Сенбі, 20 Сәуір 2024
Қоғам 6391 0 пікір 29 Қаңтар, 2015 сағат 11:34

ПЕТРОПАВЛ БЕКЕТІ: МЕМЛЕКЕТ ІШІНДЕГІ МЕМЛЕКЕТ

Байқоңыр ғарыш айлағын бәріміз жақсы білеміз. Байқоңыр қаласының аумағында орналасқан. Бұл туралы кей-кейде «мемлекет ішіндегі мемлекет» деп те айтып жатады көп жағдайларда. Түсінеміз – өйткені, Байқоңыр ғарыш кешені Ресейге жалға берілген. Ал енді осындай да осындай – «мемлекет ішіндегі мемлекеттер» егемен еліміздің тағы бір жерлерінде де бар екенін сіз білесіз бе, құрметті оқырман? Білуіңіз мүмкін. Білмеуіңіз де мүмкін. Ал білмесеңіз, біз айтайық. Мәселен, біздің солтүстік көршімізге шекаралас орналасқан Солтүстік Қазақстан облысының орталығы Петропавловскіде... Петропавловск деген теміржол бекеті бар. Ресми түрде Ресей Федерациясы Оңтүстік-Орал теміржолының Петропавловск бөлімшесі деп аталады. Тарихына үңілетін болсақ... тарихы тіпті әріде жатыр – 1894 жылдың 11 шілдесі күні атақты АҚ ПАТШАның кезінде тұсауы кесілген. Бұрынғысын кім біліпті, ал бүгінгі күні бұл бекетіміз күн сайын қазақ елінің аумағымен бірге Ресейдің Қорған, Омбы, Түмен сияқты облыстарына да жолаушылар мен жүк составтарын жөнелтіп жатады. Жұмысы жаман емес, жолымыздың түскенінде байқағанымыз. Тағы бір түсініп-білгеніміз – бекеттің құрамында өзінің стадиондары, балабақшалары, мектептері, санаторий-профилакторийлері, инженерлік коммуникациялар жүйесі, тұрғын үйлері мен жатақханалары болған екен. «Болған екен» деп отырған себебіміз – осыдан оншақты жыл бұрын аталмыш «дүниелердің» бірқатары қала меншігіне өтіпті. Петропавловск қаласының меншігіне. Әлбетте, бұлардың барлығында да ресми құжаттар бүгінгі күнге дейін орыс тілінде жүргізіліп келді десек, бұл үрдіс бүгінгі күні де сол күйінде «еңбектеніп» жатыр. Тағы бір білгеніміз – Оңтүстік-Орал теміржолының Петропавловск бекетінде жұмыс-қызмет істейтін бес мыңға жуық адамның барлығы да еңбекақыларын Ресей рублінің курсы бойынша алады екен. Бұлардың барлығы қазір құны түсіп кеткен РУБЛЬДІ, рубльдің құнын түсіріп жіберген ПУТИНді «жерден алып, жерге салуда». Бұл енді бөлек әңгіме.

Рас, біз жоғарыда келтіріп кеткен Байқоңыр ғарыш айлағының жөні басқа дейік, ал сонда Ресейдің мына бекеті туралы не ойлауға болады, а? Негізі, Петропавловск бекеті – қазақ елінің аумағында жұмыс істеп жатқан жалғыз ресейлік бекет, біздің білуімізше. Қазақстан аумағындағы қалған бекеттер түгелімен «Қазақстан Темір Жолы» Ұлттық компаниясының құрамында. Сөз жоқ, бекеттің сона-а-а-у, АҚ ПАТША кезіндегі жөні бір бөлек. Күні кешегі Кеңес Одағы кезіндегі жөні тағы бір бөлек. Ал бүгінгісі не сонда? Еліміз егемендігін алғаннан кейін осынау жалғыз бекет солтүстік көршіміздің Оңтүстік-Орал теміржолынан өзіміздің «Қазақстан Темір Жолы» деген Ұлттық компаниямыздың құрамына өтуге тиісті еді ғой? Неге бұлай емес? Міне-міне, дәл осы сұрақтың жауабын тиісті орындар білмесе, бекетті аралап жүрген біздер тіпті де біле алмадық. «Мемлекет ішіндегі мемлекет» қой, ұзын сөздің қысқасы. Өйткені, бекеттің өзі қазақ елінің аумағында болғанменен, іс-қағазы да, басқасы да «өзге тілде» сөйлейді.

Марат МАДАЛИМОВ.

Абай.kz 

0 пікір