Сенбі, 20 Сәуір 2024
Қоғам 5339 0 пікір 25 Қаңтар, 2015 сағат 13:20

СЕРІК АХМЕТОВТЫҢ ӨЛІМІ ТУРАЛЫ ӨТІРІК ҚАУЕСЕТ ТАРАТҚАН ҰСТАЛДЫ

Қаңтардың 9-ы күні ғаламторда экс-премьер һәм экс-министр Серік Ахметов туралы жаманат хабар тарап кеткен еді. Әлгі суық хабарда мырзақамақтағы Ахметов өзіне өзі қол жұмсап өліпті деп айтылған болатын.

Алайда бұл сөзді Қарағанды облысындағы мемлекеттік қызмет және коррупцияға қарсы күрес агенттігінің департаменті сол күннің ертеңінде жоққа шығарды. Жоққа шығара отырып қауесетті таратушыға іздеу жарияланатыны, әлеуметтік желілер арқылы дүйім жұртты дүрліктірген өтірікшінің жазаланаты жайында айтқан. Содан бері екі жұма өте Ахметовты ай мен күннің аманында «о дүниеге аттандырып жіберген» адам ұсталды. Оның тұтқындалғаны туралы Жамбыл облысы ішікі істер басқармасының баспасөз қызметі растап отыр. Ол – 1990 жылы туған «Көгершін» ауылының тұрғыны Байшеміров деген азамат болып шықты. «В Контакте» әлеуметтік желісіне «Руслан Маекеев» деген жалған атпен фейс-аккуант ашқан Байшеміров экс-премьер өзіне өзі қол жұмсап өлді деген қауесет таратқанын мойындап қойған көрінеді.

Естеріңізге сала кетейік, бұрынғы Үкімет басшысы, кейін Қорғаныс министрі қызметін атқарған Серік Ахметов 2014 жылы 22 қазанда отставкаға кеткен еді. Мемлекеттік деңгейдегі лауазым иесі отставкаға жай кете салған жоқ, қоғамды екіұдай ойға қалдырған әңгімелерді арқалап кетті. Сол әңгімелердің бір парасы Ахметов Қорғаныс министрі болып тұрған кезінде қызмет бабын пайдаланып, аса ірі көлемде бюджет қаражатын қымқырыпты дегенге саяды. Қазір ол мырзақамақта (еріксіз үй тұтқыны). Қарағандыдағы үйінде. Тергеушінің рұқсатынсыз ешкіммен тілдесе алмайды.

Осындай халдегі экс-шенеунікті өлдіге есеп қылған Байшеміров қылымыстық жауапкершілікке тартылуы ықтимал.

Abai.kz   

0 пікір