Жұма, 19 Сәуір 2024
Көршінің көлеңкесі 7816 0 пікір 28 Ақпан, 2015 сағат 11:49

РЕСЕЙ «АРНАЙЫ ОПЕРАЦИЯЛЫҚ КҮШТЕР» КҮНІН АТАП ӨТТІ

Бүгін Ресейде алғаш рет «Арнайы операциялық күштер» күні мерекеленіп жатыр. Бұндай күннің қызыл датаға енгізілуіне РФ Президенті Владимир Путин кеше, бейсенбі күні ғана жарлық шығарған.

BBC жаңалықтарының жазуынша, Путиннің жарлығы құқықтық ақпараттарға арналған интернет порталда жарияланған. Ақпаратқа сай, жарлық жарияланған сәтінен бастап күшіне енеді. Мамандандырылған арнайы күштер мерекесі ретінде неліктен 27 ақпан таңдап алынғаны құжатта көрсетілмеген.

Естеріңізге салатын болсақ, «Азаттық радиосы» Ресей көршісі Литваның азаматтар үшін әскери қызметті қайта міндетті қылып, НАТО-мен бірлесіп сәрсенбі күні әскери жаттығу өткізгенін хабарлаған еді. Сондай-ақ Эстонияда да Тәуелсіздік күніне орай Нарва қаласында әскери парад өткізіліп, Ресеймен шекаралас аймақта НАТО-ға мүше бірнеше мемлекеттің әскерлері қатысқан әскери жаттығулар жасалған. Жаттығулар барысында америкалық соғыс техникалары шекарадан небәрі  300 м ғана қашықтықта жүріп өткен. Польша мен Балтық елдері былтыр Ресей Қырымды аннексиялап алған соң НАТО әскерлерін өз территорияларына орналастыруға өтініш берген болатын.

БҰҰ-ның мәліметіне сай Украинадағы конфликт құрбандары саны 5800 адамға жеткен. Бірнеше мемлекеттік келісім мен Әлем елдерінің алаңдаушылығына қарамастан ресейшіл сепаратистер шығыс Украинаның бірқатар өңірлеріне тыныштық бермей келеді. Украинаның шығысындағы әскери қақтығыстар мен саяси тұрақсыздыққа Батыс елдері мен АҚШ Ресейді айыптайды.  Ал Ресей билігі әскери қақтығыстарға өзінің мүлде қатысы жоқ екенін айтудан танбай келеді.

Нұрғали НҰРТАЙ

Abai.kz

0 пікір