Сенбі, 20 Сәуір 2024
Әдебиет 8257 0 пікір 27 Қаңтар, 2015 сағат 15:06

СИҚЫРЛЫ ҚОБДИШАНЫҢ ҚҰПИЯСЫ

Асылдың сынығы, тектінің тұяғы – аяулы аға, абзал жанды ақсақал, қарымды қаламгер Бақытжан Момышұлы туралы сыр

 

Ол Ата даңқына лайық адал ғұмыр кешті

Өмірден көптің бірі емес, көпке үлгі, ізгі істерімен де, азаматтық болмысымен де, кісілік келбетімен де ел жадында сақтарлық аяулы сағыныш, асыл мұра, айқын із қалдыра білген тұлғалар өткен кезде, «Олардың екінші ғұмыры басталды» десіп жатады. Мұндағы «екінші ғұмыр» – марқұмның жақсы қасиеттері жайындағы жарқын естеліктер, артында қалған мол мұрасы туралы сүбелі зерттеулер, оның бағасын безбендер жан-жақты талдаулар шығар, сірә. «Дүние салған адам туралы сағынышты сөз ел арасында қанша уақыт айтылып, санадан шықпай жүрсе – оның өмірінің де сонша жыл ұзара түскені...» деген уәжге де құлақ қойған жөн дер едік.

Иісі қазақ үшін қадірлі қара шаңырақ – Момышұлы әулетінің түтінін түзу шығарып, туын тік көтере ұстап, Ата даңқына лайық, Алаш аманатына адал ғұмыр кешкен ақсақал Бақытжан Момышұлының да екінші өмірінің басталғанына екі жылдан асып кетіпті. 2013 жылдың күзінде болған жылдық асының қарсаңында асыл жары Зейнеп Ахметова жазушының «...айналасына шуақ шаша күлдіретін сәттерін көз алдыңызға елестетіп, көтеріңкі көңілмен еске алсын деп, оның табан астында тауып айтқан әзіл-қалжың, шымшыларының қазірше қағазға түсіріп үлгерген бір парасын...» «Әзіліңді сағындық» деген атпен жинақтап, оқырман қауымның назарына ұсынған-ды. Бұл кітап әлі толықтырылып, қайта басылатын болады. Бақытжан Момышұлы туралы жазылар кітап, айтылар әңгіме, шертер сыр да әлі алда деп сенеміз. Ал бүгінгі сөзді – оны негізінен жазушы ретінде ғана таныған, онша көп сұхбаттас бола қоймаған қарапайым журналистің інілік ізеті деп қана қабылдасаңыздар болады.

 

Жазуы – орысша, жан-дүниесі – қазақы 

Әлдебір газет тілшісінің: «Сізді жазушылар жиналатын жерден, жалпы қаламдастарыңыздың арасынан көре бермейміз, мұның себебі неде?» – деген сауалына Бақытжан Момышұлы: «Қазақша жазатын жазушылар мені «орысша жазады, орыс» деп қатарына қоспайды. Ал орыс жазушылары «қазақтың жазушысы ғой, қазақ» деп көзге ілмей шеттеді. Сөйтіп, ортада оңаша қалғанмын», – деп жауап берген екен. Мұны, бір есептен, өмірдің ащы шындығы десек, екінші жағынан, Бақытжан ағамызды негізінен қазақ тілінде оқитын бүгінгі қалың оқырман қауыммен етене жақындастыра түсудің қажеттілігі туындайды.

Рас, Бақытжан аға шығармаларын орыс тілінде жазды. Олардың біразы қазақ тіліне аударылды, ал кейінгі жылдары жазылған кітаптары, қателеспесем, ана тілімізге әлі тәржімеленген жоқ. Мықты аудармашы-әдебиетшілеріміз алдағы уақытта бұл шаруаны қолға алар деген үміт бар.

Алайда, жазу тілі орысша болғанымен, Бәкеңнің қалам сілтесінде де, айтар ойында да, келтірер мысалдарында да, кейіпкерлерінің бітім-болмысында да, бейнелеу-көркемдеу тәсілдерінде де қайран қазақы табиғаттың жанға жақын жылы лебі есіп-ақ тұрады. Ол кісі өз шығармасына қажет кейіпкерді алыстан іздеп, оқиғалардың қисынын қиыннан ойлап тауып, ой-идеяны қиялдан құрастырып әуре болмайды. Кейіпкерді қашанда қасынан табады – дәмдес-тұздас, аралас-құралас, пікірлес-ниеттес қарапайым адамдарды таңдап алады. Бірақ олар – қаншама қарапайым болғанымен, құр күйкі тіршіліктің соңында күйбеңдеп жүрген қуыс кеуде біреулер емес. Ата-әже, әке-шеше тәлімімен тәрбиеленген, үлкенге – құрмет, кішіге – ізет көрсете білетін, ақылды, парасатты адамдар. Және оларды көп оқығандығын көрінген жерде байқатып қалуға барын салатын, кеудесін мақтаныш нәпсісі буған даңғойлармен салыстыра алмайсыз. Салиқалы сұхбат құруға лайықты адаммен ғана, сондай әңгімеге оңтайлы сәттің ыңғайы келгенде ғана, сан түрлі тақырыпта пікір алмасуға құштар жандар десек, дәл келетін сияқты.

 

Қаламға айналған алтын жебе

Бұл жағынан келгенде, Бақытжан ағамыздың 2011 жылы, яғни, өзі дүние саларынан небәрі бір-ақ жыл бұрын, ізгі ниетті азаматтардың қолдауымен жарық көрген үш романының орны ерекше. «Явление синего таутеке» («Көк таутекенің көрінуі»), «Предания князей времени» («Уақыт әміршілерінің әфсанасы») және «След птицы в небе» («Аспандағы құс ізі») деп аталатын үш кітап – жанры жөнінен деректі романға ұқсағанымен, оқырманын өмірдің мәнін іздеуге жетелейтін өте ойлы туындылар. Бұл кітаптарды оқып отырған кезде әркім-ақ өзінің бұл ғұмырдағы орны, мақсат-мұраты, атқарар ісі туралы толғанады. Тамақ ішу, ұйықтау, көңіл көтеру секілді пендеуи қажеттіліктер өз алдына, әр адам баласы өзіне «Мен өмірге не үшін келдім?», «Алла-Тағала жаратқанда маған не міндет жүктеді?», «Мен өзіме аманат етілген сол миссияны атқара алып жүрмін бе?», «Алла берген нығметті кәдеге асырмаса, оның ертең сұрауы болады, сонда қайтпекпін?» деген тәрізді маңызды сауалдар қойып, соған жауап іздеп, тыным таппауы керек. Сонда ғана оның санасы биіктейді, өресі өседі, қалың топтан суырылып шығып, Нағыз Адам деңгейіне көтеріледі.

Міне, үш кітаптың өзегінде де осындай ойлар мен ұмтылыстар сезіледі. Тұла бойы тұнып тұрған философиялық тәмсілдерге бай романның бірінен шағын үзінді келтірелік:

«– Скажите, ага, как далеко во времени может залететь эта стрела?

– Если жебе будет выпущен из крылатого лука книги, то она может улететь в вечность. Но если стрела будет пущена неумелой рукой из холодного сердца, то она упадет через час где-нибудь рядом с болотом забвения. Надеюсь, ты понял мое иносказание. Если ты справишься с этой задачей, я пойму, что ты начинаешь учиться слышать голос Великого Безмолвия, в котором хранится вся музыка Божественныз сфер, – почти прошептал он и дал лошади шенкеля, трогая ее с места.

– Подождите немного, ага. Скажите, зачем мне нужно учиться слышать голос молчания? – бросился я к его стремени.

– Затем, что она может открыть для тебя немало Божественных тайн, ведь все мироздание стоит на великих секретах Создателя – пояснил он...» («Предания князей времени», 6-бет).

Бұл – роман эпилогынан алынған үзінді. Биік таудың етегінде авторға астына ақбоз ат мінген, қолына алмас қылыш ұстаған ғажайып бір адам жолығып, бұған арқасындағы қорамсағынан алтын жебе алып, ұсынады. Екеуінің арасында біршама диалог болады. Жұмбақ салт аттының «Бұл жебе кітаптай ұшқыр қанатты садақтан атылса, мәңгілікке ұшады» деген сөзі автордың көкейіне ұялап қалады. Ол жебені оң қолына қыса ұстап, үйіне келген соң, аңғарса, жаңағы жебе қысқара-қысқара... қаламға айналыпты.

 

Оқырман өресін өсіретін суреткер

Бәкең өз шығармаларында көнеден келе жатқан аңыз-әфсаналарды, дәруіштер мен тақуалар туралы танымдық тәмсілдерді, ұлы адамдар өмірінен алынған нақты мысалдарды өз ойларына шебер қиюластырып, сәтімен пайдаланып отырады. Бұдан туындының мазмұндық құны арта түспесе, еш кемімейді. Кейіпкерлер әлдебір тақырыпты бірінен соң бірі іліп ала жалғастырып, әлгі мәселені жан-жақты, егжей-тегжейлі талдайды. Олардың өзара әңімесіне, қызу пікірталастарына елти отырып, оқырман ақырында өзінің де дүниетанымының толысқанын, білім көкжиегінің кеңейе түскенін, санасында сапалық өзгерістердің болып өткенін бір-ақ біледі.

Бақытжан ағаның жары Зейнеп апай Ахметованың «Бабалар аманаты» кітабы арқылы біз Бауыржан Момышұлы бабамыздың тек ел қорғаған ерен батыр, ұрпақ жігерін жаныр намыс қайрағы ғана емес, керемет парасат иесі, терең білімді тұлға екенін толығырақ біле түскеніміз рас. Ал жоғарыда аталған кітаптарының және басқа да шығармаларының арқасында біз Баукеңнің ұлы – Бақытжан Момышұлының да нағыз интеллектуал, өресі биік, аса бай білім иесі екеніне көзіміз жете түсті.

Бірақ, білуімізше, Бәкең ешқашан, ешқандай ортада өзінің білімін, таным көкжиегінің кеңдігін көрсетіп, мақтануды ойламаған. Жаратылысында кеуде керуді білмеген жазушы өзін қай жерде де, қашан болсын өте қарапайым ұстайтын. Бірде композитор Қалдыбек Құрманәлі жаңа үй алып, соның қуанышына кішігірім дастархан жасап, сыйлы кісілерді қонаққа шақырды. Бақытжан аға мен Зейнеп апайды әуелде өзі келіп, көлікпен алып кететін болған, бірақ аяқ астынан бір проблема туындап, үлгермейтін болды да: «Көкем мен жеңешемді сен алып кел», – деп маған тапсырды. Ал менде көлік – жоқ! «Ештеңе етпейді, такси ұстайсың, бірақ алдыңғы орындығы кеңдеуін таңдап ұста, Бәкең аяғын созыңқырап, еркін отыратын болсын», – деді. Келісілген уақытта барып, әлгіндей іші кеңірек, алдыңғы орындығын артқа жылжытуға болатын қолайлы көлік тауып, Қалдыбектің үйіне алып барғаным бар. Сондағы Бәкеңнің қарапайымдығы таң қалдырды. «Немене, бізге бір дайын көлікті қарастыру мүмкін болмады ма? Момышұлы басыммен, таяққа сүйеніп жүріп, көшеде такси күтіп тұруым керек пе? Айда, марш отсюда!» десе қайтемін деп қысылып, ыңғайсызданып, жағдайды түсіндіргенімде, бір ауыз сөзге келмегені-ай! «Е, жарайды» деді де, қойды...

* * *

Әр көрген сайын бұрын аңғарылмаған қызықты қырлары ашыла түсетін кинолар болады. Әр оқығанда әуелде маңызына бойламаған тосын астарлы ойлары біліне бастайтын кітаптар болады. Көзі тірісінде лайықты бағасын алса да, алмаса да, қайтыс болғаннан кейін барып нағыз қадірі арта бастайтын, өзінің бұл өмірдегі, өз ортасындағы орны қаншалықты бөлек екені сезілетін әулие сипатты, шынайы болмысты адамдар болады. Бақытжан аға Момышұлы нақ осындай бітімдегі адам, дәл осындай қалыптағы қаламгер еді.

Ол кісінің шығармалары – арнайы кілті бар сиқырлы алтын қобдиша сияқты. Ол қобдишаны кез келген оқырман аша алмауы мүмкін. Ашса да, ондағы алтынды екінің бірінің қолға түсіре бермеуі де ықтимал. Бақытжан Момышұлы кітаптарының терең сырларын ашып, талдап-таразылау – алдағы күндердің еншісіндегі іс. Жазушының өзі арамыздан алыстағанымен, оның өрелі ойлары, жарқын идеялары – жанымызға мәңгілік рухани азық болады әлі...  

 

Сәкен СЫБАНБАЙ.

 

Абай.kz

0 пікір