Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Жаңалықтар 7515 0 пікір 29 Қаңтар, 2015 сағат 11:56

ТАҒЫЛЫМЫ МОЛ КІТАПТЫҢ ТҰСАУКЕСЕРІ

Семейдегі Абайдың мемлекеттік қорық-мұражайында филология ғылымдарының докторы, профессор, «Қазақ КСР халық ағарту ісінің үздігі», «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» белгілерінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Арап Сләмұлы Еспенбетовтің «Алтай-Ертіс кітапханасы» сериясымен шыққан екі томдық кітабының тұсаукесер кеші өтті.

А.Еспенбетов - әдебиеттану саласында елу жылға жуық қажырлы еңбек етіп келе жатқан республикаға белгілі ғалым, ұлағатты ұстаз, білікті басшы ретінде танылған азамат. Ол бүгінгі күнге дейін 200-ден аса ғылыми мақалалары мен кітаптары жарық көрді. «Алтай-Ертіс кітапханасы» айдарымен Шығыс өңірінде туған қаламгерлердің кітаптар топтамасы 2012 жылдан бері шығып келеді. Бүгінгі күнге дейін 57 автордың кітабы жарық көрген бұл топтамадағы А.Еспенбетов еңбектері екі томдық жинақ болып шықты.

Жинақтың бірінші томындағы монография ұлы ақын Абайдың сөздерін ойларына серік еткен Шәкәрім Құдайбердіұлы мен Сұлтанмахмұт Торайғыров шығармашылығына арналған. Екінші томдағы зерттеулер абайтану, алаштану тақырыптары және ғалымның ұстаздары мен тұстастарына арналған. А.Еспенбетовтің екі томдық шығармалар жинағы – көтерілген ғылыми мәселелерінің өзектілігі мен ауқымдылығы, құнды деректерді ұқыпты тексеру, мұрағат деректерін байыппен талдауға арналған әдебиеттанудағы толымды еңбек.

Кеште А.Еспенбетовтің жарыққа шыққан еңбегі туралы Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің «Шәкәрімтану» орталығының директоры, ф.ғ.к. А.Смағұлова, М.Қозыбаев атындағы тарихи-әлеуметтік зерттеу орталығының директоры, т.ғ.к. М.Кәрімов баяндама жасап, «Абай қоры» президенті О.Кәрібжанов, Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің жоғарғы оқу орнына даярлау орталығының директоры, м.ғ.к., доцент Е.Есенжолов, Семей қаласы әкімі аппаратының басшысы Ш.Жұмақсанов, Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетінің оқытушысы, ф.ғ.к. Р.Мұқажанова, М.Әуезов атындағы педагогикалық колледж ұжымы атынан Ү.Шәріпова, ғалымның ұстазы Х.Сыдықов өз пікірлерін білдірді. Сонымен қатар Семей қаласының ақындар орталығының жетекшісі Д.Омарбаева және жас ақындар ыстық лебіздерін өлеңмен жеткізді. Кешке қаламыздың зиялы қауым өкілдері, жоғары оқу орындарының оқытушылары, мектеп ұстаздары мен студенттер қатысты. Кешті Қалалық мәдениет үйінің әншісі Н.Иманбаев, Ә.Қашаубаев атындағы Семей филармониясының әншілері Б.Түктібаев, Қ.Оралбаев, күйші А.Мырзаханов әнмен көркемдеді.

Абайдың мемлекеттік қорық-мұражайының ұжымы атынан естелікке мұражай қорынан сый тарту етілді.

 

Абай-ақпарат.

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2256
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3529