Жұма, 29 Наурыз 2024
Мәйекті 9049 0 пікір 1 Наурыз, 2015 сағат 13:09

ТАҒЫ ДА ПЛАГИАТ: ЕКІ КӨЗІМ АТЫЗДАЙ БОЛДЫ

Жамбыл облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты (Тараз, 2014 жыл) «Ұлт руханияты» (ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеті) деген атпен оқу құралын басып шығарыпты. Әрине, құптарлық қадам.

Алайда, осы оқу құралынан Нұржан Наушабайұлы туралы мақаланы оқығанда екі көзім атыздай болды. Оқу құралының авторлары Тұрсынай Әбдіқадырова мен Ғалия Сыздықбаева 1997 жылы Қостанайда жарық көрген мен құрастырған Нұржанның «Алаш» деп аталатын кітабына жазған алғы сөзімді түгел дерліктей көшіріп алыпты. Әйтеуір, мақала ішінде кездесетін «кітапты құрастырған Ақылбек Шаяхмет» деген сөйлемді сол күйінде қалдырыпты. Мақаланың соңғы жағына «Ел аузында мынадай бір аңыз бар» деп Ыбырай Алтынсарин құдалыққа барғанда Нұржанды ертіп апарған екен деген әңгімені қосыпты. Алайда, оны да өз жанымыздан қостық дегендері болмаса, сол алғысөзде бұл әңгіме де айтылған.

Ақынның «Алаш» деп аталатын кітабы Қостанай қаласында 1997 ж. басылғанымен, бұл жинақ республикаға түгел таралып үлгермеді. Нұржан ақынның «Ұйықтама, оян, Алашым!» деп аталған жинағы жақында Астанадағы «Фолиант» баспасынан ҚР Мәдениет министрлігінің «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша екі мың дана таралыммен жарық көрді. Осы кітапта аталған алғысөзді кеңейтіп жазған болатынмын. «Кітапты құрастырған және алғысөзін жазған Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің профессоры, халықаралық шығармашылық Академиясының корреспондент-мүшесі, ҚР Мәдениет қайраткері, Қазақстан жазушылар одағы басқармасының мүшесі Ақылбек Шаяхмет» деп бұл кітапта да тайға таңба басқандай анық көрсетілген.


Кітап назымдар, толғаулар, ғазалдар, термелер, әндер, айтыстар және мысалдар деп аталған бірнеше бөлімнен тұрады. Сонымен қатар жинақта кездесетін кітаби, діни және кірме сөздердің сөздігі берілген.

Менің жаныма бататыны, мақала соңында пайдаланған әдебиеттер тізімінде де Нұржан ақынның кітаптары да, ол туралы бірнеше ғылыми-зерттеу еңбек жазған менің аты-жөнім де мүлде көрсетілмепті.

Сонда мұны қалай түсінуге болады? Біреудің еңбегін пайдаланған күнде де, айтып ұрласа, айыбы аз болар ма еді?!

Ақылбек ШАЯХМЕТ,

Ахмет Байтұрсынов атындағы

Қостанай мемлекеттік университетінің профессоры.

Abai. kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1569
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2264
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3558