Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
46 - сөз 7366 0 пікір 25 Ақпан, 2015 сағат 15:13

ШЕТЕЛДІКТЕР ҚАЗАҚТЫ ЗЕРТТЕУГЕ НЕГЕ ҚЫЗЫҒАДЫ?

1995 жылдың күзі болу керек. Алматы-Арқалық пойызында ел жаққа бара жатыр едік. Көрші купеде Міржақып атамыздың қызы – Гүлнар апай бара жатыр екен дегенді естіп, амандасуға, танысуға бардық. Барсақ, ол кісімен бірге елуден асқан ұлы, бозбала немересі және Уяма Томахико деген жапон жігіті бара жатыр екен. «Әкемнің шығармаларын зерттеп, әлемдік энциклопедияға енгізуші жас ғалым» деп таныстырды бейтаныс жігітті Гүлнәр апай. Содан екі күндік жол қысқарсын деп әңгіменің желісін ағыттық қой. Өзі менен 7-8 жас үлкендігі бар, өз тілінен басқа, қазақ, орыс, ағылшын тілінде сайрап тұр. «Сонау жұрттың қолы жетпей аңыз болып жүрген Жапониядан келіп, аяғынан тұра алмай жатқан Қазақстанда не қып жүрсің?»- деп сұраймын ғой баяғы. Ол Жапонияның «Советтану» институтын бітіргенін айтады. Ал, жақсы. «Неге Міржақыпты таңдап алдың?» деймін де. Ол: «Міржақыптың «Оян, қазақ» шығармасы мені қатты қызықтырды» деп қояды. Әлбетте, ары қарай ойлауға менің заң факультетіндегі 2 курстық білімім жеткен жоқ. Қазір ол жігіт үлкен ғалым, Қазақ еліне арагідік ат басын тіреп тұрады. Енді қазіргі бақай есебіммен ойлаймын ғой: ол сол кезеңде қазақтың психологиясын зерттеп жүр екен ғой деп. «Оян, қазақ» сол кездегі ұйқыдағы қазаққа қатты әсер еткен екен, оның осынша не күші бар? 1986 жылы ұлттық рухы ояна бастағанын паш еткен халыққа тағы не түрткі болуы мүмкін? "Алда-жалда КСРО-мен жанжалдаса қалсақ, КСРО мен Жапония арасында Қиыр Шығыстағы территориялық мәселелер қайта көтеріле қалса, КСРО халықтарын іштен іріткі салып жіберетін, әсіресе, езгісінен құтыла алмай келе жатқан қазақ сияқты халықтарды көтеріп жіберетіндей қандай іліктер бар?" деп жүрген сыңайлы. Әйтпесе, көркемдік жағынан «Оян, қазақты» он орап алатын шығармалар жетерлік емес пе еді? Сол атамыз Жахаңның шәкірті Мағжанның бір өзі неге татитын еді! Жоқ, оларға дәл осы «Оян, қазақ» керек болды. Әрине, зерттеушіде жазық жоқ. Елі айтты, ол зерттеді. Ал одан алынған нәтижелер құлыптаулы көк сандықта жатқан шығар. Көрші Қытайда Қазақстанды зерттейтін орталықтар бар екен. Анау Американың өзінде біздің фольклорымызды, тарихымызды, психологиямызды зерттеп, қаттап салып тастаған. «Тәйт» дейтін заман болса, «қайт» дейтін адамды тыңдатпаудың амалдарын қарастырып тастаған. НЛП дегенді естіген боларсыз. Ал біз болсақ жүрміз әлі «Әлемде сендердей қонақжай ел жоқ» дегенге бөркіміз қара қазандай болып. Біздің асты-үсті байлықпен көмілген, әлемде 9-орын алатын аумағымыз әрі бағымыз, әрі сорымыз екенін ұмытпайық.

Алмас ЖҰМАҒАЛИ,

заң ғылымдарының кандидаты

(Жазба автордың skifnews.kz порталындағы мақаласынан ықшамдалып алынды)

0 пікір