Бейсенбі, 19 Қыркүйек 2019
Қоғам 5638 0 пікір 28 Ақпан, 2015 сағат 11:51

НЕМЦОВТЫ НЕГЕ АТТЫ? КІМ АТТЫ?

Путин билігіне қарсы күштердің жетекшісі, Ресейдегі беделді саяси тұлға – Борис Немцов кісі қолынан қаза тапты. Немцовты белгісіз біреу атып өлтірген деп хабарлауда ақпарат көздері. Немцовты оққа байлаған жерден қылмыскер тез жасырынып үлгерген. Қазір ол іздеуде. Оппозиционердің өлімін «елдегі ахуалды ушықтыру үшін біреулер қасақана жасады» деп мәлімдеген РФ президенті Путин болған істі өзі қатаң бақылайтындығын айтуда.

Борис Немцов көз жұмарынан бірер сағат бұрын «Эхо Москвы» радиосына сұхбат берген көрінеді. Немцовтан сұхбат алған журналист те, радионың бас директоры да оның әдеттегідей сергек әрі көңілді болғанын еске алады. «Эфирден соң, - дейді радио қызметкерлері, - Немцов бізге «Весна» шеруінің қалай өтетіндігі туралы әңгімеледі».

Немцов 1 наурыз күні шеру өтетін Мәскеудегі Марьино ауданынына қарай Үлкен таскөпір арқылы әзірге аты-жөні жария етіле қоймаған украин қызымен сөйлесіп келе жатады. Тап осы кезде тұтқиылдан шыға келген автокөліктен оған қарай оқ жауып кеткен. Жеті рет атылған оқтың төртеуі Борис Ефимұлына дарып, ол қаза тапқан. Немцов атылған жерде болған қыз тергеуге алынды.

Естеріңізге салып қойғанымыз жөн шығар, ертең Мәскеуде оппозициялық күштердің үлкен шеруі өтпек болып жоспарланған. Жиын үстінде Борис Немцов Ресей қарулы жасақтарының Украинадағы тынышсыз аймақтарда қандай әрекеттер жасап жүргені туралы баяндама жасамақ ниетте екендігін серіктеріне ескертіпті. Немцовтың бұл ескертуін журналистерге ресейлік саясаткер Илья Яшин хабарлаған. Осы жайтты айта отырып Яшин: «Борис Ефимұлы «Путин және соғыс» деген кітап жазып жүр еді» дейді.

Марқұм Борис Немцов Ельциннің тұсында билікке араласқан тұлғалардың бірі еді. Жаңашылдығымен, демократтығымен көзге түсетін. Ол мемлекеттік қызмет баспалдағында премьер-министрдің орынбасары дейтін лауазымға дейін көтерілді. Путин билікке келген соң қызметтен мүлде аласталып, солшыл күштердің лидерлігін өз қолына алды. Немцов үнемі Путиннің сыншысы болды. Ресей газеттеріне берген бір сұхбатында Борис Ефимұлы: «Анам маған хабарласқан сайын, «Сен Путин туралы қатты сөйлеме. Ол сені өлтіреді» дегенді жиі айтады» депті. «Ал, сіз Путиннен қорқасыз ба?» деген журналистердің сұрағына: «Иә, аздап сескенем. Алайда, қорықпаймын. Егер мен одан қорқатын болсам оппозицияны басқармас едім ғой» деп ағынан ақтарылған екен.

Істің ақ-қарасы анықталғанша, Немцовтың өлімін Путиннен көру қате деп жазуда орыс басылымдары. Әйткенмен де, "Немцовты кім атты? Неге атты?" деген сұрақ Ресейде күн тәртібінен түсіп қалмайтын шығар. «Весна» маршы қаралы жиынға ұласатын болды.

P.S. Борис Немцов қазіргі Ресейдегі демократиялық көзқарасынан танбай келе жатқан санаулы саясаткердің бірі болатын. Ол елдегі дәл қазіргі жағдайға қатысты сындарлы пікірін үнемі жариялап, орыс билігін Путинсіз көргісі келетінін жасырмайтын еді. Орыс қоғамының құрдымға бет алғанын биік мінберден ашық айта білген көзі ашық адам ретінде де Немцов атқарушы биліктің қыспағына ұшырап отырды...

Елу бес жастағы оппозиционердің өлімі бүгінгі Ресейдегі саяси диктатураның шарықтау шегіне жеткенін көрсетіп қана қоймай, жоғарғы элита арасында қылмыстық әрекеттердің белең алғанын да байқатса керек...

Abai. kz

0 пікір