Сәрсенбі, 17 Сәуір 2024
Жаңалықтар 4287 0 пікір 30 Наурыз, 2015 сағат 09:25

ӘЛЕУМЕТТІК ТҰРҒЫН ҮЙЛЕРГЕ СҰРАНЫС АРТТЫ

Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі мемлекеттің әлеуметтік саясаты аясында арзан тұрғын үй құрылысын салу бойынша жаңа бағдарламаны таныстырды. Ол сарыла күткен баспанасына салымшылардың тезірек қол жеткізуіне мүмкіндік бермек. 

ҚТҚЖБ басшылығының пікірінше, екінші деңгейлі банктерге шартты депозит салу бағдарламасы жылына ауданы жүздеген мың шаршы метр болатын әлеуметтік тұрғын үй құрылысы көлемін арттыруға септігін тигізетін болады.   

– Банк желісімен «Қолжетімді тұрғын үй – 2020» бағдарламасы бойынша құрылыс көлемін арттыру үшін, мемлекет қосымша 30 млрд теңге бөледі. Біз өз қаражатымыздың есебінен тағы да 20 млрд. теңге бөлуге және оны небәрі жылдық 3%-бен депозит ретінде ЕДБ-ге орналастыруға әзірміз. ЕДБ болса, бұл қаражатты 7 пайыздан аспайтындай етіп, Бағдарламаға қатысатын құрылыс салушыларға кредит ретінде беруі тиіс, – деп, ҚТҚЖБ Басқарма Төрағасының орынбасары Ербол Қарашүкеев Бағдарламаның мән-жайын ашып көрсетіп берді. –2014 жылы ҚТҚЖБ желісімен 429,3 мың шаршы метр пайдалануға берілді. Құрылысқа жеңілдікпен кредит беру бағдарламасы бұған қосымша тағы да 120-130 мың шаршы метр әлеуметтік тұрғын үй салуға көмектесер еді.   

ҚТҚЖБ таныстырған Бағдарламаға бизнесмендер мен саясаткерлер мынадай баға беріп отыр.

- Егер банктер тәбетінен тартынып, маржасын екі пайызға шектесе, жаман болмас еді, – дейді «Baur Kazakhstan» АҚ президенті Сакен Шакиров. – ҚТҚЖБ ЕДБ-ге 3%-бен депозит орналастырады. Құрылыс компаниялары үшін 5% жаман емес... Мұның әлеуметтік әсері де байқалады. Қаржыландыру да арзанырақ  болады. Бұл – кредиттік ауыртпалық. Ол өзіндік құнға тәуелді... 

Белгілі бір себептермен аты-жөнін жасырып қалған құрылыс компаниясының бір өкілі мынадай пікір айтты:

- Әріптестерім мені кешіре жатар. Бірақ біз ұдайы «құрылысшыларда ақша жоқ» деп, арзан кредит сұраймыз. Міне, бізге мынадай мүмкіндік ұсынып жатыр. Бірақ біз... әлі де шағым айтып жүрміз! Рас, бизнеске жақсы пайда керек! Алайда бүкіл ел дағдарысқа дайындалып жатқанда, халыққа бет бұрып, мемлекетімізді қолдауымыз керек. Біз мұндай жағдайда жұмыс істеуге әзірміз. «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша құрылыс салуға да дайынбыз.

Бұл бағдарлама депутаттардан да қолдау тауып жатыр.

- Жалпы алғанда, мұндай қадамдарды қолдау керек. Өйткені, нұсқалар қаншалықты көп болса, олардың ішінде жеміс беретіндері де соншалықты мол болмақ, - дейді Қазақстанның «Ақ жол» ДП төрағасы Азат Перуашев. – Өкінішке қарай, бүгінгі күнге дейін қолданылып келген құралдардың денінің мұқтаж адамдарды тұрғын үймен қамтамасыз етуде аса нәтижелі болмағанын көріп отырмыз.  Сондықтан бұл мәселені шешуге мүмкіндік беретін әртүрлі құралдарды, әртүрлі әдістерді қуана қолдап, іс-жүзінде олардың қалай жұмыс істейтінін байқап көруіміз керек.

Абай-ақпарат.

0 пікір