Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Алашорда 6522 2 пікір 30 Наурыз, 2017 сағат 12:32

Тұрсын Жұртбай. «Көңілім сүйген кісіге тиемін!» (жалғасы)

Жазушы, алаштанушы ғалым Тұрсын Жұртбайдың «Бесігіңді түзе!..» кітабының жалғасы. Өткен бөлімдерін мына сілтемелерден оқи аласыздар:

http://abai.kz/post/view?id=7271

http://abai.kz/post/view?id=7292

http://abai.kz/post/view?id=7363

http://abai.kz/post/view?id=7851

http://abai.kz/post/view?id=7819

http://abai.kz/post/view?id=7851

http://abai.kz/post/view?id=7963

http://abai.kz/post/view?id=8004

http://abai.kz/post/view?id=8164

http://abai.kz/post/view?id=8190

http://abai.kz/post/view?id=8438

http://abai.kz/post/view?id=8635

http://abai.kz/post/view?id=8747

http://abai.kz/post/view?id=8925

http://abai.kz/post/view?id=8955

http://abai.kz/post/view?id=9050

http://abai.kz/post/view?id=9536

http://abai.kz/post/view?id=9857

http://abai.kz/post/view?id=10194

http://abai.kz/post/view?id=10277

http://abai.kz/post/view?id=10532

http://abai.kz/post/view?id=10740

http://abai.kz/post/view?id=10973

http://abai.kz/post/view?id=11107

http://abai.kz/post/view?id=11260

http://abai.kz/post/view?id=11485

http://abai.kz/post/view?id=11583

http://abai.kz/post/view?id=12512

http://abai.kz/post/view?id=12602

http://abai.kz/post/view?id=12674

http://abai.kz/post/view?id=12762

http://abai.kz/post/view?id=12863

http://abai.kz/post/48131

IV.

 

«Қыр әңгiмелерiндегi» оқыс оқиғаға құрылған хикаялардың мәйегi – халық аузындағы «ерлiк» шежiресiне ұйыған. Мұхтар осы Ташкент қаласында жүргенде халық ауыз әдебиетiнiң үлгiлерiн жинауға ден қояды. 1924 жылы «Жас қайрат» журналының 3-4 санында «Халық әдебиетi туралы» мақала жазып: «... Халық бұрынғы кездегi салтынан, қолданып жүрген халық әдебиетiнен заман өте-мөте бүтiндей тотығады. Ескiлiктi өлең-жырларды жаңа буын жастары бiлмейдi. Аздап кәрi құлақты ескi кiсiлердiң ғана жадында қалады... Ендi, өткенге салауат, бiрақ жұртшылығымызды ашық көрсетiп, халық әдебиетiн жинаудың шарасына кiрiсуiмiз керек. Менiңше, халық әдебиетiн жинауға қолайы бар адамдар – оқыған жақтарында халық әдебиетiн жинап, керектi тауып пайдаланатын, басылып жарыққа шығаратын баспасөз майданына түсетiн жерге жеткiзу керек. Және жинаушы ақындардың өлеңдерi, олардың өмiрi, қай уақытты болғандығы туралы мағлұмат жинауға кiрiсуi керек. Әсiлi ескi әдебиетiмiздi жинауға жас оқығандарымыз күш көрсетпесе, халық әдебиетiмен аз жылдың iшiнде ашық қоштасамыз» – деп, үлкен мәселе көтередi.

Ғылым мен көркем творчествоға бүтiндей ден қойған Мұхтар өзi де халық мұрасын қағыстыра жиып, белгiлi адамдардың өмiрiн зерттеп, оның кейбiр желiлерiн шығармасына пайдаланды. Соның бiр айғағы – «Қыр әңгiмелерi» болып табылады. Ал жоқ iздеген адамға: «22-23 жылдың қысында Ташкентте «Шолпан» журналын шығардық. Сонда бiраз әңгiмелер бастырдым. 24-жыл қыс елде тұрып бiр роман жазып едiм, ол әлi баспада шыққан жоқ. Ташкенде тұрған уақытта бiр пьеса жаздым. Ол да әлi шыққан жоқ» – деген сөз бағдар сiлтейдi. Аталған роман қайда, аты қалай, не туралы әлде, «Заман еркесiнiң» толық нұсқасы ма? Ал пьеса ше? Бәрiде жауап тiлейтiн сұрақтар. Бiрақ сауал қойылуы қойылды, жауап жоқ. Үнсiздiк.

 

         «КӨҢIЛIМ СҮЙГЕН КIСIГЕ ТИЕМIН!»

 

«Кiмде-кiм ақыл-ойының әр қозғалысы арқылы өмiрдiң құпия құбылысын түсiнуге ұмтылса, оның қайнар бұлағы өзiнiң жан дүниесiн табады».

                              Гете. Фауст».

 

 

 

«Шолпан» журналымен байланыс жасап, сонда ескi қазақ ауылынның тiршiлiк-тұрмысы мен әлеуметтiк құрылысының сиықсыздығын суреттеген бiрнеше әңгiме бастырдым»

 

Мұхтар Әуезов.

«Менiң өмiрбаяным».

 

I

 

Жаныңды тебiрентiп, жүрегiңнiң түбiнен «шымарлап бойға жайылмаған» шығарма – жансыз қуыршақ. Ол – өнер туындысы ретiнде де дербес өмiр сүруге қабiлетсiз. Жалаң ойдың жасанды сұлбаса ғана. Сезiмiңдi қозғамайды, бейнесiн елестете алмайсың. «Ән айтсаң да – жаныңды жеп айтасың» – демей ме. Сол сияқты, талант құдiретi әруақтанып, ақ қағазға сөз маржанын құйдырып тұрса да, шығарманы жазғанда да жаныңды жеп жазасың. Сол сәтте қалғыған сезiм оянады, сүлбелер тiрiледi. Кәдiмгi арпалысы, жақсылық-жамандығы, әдiлеттi-әдiлетсiздiгi, сүйiп-күюi, «сөнiп-жануы» аралас өмiр кешесiз. Қам-қарекетi мол осыншама құбылысқа ой жүйесi ерiген жазушы әрбiр көрiнiске, кейiпкерге өзiнiң жанын үзiп бередi, өз жүрегiнiң ыстық-суығынан өткiзедi. Қаламгердiң қызуы, авторлық менi көрiнбеген туынды – көңiлдiң шикi перзентi. Флобердiң «Бовари бикеш – менмiн», Толстойдың «Наташа – өзiммiн», «Анна Каренина – өкiл қызым» деуi де сондықтан. Көркем шығарма – көзқарастың жемiсi, болмыс пен өмiрдi адам ретiнде танып-бiлудiң талпынысы. Осы тұрғыдан алғанда, Мұхтар Әуезовтiң мың тоғыз жүз жиырма үшiншi жылдары жазып, Ташкенттегi «Шолпан» журналына үстемелеп, қарасы үзiлмей жарияланған «Үйлену», «Сөнiп-жану», кейiннен «Таң» журналында басылған «Ескiлiк көлеңкесiнде», «Кiнәмшiл бойжеткен» әңгiмелерiндегi ортақ кейiпкер – автордың өзi десек, қателiкке ұрынбаймыз. Өйткенi, сол бiр сыйымды-сыйымсыз сезiмдердiң жетегiндегi жағымды-жағамсыз бейнелердi тiрiлткен де, өмiрге әкелген де жазушының өзi. Олардың тағдырына қол сұғуға ешкiмнiң де қақысы жоқ. Үкiмін Әуезовтiң өзi кесiп-пiшiп қойған. Егерде, жазушының шығармашылық жазу процесiндегi көңiл күйi, көз алдына елестеген өмiрлiк көрiнiстерi, жалпы, шығарма мен өзiнiң авторлық «менiнiң» арасындағы байланыс хақында мәселе қойсақ, онда Мұхтардың жеке басынан кешкен жайларын сабақтастыра отырып, бiраз қызықты, мүмкiн, тосын тұспалдарды жария етуге болады. Қайталап айтамыз, мұның барлығы таза прототиптiк дәлелдемелер мен айғақтар емес. Жазғандарына жанын үзiп берген творчество иесiнiң өмiрдегi әсерлерiнiң көркем шығармасына кiрiгуiнiң нышандары мен нысанасы ғана.

Авторлық «мен» мен кейiпкер арасындағы қарым-қатынас – өте нәзiктiктi, сақтықты және әрбiр көрiнiстiң астарындағы емеурiндi дөп басатын алғырлықты және ойды өз айтқанына иiп бағындыруға ұмтылмайтын адалдықты қажет ететiн дiлгiр де кiрпияз мәселе. Кейде осы екi бiрлiктiң жiгiнен жазушылардың өзi де айырылып қалады. Оның басты себебi: автор мен кейiпкердiң жандүниесi шығармашылық процестiң барысында бiр-бiрiмен етене жақындасып, туысып кетуiнде болса керек. Сондай дүбәра күйдi Мұхтар Әуезовтiң ертеден араласқан досы, өзбектiң ұлы ақыны Ғафур Ғұлам да кешiптi. Автобиографилық «Тентек» атты повесiнiң жазылу тарихи және кейiпкер мен қаламгер арасындағы байланыс туралы Александр Наумовпен әңгiмесiнде «шындығына көшсек, ең алғашындағы ойым – өзiмнiң балалығым туралы өмiрбаяндық повесть жазу ма едi, немесе шым-шытырық оқиғаға сықап тұрған балаларға арналған кiтап жазу ма едi, қазiр еске алудың өзi қиын. Кемелiне келген жазушылардың кез келген сияқты мен үнемi өзгелердiң өмiрiнен тырнақтап материал жинаумен болыппын да, ал өзiме ең қымбатты әрi оңтайлы өмiрбаяным, ешқандай қозғаусыз қалыпты... Балалық хикаямды ойша жинақтап (олар бiр кiтап едi), оның балшық кiрпiштен құйылған аласа үйлердiң көшесiнде шаңға көмiлген баланың маңдайына бұйырған қасiрет пен қуаныш туралы алғашқы бөлiмiн жазып бiтiргенше – өзiм туралы жазып жатырмын деп ойладым. Солай-солай болатын бiрде өзiмнiң тентегiме басқаша қарап едiм; оның өзiм емес екенiне көзiм жеттi. Тiптi, мүлдем бөтен бала болуы да. Халқымның жүздеген жылдар бойы басынан кешкен оқиғаны өзiмнiң кейiпкерiме телiппiн. Мұны көрiп, таң қалдым. Мен өзiмнiң балалық шағымды әсiрелеп жазудан аулақ едiм. Керiсiнше болатын! Ендi – соған терең үңiле отырып, өткеннiң өткiр көзiлдiрiгiн киiп, қуақы күлкi араластыра отырып, барлық шындықты бейнелеуге тырыстым. Менiң ендiгi тентегiм түбiнде жазушы боп шығатын Ғафур атты балаға ұқсамай кеттi... Иә, сол болса менiң өзiммiн әрi мен емеспiн» – деп тосын сырды ашып бередi.

Қилы-қилы құбылысты қамтыған көркем творчествоның бiр құпиясы сонда. Авторсыз шығарма жоқ. Сол сияқты, автормен жансебiл болмаған шығарма – шынайы емес. Қанша, кереғар қайшылыққа құрылса да, оның өзегiнiң бiр тамыры жазушы жүрегiмен жалғасып жатады. «Үйлену», «Сөнiп-жану» әңгiмелерiндегi Мұхтардың өмiрiне нәзiк сәуле арқылы ұштасып жатқан тұс – сол жан туыстығы. Бұдан кез келген жазушы кейiпкер арқылы өз ойын, өткенiн суреттейдi деген ұғым тумайды. Кейде, әсiрелер, бабына жеткiз баяндаған көркем шындықтың өзi – тарихи шындықтан күштi әсер етедi. Өнердiң мiндетi де соған саяды.

Белгiлi бiр шығармашылық кезеңдегi жазушының ерекше ден қойған тақырыбын оның iзденiс жолындағы тоқырауы, не таныс жаймен шектелуi деп бағалауға болмайды. Қайта, жан-жақты көрсетуге тырысқан ниетi ретiнде қабылдануы тиiс. Мұхтардың сол жылдардағы әңгiмелерiнiң дерлiктей төңкерiске дейiнгi қазақ тұрмысынан алынуы – кезiнде орынсыз сыналып, терiс түсiнiктерге жол ашты. Тiптi, саясатпен астарлап, кей шығармаларынан бас тартуға мәжбүр еттi. «Үйлену» мен «Сөнiп-жану» солардың iшiнде аты аталып, түрi түстелмегенмен де, тiзiмнен сызылып тасталмады. Қазақтың ескi тұрмысын көксеушiлiк, сал-серiлiктi дәрiптеушiлiк сарыны басым дестi. «Тұрпайы социологияның» билiгi жүрiп тұрған уақытша көрiнiстiң байбаламы жазушы үшiн өте қиын-қиын кезеңдердiң қыспағында қалуға итермеледi. Осы әңгiмелердiң басын қосып, 1935 жылы оқырмандарға ұсынғанда Мұхтар Әуезов: «Ескiлiк көлеңкесiнде» деген жинақ бұрынғы Қазақстан тарихында болған рушылдық, феодалдық ескiлiктiң көлеңкесiнде, қойны-қонышында болған әр алуан көрiнiстiң азды-көптi елесiн бередi. Сол ескiлiктiң еркiнде болып, көлеңкесiнен шыға алмай, сезiм санасы тұсаулы болған жеке адамдар, жас-кәрiлер, еркек-әйелдер бар. Ой-санасы тұтқында, шырмауда болғандықтан бiр алуаны сол ескiлiктiң әрi құлы да, әр ерiктi не ерiксiз сүйеушiсi. «Ескiлiк көлеңкесiнде» тағы бiр қауым бар. Ол – сол ескiлiктiң езгiсiнен әлi шыға алмаған қоғамдық жұртшылық» – деп алғысөз жазып, неге сол кезеңге қатты көңiл бөлгендiгiн түсiндiрдi.

Автордың өзi «ой санасы тұтқында» қалған деп сынап отырған кейiпкерлер әлемiне өмiрiн қалай арқау етедi? Ол мүмкiн бе? Сондағы мақсаты не? Бұл – заңды сұраққа «мүмкiн» деп қана жауап беруге болады. Себебi: жазушының өз өмiрiмен кейiпкердiң басындағы оқиғаларды салыстырсақ, көптеген ұқсастықтарды аңғару қиын емес. Тек, көркем шығармада, оның барлығы жеке-жеке үзiк ретiнде берiлген. Мұның өзiндiк кiлтипаны да бар сияқты. «Үйлену» – әңгiмесi «Жас жүректер» деген атпен «Сана» журналында басылды. «Аяғы бар» деген сiлтеме қоса берiлген. Демек, бұл оқиға әлi толық аяқталмаған. «Сөнiп-жану» – «Заман еркесi» (роман) – деп берiлдi. Ол да тәмамдалмаған. Яғни, осы екi әңгiмедегi автордың ойы толық ашылмаған. Сондықтан да, өмiрдегi оқиғалардың көркемдiк желiсi үзiк-үзiк шыққан. Кейiнгi шығармаға Абайдың:

 

Қарасам, қайғыртар жұрт бұл заманғы,

Салқын, құс – өмiр, я қараңғы.

Бiлiм де жоқ, бiлiмге сенiм де жоқ,

Өнерсiз қартаяр деп бiл балаңды.

Бала мiнез, ойыншы бұрынғылар.

Аңқау екен, мазақтап соны сынар.

Артқа қарап, ақпейiл шалға күлiп

Абұйырсыз, атақсыз көрге құлар, –

 

деген өлеңiн эпиграф есебiнде алудың не мәнi бар? Жазушының эпиграфының мегзеуiне үңiлсек, интеллигенцияның жастық желiгiмен қоса, «абұйырсыз, атақсыз көрге құлар» қасiретi де қамтылуға тиiстi. Олар өздерiн уақытша «заман еркесi» сезiнедi. Соның артында терең қасiрет жатыр. Автор осы жылдарғы әңгiмесiнде тақырыпты өзiн мысқылмен: «Оқыған азамат», «Заман еркесi», «Қазақ қызы» деп қойып, олардың жан дүниесiндегi жалғандықты бүркемелеп тұрған «қылымсуды» әшкерелейдi. Кейiн эпиграфы, қоғам туралы пiкiрлер қысқартып тастауы, автордың әуелгi ойының ақырына шейiн айтылмайғандығын анықтайды. Өмiрiнiң соңғы тынысы бiткенше қазақ интеллигенциясының қалыптасу кезеңi хақында роман жазуды армандап өткен қаламгердiң орындалмай қалған парызының бiрi осы. «Заман еркесi» соның алғашқы ұшқыны едi. «Үйлену» де, «Сөнiп-жану» да бiр жылда жазылып, бiр жылда жарияланды. Екеуiндегi басты әйел кейiпкер – Жәмила. «Ескiлiк көлеңкесiндегi» қыз – Жәмеш. Егер осы үш шығармаға ортақ бейненiң ғана әрпiн өзгертсек, Мұхтардың сүйiп қосылған жарының аты – Кәмила, Кәмеш боп шығады. Бұл кездейсоқтық па? Сырттай қарағанда солай. Ал, оның түпкi  астарына үңiлiп көрсек ше?

Онда мұның бәрi кездейсоқтық емес, өмiрлiк құбылыс болып шығады. Мұхтар өзiнiң жастық шағында басынан кешiрген сезiм бұлқыныстарын көркем тiлмен кестелген. Өлi табиғатты тiрiлтетiндей талант қуатына ие жазушы үшiн әсiрлеп, қиюын қиыстырып, оқыс шешiм ұсыну – онша қиынға соқпайды. Тiптi, күнделiктiң өзiнде де адамның эмоциясы тұлғаланып кетпей ме. Оның үстiне заңды әйелi Райханмен ажырасып, өзге отаудың түтiнiн түтетiп отырған Кәмиламен қосылуы адам ретiнде де, әке ретiнде де оңайға түскен жоқ. Сол бiр қиын күндер оның жүрегіне терең жара салды. Ұмытылмастай iз қалдырды. Сондықтан да қаламының ұшына жанын тебiренткен оқиғалардың iлiнуіне таңданатын ештене де жоқ. Және бұл жай – осы кезеңдегi жалпыға ортақ көкейкестi мәселе болатын. Қыздар: «көңiлiм сүйген кiсiге тиемiн» – деп ескi салтқа қарсы шықса, «Заман еркесi» – оқығандар бұрын ата-анасы айттырып қойған қалындығынан бас тартты. Екiнiң бiрiнде кездескен үйреншiктi көрiнiс.

Мұхтар да мұндай тебiренiстi шақтардың сезiм шарпуын өз жүрегi арқылы сыннан өткездi. «Үйлену» әңгiмесi – өзiнiң Кәмилаға қосылуының ұзын-ырғасынан елес бередi. Әңгiмедегi оқиға былай: оқыған азамат Оспан «болатком» сайлау үшiн жiберiлген өкiл. Қасымды болыстыққа өткiздi. Жәмила оған ертеректе атастырылған, ендi оған барғысы келмейдi. Оспан «қазақшылық дәстүрiмен» iстi бiтiруге тырысып, бiтiмге барады. Қалыңмалын беріп, енді қызды әкетуге келген құдалардың тілегiн орындайды. Әдемi, сұлу, мiнездi Жәмиламен оңашадағы әңгiмеде екеуiнiң көңiлi жарасып, уәде байласады. Оспан құдалықты кейiндете тұрып, өзi бiр түнде алып қашады. Қаланың арасы – жүз шақырым.

Ал, ендi осыдан Мұхтар өмiрiне қандай ұқсастықтар табылады? Салыстырайық. Әңгiмеде «болатком» – яғни, болыстық атқару комитетi делiнедi. Бұл – «халбикенiң» – халық билерi комитетiнiң тұсы. 1920 жылы Мұхтар сол қызметтi атқарған. Туған ауылына өкiл боп барып, Кәмиланы атастырған жерiнен бұзып, өз ауылына алып келедi. Әрине, оған Жақсылық Төленов iспеттi халық соты қол ұшын бередi. Мұхтар Кәмиланың ағасы – Тұрағұлдан, әжесi Дiлдадан қолдау тапқан. Мұндай қосымша жайлар көркем шығармаға қосымша жүк артады. Екiншiден «Жас жүректер» деп аталған алғашқы нұсқасының мақсаты – сол «Жас жүректердiң» қосылуы ғой. Демек, көлденең көрiнiстердiң сырылып қалуы заңды. Кәмиланы дәл «үйлендiрудегiдей» алып қашпағанымен, ұзатылған жерiнен жартылай жасырын, жартылай сот күшiмен сес көрсете пәуескемен ауылға әкелген Мұхтардың өзi ғой. Демек, өмiрлiк дерекке жақын шығарма екенi дәлелденiп шығады.

Осылай тұжырымдап, әңгiмедегiнiң барлығын бұлжымас шындық деп қарауға бола ма? Жоқ. Ол – мүлдем жаңсақтыққа жетелейдi. Егер айырмашылықтарын атасақ, тiптi, желiсi түгiл сарыны да ұқсамайды. Әңгiмедегi Оспан – бойдақ, Мұхтар үйленген, бiр ұлы, бiр қызы бар. Жәмила ендi ұзатылайын деп отыр. Кәмила сол ауылдың келiнi. Оспан мен Жәмила алғаш рет бiр-бiрiн көріп отыр. Ал Мұхтар мен Кәмила бала жасынан таныс, ынтық жандар. Дегенмен де, мұндай алшақтықтар көркем шығарма үшiн мiн ретiнде есептелiнбейдi.

Бiз жоғарыда, автордың «менiмен» кейiпкердiң арасындағы жiктiң жымдасып кететiнi сондай, кейде автобиографиялық туындылардың өзi тонын өзгертiп шыға келетiнiн Ғафур Ғұламның естелiгi арқылы ескерте кеткен едiк. «Үйлену» де дәл сондай шығармашылық құбылыстың нәтижесiнде жазылған. Мұхтардың Кәмилаға қосылу оқиғасы тұсындағы сезiмдерi ғана әңгiменiң iшкi иiрiмiне ықпалын тигiзбек. Жалпы бейнелiк сипат алған. Яғни, өмiрлiк шындықтың әуенi естiлгенiмен, өзегi өзге дербес дүние ретiнде әсер қалдырады. «Үйлену» бас бостандығын аңсаған қыз бен ынтызарлы жас жiгiттiң кедергiге қарамай адал тiлектерiмен «жас жүректердiң» қосылуын мақұлдаған авторлық идеяның, қыздың «көңiлiм сүйген кiсiге тиемiн!» – деген өткiрлiгiне сүйсiнген iзгi ниеттiң жемiсi.

Мұндағы басты тұлға, әрекет иесi – қыз. Ал, «Сөнiп-жануда» жiгiт мүддесi алдыңғы қатарға шығады. Сондай-ақ, көркемдiк қиялға қанат бiтiрген ойдың қайнарын онша қиналмай-ақ табуға және Мұхтардың өзiн соны дәлелдеу үшiн куәға тартуға болады.

Тек он тоғыз жасар Мұхтардың 1916 жылғы қалыңдық айттыру кезiндегi оқиғаларды, төңкерiс тұсындағы әрекеттерiн еске түсiру лазым. Онсыз, барлық жай толық ашылмайды.

Сонымен «Заман еркесi» кiм?

(жалғасы бар)

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2256
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3531