Жұма, 29 Наурыз 2024
46 - сөз 6738 0 пікір 27 Қаңтар, 2015 сағат 20:26

«ФЕЙСБУК» ІСТЕМЕЙ ҚАЛҒАН КҮН...

Түстеніп алайын деп үйге келсем, кіреберісте бірінен бірі өткен бір топ сұлу қыз тұр. Бәрі жапатармағай амандасты. Қыстың суығына қарамай, кейбіреуі жаздың киімімен жүр. Ана бір қыздың тізесі түгілі саны жарқырап көрінеді. Абыржып қалдым. Әйтеуір, тілім амандасуға әрең келді. 
- Аға, менің дене мүсінім Сізге ұнай ма? Жаңа ғана фитнесте болдым.
- Питнес дегенің не?
- Тренажер ғой.
- Сөйдемейсің бе қазақша.
- Сонымен Сізге ұнай ма, ұнамай ма? Міне, суретімді де ала келдім.
- Енді былай... жақсы екен. Тренажерде болғаның көрініп тұр. Жараған аттай ширығып тұрсың. Ой, ат емес, құлындай мүсін екен. Әр мүшең менмұндалап тұр.
- Алақай! - деді де, әлгі қыз жүгіре басып кетіп қалды. Қалғандары мені қоршауға алды. Жекпе-жекте еш жігіттен қаймықпаған басым мыналардың алдында кәдімгідей сасқалақтай бастадым. 
Бойы ұзын бір қыз басқаларын кие жарып, алдыма келіп тұра қалды. Менің бойым кеудесінен ғана келеді екен. Төбемнен төніп тұр. Тура алдымдағы қос анарын тіс шұқығышпен түртіп қалсаң жарылайын деп тұр. 
- Қалай?
- Не қалай? - деппін күмілжіп.
- Ұнай ма?
- Не ұнай ма?
- Сіз бағанадан бері көз алмай тұрғанды айтам.
- Е, алдыңғы бамперді айтасың ба? - деппін сасқанымнан. - Ауылдағы қазақтың ақбас сиырынікінен де үлкен екен. Шамасы а/ш министрі алыстан әкелген голштино-фриз тұқымынан шығар, - деп лағып кеттім. Лақпай қайтейін, мынасымен үстіме құлай кетсе, ауа жетпей тұншығып өлетін шығармын.
- Қысқасы, нравится или не нравится? 
- Нравицца боғанда, былай ғой енді... Көлемі 5,7 екен. Анау 1,6 немесе 2,0 боп жүрген тай-құнандар саған соғылысса, жапырайып қалар. Біз секілді көпті көрмесе де, біразды көрген 3,5 көлемді жігіттер тура соғыспай-ақ, қапталдай жүріп ұзаққа шабатын шығар, - де-е-еп міңгірлеп тұрмын. Не айтып, не қойғанымды өзім де білмеймін. 
Ол да түк түсінбей маған қарап тұр. Мен де көзім бұлдырап, апайтөске қарап тұрмын. Осылай тұра берер ме едік тағы бір қыз кеп дәл құлақтың түбінен саңқ етпегенде.
- Жаурап кеттім, аға, тез болыңызшы!!!
- Айналайын жылқы жаурайды, адам тоңады. Сосын нені болуым керек? - дедім есімді сәл-пәл жиып.
- Жазғы көйлекпен тұрмын ғой!
- Күпәлнекпен келмедің бе? Жазғы көйлек кисең мен тез бола салады деп ойлап па едің?!
- Тез болыңызшы! Ұнайды дей салыңызшы мына дұшпан қыздардың көзінше табаламай...
- Ұнайды, ал! Ұнайды! 
Құтылғанша асық болдым. Көрші-қолаң бір үйір, ой, бір топ қыз-қырқынның ортасында тұрғанымды көрсе, не бетімді айттым!?
Сөйтіп, одан құтылдым-ау дегенде тағы бір қыз мені сүюге ентелеп келеді. 
- Тоқта, айналайын, мына шылдыр шүмекке қара! - деп тоқтаттым неке сақинасы тағылған саусағымды көрсетіп.
- Ернім ұнай ма? - дейді бәтшағар шүртиген кішкентай ернін дүрдитіп.
- Неғып добалдай болып ісіп кеткен? Кім ұрды? - деппін алақ-жұлақ етіп. Есікті ашайын десем, мына қыздар есті шығарып, кодты да ұмыттырып жіберді. Код емес, әлгі несін... қысқасы, торсықтай, торсық емес-ау, күбідей, тіпті сабадай шабдалысын ары-бері ойнатып тұрса, миыңдағы сан емес, санаң да шашырайды ғой.
- Мұндай ерін жігіттерге ұнаушы еді ғой...
- Ұнаса ұнайтын шығар. Маған ұнамайды!
Құданың құдіреті, есікті іштен біреу ашып шыға қалмасы бар ма. Қайта жабылып қалмай тұрғанда, мен де зып беріп кіріп кеттім. Лифтімен көтеріліп келе жатып, өңім мен түсімді айыру үшін бетімнен салып қалдым. Дыз ете түсті. Өңім екен. Шайтан не ешкі, не келіншек болып көрінеді деген. "Пісмілдә" дедім аластау үшін. Жоқ, шынымен де өңім. Пәтеріме де жеттім-ау. 
- Әй, қатын, тамақ бар ма?!
Үнсіздік. Сырт киімімді шешіп, ас үйге беттедім. Бәйбіше дастарханды жайнатып тастаған. Тамаққа үңіліп отыр. Тырп етсеші. Алдына отырып жатып, бетіне қарасам, сол қалпы астан көз алар емес. Қолында телепон. Мынау балконнан қыздармен тұрғанымды көріп қойған екен. Енді менімен үш күн сөйлеспейді, деп ойладым ішімнен.
- Қап!
Селк ете түстім. Ары-бері шайнап, енді жұта берген майлы еттің өзі тамағыма тұрып қалды. Қақалғанда қысық көзім шарасынан шығып кете жаздады. 
- Қап! - деп қайталады бәйбішем. Мына тамақтың суретін салайын деп едім, бағанадан бері фейсбук істемей тұр! Абысындарым "ұнайды" дегенді басуы керек еді.
- ...

Айдос ЖҰҚАНҰЛЫ.

 

(Жазба автордың facebookтегі парақшасынан алынды) 

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1575
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2268
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3577