады. Мәселен екі адам күресті делік. Мұндай жағдайда да қауқарлы (гауһарлы) адам қауқарсызды қаңбақша иіріп, әп-сәтте атып ұрады. Сондықтан күреске түскен палуан әлгі гауһарға иелік ету үшін оны (гауһарды) өзіне шақырады.

Осы жерде біздің гауһарды әруақ деп те атайтындығымызды қаперге алған жөн. Ұғынықтылық үшін гауһар мен гауһарсызға тағы да мән берейік. Қай мемлекет те әлеуетті қуат (гауһар) иесі. Сол мемлекет халқы әлгі қуаттан пайдаланып тұратындықтан оған қарсы тұрарлық қауқар таныта алмайды. Себебі өзі солардағы қуат арқылы қауқарланады. Ол қауқарлану қазіргі тілде (әр мемлекет өз халқын қорғайды, соған қамқорлық танытады) дегенге саяды. Ал біздің дәстүрлі дініміз танымында мемлекет өкілеттігі де гауһар немесе әруақ деп аталады. Біз бұл жайды неге тәптіштеп жатырмыз? Білген жөн. Қазір дін өз қауқарынан (гауһарынан) айырылып қалды. Діннің мемлекет төрінен орын ала алмай жатқандығы сондықтан. Тіпті діннің қауқарсыдығы сонша, оның мемлекет табалдырығынан аттай алмай қалған да кезі болған. Ол жәйт саяси тілде «дін – мемлекеттен тысқары» делінеді. Діннің халықты баурай алмай жатқандығының басты себебі осы. Сонымен дін әлеуеті гауһарға байланысты тұратындығын білдік. Шынтуайтына келгенде ол әлеует дінге Алла арқылы беріледі. Дұрысы – ол әлеует дәстүрлі дінге Алла арқылы беріледі. Ал қазіргі діндерге ол – сол дінді, сол дін жетекшілерін өз құзырында ұстап отырған мемлекет арқылы беріледі. Сондықтан дінге иелік етіп отырған әр молда сол жер лауазым иелеріне жаутаңдап отырады. Себебі... Дұрыс. Гауһарсыз. Ал Ишандар... Рас, ол дәуірде де ел тізгінін ұстаған бай-шонжарлар болған. Бірақ олар Ишан алдында қол қусырып тұратын. Себебі... Жалғыз-ақ себеп бар. Сол дәуір билігінен Ишандар әруағы басым болатын. Соны жақсы түсінген саяси күштер өздері иелігіндегі діндарлар арқылы дәстүрлі дінді жоққа шығаруға тырысып бақты. Нәтижесінде... Иә. Діннің тек сыртқы формасы ғана қалды. Біздің «дәстүрлі дінімізге қайта ойысайық» деп қайталай беретіндігіміз сондықтан.

Құдияр Біләл

Facebook-тегі парақшасынан

4 пікір