Жұма, 19 Сәуір 2024
46 - сөз 5943 0 пікір 26 Қаңтар, 2015 сағат 14:08

ОРЫС ӘСКЕРІНЕ ЛЕГИОН НЕГЕ КЕРЕК?

Ресей президенті 18 бен 30 жас аралығындағы шетелдіктердің орыс армиясында келісім-шарт бойынша қызмет етуіне рұқсат еткен заңға қол қойды. "Ресей сарбазына айналу үшін мынадай шарттары бар: орыс тілін жетік білу және ешқашан сотталмаған болуың қажет". Ендігі сұрақ, Мәскеуге бұл жаңашылдық не үшін қажет болды? Шетелдіктермен қарулы күшін қуатты ету мүмкін бе?!

 

Әскерге қатысты жаңа саясат мәжбүрліктен туып отыр. Ресей армиясына адам ресурсы жетпей жатыр. 1990 жылдан басталған тоқырау орыс демографиясын қатты күйретті. Бала туу бірден тоқтап еді... Енді міне, соныңкесірін Ресейдің қарулы күштері көріп жатыр. Дәл қазір 90-шы жылы туылғандардың әскерге шақырыла бастаған кезі. Ал адам жоқ.

Содан ғой, Путин шетелдік азаматтарды орыс армиясында қызмет жасауға шақырып жатқаны. Егер алыс, жақын елдердің тұрғындары бұл шақыруға қызығып, әскерге келе бастаса, Мәскеу бірден екі ұтысқа ие болады. Әуелгісі– 1 жыл ғана қызмет етіп, деревнясына кетіп қалатын, автоматтан атудан әріге аса алмайтын әлжуаз әскерден арылып, қарудың барлық түрін меңгерген, соғысқа кез-келген уақытта дайын, физикалық күші мығым кәсіпқой армияға ие болады. Ресей осы заңды мақұлдаған күннің ертесіне-ақ, біршама шетелдіктер келісім шартпен жұмыс істеуге өтініш беріпті. Бірақ, бұл процесс баяу жүріп жатыр.

Иә, Ресей жат жерліктерді жалдау арқылы солдат жетпей, тарап кетейін деп жатқан полктерін сақтап қалады. Әрі 1 жылдық әскерді кәсіпқой армияға айырбастайды. Бұл бірінші пайда. Ал екінші ұтар тұсы – Мәскеу шетелдік жалдамалы әскерді ішкі саясат, халықпен қарым-қатынасына пайдаланбақ. Жоға, кілең шетелдіктерден тұратын қолды орыстың мұжығына қарсы айдап салайын деп отырған ешкім жоқ. Онда қалай дейсіз бе? Кремль қандай да бір елмен қақтығысып қалса, өзінің орыс жігіттерін емес, осы жалдамалы әскерді жұмсайды. Бұл да мәжбүрліктен. Ресей-украин дағдарысында көптеген орыс солдаттары қаза болып, ата-аналары Кремльді қарғыстың астына алған болатын. Енді мынау заң орыстың талай баласын қаңғыған оқтан сақтайтын секілді. Тиісінше, оппозиция, қарапайым халық шеру ұйымдастырып, шуылдап Мәскеудің миын ашытпайды.

Украина демекші. Шетелдіктерді әскерге шақырудың тағы бір себебі: Донецк, Луганск облысын басып алған ресейлік сепаратистермен соғыс қазір қызып жатыр. Осы шайқастарға Еуропаның бірнеше елінен еріктілер келіп, украин армиясының қатарына жазылуда. Былтырғы жылы П.Порошенко жат жерліктердің ерлігін ескеріп, оларды украин қарулы күштеріне ресми түрде қабылдау қажеттігін айтқан-ды. Заңға да өзгеріс енгізетінін ескертті. Бір ойымыз, Путиннің де жыл басталмай жатып, бөтен жұрттың азаматтарына өз әскерінде қызмет етуге болады деген заңды қабылдауы украиндерге жасаған қарымта жауабы ма дейміз.

Мұнан бөлек, жат жерліктерді армия қатарына алу арқылы Мәскеу әскерилерге жұмсалатын қаржыны үнемдемек. Ресей 3-4 жыл болды, армиясын кілең келісім-шартпен жасайтын кәсіпқойлармен толықтырғысы келіп жатыр. Бірақ, ұсынып отырған 8-10 мың рубліне орыс солдаты разы емес. Жалақымды көтер, үй алып бер деп базынасын айтуда. Ал күнін зорға көріп жүрген тәжік пен қырғызға әлгі 8-10 мың рубль қомақты сомма. Отбасын асырауға жетеді.

«Жақын шет елдіктерді» қызықтыра түсу үшін Ресей билігі 3 жылда өздеріңді жақсы қырларыңнан көрсетіп, адал қызмет етсеңдер, паспорт береміз, азаматымыз боласыздар дегенді айтты. Гастарбайтерден өзге жұмыс таба алмай қиналып жүрген қырғыз-өзбек, тәжік жігіттері бұл ұсынысты қуана қабылдауы мүмкін. Бұл кезде Ресей екіпайдаға кенеледі. Әуелгісін айттық. Әскерге жұмсалатын қаржы үнемделеді. Екіншісі,  ендігіде Ресейдің еуропалық бөлігінен Орта Азиядағы әскери базаларға солдат тасудың қажеті болмайды. Жергілікті тәжік жігіттері сол базаларда қызмет етіп, Азиядағы орыс мүддесін қорғайтын болады.

Мұнан бөлек, ресми Кремль осы ұсынысқа ТМД елдерінде тұрып жатқан 25 миллиондық орыс диаспорасы да құлақ асады деген ойда. Бұл орыс ұлтын тарихи отанына тартудың басқашалау бір тәсілі. 

P.S. Шетелдіктерден тұратын жалдамалы әскер ұстау тарихта бар. Рим империясы саяси сахнадан аты өшер тұста герман тайпаларын жалдаған еді. Олар да тура Ресейдің ұсынып отырған жеңілдіктерін жасаған. Ақша төлеген, мерзімі біткесін азаматтық берген. Кейін жалдамалы әскердің саны жергілікті римдік жігіттерден асып түсіп, империя сол келімсектердің астында қалды. Араб халифаты. Бұлар да түрікше сөйлейтін тайпаларды әскерге тартты. Түріктер күшейіп алғасын өздерін жалдап отырған елді басып алды. Ең соңғысы француздың 0арулы күштерінде легионерлерден құралған батальон бар. ХІХ ғасырдың соңында Алжирді жаулап алу үшін құрылған бұл әскери құрылымда күні бүгінге дейін 100 мыңнан астам жат жерлік қызмет етіпті. Көбісі зейнетке шыққасын Парижде қалған. Қазір осы шет елдіктердің ұрпағы Францияның бас ауруына айналып отыр...

Ырысбек ЖАНТӨРЕ.

Дереккөзі: http://jaqsy.kz

0 пікір