Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Қоғам 5805 0 пікір 27 Қаңтар, 2015 сағат 10:38

ҚОСТАНАЙ РЕСЕЙДІҢ МӘДЕНИ АВТОНОМИЯСЫ МА?

Ресей секілді үлкен елмен, өзін кезінде төрткүл дүниені дірілдеткен империяның мұрагері санайтын, сондықтан да ақылдан гөрі қара күшке көбірек жүгінетін жұртпен көршілес болудың бағынан көрі соры басым ба деп қаламыз. Экономикалық жағынан қаншалықты пайдасы бар екендігін кім білсін, ал мәдени жағынан кіріптарлыққа түсетіндігіміз айдан анық. Қазекем баяғыда-ақ күштінің құйрығының диірмен тартатындығын дөрекілеу болса да тура айтып кеткен ғой. Оның үстіне билік басындағыларымыздың орыси дүниеге бүйрегі бұрып тұратындығы тағы бар. Осылардың барлығын шотқа салып қағар болсақ, мәдени кіріптарлығымыздың басыбайлы құлдыққа қарай құлдырап бара жатқандығына таң қала қоймассыз.

Мұның айқан дәлелі – біздің Қостанай облысы. Біз өз өңіріміздің көршілес Ресейдің мәдени автономиясына айналып бара жатқандығын, осы көршіміздің рухани өмірімізді еркін билеп-төстеп жүргендігін, оның тіпті ешкім таңқалмайтын  дүние екендігіне етіміз үйреніп кеткендігін үрейлене жазғанбыз. Алайда оған назар аударып, «бұл өзі қалай болды?» деп дабыл қаққан жан көрмедік. Халыққа да кінә қою артық шығар. Әкіміміз Ресейдің бард әншісін қайта-қайта қолқалап шақырып, (тегін емес шығар) сосын екеуі қосылып гитарамен сызылтып ән шырқаса, ал мәдениет саласын басқаратын Людмила Сероус ханым қазақтың тілі мен ділінен де мақұрым болса, қайда барып оңармыз. Кезінде Шүкеевпен де, Кулагинмен де, енді Сәдуақасовпен бірге істеген, осы жылдар ішінде қазақ тілін үйренуді қажет деп те таппаған Серік Бектұрғановты сенатор етіп әрең құтылып едік, енді мәденит саласынан мүлдем хабары жоқ Мұрат Дәрібаев дегенді әкімнің орынбасарлығына тағайындап, айды аспанға шығарған сиқымыз бар. Осыдан кейін біздің өңірге Ресейдің мәдени шабуылы үдеп бара жатыр деп дабыл қағуымыз бос әурешілік пе деп қаламыз. Алайда біз айтпасақ, кім айтады?

Ал айтатынымыз жетіп артылады. Ол түгілі бұрынғымыз қайта Құдайға шүкір ме деп қаламыз. Жаңа жыл басталғалы көршіміздің бізге жаңа жорығы үдеп барады. Алдымен Ресейдің халық әртісі, өзі сексенді алқымдап қалған Наталья Крачковская деген бір «бабушка» бір топ нөкерімен сау ете қалды. Келді де, Қостанайдағы бұрын Пионерлер сарайы деп аталған, қазір балалар шығармашылығы үйі атаған ғимараттың залында «Менің әжем менен де жас» («Моя бабушка моложе меня») деген пьесасын қойды. Мұндағы жұрт «бабушкасын» қатты сағынған болса керек, көрермендер кең залға сыймай, сырттан орындықтар әкеліп жайғасыпты. Ресейдің бір түкпіріндегі жұрттың өмірін сипаттайтын спектакль көпшіліктің көңілінен шыққан болар, әйтеуір келгендер қайта-қайта қол соғып, әртістердің құшағын гүлге толтырыпты.

Ал енді алдағы ақпан айында Мәскеудің жаңа марафоны басталатын сыңайлы. Айдың басында бізге Ресейдің Геннадий Ветров деген сықақшы-әртісі келеді деп жергілікті теледидар құлағымыздың етін жеп қойды. Бағасының ең төменгі шегі - 6 мың теңге. «Ойпырай, — деп жағамызды ұстадық, — осында Алматыдан ат арылтып келетін өз әншілеріміздің билетінің бағасы әрең дегенде 2 мың теңгеден аспайтын. Ал мынауыңыз?..». «Сен қиналмай-ақ қой, - деп жұбатады бір досым. — Бізде Ресейден келген әншілердің концертінің бағасы 10 мың теңгеден кем түспейді. Қайта бұл Құдайға қараған әртіс екен».

Мұны бір деп қойыңыз. Генекеңнен кейін Мәскеудің әртістері "Қостанай, қайдасың?" деп алақанға түкіріп отырған сыңайлы. Олардың осындағы көшеге ілінген жарнамасына қарағанда бұлар Қостанайда «Әйел тауып беремін. Қымбат емес» (орысшасы «Подыскиваю жену. Недорого») атты спектакль қойып, бәрімізді қарқ қылатын көрінеді.

Енді осы комедияны көріп, күлкімізді тия алмай жүргенде осы айда Мәскеудің Алла Духова деген әйелінің «Тодес» деген би ансамблі келіп, провинциялық қазаққа би өнерінің керемет үлгісін көрсететін көрінеді. Оған да бір жыртылып қалатын шығармыз.

Міне, біздегі жағдай осындай. Бұған не дерміз енді? Біз алдымен еліміздің ақпараттық кеңістігін көршіміздің иелігіне толық беріп қойған едік. Енді тәбеті ашылған олар өнерімізге де қол салған сыңайлы. Бұдан кейін бара-бара тәуелсіздігіміздің жағасына жармасса да таң қала қоймаспыз. Қорасы ашық-шашық жатқан, әлемге өзге елдің көзімен қарайтын, өзін емес, өзгелерді көбірек жарылқайтын елге кім болса сол қожа болмай қайтсын.

Ащы да болса, шындық осы.

 

Мұратбек ДӘУРЕНҰЛЫ,

Қостанай облысы.

 

Абай.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2253
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3516