Жұма, 19 Сәуір 2024
Мәйекті 6435 0 пікір 30 Наурыз, 2015 сағат 11:20

ОРТАЛЫҚ АЗИЯ... АЙМАҚТЫҢ АХУАЛЫ ҚАЛАЙ?

Азаттық радиосы АҚШ мемлекеттік департаментінің Орталық Азиядағы экономикалық және саяси жағдайды ескере отырып, аймаққа қатысты жаңа стратегиялық бағыт ұстанғанын хабарлады (http://www.azattyq.org/content/central_asia_us_news_strategy/26913371.html).   

Вашингтонның Орталық Азияға қатысты жаңа стратегиясы басты екі факторды ескере отырып әзірленген көрінеді. Біріншіден, Украинадағы жанжалдың кесірінен экономикасы кері кеткен Ресеймен тығыз байланыстағы бұл аймақтың экономикалық болашағы бұлыңғыр, екіншіден, аймақтағы биліктің ауысу механизмдері әлі қалыптаспаған.

«АҚШ әкімшілігі жақында әзірлеген ведомствоаралық стратегияда біздің Орталық Азия халқы және үкіметтерімен өзара сенімді әріптестік тұрғыдағы іс-қимылдарымыздың бағдары қайта бекітілген» деді Азаттыққа берген сұхбатында АҚШ мемлекеттік департаментінің баспасөз хатшысы.

АҚШ өкіметінің аталған жаңа стратегиясында Ауғанстан халқының жай-күйіне қайта мән берілетінге ұқсайды. Сондай-ақ, Ресейдің ықпалында қалып бара жатқан Орталық Азиядағы табиғи ресурстарға бай ел Қазақстанның да ахуалы, бүгіні мен болашағы қарастырылған.

«Ресми Вашингтон «Мәскеудің аймақ елдерін саяси тұрғыдан мәжбүрлеуге қақысы жоқ» дегенді соңғы кездері жиі айта бастады» деп жазады Азаттық.

– Орталық Азия мемлекеттерінің Ресеймен саяси, экономикалық тұрғыда, қауіпсіздік саласында, ел мен ел арасында тығыз қатынасып отырғанын білеміз. Дегенмен өзге елдің саяси және экономикалық бағытын біржақты анықтауға ешбір елдің қақысы жоқ екенін де баса айтқымыз келеді, – деді Хоугланд.

Оның айтуынша, «Ресейдің Украинада жасап жатқаны Орталық Азия елдерін де алаңдатуы тиіс». Бұған қоса ол «оқиғаларға антиамерикалық, антиеуропалық сипат беріп, аймақта үгіт-насихат жүргізіп отыр» деп, Мәскеуді айыптаған.

АҚШ-тың Өзбекстандағы бұрынғы елшісі Джон Хербст Украинадағы оқиғалар Орталық Азия елдерінің алдында тұрған үлкен бір мәселеге назар аудартты дейді. Ол – жан-жақтан қаумалаған, ниет-пиғылдары әркелкі державалармен қарым-қатынас мәселесі.

Хербст Ресей президенті Владимир Путиннің былтыр тамыздағы «қазақтардың ешқашан мемлекеттілігі болмаған», «орыс әлемінің шеңберінде қалған қазақтар үшін дұрыс болар еді» деген пікірлерін мысалға келтіреді.

«Қазақстанды «жасанды ел» деп атау арқылы іс жүзінде Путин [шекара] белгілерін алып тастады» деген Хербст Азаттыққа берген сұхбатында.

Пол Стронски да, Джон Хербст те АҚШ пен НАТО күштері Ауғанстаннан шығарылғалы Орталық Азияда ислам экстремизмі қаупі артқаны анық дейді. Әйткенмен, АҚШ бұған дейін аймақтағы қауіпсіздік мәселесін басты назарда ұстап келсе, енді олар «экономика және саяси модернизация мәселелеріне көбірек көңіл бөлуі керек» деді Стронски Азаттыққа берген сұхбатында.

Оның үстіне, аймақ елдерінің, әсіресе Қазақстан мен Өзбекстанның саяси болашағы бұлыңғыр екендігін айтқан Стронски:

– Институттарға емес, жеке тұлғаларға ғана негізделіп құрылған үкіметтер бар. Бұл ұзақ мерзім тұрғысынан алғанда үлкен проблемалар тудыруы мүмкін, – дейді.   

Батыс үкіметтері мен халықаралық үкіметтік емес ұйымдар Орталық Азия республикаларында «адам құқықтарының жиі бұзылатындығын» тілге тиек етеді. 

АҚШ-тың Орталық Азияға қатысты жаңа стратегиясында бұл жайттар да айқынырақ көрініс табуы ықтимал. АҚШ мемлекеттік хатшысының Орталық Азия бойынша орынбасары Дэниел Розенблам қаңтар айында «Америка дауысының» Өзбек қызметіне берген сұхбатында бұл стратегияның «саяси реформаларға» және «адам құқықтарын сақтауға»баса мән беретінін айтқан деп жазады Азаттық (http://www.azattyq.org/content/central_asia_us_news_strategy/26913371.html).

 Мақала қысқартылып алынды. Сілтемесі көрсетілді: (http://www.azattyq.org/content/central_asia_us_news_strategy/26913371.html).

Abai.kz

0 пікір