Жұма, 19 Сәуір 2024
Жаңалықтар 7332 0 пікір 31 Қаңтар, 2015 сағат 10:56

АЙЕКТІҢ «АЛАМАНЫ»

3 ақпан күні сағат 16.00-де  Ұлттық академиялық кітапханада Айек-Маржанның «Аламан» атты кітабының тұсаукесері өтеді. Кітап «Фолиант» баспасынан шықты. Бұған дейін  Маржан ЕРШУ «Айек» деген псевдониммен «ШЫРАҚ» (2004), «ПЫРАҚ» (2008) атты кітаптарын шығарған еді.

Әдебиет әлеміне АЙЕК деген атымен енген Маржан Аманқосқызы Ершу - филология ғылымдарының кандидаты, Халықаралық Түркітілдес елдер поэзия фестивалінің лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағы мен Еуразия Жазушылар одағының мүшесі (Түркия). Оның «Дариға ғұмыр, жыр-жүрек», «Таңғы шық», «Жапырақ-ғұмыр», «Шырақ», «Пырақ», «Ерік Құрманғалиев», «Ораз би» атты кітаптары оқырман қауымға жақсы таныс. Бұл кітапқа ақынның әр жылдары жазған шығармалары (поэзия, драма, проза, аударма, әдеби–сын мақалалары) енген. Сонымен қатар ақын әңгімелерінің түрік тіліндегі нұсқалары да еніп отыр.

Кітаптың мұқабасын безендірген – суретші, ҚР Суретшілер одағының мүшесі, ҚР Мәдениет қайраткері Камила Жапалова. «Аламанға» алғысөз жазған КСРО және ҚР Халық әртісі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Еңбек Ері Бибігүл Төлегенова былай депті: «Маржан Ершудың өлеңі оқыған адамын ойландырады екен. Бұл – жақсы қасиет. Мен әдебиет зерттеушісі болмасам да, өлең туралы өз түсінігім бар. Маржанның баспасөз бетінде жарияланып жататын шығармаларын оқып жүремін. Маған оның жазбалары ұнайды. Исатай – Махамбет, Құрманғазы, Дина, Сүйінғара, Төремұрат батыр, Айшабибі мен Қарахан, Хиуаз Доспанова, Бауыржан Момышұлы, Тоқтар Әубәкіров, алашордашы Ораз Тәтеұлы, сирек дауысқа ие Ерік Құрманғалиев, т.б. халқымыздың тарихи тұлғалары жайлы жазған шығармалары қазақ әдебиеті мен мәдениетінің өрісін кеңейтетін шырайлы туындылар дер едім».

Кітаптың «Екі қыздың пікірі» атты бөлімінде белгілі әдебиеттанушы қаламгерлер Айгүл Кемелбаева мен Гүлзада Ниетқалиеваның Айек-Маржанның шығармашылығы туралы мақалалары берілген. 

Абай-ақпарат.

0 пікір