Сейсенбі, 23 Сәуір 2024
Мәйекті 8355 0 пікір 3 Ақпан, 2015 сағат 12:26

КІНӘЗ

Бірінші курстың студентіміз. Жазған өлеңіңнің бағасын Әділ Ботпанов беретін кез. Әй, бірақ бағасын береді дегеннен гөрі «жаназасын шығарады» деген дұрыстау шығар, сірә. Қыртиып отырып, кірпігін қақпаған күйі, бетіңе қарап: «Ерунда» дегенде тура тоғызыншы қабаттан секіріп кеткің келеді...

Бір күні Әділ жоқта өлең оқылды. Кімдікі екені есімде жоқ, бір әдемі өлеңге жұрт жаппай қол соққан сәтте Ботпановтың тізесі батып қалған біреу: «Әділ қалай қарар екен...» — деп қалғаны. Кенет үнсіздік орнады. Біртүрлі үнсіздік. «Немене, жақсы өлеңді  Әділ ғана тани ма екен? Дау жоқ, мықты өлең!» — деген сенімді дауыс шыққанда бәріміз жалт қарадық.  «Рас-ау, Әділ де ет пен сүйектен жаралған пенде емес пе?». Санамызда осы ой жылт ете қалды. Жылт ете қалған жоқ, бойымыздағы сенімді де оятты. Қаламын тастап кеткендер қайта қолға алды.

Әлгі дауыстың иесі Қазыбек Құттымұратұлы еді. Ұзамай Қазыбектің махаббат лирикасын ҚазМУ-дың қыздары жатқа оқитын болды. Әдетте қызға қолы жетпеген адамның сүдіні қашып жүруші  еді ғой, бұныкі бөлек:

Сен менің арманым ең, төмендеме!

Басыңды ие көрме өлерде де.

Бойымнан бір осалдық көрер болсам,

Сенен көрем.

 

Жұлдыз болшы, сені іздеп көкке кетем,

Жігерсіз боп жасыңды төкпе бекер.

Сенен де бір осалдық көрер болсам,

Өкпелетем!

Өзі кекірейіп жүрген қыз мынадан кейін қалай қарайды, ә? Қыздардың бәрі «төмендемейтін» «әдет» тапты...  

«Поэзияның махаббатпен басталып, парасатпен аяқталатыны» (Мұқағали) рас қой. Өлеңнің бірінші бағасын беретін — қыздар. Әсіресе жастық шақта жырымен арулардың жүрегін жаулағысы келмейтін ақын жоққа тән. Осы тұрғыда Қазыбектің көбімізден аты озды. Тоқсаныншы жылдардағы қара бояу көбірек жағылған өлеңдердің ішінде оның сәулелі лирикасы түнектің ішіндегі жап-жарық әлем сияқты еді. Сондықтан да оның:

Өтті ғой күндер қаншама,

Бақытымбысың іздеген?

Көгілдір көктем болса да,

Көзіңнен ылғи күз көрем.

 

...Жас жаның жапа шеккен бе?

Көңілден кетсін тұман ой.

Көгілдір мынау көктемде,

Күрсініп жүру күнә ғой!

немесе:

Қайталай берем сөзімнің несін,

Мендегі жайды өзің білесің.

Күнім боп таңда оятасың да,

Айым боп түнде көз ілдіресің, — дейтін  өлеңдері  студенттер арасындағы «вешірлерде» жиі оқылатын.

Қазіргідей әлеуметтік желілері, сайттары мен порталдары, қаптаған газет-журналдары жоқ ол заманның «аудиториясы» — сол «вешірлер» еді. Ал санаулы газет-журналға шығу тіпті қиын еді, талап қатты болатын. Баспасөзде өлеңдері мен әңгімелері шыққандардың есімін күллі республика жұртшылығы білетін. Қазыбектің сол тұста «Ақ желкенге» шыққан топтамасы жастарды біраз шулатты.

Осы арада алға озып, айта кететін бір жайт бар. Бүгінде белгілі ақын, сол кезде мұрты енді ғана тебіндеп келе жатқан бозбала, дәлірек айтсақ, мектеп бітіргелі жүрген өрен Дәурен Берікқажыұлы Әлия есімді қызға ғашық болады. Қос ғашықтың бар әңгімесі әдебиеттің айналасы болса керек. Дәурен Әлияның суретін салып әуреленіп жүргенде әлгі сұлу да өз сезімін журналдан қиылып, дәптерге әдемілеп жапсырылған өлеңдермен жеткізіпті. Кімнің өлеңі дейсіз ғой?! Қазыбектің «Ақ желкенге» шыққан өлеңдері! Әрине, сүйіктісінің аузынан шыққан әрбір сөз ән болып естіліп жүрген әйбат күндерде Дәурен ол өлеңдердің авторы туралы тіпті ойламаған да. Тек жылдар өте келе әлеуметтік желіге сол жырларды жариялап, егесіне іздеу салды. Тапты.  Ал сегізінші класта оқитын «шөпжелкенің» дәптеріне «еніп» кеткен Қазыбектің өлеңдері тек Дәурен мен Әлияның арасында ғана «тілмаш» болмағаны анық!

Сырбаз Жарас Сәрсегі, Әмірхан Балқыбек, Сағындық Рзахметов, Мұрат Тілеубергенов секілді перілері, жұрттың бәрін бауыр көретін, аңқылдақ Абылай Сабдалині, жүзіктің көзінен өтетін, пысық Аманбек Сүлейменові, күй тартқанда, сезімтал қыздарды бір жылатып, бір күлдіретін Ғани Қалмахановы бар Қазыбектердің курсы өте ұйымшыл болды. Біртоға, у-шудан бойын мейлінше алыс ұстайтын, жұлқынып өлең де оқымайтын Құттымұратұлының біртүрлі мысы бар еді. Сәл бірдеңе болса, көзі ақиланып шыға келетін жындылар да одан именіп тұратын. Ол жұрт қырық пышақ боп жататын әдеби дауларға да көп араласпайтын. Бірақ анда-санда айтатын пікірі орнықты, нық еді. Ойын ешкім таласа алмайтындай етіп мықты түйіндейтін. Ал енді «қымыз үстіндегі» бітпейтін қырқыстың кезінде жымиып қойып, отыра беретін.

Каникулға кеткенде Қазыбек пен Батырболат бізге ылғи таба алмай жүрген кітаптарымызды әкеліп беретін. Оның себебі Алматыда тез өтіп кететін кітаптар облыс орталықтарындағы кітап дүкендерінде болатын.

Достыққа барынша адал Қазыбекке сенбейтін адам жоқ-тын. Жігіттерді былай қойғанда, қыздардың өзі ешкімге айтпайтын сырын оған ашатын. Ол сыр сақтайтын қойма сияқты еді. Тек кейін ана қыздардың өздері «айтып қоймағанда» оның ішінде не жатқанын ешкім білмес еді...

Жастық шақта адам албырт келеді ғой. «Ал кеттік...» дегенде ере қоймайтын жас аз. Аяқ астынан күрт көтеріліп, Тараздағы Маралтайдың шығармашылық кешінен бір-ақ шыққандардың ішінде Қазыбек те болды. Ішінде Әмірхан, Сағындық, Қазыбектер бар топ 1992 жылы Семейдегі Тыныштықбек ағасына да арнайы барып, сәлем беріп қайтты. Сол кезде атағы дүрілдеп тұрған ақынға амандасып келген олар біз үшін пірге қол беріп қайтқан мүриттен кем көрінген жоқ. Ағаларының әңгімесін апталап, айлап айтты.

Жалпы тоқсаныншы жылдарда бұрынғы аста-төк барақат ғұмыр аяқталып, шын мәнінде тіршілік үшін күрес басталды. Сол кездің қиындықтарына шыдамай, «ерден ауып қалғандар» көп. Біздің көз алдымызда бірге жүрген жігіттер екіге айырылды — біреулері заман ыңғайымен коммерцияның жалына жармасса, екіншілері әлі де білім алуға ұмтылды, ертеңгі күнге сенді. Қазыбек, әрине, соңғыларының қатарында болды. Ол сол кезде-ақ өзін-өзі жетілдіруге, рухты шыңдауға қатты мән берді. Осы бағыттағы әдеби шығармаларды, танымдық дүниелерді іздеп жүріп оқыды, өзгелерге де оқуға кеңес берді. Онымен әңгімелескен адамның бойдағы сенімі оянып, қайраттанып шығатын. Содан да болар, Қазыбекті төңіректейтіндер, оған арқа сүйейтіндер көп еді.

Бұрынғыларда да болған, біздің қатарымыз да біраз «ауырған», қазіргі жастарда да бар бір «дерт» — батыс әдебиетіне шектен тыс еліктеу. Ал Қазыбек шығыс әдебиетіне көбірек ден қойды. Қазақ әдебиетінің бастауларына үңілді. Сол үшін араб графикасын, төте жазуды меңгерді.  

Күләш Ахметованың «Біздің заманның арулары өлеңге айналмады...» деген мазмұндағы өлеңі бар. Әрине, қай заманда да аруларға жыр арналады ғой, ақынның айтып отырғаны Мәжнүннің Ләйлісі, Низамидің Аппағы сияқты адамзат тарихында қалған көркем образдар болса керек. Сол өлеңнің бір жолында Күләш апай: «Кешір, бірақ Жұматай сен естесің...» — дейді. Расында да, Жұматай сөзбен қалаған Ләйлә образы — ХХ ғасырдағы қазақ аруына қойылған ғажап ескерткіш. Тоқсаныншы жылдарда Алматыдағы жастардың арасында Жұматайды оқымаған, оған еліктемеген талапкер ақын аз. Ал Қазыбек ол туралы керемет мақала жазды. «Қазақ әдебиетінде» «Қазақы Мәжнүн» деген тақырыппен ақынның елу жылдығына арналған топтамада жарық көрген бұл мақала әдебиеттанушылардың назарын аударды. Жұматай поэзиясының тақыр жерге өскен дән еместігін, оның бастауы сопылық поэзияны түрленткен Шығыс шайырларында жатқандығын дәлелдей келе, Қазыбек бүй дейді:  «...Жұматайдың жырларын жоғарыда аталған шығыс шайырларының шығармаларымен салыстыра қарағанда, өзара үндесе алтын арқауды көргендей боламыз.

Мен Шираздың пәк сұлуын Тәңіріме теңер ем,

Бір меңіне Самарқан мен Бұқараны берер ем,  — деп шалқитын Хафиз жырларындағы сезіммен Жұматайдың өзекжарды махаббаты тіпті бауырлас.

Хафиз:

Дүниеде бәрі қирар, бәрін қаудан шөп басар,

Құлата алар күш жоқ бірақ махаббаттың сарайын.

Жұматай:

Саған деген махаббатым мың жерден,

Мен өлсем де өлмейтұғын түрі бар.

Хафиз:

Қатал қыстың қаһарынан қорғаныш та іздемен,

Құштарлықтың қызулы оты — менің ыстық мекенім.

Жұматай:

Құй түгел мұзды мұқит суын әкеп,

Көңілім сонда ғана суыр мүмкін.

Хафиз:

Жүрегімді отқа салып күйдіресің қашанғы,

Қашанғы енді шыжғырасың май секілді еріткен?

Жұматай:

Өртей-өртей ішім менің қып-қызыл,

Ішіме енді жабамысың тандыр нан?

Туғаннан мұсылмандық салт-дәстүрде тәрбиеленіп, ғұмыры Алла жолында өткен Хафиз:

Намазға ұйый бергенде елестеп кетті қабағың,

Сол-ақ екен қалдым ұмытып намаздың бар сабағын, — десе, дінсіз-Құдайсыз қоғамда туып-өскен Жұматай:

Өлең не?! Ішінде атың бар болған соң,

Оқығым кеп жүр менің намазды да, — деп жазады. Бұл қарама-қайшылық емес, араларын сан ғасыр бөліп жатқан қос шайырдың бірін-бірін толықтыруы секілді», — дей келе автор: «Біз бұл шағын мақалада Жұматай Жақыпбаевты қалайда сопылық әдебиеттің өкілі етіп шығуды мақсат тұтпадық. Өйткені, арадағы сан ғасыр, қоғам мен мәдениеттің дамуы Жұматайды мұндай тар қалыпқа сыйғызбайды. Ол — бүгінгі заманның ақыны! Алайда өткенсіз бүгін жоқ. Қазақ поэзиясында соны бағыт бастап кеткен ақынның ерекше жарқыраған қыры — махаббат лирикасы, оның нәр алған бастауы хақында там-тұм сөз қозғадық» — деп тұжырымдайды.

Осы мақала Қазыбекке біраз бедел алып келді. Ал 1995 жылы белгілі ғалым, әдебиеттанушы Бауыржан Омарұлы құрастырып, «Ер-Дәулет» баспасынан шыққан «Толқыннан толқын туады» атты жастар жинағындағы ақынның өлеңдерін жұртшылық жылы қабылдады. 2000 жылы алғысөзін белгілі ақын Ұлықбек Есдәулет жазған «Жас ақындар антологиясындағы» Қазыбектің топтамасы осы кітаптағы ең сұлу жырлардың бірі. Әсіресе «Менің бұлтым» деген өлеңін жастар жаттап алды. Жаттап алатындай-ақ өлең. Қараңыз:

МЕНІҢ БҰЛТЫМ

Әулиедей, ойнаған төбесінде от

Жебеп жүрер дәл бүгін елесің жоқ.

Тибеттің йогындай салқын қанмен

Өзіме үкім кестім: «Өлесің» деп.

 

Тән тозып, қалса-дағы қараң көзім

Білемін жан шіркінге ажал жоғын.

Дәруіш дұғасынан тастамайтын

Алладай билеп алдың санамды өзің.

 

Есті алып, елес болып кеткеніңде

Соңыңнан қумадым ба, жетпедім бе?

Жүрегім алып-ұшып, жанып-ысып

Қарсылық көрсетпеп ең өпкенімде.

 

Көздеген ой көгінен шықпай қалып

Жүрсем де көргенім жоқ құйттай налып.

Ерекше белгісіндей пайғамбардың

Төбемде қалықтап ең бұлтқа айналып.

 

Білмеймін ұры алғанын, қары алғанын

Сол бұлтты бүгін қарап таба алмадым.

Көл айтты көлеңкесін көре алғанын

Бел айтты жел еркесі жоғалғанын.

 

Зым-зия, бір хабары мүлде естілмей

Таң атқан содан бері, күн кешкірген.

Сол кезде айтқан едім: "Төбеңдегі

бұлтың жоқ, сен де ұзақ жүрмессің",  — деп.

 

Монахтай масаң топтың ғұрпын сынар

Сәтімді күткен едім бір тыншығар.

Жоқ әлі. Ақ бұлт көрсең сәлем айтшы —

Адасқан,  бәлкім,  менің бұлтым шығар...

Университет бітіргесін Қазыбек Алматыға алаңдамай, бірден өзінің Оралына тартты. «Жас Алаштың» осындағы тілшісі ретінде жазған сын мақалалары көп шенеуніктің зәресін ұшырды. Жалпы Нұртөре Жүсіп басқарған сол кездегі «Жас Алаштың» сойылы діттеген жерге тиіп жатты ғой. Оралдан қиқуға қиқу қосқан Құттымұратұлының материалдарын да күтетіндер көп еді. Себебі, жұрттың қышыған жерін дөп басатын. Ай, біздің биліктің де кейбір әрекеті кейде: «Әй, қай қылығыңды айтайын...» дегізетіндей ғой, шіркін. Бірде Оралдағы жындыхананың төбесіне «Қазақстанның болашағы — біздің қолымызда!» деп ұран іліп қойыпты. Сірә, көшеден жақсы көрінетін, биік орын болғасын ілсе керек. Бірақ жындыхананың атын естісе үркіп, қасынан өтудің өзінен қарадай қорқып жүретін жұртты да ойлау керек қой бір сәт. «Жас Алашқа» Ғалым Смағұлдың керемет карикатурасымен Қазыбектің материалы шыққан соң Оралдың шенеуніктері біраз дүрлікті. Әрине, ұран алынып тасталды.

Батыс Қазақстан облысының әкімі ретінде біраз көшелі істер атқарған Қырымбек Көшербаев Қазыбекті ерекше жақсы көрді. Кейде тіпті өзі тікелей звондап, хал-жағдайын біліп тұрды. Бірақ әуелден «Ассалаумағалейкум» деген адамға асыла кететін пысықтығы жоқ менің досым үй-күйсіз жүрсе де, жағдайын айтып, әкімнің алдына барған жоқ. Бауырларымен бірге анау Тайпақтан балық әкеліп сатты, Құттымұрат ақсақалдың еншіге берген малын базарға шығарды, әйтеуір, тиын-тебеннің басын құрап, бір бөлмелі үй сатып алды. Кейін үйленіп, бала-шағасы көбейген кезде оны сатып, қаланың сыртындағы ауылға көшті. Айналакөл аталатын, аты айтып тұрғандай, ерке Жайықтың тармақтары қоршап жатқан ауылда тұрып жатқан оның пәтері Оралға келген ақын-жазушы, журналист бас сұқпай кетпейтін құттыханаға айналды.

Бақтықожа Ізмұхамбетов тізгін ұстаған жылдарда оралдық журналистердің жағдайы біраз дұрысталып, жабағы жүні көтеріліп қалды. Құрамында екі облыстық газет және барша аудандық газеттер бар «Жайық-Пресс» ЖШС-ы  үшін баспаханасы бар жеке ғимарат салынды. «Жас Алашта» жүргенде ойлы материалдарымен көзге түскен Шыңғыс Мұқан ЖШС-ның екі тізгін, бір шылбырын қолға алған сәтте іскерлігімен танылды. Бұрын белгілі бір себептермен қызметінен шеттетілген талантты журналист, дарынды жазушы Бауыржан Ғұбайдуллин қайтадан бас редактор боп бекіді. Шыңғыстан кейін басшы боп келген Жантас Сафуллин де істі дөңгелентіп әкетті. Енді «Жайық Пресс» осы өңірдегі мәдени шараларға мұрындық болып отыратын ірі орталыққа айналды. Әсіресе мұндағы жігіттердің 1911-1913 жылдарда шыққан «Қазақстан» газетінің Ресей мұрағаттарында сақталған 16 нөмірінің түпнұсқасын тауып, оны қазіргі әліпбиге аударып жинақ етіп шығаруы еліміздің журналистика саласы ғана емес, мәдени өміріндегі де ірі жаңалық! Жинақта әлгі 16 нөмір ғана емес, «Қазақстан» басылымының шығарушылары туралы зерттеген Қайыржан Бекқожин, Мұстафа Ысмағұлов, Исатай Кенжәлиев, Мақсат Тәжімұрат секілді ғалымдардың әр жылдарда жарияланған мақалалары, 1912 жылы Орал қаласында газеттің өз баспаханасынан басылып шыққан «Ызың» атты жыр жинағындағы жырлар да топтастырылған. Бір қызығы, бүгінгі Қазақстан мемлекеті аумағында шыққан тұңғыш газеттің түпнұсқасы түгілі, көшірмесі де өзімізде сақталмапты. Ал Ресей мұрағаттары осыған дейін қазақ ғалымдарын жолатпай келген. Ендеше, айнала сұрау салып, шаң басқан архивтерге жол тапқан Жантас Сафуллин мен сол мұрағаттардан табылған қазынаны араб графикасынан қазіргі әліпбиге аударып, көпшілікке ұсынған Қазыбек Құттымұратұлының еңбегі қандай мақтауға да лайық! ХХ ғасырдың басындағы қазақтың ахуалын білгіңіз келсе, «Қазақстанға» үңіліңіз! Айтпақшы, «киргиз» атанып жүрген сол тұста басылымның «Қазақстан» деп аталуының өзі оны шығарушылардың көрегендігі емес пе?!

Қазыбек пен оны айналасындағы жігіттердің тағы бір игілікті ісі — Батыс Қазақстан облысы  аумағы қорымдарындағы құлпытастарды зерттеп, оны қазіргі әліпбиге түсіріп жүр. Жол жүрген, жоқ іздеген қазақтың «географиялық картасы» да, «компасы» да — мола ғой. Әкелеріміздің: «Жалғыз моладан» асқасын, айдау жолға түсесің...» — деп жол сілтеп жатқанын талай көрдік. Бала күнімізде айдалада адасқан сәттерде де алдымыздан кездескен «Пәленшенің тамы» сан рет «жол нұсқады». Маңғыстауда адай мен түрікпен шекараға  таласқанда атасының құлпытасын көрсеткен қазақтың мерейі үстем болыпты деген аңыз бар. Ендеше, мола — біздің тарихымыз. Құлпытастарда сан түрлі дерек, замана салған өрнектер жатыр. Қазыбектің айтуынша, бір Батыс Қазақстан облысының өзінде он мыңнан астам  құлпытас бар екен. Солардың бәрі қағаз бетіне түскенде біршама тарих түгенделеді. Әзірге 50 құлпытастың жазуы оқылып, кітапша боп жарық көрді. Бәрекелде!

Оралдан шығатын DANA kz дейтін журнал бар. Қазыбек басқаратын сол журнал аймақтың анықтамалығына айналып келеді. Орал өңіріне қатысты бір дерек іздесеңіз, сол журналдан табасыз.

Қатарында, жоғарыда аталған азаматтарға қоса, респуликаға аты мәшһүр заңгер Абзал Құспанов,  тілінен у төгілетін сатирик Нұрлан Сәдір, ғажап суретші Берік Шадығали, ақын, телевизия саласының майталманы Мұнайдар Баймолда секілді ұлт десе жанын беретін азаматтар және солардың тәрбиесіндегі ондаған жастар бар Қазыбектердің тобы Оралдағы ұлттық мәдениеттің ядросына айналып отыр. Ана жылы Семейден көзі көрмесе де, көкірегіндегі қазынасы мол жыршы Дүйсенғазы Нығметжановты алдырып жырлатып, Теке қаласы қазақтарының қандарын тулатты. Өздеріндегі Фархад Оразов төкпелейтін термелер де кәрі-жасты бір желпінтіп тастайды. Қанша дегенмен, «Қырымның қырық батырын» жырлаған Марабайдың елі емес пе, осы күні жыр десе, елеңдеп тұратындардың қатары көбейіп келеді. Қазақтың: «Өшкен жанды, өлген тірілді» дейтіні осы болса керек...

Қазыбекті тыңдасаң, осының бәрін жігіттер істеп отыр. Бұл — тек көмекші. Бірақ Алматыдан, Астанадан, еліміздің түкпір-түкпірінен барған ақын-жазушылар, журналистердің алдымен Қазыбекті іздейтіні көп жайтты аңғартса керек... 

Оның  әдебиетке, тарихи, табиғи мұраларға құштарлығының себебі — қаннан. Тоқсанға жақындап дүниеден өткен Құттымұрат ақсақал арғы-бергі тарихты жақсы білетін, ділмар кісі болыпты. Көзі тірісінде балаларына ата-баба зираттарының қайда жатқанын көрсетіп, күллі Беріш руының тарихын, ұрпақ шежіресін қағазға түсіріп, хаттап кеткен. Әкеге еріп, балаларының сайын далада арбамен сапар шеккені де бір хикая.

Бір сөйлеп кетсе, өңір тарихы туралы таңға дейін айтуға бар Қазыбектің қызық мінездері де жетерлік. Пенде болғасын біреуге ренжімей тұрмайсың, тағы біреуге көңілің толмайды. Оныңды басқа біреуге айтпай, тағы жүре  алмайсың. Айтқан кезіңде әңгімелесушің қостай жөнелсе ғой,  тіпті жаның кіреді. Сөйтіп отырып, күнәға батып жатқаныңды байқамайсың. Ал Қазыбекпен олай әңгіме айта алмайсың. Жо-жоқ, қарсы уәж айтпайды. Сөзіңді де бөлмейді. Мұқият тыңдайды. Тек көздері... Сығырайып, сынай қарап отырады. Сәлден соң әлгі көз... айнаға айналады. «Айнадан» әлемдегі ең ұнамсыз іспен айналысып отырған өзіңді көресің. Сосын амалсыз қипақтайсың. Әңгімең де шашырай бастайды. Ақыры діңкелеп тоқтайсың. Ол тағы да үндемейді. «Екіншілей осының алдында ешкімді жамандамаймын...» деп іштей өзіңе уәде бересің сосын. Кінәз Қазыбек адамды осылай да тәрбиелейді.

Енді оның ақындығына оралайық. Ғажап өлеңдер жазып жүрсе де, ол кітап шығаруға асыққан емес. Анау бір жылдары «Батыс Қазақстан облысының кітапханасы» сериясымен шыққан кітабын да жұртқа таратпады. «Неге кітап шығармайсың?» деген сұраққа жылы жымияды да қояды. Жиын-тойларда да өлең оқымайды. Әлеуметтік желілерде аса белсенді, жақсы жыр, сұхбат көрсе, дереу көшіріп, жариялап жататын ол өз парақшасына бірде-бір өлеңін салған емес. Қазақстан Жазушылар одағына мүше болуға да асықпады. Жақында «Жазушы» баспасына «Армантау» атты жинағын ұсынғанын, сонда істейтін Сәндібек Жұбаниязовтан естігенде, қатты қуанып қалдым. Өзінен сұрап жүріп алып, қолжазбасын қарап шықтым. Құдай қаласа, күшті кітап болғалы тұр.

Осы жинақта мынадай бір өлең бар:

“Әлдиле, өлім, әлдиле”

Мағжан

Сарылып қанша күттім, Ажал, сені

Тұншығып, қамағанда тозаң селі.

Жанымды Ібілістен арашалап

Періштем Әзірейіл өзі алса еді…

 

Талайдан қалған өмір мағынасыз,

Сіңіріп болды-ау әбден жаныма сыз.

Суық көр жымияды салқын маған:

“Енсеңіз құшағыма, арыласыз”.

 

Бар еді Жерде жалғыз жұбанышым,

Айрылдым,

Арман тауым құлады шын.

Мен қазір мың жасаған қариямын,

Сарқылған бойымдағы бұла күшім…

 

Ал, мені, Ажал, қылмай бекерге алаң,

Тілейді жалғыз тілек кетерде адам:

Базарын бұл дүниенің тартып алған

Сол бір жан дұға қылса жетер маған.

Бірінші шумақтың соңғы екі жолы бойыңды оқыс дір еткізеді. «Жанымды Ібілістен арашалап, Періштем Әзірейіл өзі алса еді…». Әдетте пенде біткен Әзірейілден өлердей қорқады ғой. Қанша жерден Алланың періштесі ғой дегенмен, жаныңды алатын Әзірейілдің аты суық… Ал Қазыбектің жырында ол — біртүрлі сүйкімді образ. Осы өлеңді оқыған сайын қылтамақтан қатты қиналып өлген әкемнің: «Адам қатты қиналып жатқанда, Ібіліс келіп, бір жұтым суға жанын саудалайды. Өзім де беріспеспін, бірақ оқуы күшті малғұн ғой, қорқамын. Сондықтан өтпесе де  әлсін-әлсін аузыма су тамызып, білген аяттарыңды оқып отырыңдар…» — дегені еске түседі. Бұйрықты күн болғанда, Ібілістің құрығына іліктірмей, бәріміздің де жанымызды Әзірейіл періштенің өзі алуға жазсын.

Оралға жиі жол түседі. Бұрын ылғи ақсия күліп, марқұм Талғат Бакушев досым қарсы алатын. Шай-су ішіп болғасын: «Қазыбекке барайық…» — дейтін. Осы күні Қазыбек күтіп алады. Сосын әуелі Талғаттың үйіне, сосын басына барамыз. Өмір ғой…

…Сағындықтың алтыншы баласы дүниеге келіп, Күміс алқа алғанда Қазыбек: «Бұл иттің сараңдығы сондай, әйеліне де алқаны үкімет алып береді…» — деп еді. «Соқыр атқа қотыр ат…» дегендей,  оның өзі де тас «сараңның» бірі. Келіншегі Маралға алтын алқа алып бергісі келіп жүр. Үкіметтің есебінен…

Бауыржан БАБАЖАНҰЛЫ.

Abai.kz

0 пікір