Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Қоғам 7708 0 пікір 24 Қаңтар, 2015 сағат 13:12

ИМПЕРИЯНЫҢ ИЕК АСТЫ

1220-1230 жылдары кейбір қыпшақ тайпаларының монғолдарға өз еркімен бағыну мәселелеріне қатысты жазбалар

Дешті Қыпшақтың Монғол империясы құрамына кіруі біршама уақыт бойы Монғол империясының ішкі саясатындағы басымдықтарының өзгеруіне байланысты ұзақ процеске айналды. Көптеген авторлар бұл процесті әділетті түрде монғолдардың Дешті Қыпшақты жаулап алуы ретінде қарастырады.

Сонымен қатар, кейбір қыпшақ тайпаларын тек жаулап алуы туралы ғана емес, сондай-ақ, монғолдық бодандықты өз еркімен немесе «ерікті – мәжбүрлі түрде» қабылдауы жөнінде растайтын түпкі деректер ұмытылуда. (Мысал ретінде [11,351-362] [21,184-240] [23] [20,47-56] [8,131-151]). Берілген мақала осы мәселені қарастыруға арналады.

Монғол бодандығын қабылдаған қыпшақ тайпалары туралы 4 растаушы түпкі дерек бар:

1.Юлиананың Гуреге, Витут және Гургут туралы әңгімесі [10, 237-239].

Я.Пилипчук Витут пен Гурега арасындағы соғыс - бұл қыпшақ хандары Қыран мен Иналчук арасындағы соғыс деп санайды.[12,195] (ағасы мен жиені). М.С.Гатин, Л.Ф.Абзалов, А.Г.Юрченко Гургутты кейде «қара қытай гурханы» [10, 237], кейде Шыңғыс хан деп атайды [10,239]. Я.Пилипчук П.Голубовский мен Х.Гьеконянның [13,169] нұсқаларын мысалға келтіреді, яғни Гурег бұл Юрий Кончаков екеніне ол толықтай келіседі [13,167]. Ан-Насави Джалал ад-Динмен одақ құрып, Дербендке жорыққа шығуды жоспарлаған Кавказ қыпшақтарының билеушісі Гюр-ханды атап көрсетті [24,213-214]. Я.В.Пилипчук оны Юрий Кончаковичпен теңестірді [13,101], бұл жерде біз де келісеміз, тек жалғыз түзетумен, біздің пікірімізше, бұл одақ Дербендтен өтуіне бөгет жасап, Жебе және Сүбедейдің жорығына дейін жасалды.

Қысқаша айтқанда берілген хабарлама төмендегідей естіледі.

Алғаш рет татарлардың соғысы осылайша басталды. Готта елінде бикеш апасы бар Гургута есімді патша болды. Бір күні бикеш апасы әлдебір көршілес жатқан елге шабуыл жасайды. Алайда бұл соғыста қыз жеңіліске ұшырап, жауының қолына тұтқынға түсіп, ал әскері кері шегінеді. Тұтқынға алған елдің көсемі оған зорлық көрсетіп, соңында өлтіреді. Адам түршігелік ауыр қылмыс жасаған көсем өз жерін тастап, адамдарымен бірге Орнах сұлтанға қашады. Осы оқиғадан кейін, әлдебір куман еліндегі Витут есімді көсем болды. Ел аузында таралған қауесеттер бойынша оның байлығының кереметтілігі соншалықты тіпті мал-жануарлары даладағы алтын арықтардан су ішкен. Оның байлығы үшін Буз өзені жағасындағы Гурег есімді көсем оған шабуыл жасап жеңеді. Соғыстан жеңілген көсем екі баласымен және соғыстан аман қалғандармен бірге Орнах сұлтанға қашып барады. Сұлтан оның өзіне кезінде жасаған әрекеттерін кешірмей, көсемді дарға асады, ал халықты өзінің билігіне бағындырады. Витуттың екі ұлы тез арада қашып шығып, тұратын баспанасы болмағандықтан, өздерін және ата-анасын тонаған жоғарыда аталған Гурегке қайтып келеді. Ол ашуланып, үлкенін жылқының тұяғына тастап өлтіреді. Ал кішісі жоғарыда аталған татарлардың көсемі Гургутке қашып келіп, өзінің ағасын өлтіріп, ата-анасын тонаған Гурегтен кек алу үшін көсемнен көмек сұрайды. Бұл өтініші орындалып, жеңіске жеткен жас жігіт қайтадан Гургут көсемнен әкесінің аянышты өлімі мен құлдықта қалған халқы үшін Орнах сұлтанға кегін қайтаруға көмектесуін сұрайды. Екі есе жеңіске жетіп құмарланған ол жас жігіттің бұйымтайына келісіп, сұлтанға қарсы соғыста даңқты жеңіске жетеді. Сонымен, барлық жерде лайықты жеңістің мадақтарына ие болған жоғарыда аталған татарлардың көсемі Гургут барлық әскери күшімен, кезіндегі қайшылықтар үшін, парсыларға қарсы шықты. Сол жерде ол даңқты жеңіске жетіп, өзіне парсы патшалығын бағындырды[10, 237-238]. Мұндағы Гурег - Юрий Кончакович, Орнах сұлтан - Хорезмшах, ал Гургутта - Шынғыс хан екеніне келісуге болады. Мұнда Витуттың ұлы - әкесі мен үлкен ағасының кегін қылмыскерлерден қайтаруға үміттеніп, Шыңғыс ханның бодандығын ерікті түрде қабылдаған кыпшақтың көсемі болып табылады.

 2. Эннувейри өзінің энциклопедиясындағы мәліметтерде «Түріктердің ісі туралы» тарауында: Оның (Бейбарыс) айтуынша олар 626 жылға дейін өз жерлеріне қоныстануға, баспаналарына тарауды тоқтатқан жоқ. Бір күні Дурут тайпасындағы Котянның ұлы Мангуш есімді жігіт аң аулауға шыққанда, оған Тоқсоба тайпасының Аккұбұл есімді жігіті жолығады, (?) —  екі (тайпаның) арасында бұрынан бері бақталас болғандықтан, оны тұтқынға алып, өлтіреді. Мангуш туралы хабар жетпегендіктен әкесі мен оның адамдары Джамгар (немесе Джалангар)есімді бір адамды анықтап келуге жібереді. Бұл қайтып келіп, оның өлтірілгендігін жеткізеді. Мангуштың әкесі өз тайпасындағы адамдарын жинап, Аққұбұлға қарсы аттанады. Аққұбұл өзіне қарсы шыққан тайпаның жорығы туралы хабар жеткенде, олармен (Дуруттармен) шайқасқа дайындалады. Олар кездесіп шайқасып; бірақ жеңіс Дурут тайпасына тиді. Аққұбұл өзі жараланып, оның әскері жан-жаққа бытырайды. Сол кезде ол өзінің ағасын Ансарды (немесе Унсур) Душиханға яғни Шынғысханның тағында отырған, Солтустік елдерде әскері бар Укедейге жібереді. Ол (Аққұбұлдың ағасы) оған (Душиға) оның халқын Кыпшақ тайпасы Дуруттың жаулап алғанын және егер ол (Души) барса, Дуруттан басқа халықтардың қарсы шықпайтынын айтады. Сол кезде (Души) өзінің әскерімен оларға шабуыл жасап және көп бөлігін ұрып-соғып, тұтқынға алады. Осы уақытта тұтқын халықты саудагерлер сатып алып, әртүрлі елдер мен жерлерге алып кетеді [5, 65]. Р.Ю.Почекаевтің ойынша, Души есімді адамның Бату екенін, ал венгрлерге кеткен Котянның өзі Котянға ұқсас келмейтінін айтады [16,110]. Сондай-ақ, Р.Ю.Почекаев А.Г.Юрченконың Котян Теркен-қатынның туысы болғаны туралы нұсқасын қолдайды [16,108]. Бұл Котян араб деректеріндегі көп жылдар бойы монғолдардың жауы болып келген Котян Сутоевичке ұқсас келетінін біз алдында жазғанбыз. Бірақ, Котян Дурут тайпасынан шыққандықтан, ол Уран (Кай) әулетінен шыққан Теркен-ханның туысы болуы мүмкін емес [19,181]. Сонымен қатар, біз әуелде бұл оқиғаның Сүбедей мен Жебенің Котянды жеңген Қалқа өзенінің маңында болды деп болжадық [19,181]. Қазір біз өз көзқарасымызды өзгертіп, бұл оқиғаның (Аққұбыл мен Котянның шайқасы) 1227-1228 жылдары болған деп санаймыз. С.Т.Катанчиев Тоқсоба тайпасы XII ғасырдың соңында Дон алабында орналасқанын, Қалқа шайқасы кезінде олар Еділ бойы және Днестр өңіріне көшкенін атап көрсетеді [7,54]. С.А.Плетневаның ойынша, Аққұбылдың өтініші монғолдардың 1228-1229 жылдардағы қыпшаққа қарсы жорығын ұйымдастыруға себеп болды [15, 69-170], В.А.Злыгостев көмек көрсету туралы өтінішті 1227-1228 жылдар деп көрсетіп, бұл пікірмен келісті [4,195]. Я.В.Пилипчук Аққұбылды Шаруканид [12,194], яғни Юрий Кончаковичтің дәл өзі деп есептейді (Аққұбыл – қыпшақ есімі, ал Юрий – шоқындыру кезіндегі есімі) [13,91]. Сондай ақ, бұл жерде 626 хижра жылы бойынша  06.12.1228 жылдан бастап 25.11.1229 жылға дейін бөлінгенін ескере кеткен жөн. Барлығы атап көрсеткендей, Аққұбылдың өтініші шынында 1229 жылы 30 мың әскердің Дешті Қыпшаққа аттануына себеп болғанын айқындайды [17,109], [18,67]. Бұл жерде тағы бір жағдайды көрсеткен жөн. 635 хижра жылдарына (31.08.1237-20.08.1238) теңістірілген ит жылында Берке қыпшақтарға жорыққа аттанып, Арджумак, Куранбас, Капаранды, Беркуттің әскербасшыларын тұтқынға алды [6, 86]. Біздің ойымызша, бұл жерде Беркут есімінінің астарында батыс қыпшақтардың билеушісі Котян ханның есімі жасырын жатыр. Ер деген теңеуі бар (батыр) Беркут (Йеркути) туралы жазылған жазбаның Ер-Котян деп өзгертілген жазбасы екені анық. Я.В.Пилипчук қыпшақтардың Венгрияға қоныс аударуын 1239 жылғы Пасха деп (1239 жылғы наурыз-сәуір?) көрсетеді [12,202]. Матвей Парижский мен Роджер Бэкон Котян Венгрияға монғолдардан жеңілгеннен кейін кеткенін айтады [10,295], [10,391], Я.В.Пилипчук бұнымен келіседі [12,194]. Сонымен, Берке Котян әскерін ойсырата жеңіп, оның Арджумак Куранбас және Капаран тайпасынан шыққан әскербасшыларын тұтқынға алғаннан кейін, Котян Венгрияға кетуге мәжбүр болды деп болжам жасауға болады. 

3. Башқұрт шежірелерінде Мүйтен (Тоқсабаның ұлы немесе Тоқсаба руынан шыққан) Шыңғысханға кездесуге барып, оның бодандығын қабылдап, Жайық бойы, Сакмаре жерлерін иелікке алғаны көрсетілген [9,336]. И.В.Антоновтың пікірі бойынша Муйтен-бий «Сакмардан Донға дейін» жетіп, Батыстық жорыққа қатысып, Шыңғысханның емес, Батудың замандасы болды [1,88-89]. Башқұрт шежірелеріне сәйкес, Мүйтен бидің Үсерган есімді ұлы болған, башқұрттардың Усерган тайпасы осыдан тарайды, Усергеннің Шағали деген ұлы бар (Шейхали) [3,84-85]. Үсерганнің ұраны Тоқсоба атауы болды [3,201]. Бұл жерде Эннувейридің хабарламасымен қатарласа сәйкестендірген жөн: екі хабарламада да қыпшақтардың Тоқсоба тайпасы (тек тайпа билеушілерінің есімдері ерекшеленеді: Мүйтен мен Аққұбұл) туралы айтылады. Бірақ осымен бірге Үсерган (Мүйтен бидің ұлы) және Ансар (Унсар) (Аққұбұлдың ағасы) есімдерінің ұқсастығын аңғаруға болады. Аққұбұл мен Унсардың (Усерган) Шыңғысханның замандасы болған, шамамен бір мезгілде қайтыс болған Мүйтен бидің балалары деп толығымен жорамалдауға болады. Осылайша, неліктен монғолдардың Аққұбұлдың өтінішін орындауға тез келіскенін оңай түсіндіруге болады. Ол әкесі Муйтен бидің орынына мирасқа ие болып, олардың вассалы болды. Бұдан басқа, бұл екі хабарламаны Юлиананың хабарламасымен сәйкес келтіруге болатынын айтуға болады. Шыңғысханға қолдау іздеп келген Витуттың кіші ұлы - Тоқсоба тайпасынан шыққан Муйтеннің болуы әбден мүмкін. Онда Муйтен мен оның ұрпағының Шыңғысханға адал қарым-қатынасын оңай түсіндіруге болады. Мүйтен өз әкесі (Хорезмшахқа кегі үшін) мен ағасының (Юрию Кончаковичке) өлімі үшін Шыңғысханның кек қайтаруына көмек көрсеткеніне алғысын білдірді. Ал оның ұлы Аққұбұл 1223 жылы монғолдарға қарсы Қалқада соғысқан, монғолдардың тағы бір басты жауы Котянмен кездесіп, вассал ретінде моңғолдардың көмегіне жүгінуге құқылы болды.

4. Юань Шидің Тутук биографиясында оның арғы аталары туралы тәптіштеп көрсетілген: Инасының Хұлұсұман (Урусман?) есімді ұлы болған, Хұлұсұманның Бандуч (Тутуктың әкесі) есімді ұлы Хұлұсұманның айналасын иемденуге бас салған Менгуге (Р.П.Храпачевский санағандай, Инасы мемлекеті емес) Үгедейге өз еркімен бағынышты болуға келісімін білдіріп елші жібереді. Бандуча өз халқын көтеріп, Менгуге қарсы шығып, оған бағынады. Кейін Бандуча Менгу әскерінің құрамында Магасты (аландардың астанасы) қоршауға қатысады [22,46-47]. Р.П.Храпачевскийдің ойынша, қыпшақ-кундарының бір бөлігі бұрынғы Инасы ханның ордасынан суун- кипсактардың арғы бабалары болып саналатын башқұрттарға қашып барған [22,36]. Бұл жерде Р.П.Храпачевский Тутук династиясының  (және оның арғы атасы Инасы) шығу тегі кун тайпасынан екенін дәлелдеуге талпынысы негізсіздігін атап өткен жөн [22,22-25]. Р.П.Храпачевский бір нақтылықты назардан тыс қлдырғанын атап өту қажет. П.Пелльо кезінде Инасы мен Иналчукты (Теркен-хатунның немере ағасы және Отырар оқиғасының себепкері) теңдестірген, бұнымен Я.В.Пилипчук те толықтай келісті [14,260]. Сонымен, Тутук Иналчуктың шөбересі, ал Иналчуктың ұлы мен немересі (Хұлұсұман мен Бандуча) тек 1236 жылдар шамасында (Батыс жорығының басы) Менгу әскерінің қысымымен монғол бодандығын қабылдады деген болжам жасауға болады. Оған дейін Иналчуктың балалары әкелерінің өліміне кек алу үшін монғол әскерлеріне барынша қарсылық көрсетіп отырған, тек қарсылас күштің басымдығынан жеңіліске ұшырауы мүмкін. С.М.Ақынжановтың Хұлұсұман мен Бачманды теңестіруі [2,237], біздің пікірімізше, осал дәлелденген, алайда Бачман Хұлұсұманның туысы екенін болжауға болады. Иналчук (Инасы), біздің ойымызша, кун руына жатпайды. С.М.Ақынжанов Теркен хатун Иналчуктың немера апасы (олардың әкелері бірге туған) [2,220], байаут (Насави мәліметі бойынша) тайпасынан шыққанын атап көрсетеді [2,206]. Ал Тутуктың немересі, Юань династиясының соңғы монғол императоры Туг-Тэмурдың әйелі кыпшақ тайпасы байауттан шыққан (П.Пелльо мен Юань Ши мәліметтеріне сай) [2,207]. Тутуктың арғы атасы Инасы Теркен қатынның немере ағасы болуын ескере отырып, біз олардың екеуі де қыпшақ тайпасының байаут руына қатысты екенін айта аламыз. 

Мақаланы қорытындылай келе, бірінші болып монғолдарға өз еркімен бағынған алғашқы қыпшақ тайпасы ол - біз Тоқсоба тайпасының көсемімен теңдестірген, Муйтен бидің әкесі, Витут тайпасы болғанын атап көрсетуге болады. Витут Юрий Кончаковичтен (Гурег) жеңіліп, Үргенішке қашып, онда Хорезмшахтың қолынан қаза табады. Оның екі баласы өз Отанына қайтып келіп, оның біреуін Юрий Кончакович өлтіреді. Екіншісі (болжам бойынша Мүйтен-бий) Хорезмшах пен Юрий Кончаковичтен кегін қайтару үшін Шыңғысханнан көмек сұрайды. Мүйтен би Шыңғысханнан мол тарту алып, монғолдардың вассалына айналады. Хорезмшахтың құлдырауы мен Иналчуктың өлімінен кейін, Жебе және Сүбедей жасағы шабуыл жасап, Юрий Кончаковичты өлтіреді, сөйтіп Витут ұлының (Муйтен-бий) кегін қайтарады. Кейін бұл жасақ Қалқада Котян әскері мен орыс княздерінің әскерін ойсырата жеңеді. Көп кешікпей Шыңғысхан өлімімен бір уақытта Тоқсаба тайпасынан шыққан Муйтен би қайтыс болды. Оның артында Аққұбұл мен Ансар (Усерган) есімді ұлдары қалды. Аққұбұл бір қақтығыста Дурут тайпасынан шыққан Котянның ұлы Могушты өлтіреді. Котян Аққұбұлға шабуыл жасап, ол ағасы Унсарды монғолдардан көмек сұрауға жібереді. 1229 жылы Еділ бойына Сүбедей мен Кокошая жасағы (Куки кият) монғолдардан келген "көмек" ретінде келеді. Бірақ бұл жасақ қыпшақтарды бағындыруда үлкен жетістіктерге жеткен жоқ. Бұрынғы Иналчук хан (Байаут әулетінен шыққан оның ұлы Хұлұсұман) ордасынан шыққан қыпшақтардың бір бөлігі Тоқсоба тайпасынан шыққан қыпшақтармен бірігіп, 1236 жылы Батыс жорығы басталғанға дейін монғолдармен соғысады. Тек Менгудің келуі Хұлұсұманның жеңілуіне әкелді. Оның ұлы Бандуча Менгу жасағында аманат болады. Бандуча Батыс жорығы аяқталуының бірінші бөлігінде Менгудің жасағымен бірге Қытайға кетеді. Бандучаның ұлы Тутук Менгудің ағасы Хұбылайға қызмет етеді.

Жақсылық  СӘБИТОВ.

 

Абай.kz

 

 

Қолданылған әдебиеттер тізімі: 

1. Антонов И. В. Средневековые башкиры. Уфа. 2013. 192 с.

2. Ахинжанов С. М. «Кыпчаки в истории средневекового Казахстана» Алматы. Гылым, 1995. 296 c.

3. Башкирские шежере. Уфа. 1960. 305 с.

4. Злыгостев В.А. Субэдэй. Всадник, покорявший вселенную. Уфа. Дизайн Полиграф Сервис. 2011. 396 с.

5. История Казахстана в арабских источниках. Том 1. Алматы. Дайк-пресс. 2005. 711 c.

6. История Казахстана в персидских источниках. Том 4. Алматы. 2006 620 с.

7. Катанчиев С. Т. Александр Невский — правнук кыпчакского (половецкого) хана Котяна. Нальчик: Эльбрус, 2008. 248 с.

 

8. Кузембаев Н.Е. Монгольское завоевание кыпчакских племен восточного Дешт-и Кыпчака и судьбы кыпчакской элиты в составе монгольской империи и за ее пределами//Кыпчаки Евразии: история, язык и письменные памятники. Сборник материалов международной научной конференции, посвященной 1100-летию Кимекского государства в рамках Дней тюрскской письменности и культуры. Астана, 2013. С. 131-151. 

9. Мажитов Н.А., Султанова А.Н. История Башкортостана: Древность. Средневековье. Уфа. Китап. 2010. 496 с.

10. Образование Золотой Орды. Улус Джучи Великой Монгольской империи (1207-1266). Казань. Татарское книжное издательство. 2008. 480 c.

11. Оллсен Т.Т. Прелюдия к западным походам: монгольские военные операции в Волго-Уральском регионе в 1217-1237 годах//Степи Европы в эпоху средневековья. Т. 6. Золотоордынское время. Сб. науч. работ. Донецк, 2008. С.351-362.

12. Пилипчук Я.В. Завоевание монголами восточноевропейских степей (1237–1242 гг.)// Золотоордынская цивилизация. Сборник статей. Выпуск 4. – Казань: ООО «Фолиант», Институт истории им. Ш.Марджани АН РТ, 2011. C. 187-206.

13. Пилипчук Я.В. Етнополiтичный розвиток Дашт-i Кыпчак у IX-XIII ст. Киiв. 2013. 288 с.

14. Пилипчук Я.В. Монгольское завоевание кочевий восточных кыпчаков// Тюркологический сборник. 2009-2010. Тюркские народы Евразии в древности и средневековье. Москва: «Восточная литература». 2011. С. 259-288.

15. Плетнева С.А. Половцы. Москва. Наука 1990. 208 с

16. Почекаев Р.Ю. «Батый, хан который не стал ханом». Москва. АСТ. 2006. 350 c.

17. Сабитов Ж.М. Монгольская армия в 1206-1259 гг.//Вопросы истории и археологии Западного Казахстана. 2011. № 1.  С. 86-114.

18. Сабитов Ж.М. «О численности монгольской армии в Западном походе (1235-1242)»//Вопросы истории и археологии Западного Казахстана. №1. 2010. Уральск. С.55-73

19. Сабитов Ж.М. Хронология Западного похода 1235-43 годов//Вестник Евразийского Национального Университета. № 5 (84). 2011. С. 180-183.

20. Ускенбай К.З. Восточный Дашти-Кыпчак в XIII-начале XV века. Проблемы этнополитической истории улуса Джучи. Казань. 2013. 288 с.

21. Храпачевский Р.П. Армия монголов периода завоевания Древней Руси. Серия: Забытые войны России. Квадрига. 2011. 280 с.

22. Храпачевский Р.П. Половцы-куны в Волго-Уральском междуречье (по данным китайских источников). Историко-генеалогический проект `Суюновы`. Серия `Материалы и исследования по истории кочевников восточноевропейских степей`. Т. II. М.: ЦИВОИ. 2013. 128 с.

23. Хрусталев Д.Г. Русь и монгольское нашествие (20-50 гг. XIII в.) Санкт-Петербург Евразия 2013. 416 с.

24. Шихаб ад-дин ан-Насави. Сират ас-султан Джалал ад-Дин Манкбурны. Москва. Восточная литература. 1996. 290 с.

0 пікір