Сенбі, 19 Қазан 2019
46 - сөз 3462 0 пікір 29 Қаңтар, 2015 сағат 15:27

Ықылас ОЖАЙҰЛЫ. Бір әріп бір ұлтты өзгертеді

«...Самалтау қайран жерім артта қалды,

Адасқан өрісінен біз бір үйір» .

Осы бір ән еске оралған сайын көкірегім удай ашып, әлемтапырақ күйге түсемін.

Тілі өзгерген ұлттың түрі де өзгереді екен. (Біз бұл жерде бет пішінімізді (өңімізді) өзгерткен орыстың 14 әрпі хақында айтып отырмыз). Әріпті дыбыстың таңбасы немесе нотасы десек те болады. Демек, әріптің өзгеруі әуездің (дауыстың) өзгеруіне де өз әсерін тигізбей қоймайды. Күмәнданған екенсіз, көне граммофонға жазылған Мұстафа мен Мұхтардың дауысын тыңдап көріңіз. Саңқылдап шыққан саңлақтар үнінен күдігіңіз сейіліп, біз аңдатқан ойдың төбесінен дәл түсеріңіз анық. Бұдан шығатын пәтуә байламы – бір әріп бір ұлттың антропологиясын толығымен өзгеріске ұшырата алады. Мұны ғылымда қателеспесем энтелехия дейді.

Рас, бүгінгі қазақ – басқа қазақ. Тік ішегі мұздаған, бетон бетті, сұп-сұр суық қазақ. Басқа өріске тап болған төл болмысыңның өз үйірінен адасып шұрқыраса алмаған ахуалына сәт сайын жолығасың. Сосын дәл қазіргі қазақ қоғамында ҚАЗАҚ болудан қиын ештеңе жоқ екендігін түсінесің.

Хош делік....

Бұдан бір ғасыр бедерінде Ғұмар Қараш баласы:

«...Әрбір істе қазақ исі аңқыған,

Тірлікті көзімізбен көреміз бе?» - деген сауал жолдаған еді.

Жасырып неме керек, аталған асау сұраққа күні бүгінге дейін МЕМЛЕКЕТТІК МАЗМҰНДА толыққанды жауап берілген жоқ. Бұл білген адамға мәңгілік елдің мұратын екі-ақ ауыз өлеңге сыйдырған құдіретті сауал болатын.

Ал қарымта жауап қатуға Қазақия елі қашан даяр болады? Тіл мен ділді айтпағанда ішкен асымыз бен киген киімімізден КІМДЕРДІҢ ИІСІ шығады өзі?...

Бұл әр қазақ баласының ҰЯТЫ мен ҰЖДАНЫНА түскен ұлы сын болуы керек.

Қазақ топырағында жаратылған данышпандарымыз бүгінімізбен келер уақытымызға да өз болжамдарын жасапты. Айтқандары келсін, дуалы ауыздарымыздың дені жақсылыққа жорыпты. Рас, көп дүниенің құйысқаны босап, көбесі сөгіліп келеді.

«Қазақ аңқитын» күн де АЛАШҚА алыста емес секілді...

http://qamshy.kz/?p=18361

0 пікір