Бейсенбі, 17 Қазан 2019
Қоғам 5271 7 пікір 26 Қаңтар, 2015 сағат 16:42

Меруерт: ӘНШІЛЕР БИЛІККЕ СҮЙЕНБЕЙ ӨМІР СҮРЕ АЛМАЙДЫ

Тәуекелге бел буып, батыл қадам жасаудан еш тайсалмайды. Көпшілік қауымның көңілінде қайсар қыз ретінде танылған. Ол – танымал әнші. Ол – белгілі актриса. Ол – ғылым кандидаты. Ол – консерваторияның аға оқытушысы. Ол өткен жылдың соңында «ҚР Еңбек сіңірген қайраткері» деген атаққа ие болды. Ол – өзге әріптестеріне ұқсамайтын, бірбеткей мінезі бар әнші Меруерт Түсіпбаева.

 

– Меруерт ханым, сіз Жаңа жылдың қарсаңында қайраткерлік атақ алғандықтан, біз сізбен қайраткер тұрғысында сұхбаттасуды қалаймыз. Келісесіз бе?

 

– Әлбетте!

 

– Ең алдымен алған атағыңызбен құттықтаймыз! Атақты болған мен болмағанның арасында айырмашылық бар ма екен, Меруерт ханым?

 

– Бұл атақ деген өлім секілді: біреуге ерте, біреуге кеш келеді. Шынын айтсам, осы атақты 43 жасымда алғаныма қуанамын. Кейбір әріптестерім тым ерте атақ алса да: «Мен осындай атақ алдым деп» айтуға дәттері бармады. Өзіміздің әртістік «асханамыздың» ішінде ғана «е, солар атақ алыпты ғой...» деген күбірді ғана естідік.

Құдайға шүкір, бұл менің өнерде жүрген 17 жылдың ішіндегі еңбегімнің нәтижесі деп білем. Елге жар салып, ауыз толтырып айта аламын. Мен атақсыз да «Меруерт Түсіпбаева» болғанмын.

Айтпақшы, атақ алу туралы өзімнің пәлсафалық пайымым бар: атақ деген адамға келешек ұрпағы үшін керек. Алла бұйыртса, мені тірі көрмейтін ұрпағым тым болмаса менің суреттерімді, видеоларымды, орденім мен медальдарымды қарап: «Біздің әжеміз халық әртісі болған» деп, мақтанышпен айтатын болады. Ал тыңдарман халыққа менің атағым бар ма, жоқ па – бәрібір секілді. Мен атағы жер жарған талай әншілерді білемін, бірақ оларды халық жыға танымайды.

Сол сияқты аты дүркіреген тағы бір әншілер бар: олар Кеңес Одағы кезінде өмірден атақсыз өткен. Мысалы, Шәмші Қалдаяқов қазақ халқына ғасырдан ғасырға жалғасатын есімін қалдырғанымен, атақты дәл қайтыс болар сәтінде алды. Әрине, біздің бәрімізге Шәмші ағамыздай болу қайда!

 

– Айтпақшы, осы атағыңызды «жуып», туыстарыңыз бен дос-жарандарыңызға арнап, той жасады, оны КТК арнасы арнайы келіп түсірді деп естіп жатырмыз...

 

– Иә, өзімнің «Фейсбуктегі» парақшама той жасайтынымды жаздым. Менің үш бөлек қалада тұратын үш сіңілім Жаңа жылдың алдында алған атағыммен құттықтап, қара сандықтың түбіне жинаған ақшаларын алып, арнайы алып-ұшып келді. Маған тілекші сол үш қыз келе жатыр деген соң, жақын достарымның басын қосып, мейрамханаға той жасадым. Ол той жақын-жұрағатыма жасалған соң, әріптестерімнің бірі де болмады. Оларға арналған той болашақта болады деп ойлаймын, Алла ғұмыр берсін!

 

– Теледидар мен шоу-бизнестің жұлдыздарына қатысты сөз жатпайды ғой: «Бұдан былай қолтаңбаңды алтын қаламмен бер» деп, сізге бір жақыныңыз алтын қалам сыйлапты деген сыбыс та шықты...

 

– Шынымды айтайын – осы тойда берілген ең қымбат, әрі тосын сый – сол алтын қалам болды. Гүлбаршын Зайырова деген құрбым: «Ендігі жерде қолтаңбаңды жәй қаламмен беруге құқың жоқ» деп, алтын қалам сыйға тартты. Әрине, алтын деген жақсы адамдардың арасында тот баспайтын көңілдің белгісі. Оның үстіне менің ғылым кандидаты, әрі ұстаз екенімді ескеретін болсақ, мен үшін қалам – қасиетті дүние.

Айтпақшы, сол тойда маған басқа да қымбат сыйлықтар берілді. Соның бірі – автокөлік. Бірақ оған бола ешкімге жар салмадым: сіздерге алғаш рет айтып отырмын. Шынымды айтайын, автокөлікке қалам алғандай қатты қуанбадым. Елден естуім бар: жақсы адамдардан қалам ұрлайды екен. Ақын-жазушы, ғалым-профессордың қаламы жұғысты болсын деген ниет болса керек. Ізгі ниет болған соң, бұл әбестік деп саналмайды.

 

– Ғалым демекші, сіздің консерваториядағы қызметіңіз жөнінде жұртшылық көп біле бермейді...

 

– Қазір мен аға оқытушымын. Ұстаз ретінде жұмыс істегелі 7–8 жыл болды. Өзімнің үйренерім де, студенттерге берерім де әлі алда. Ұстаздық менің тек өмірімнің бір тармағы, ал өнер – менің өмірімнің мәні. Сондықтан маған өнер жолы қымбат. Өзімді өнердің әр саласынан көрдім. Белгілі продюсер Динара Адамның «Саған сенемін» деген тележобасында жұмыс жасадым. Мен жүргізген 13 бағдарлама өте биік рейтингке ие болды. Арада 15 жыл өткен соң, 15 сериялы киноға түстім. Сол телехикаяда халыққа қызмет көрсету орталығы басшысының рөлін сомдадым. «Қазақтың қызы мемлекеттік қызметте қандай болу керек?» деген сұрақ туса, жауабы – сол кинодағы менің образым. Бүгінгі қазақтың батыр қыздарының бірінің рөлінде ойнадым.

Дегенмен, өнердің әр саласында жұмыс жасасам да, мен бармаған бір сала бар. Ол – радио. Арманым – радиода түнгі эфирді жүргізу, адамдармен сырласу. Бәрі бірден болмайды ғой: ақырындап сол арманға да жетермін. Маған талай мүмкіндік туып жатыр, оны беріп жатқан халқыма, еліме ризамын.

 

– Меруерт ханым, сіз байқап көретін тағы бір сала бар сияқты: бойыңыздағы харизмалық арыныңыз саясаткер болуға лайық деп, ешкім сізге мемлекеттік саясатпен айналысуға кеңес бермеді ме? Жалпы, сіз сондай қасиет бойыңызда бар екенін сезесіз бе?

 

– Кеңесін қайдам, бірақ ұсыныс түсіп жатса, ойланып көрем (күлді). Біз көбінесе өзімізді көрші Ресеймен салыстырамыз ғой. Ресейдің мемлекеттік думасында Марина Кожевникова сияқты әнші-әртістер, Алина Кабаева сияқты спортшылар өте көп. Неге екені белгісіз, біздегі әдемі қыз-келіншектерді жоғары жаққа жолатпайды. Кезінде парламентте Нұрлан Өнербаев пен Бекболат Тілеухан ағамыз отырғанда қуанған едік. Парламентте біздің сөзімізді сөйлейтін өнер майталмандары барына қуанып жүргенде, олар да депутаттықтан шығып кетті. Әрине, өз ортамыздан өнер адамдары, спортшылар мен атақты журналистер парламентте болса, жыртысымызды жыртатынына үміттенем.

 

– Мәселен, «саясат» дегенде, өзіңіз жүрген мәдениет саласындағы саясат тұрғысында айтар болсақ, «дәстүрлі ән» деген жап-жақсы айдары бар ән жанры босағада қалып бара жатқанына осы саладағы олқылықтар кінәлі сияқты. Шамасы, енді бір-екі ұрпақтан кейін (40-50 жыл), бұл өнердің дауысын архивтерден ғана тауып алатын шығармыз. Осы жағдай мәдениет саласындағы кем-кетіктен туған кенделік деп ойламайсыз ба?

 

– Кеңес үкіметі кезінде дәстүрлі ән жанрын көбірек қолдайтын еді. Неге екені белгісіз, бүгінде бұл жанр мүлдем ұмытылып барады. Қазіргі дәстүрлі әншілер домбырасын лақтырып тастап, эстрадаға келді. Онысы жарасымды ма, жоқ па – оған ешкім көңіл бөліп жатқан жоқ. Эстрада – жеңіл жанр, ақша табуға болатын өнер.

Әрине, өкінішті, бірақ дәстүрлі әншілерге қалай көмектесу керек екенін білмеймін. Қазіргі тыңдарман да жеңіл әнге әуес. Халықтың талғамының өзі осыған сайып келе жатқан сияқты. Бұл енді рухани-әлеуметтік проблемадан туатын құбылыс болса керек. Бұл – ұлтымыздың қасіреті. Өзбек пен қырғызға жақындап жатырмыз, бірақ өзіміздің түп-тамырымызды іздемейміз.

 

– Жалпы, өнер адамы саясатпен айналыспағаны дұрыс деген сөз бар. Бірақ Украинадағы соғыс барысында Ресейдің өнері мен мәдениеті саласында Путиннің саясатын қолдайтындар мен қолдамайтындар тобы қалыптасты. Мәселен, Путинді қолдайтындар әйгілі әнші-композитор Андрей Макаревичті ағаш атқа теріс мінгізіп жібермек ойда. Бұдан туар қорытынды: қалай болғанда да, жеме-жемге келгенде өнер адамдары саясаттан ада емес екен. Осы ойға қосыласыз ба?

 

– Ресей әншілерінің менталитеті де, тәрбиесі де басқаша. Ресейдің жер көлемі де, халқы да мол ғой. Әншілері елін бір аралап шықса, миллионер болып шыға келеді. Біз 17 миллионға толар-толмас халықтың қай ортасын айналамыз? Әртістері не айтса да, от та жоқ, сот та жоқ. Путинді Алла Пугачева бірде қолдайды, бірде – жоқ. Сондықтан біз ондай беймарал саясаттан аулақ болғанымыз жөн. Украина демекші, дәл қазіргі жағдайда менің бір ғана аналық тілегім бар – еліміздің амандығы мен тыныштығы.

 

– Дегенмен, саясатты ауызға алғысы келмейтіндер қалай жалтарса да, өнердің өрісі – халық, ал сол халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы қалыптасқан саясатпен тікелей әрі тығыз байланысты. Осы тұрғыдан келгенде қазақ халқының бүгінгі жай-күйі дамыған 30 елдің қатарына кіруге бет алған мемлекетке сай деп ойлайсыз ба?

 

– Бұл сұраққа жауап беру мен үшін өте қиын. Ол менің саясаттан жалтарғаным емес, оны – білмейтінім. Біз билікті президент пен парламентке бердік: оларды сайладық, билікті солардың қолына сеніп бердік. Егер 30 елдің қатарына кіреміз, керемет елміз, қатарға кірмесек болмайды десе, солай болу керек шығар.

 

– Осы сұрақты басқаша қойып көрейікші: бүгінде қазақ әншілері негізгі табысын тойдан табатыны белгілі жәйт. Бірақ сол тойын несие алып жасайтын қазақтың жайы сізді қаншалықты алаңдатады?

 

– Мен несие деген нәрсені жек көремін. Бір адам несие алды десе, соған бола уайымдап, алаңдаймын. Өз басым кезінде көп несие алғанмын. 1996 жылы атағым енді шығып жүрген кезімде Сәтбаев – Сейфуллин көшелерінің қиылысындағы жатақханада тұратынмын. Жатақханада тұратындар мені көргенде: Мынау да жатақхана да тұра ма?» деп, саусақтарымен шұқып көрсететін. Сол «шұқи» бергеннен кейін, тәуекелге бел буып, несиеге үй алдым. Ол уақытта театрда жүрген кезім болатын. «Кредит» деген сөзді алғаш естіген аға-апаларымыз: «Қызым-ау, сотталып кетесің ғой!...» деп, менен де қатты шошынатын.

Жақында бір кісінің: «Несие алған адамға Алла өзі көмектеседі, нәсібін мол береді» деген сөзін естідім. Оның сөзіне қарағанда, несие алған адамға Алла Тағала үнемдеуді үйретеді екен. Ол адамның несиесі ойына түскен сайын, үнемшіл болады. Мысалы, әтір алайын деп оқталсаң, алған несиең есіңе түсіп, ескі әтірді қолдана тұрайын дейсің. Мүмкін, жаны бар сөз шығар.

Несиені жек көрсем де, кезінде қарызға көп батқан адамның бірі – менмін. Құдайға тәуба, мен несиемді айына жетпей, ертерек төлеп отырдым. Қазақта бір сөз бар: «Баласына бір той жасай алмай, дүниеден өтіп жатыр қанша адам...» деген. Сондықтан несие алып, той жасап жатқан халықты да түсінемін. Өйткені баланың бір тойына «әй, балам, ақша жоқ» деп, тағы отыра алмайды. Ең бастысы – амалсыздан несие алған ағайынға «үнемшіл болыңдар» деймін. Менің басқадай алаңдаушылығым кімге керек дерсіз?

 

– Айтпақшы, сіз бір басылымға берген сұхбатыңызда кітап жазып жатырмын деген едіңіз: ол жазу қаншалықты өнімді болып тұр?

– Егер сіз менің «Фейсбук» парақшама кірсеңіз, менің жазған эсселерімді оқи аласыз. Сол парақшамдағы жазбаларға белгілі журналистер «сіздің бойыңызда жазуға ыңғайлы қасиет бар екен...» деп, «лайк» қойып жатады. Шынымды айтамын, жазған постарымды оқып, «сіздің тіл байлығыңыз жақсы екен» дейтіндер көп. Бірақ мен орысша жазамын. Орысша оқығандықтан, қазақтың тілін жақсы білсем де, маған орыс тілінде жазу оңайырақ. Оған бола мені ағайын-ел сөкпес деп ойлаймын.

Кітапқа енетін біраз эсселер мен посттар «Фейсбукке» жазылды. Үш жыл уақыт ішінде желіден жеткілікті оқырман жинадым. Мен жанымды тебіренткен, қуантқан, я мұңайтқан сәттерімді жазамын. Танымалдығым болар, өзімнің ашық айтқан посттарым кейбір оқырманға қызық көрінуі мүмкін. Бұл жағдай мені өте қуантады. Өйткені мені көпшілік қауым жаңа қырымнан көріп жатыр. Біреулердің әншілерді «сауатсыз» дейтін пікіріне мен «мат» қойып жүрмін.

 

– Бәрін айт та, бірін айт демекші, елге танымал әнші Меруерт Түсіпбаевадан оның шығармашылық жоспары жөнінде сұрамасақ, оқырман бізді түсінбеуі мүмкін...

 

– Менің алған қайраткерлік атағым маған үлкен серпіліс берді. Мен үшін ол мақтаныш емес, үлкен жауапкершілік. Елбасының қолы қойылып берілген куәлік халықтың сенімі деп білемін. Ендігі жоспарым осы сенімнің үрдесіне байланысты. Туған жерім Баянауылдың әкімінің шақыруымен наурыз айында елге тегін концерт бермек ойым бар.

Бір айта кететін жәйт – 17 жыл көлемінде мені Қанат Бозымбаев қатты қолдады. Бұрынғы әкім Даниал Ахметов бар, басқа жерлестерім бар, туған жерімдегі әкім-ағаларым бар – олар да шама-шарықтарынша жәрдем етеді. Жалпы, әншілер билікке сүйенбей өмір сүре алмайды. Мысалы, 2006 жылы Алматыда концерт берген кезімде ел жақтан әкімді де, басқаны да шақырдым. Республика сарайында өткізген сол есеп беру концертіме әкім бір тиын бермек түгілі, өзі де келмеді, өкілін де жібермеді. Тіпті «біздің елде туған мына қара қыз кезінде Алматыға кетіп еді...» – деп, бір адам мені елеп-ескермеді.

Айтпақшы, «еңбек сіңірген қайраткер» деген осы атаққа мені Павлодар облысының әкімшілігі ұсынды. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді ғой. Сіздер арқылы облыс әкімшілігіне ризашылығымды білдірсем, артық болмас деп ойлаймын. Атақ беру жөнінде жарлық шықты деген хабарды естігенде, Абай көшесінің бойында машинаның рөлінде келе жатқан едім. Осы хабарға анамның қуанғанын естігенде, қатты өксіп жыладым...

 

Сұхбаттасқан Жансая ЕРТАЙ.

 

Абай.kz

Дереккөз: «Общественная позиция» газеті. (проект «DAT» №03 (274) от 22 января 2015 г.)

 

Түпнұсқадағы тақырып: МЕН АТАҚСЫЗ ДА «Меруерт Түсіпбаева» БОЛҒАНМЫН...

7 пікір