Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Сұхбаттар 10458 0 пікір 20 Наурыз, 2015 сағат 13:55

ЛИДЕР БОЛҒЫСЫ КЕЛЕТІН ЕКІ БАС БІР ҚАЗАНҒА СЫЙМАЙДЫ

«Күлкі – өмірді ұзартады» деген сөз бар. Бұл пікірдің ғылыми негізі белгісіз. Шамасы, бұл ойдың астарында жүйкеге қатысты пайым жатса керек. Осы тұрғыда адамның «өмірін ұзартумен» кәсіби тұрғыда айналысып жүрген елдегі күлкі шеберлерінің бірі – елдің сүйікті әртісі Нұржан Тұтов.

 

–Нұржан мырза, Наурыз мерекесі қарсаңында қазаққа қажетті қандай тірлік тындырып жүрсіз?

– Барлық қазақ үшін бәрін қырып тастадым деп айта алмаспын. Бірақ мен Наурызға қарсы шешеме кимешек алып бердім. Жасы да сол кимешекке лайық боп қалды – киіп жүрсін дедім... Мәселен, жапон мен корей халқына қарасаңыз, халықтық мерекесі кезінде киім-кешегін, салт-дәстүрлерін, ұлттық тағамдарын көз қызығарлықтай насихаттап жатады. Ал біз болсақ, тырбаңдап, батыстық үлгіге талпынамыз. Әлде діннің дегеніне қатты беріліп кетеміз бе – әйтеуір екі оттың ортасында жүрміз. Осылай, бірте-бірте өзімізді жоғалтып бара жатқан сияқты боламыз.

– Сіз көпшілікке белгілі актер, пародист, шоумен ретінде таныссыз, осы атаудың бәрін жинақтап, бір ғана сөзбен сізді «әртіс» деп атауға бола ма?

– Әрине! Қазір тек сол «артист» деген сөзді үлкен әріппен жазуға тұрарлық деңгейге жете білсек деген талпыныста жүрген жайым бар. Мен өзім Ұлттық өнер акедемиясында «театр және кино актеры» мамандығын бітіргенмін. Сол кездегі менің жетекшім Тұңғышбай әл-Тарази болды. Ал Тұңғышбай ағамыз – әйгілі Хадиша Бөкееваның шәкірті. Өз кезегінде Хадиша апамыз Станиславскийдің шәкіртінен дәріс алған. Сондықтан мен өзімді тікелей Станиславскийдің «шөпшек неменесі» десем болады. Өзімнің кәсіби актер екенімді мақтан тұтамын. Мен мықты ұстаздарымнан алған өнерімді көпшілікке көрсете алмасам – несіне әртіс атанам?! Құдай саған өнер берген соң, оны халықтың қажетіне жарату керек. Бірақ ол өнерді дамытпасаң, өз деңгейінде көрсетпесең, тағы болмайды: талпыныстың себебі – осы.

– Өткен жылы қазан айында тұсауы кесілген «Жас сахна» театрының құрамына алынғаныңызды білеміз. Сол театрдың шығармашылық аяқ алысы қалай болып жатыр?

– Алдымен ол театр Бәйтен Омаров атында екенін еске салайын. Ал бұл театрға келген себебім – мен эстрада деп жүріп, сахна мен спектакльге «бөтен» болып барамын. Бұған дейін Әуезов атындағы драма театрында жеті жылдай қызмет еткенімді біреу білсе, біреу білмес. Жуықта «Қысылғаннан қыз болдық» деген музыкалы комедияны сахналадық. Қоюшы режиссер – Сағызбай Қарабалин.

– Мынау дағдарысты заманда жеке театр ашу оңай емес екендігі белгілі. Танымал актер Бекжан аға Тұрыс бір сұхбатыңда: «Қазір жеке театрлар көбейіп кетті. Мен олардың болашағына күмәнмен қараймын. Кейде шәкірт тәрбиелеуге қорқамын. Өйткені ол – үлкен жауапкершілік, бір адамның тағдыры. Театр ашсаң, қанша адамның тағдыры сенің қолыңда болады», – деген еді. Танымал тұлғаның осы пікірі тұрғысынан қарасақ, жаңа театрдағы тағдырларыңыз не болып жатыр?

– Алматы секілді ірі мегаполисқа жарасатындай театр аз. Бір Мәскеудің өзінде 500-ден аса театр бар. Елімізде театр көп болса деймін. Себебі біздің қазақтың бойында театрға бару деген аңсар аздау. Баланы балабақшадан бастап, театрға ертіп жүрсең, ол ержеткенде үлкен өнердің құдіретіне үйір болады. Ал театрдың тағдырына, оның болашағына үкімет қолдау көрсетуі тиіс. Ең болмаса, оның алғашқы ашылуларына жартылай жәрдем жасағаны жөн. Мәселен, батыстық тәжірибе тұрғысынан қарасақ, театры бар қалаға инвестиция көбірек келеді екен. Неліктен ежелден бері театрды қаланың ортасына салады дейсіз? Өйткені театр – қаланың келбетін ғана емес, оның мәдениетін аңғартатын ғимарат.

– Көпшілік көрермен қауым сізді «Әзіл студио» бағдарламасынан, Тұрсынбек Қабатовтың «Әзіл әлемі» атты театрынан ара-тұра көріп қалатыны бар. Бүгінгі өнер сыншылары «жеңіл-желпі» санайтын мұндай жобалармен атыңызға «кір келтіріп» алмайсыз ба?

– Актер адам болған соң, аннан-мұннан көп ұсыныс түседі екен. Сол сияқты «Әзіл студио» бағдарламасынан ұсыныс болған соң, теледидарлық түсірілім саласында бағымды сынап көргім келді. Мен кезінде «Тамашаға» 9 жыл қызмет еткенмін. Қазір «Тамаша» театрына көркемдік жетекші болуға шақырды – келісімімді бердім. Бұл да маңдай терді төгетін, қажырлы қайратты қажет ететін жұмыс.

– Ал репертуары арзан күлкіге құралған «Әзіл студио» көрерменнің жүрегіне жол таба алмағанын қалай қабылдайсыз?

– Бұл ойыңызбен келісе алмаймын: 31-телеарнадағы «Әзіл студио» бағдарламасы түрік сериалдарының орнын басып, жоғары рейтингке ие болды. Әрине, дайын іске сыншы көп. Бәріне бірдей 100 пайыз ұнау өте қиын. Көрермен қалай десе де, біз бұл бағдарламаны 4–5 жылдай түсірдік.

– Жалпы, әлемдік және ресейлік эстрадаға қарағанда, бізде пародия өрнері неге кенде қалған деп ойлайсыз?

– Жалпы, эстрада, театр немесе кино саласы түгілі, біз көп елден әлеуметтік және экономикалық тұрғыда әуелден кенжелеу қалып қойған халықпыз. Дегенмен, Құдайға шүкір, ақырындап алға басып келеміз. Осыдан 7–8 жыл бұрындары пародия өнерінде мен жалғыз өзім жүрген едім. Кейінірек Олжас, Аманғали інілерім шыға бастады. Пародия – көп еңбекті, талапты, ізденісті қажет етеді. Ол әркімнің қолынан келе бермейді, жаратқаннан бұйырған талантың болмаса, сенен ешқашан пародияшы шықпайды. Ел арасынан мұндай «әпенділерді» шығару үшін, көптеген мүмкіндік жасау керек. Күлкі фестивалін ұйымдастыру керек пе, бәлкім...

– Ұлттық арнада апта сайын көрсетілетін «Жайдарман» бағдарламасы да өз деңгейін жоғалтып бара жатыр деген пікір бар. Бұл жөнінде сіз не ойлайсыз?

– Көп жылдары КВН-нің қазылар алқасында отырдым. КВН деген – студенттік әлемнің бір туындысы. Ал комедия – өте қиын жанр, әзіл-қалжыңды ойлап табу оңай емес. Сахнада елді жайдан-жай күлдіре алмайсың. Сондықтан «Жайдарманның» бағасын беретін де – залдағы халық. Егер «Жайдарманға» аншлаг болып, билет табылмай жатса, оның әлі де өмір сүруге құқығы бар.

– Ал сатира жанры тұрғысынан келгенде, біздегі әзіл-сықақ театрлары қоғамдық қыжылға айналған тақырыптар үддесінен шығып жүр деп айта аласыз ба?

– Қалжың – позитивті, ал сатира – өткір болу керек. Халық әзіл-сықақ театрларынан көбіне сатираны талап етеді. Абай атамыздың сөзі бар: «Жігіттер ойын қымбат, күлкі арзан» деген. Соған сай біздің сатириктер – Толымбек Әлімбеков пен Көпен Әмірбековтің қаншама еңбектері бар, Мұхтар Шерімнің том-том кітаптары жетерлік. Тек соларды сахналай алатын шеберлік керек.

Шыны керек, бүгінгі күні сахнадан нені айту, нені айтпау керектігін түсінбей-ақ қойдым. Конфуцийдің «Әр елдің хал-ахуалың білгің келсе, әндерін тыңда» деген сөзі бар. Құдайға шүкір, жақсы әндеріміз жоқ емес. Бірақ мың жерден үкіметті кінәласақ та, біздің қазақта «бер», «әкел» деген психология қалыптасқан. «Берші», «бере тұршы» дейміз ғой... Сол «беріміз» «беретінімізден» басым болып тұр.

Реті келген бір әзіл айта отырайын. Бір қазақ: «Берші, берші» деп, жаратқанға жалбарына берген соң, Құдай періштелеріне: «Әй, анау қазаққа берсеңдерші, тегі, күніне сұрай береді ғой...» – дейді. Сонда бір періште: «Мұныкінің бәрі дайын тұр, тек диваннан тұрып, киоскіге барып, лоторея билетін сатып алса – болды», – деген екен. Бұл біздің мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан психологиямызға сай мысал болса керек.

Ал сатираны дамыту тұрғысындағы жеке өзімнің ойыма келсек: бар ойым – «Тамашаның» деңгейін көтеру. Футбол командасына жаңа тренер келсе, одан нәтиже күтеді ғой: бұл да сол секілді. Мен де «Тамашада» нәтиже беруім керек. «Тамашаның» бұрынғы жетекшісі Асылбек Боранбай жеке театр ашуға кетті. Енді 35 жылдық тарихы бар «Тамашаны» құлатып алуға болмайды.

– Өнер адамдары үнемі саясаттан тысқары жүруді қаласа да, өздері халықтың бір бөлшегі екенін ұмытып, саяси шаралардан жалтарып кететінін қалай түсінесіз?

– Иә, қоғамның мүшесі болғандықтан, саясаттан тыс қалмайсың. Маяковскийдің бір сөзі бар: «Қалада революция болып жатса, мен қалай роза гүлі туралы өлең жазамын» деген. Сатира жанрына қызмет еткен соң, саясаттың шет жағасын жағалауға тура келеді. Ашық айтсаң, ол өнер болмайды. Өнердің құдіреті сол – ол бәрін тұспалмен жеткізеді. Біздің сахнадан саясат айтылмай жүрген жоқ: кәсіби әрі ыждахатты көрерменнің көзімен қарасаң, көп нәрсені табасың.

Мәселен, Секен Тұрысбековтің күйін тыңдаңызшы: күй арқылы халықтың хал-ахуалын айтып тұр. Ал көпшілік «саясатты айтпайсыңдар» дейді. Сонда нені айтуымыз керек, сахнаға шығып алып: «Украинадағы соғысты тоқтатсын!» дейміз бе? Өнердің өз тілі бар. Қарап отырсам, «Шаншар» театрындағы Уәли мен Жүсіп, «Алдараспандағы» жігіттер әкім-қараларды өнердің тілімен көрсетіп жүр емес пе? Халық немен ауырса, соны көрсете білуің керек. Қоғаммен бірге біте қайнасуың қажет.

– Жарыңыз Гүлшат Тұтованың да актриса екенін екінің бірі біле бермейді. Қос әртістің бастары «бір қазанға сыйып» жүр ме?

– Дарынсыз журналистер «Қалай таныстыңыз?», «Қанша балаларыңыз бар?» деп езе берген соң, соңғы кездері сұхбат беруді қойып кеткен едім... Бір қазанға кімнің басы сыймайды? Лидер болғысы келетін екі бас бір қазанға сыймайды. Бізде бәрі бөлінген: ол – әйел, мен – еркек. Осымен бәрі реттелген.

Сұхбаттасқан, Жансая ЕРТАЙ.

 

Abai.kz

 

Дереккөз: «Общественная позиция» газеті.

(проект «DAT» №11 (282) от 19 марта 2015 г. 

Түпнұсқадағы тақырып: «Халық немен ауырса, соны көрсете білуің керек» 

0 пікір