Бейсенбі, 18 Сәуір 2024
Қоғам 5215 0 пікір 26 Қаңтар, 2015 сағат 09:17

АЙТЫП КЕЛГЕН АШТЫҚ

Адам bol журналының бас редакторы Гүлжан Ерғалиева саяси аштық жариялады.

Әрине, Қазақстан саяси өмірінде бұл алғашқы аштық жариялау емес. Бұған дейін де талай азаматтар әртүрлі себептермен осындай қадамға барған-ды. Өзім де бірнеше рет аштық жариялап, саяси күрестің бұл формасын да біршама игергенбіз.

Бірақ, десек те, дәл осы аштық жариялаудың өзіндік ерекшеліктері бар. Соларды айтып берейін.

Журналды жан-жақтан қыспаққа алған билік ақырында сот шешімімен оны жауып тынды.

Сол сот процесіне қатысқанымда бір ой келген-ді. Кез келген өркениетті елде айыптаушы мен ақталушы жағы жария түрде өз дәлелдері мен дәйектерін келтіріп, жарысады. Ал судья болса, осы екі жақтың уәждерін тыңдап, өз шешімін шығарады. Бізде болса, жағдай мүлдем басқаша! Айыптаушы мен судья – бір жақ болып, бірігіп алған! Екеуінің айтқан сөздері бірдей. Басқасын айтпағанда, сот үкімінің өзі жүз пайыз прокурордың сөзінен құралды. Кейде бірінің сөзін бірі айна-қатесіз көшіріп алған секілді!

Кешегі күні президент «баршамыз үнемдеуге көшейік!» деп ұран тастап еді, бәлкім, осы сот пен прокуратураны бөлек ұстамай-ақ, біріктіріп жіберуге болатын шығар! Бәрібір сөздері де, істері де бірдей, бір-бірінен еш айырмашылығы жоқ қой! Ол өзі бір мықты үнем болар еді, өйткені, аудандық деңгейден Астанаға дейін қаншама адамды бюджет асырап отыр!

Бұл процесте арызданушы - басқа емес, қала әкімдігі! Яғни, салық төлеушілерді (журнал редакциясы да сол санатқа жатады емес пе?) заң алдында қорғаудың орнына, оларды... қорлау құралына айналған! Басқаша айтсақ, әкімдік мемлекеттік орган ретінде саяси қудалаудың тетігі боп, өзіне тән емес функция атқарып отыр!

Нарыққа көшердің алдында БАҚ саласы жаңа жағдайға, соны талаптарға шыдай ма, жаңа экономикаға бейімделе ала ма деген қауіп болғаны рас. Өкімет «экономиканы диверсификациялаймыз!» деп 20 жыл бойына айтып келді де, түк істей алмады, экономикамыз сол баяғы мұнайға тәуелділіктен арыла алмай-ақ қойды. Оның есесіне, заңдардың қатқылдығына және масқара цензураға қарамастан БАҚ саласы, әсіресе, тәуелсіз БАҚ жүйесі, нарық заңдарына бейімделіп, экономиканың дербес саласы боп қалыптасты. Адам bol журналы да сол жаңа БАҚ жүйесінің мүйізі қарағайдай бір бөлшегі еді. Енді, міне, сот шешімімен одан да айрылып қалып отырмыз! Онсыз да қиналып жүрген тәуелсіз БАҚ саны тағы да бір басылымға азайды. Оны істеп отырған өкіметтің өзі!

Гүлжан Ерғалиеваның аштық жариялауы мемлекеттегі БАҚ саласының екіге бөлінгенін ап-анық көрсетті. Бірді-екілі әріптестері болмаса, барлық дерлік мемлекеттік БАҚ өз әріптесін қолдаудан қашып отыр! Журналистік ынтымақ деген атымен жоқ! Журналистердің құқын қорғауға тиіс қоғамдық ұйымдар да белсенділік таныта алмауда. Бүгін бір журналды жапса, ертең басқа басылымның да басына күн тумайды деп кім айта алады? Меніңше, дәл осындай шақтарда журналистердің кәсіби бірлігі керек-ақ!

Иә, Адам bol өте өткір басылым, бет-жүзге қарамай, кез келген бастықты сын тезіне алады. Билік ішіндегі қиын процестерге, жеке тұлғаларға өз бағасын береді. Бір сөзбен айтқанда, билік үшін өте-мөте ыңғайсыз, жайсыз басылым.

Бірақ, шын мәніндегі тәуелсіз басылым дәл осындай болуы керек емес пе?!

Жыл сайын миллиардтаған қаржы бөліп, мемлекет өзі асырап отырған БАҚ-тың ел ішіндегі шынайы беделін билік білмейді емес, біледі! Олардағы ресми ақпаратқа көпшілік сене бермейді. Көзбояушылықтан оқырман әбден шаршаған. Сондықтан да көпшілік ел аузында «оппозициялық» деп аталып жүрген тәуелсіз БАҚ-ты іздейді, соны оқиды, соның сөзіне иланады.

Ал ол саланың өзі экономикамыздың бір бөлігі емес пе? Өнім шығарады, қаншама адамға жұмыс тауып береді, салық төлейді! Енді экономиканың осы саласын тұншықтырмай, әртүрлі кедергі жасамай, керісінше, БАҚ саласындағы бәсекелестік ортаны дамытып, қолғабыс беру керек емес пе? Тәуелсіз басылымдарды өзінің жауы санамай, онымен тең дәрежедегі әріптестік негізінде қарым-қатынас жасап, өзінің серіктесі етуі керек емес пе?!

Әй, қайдам, біздің шенеуніктер ондай өркениетті қадамға бара қоя ма екен осы? Одан да өзіне жақпаған БАҚ-ты тұқырта түсіп, қудалап, сот шешімімен жауып тастаған ыңғайлы-ау деймін оларға.

Гүлжанды қудалаудың саяси астарынан басқа тағы да бір қыры бар. Меніңше, Гүлжанмен мемлекеттік органдар емес, жеке бір адамдар күресіп жатқан сияқты. Олардың аса құдіретті әрі ықпалды екені көрініп тұр: көрдіңіз бе, әкімдік те, прокуратура да, сот та олардың тапсырмасын аса ыждағаттылықпен орындап жатыр. Ашса алақанында, жұмса жұдырығында!

Жә, бір журналды жауып тынса бір сәрі. Ал егер де ол адамдар өз ықпалын басқа мәселелерге, өздеріне ғана тиімді мақсаттарға жұмсаса ше? Ол мақсаттары түбегейлі мемлекеттік мүдделерден бөлек боп шақса ше?!

Өз басым сол қауіптен қорқамын...

Әміржан ҚОСАНОВ.

«Ашық алаң» (Қалам Мезгіл) газеті, №2, 22  қаңтар 2015 жыл

0 пікір