Сенбі, 20 Сәуір 2024
Анық 6931 0 пікір 14 Сәуір, 2015 сағат 12:42

ӘЛЕМДІК БЕЙБІТШІЛІК ЖҮЛДЕСІ ГҮЛЕНГЕ БЕРІЛДІ

«Ганди-Кинг-Икеда-2015» әлемдік бейбітшілік жүлдесі Ф.Гүленге берілді.

«Ганди-Кинг-Икеда» атындағы әлемдік бейбітшілік жүлдесі биыл түрік ойшылы Фетуллаһ Гүленге табыс етілді. Бұл туралы түркиялық танымал «Заман» басылымы хабарлайды. Дәстүрлі жүлдені табыстауға арналған салтанатты жиын Морхаус университеті, Мартин Лютер Кинг орталығында жүздеген танымал академик пен тағы да басқа көптеген сыйлы қонақтардың қатысуымен өтті. Бұдан бұрын Десмонд Туту, Михаил Горбачев және Нельсон Мандела секілді әлемге танымал тұлғалар ие болған жүлде, мінеки, алғаш рет мұсылмандар арасынан бауырлас түрік халқының ойшылына айналған Фетуллаһ Гүленге табысталды.

АҚШ-тың Атланта қаласында болған аталған жүлдені табыстау салтанатында сөз алған Мартин Лютер Кинг орталығының деканы, профессор Лауренс Картер, Фетуллаһ Гүленнің бейбітшілік жаршысы деген атқа лайық екенін және сондай жүлде табыс етілетінін айтты. «Бүгін бұл жүлдені дәстүрлі Ислам дінінің әлемге бейбіт түрде таралуына және 2001 жылы 11 Қыркүйекте Нью-Йорктегі Дүниежүзілік Сауда Орталығына жасалған лаңкестік әрекет соңынан «Washington Post» басылымына берген хабары арқылы әлемде бейбітшіліктің орнауына зор үлес қосқан Фетуллаһ Гүленге табыстау — біз үшін үлкен мақтаныш», - деді. Естеріңізге сала кетейік, «Washington Post» басылымында жарияланған тарихи мәтінде Ф.Гүлен барша әлемге қарата: «Мұсылманның терорист болуы мүмкін емес, терорист те мұсылман бола алмайды!» деген-ді.

«Фетуллаһ Гүлен біз сізді мақтан етеміз!» - деді «Ганди-Кинг-Икеда-2015» әлемдік бейбітшілік жүлдесін тапсырған профессор

Жоғарыдағыдай лебізін білдірген профессор Л.Картер сөзін тағы былай өрбітті: «Иә, осы жүлдені Фетуллаһ Гүленге табыс ету — біз үшін теңдессіз мақтаныш. Себебі, өз-өзін жарып, «шәһит» болғандарға, өз-өзін өлтіргендерге бейкүнә адамдардың қанын төгу ешқандай да жиһад бола алмайтынын айтып, үн қатқаны үшін... Мақтаныш етеміз, себебі, адами құндылық пен әдептің әрбір адамға тән ортақ құндылық екенін тілге тиек еткені үшін... Мақтаныш етеміз, себебі, нәсілдік, ұлттық, этникалық және жыныстық ерекшеліктердің адамдар арасында олардың бөлінулеріне емес, керісінше, осы табиғи айырмашылықтарына қарамастан, адамдарды рухани тұрғыдан біріктіргеніңіз үшін... Мақтаныш етеміз, себебі, діни сеніміңіз бен оған зарар беретін, айналаңызда болып жатқан сан алуан қолайсыз өзгерістерге қарсы тұруда үлгі көрсетіп, оны әлемдік деңгейде жүргізіп отырғандығыңыз үшін... Мақтаныш етеміз, себебі, адамдарға берілетін ең жоғары білімнің тек қана оқу-сызумен емес, жаратылыстың болмысына тереңнен үңілу арқылы, екіжақты тепе-теңдікте берілетініне үндегеніңіз үшін... Рухани-имани сеніміңізді адамзатқа жол көрсетуге арнағаныңыз, осы жолдағы ізденісіңіз үшін... Махатма Ганди, Мартин Лютер Кинг және Дайсаку Икедалар сияқты ұлы данышпандарға тән ұқсастықтарды сіздің бойыңыздан да көру — мен үшін үлкен қуаныш. Сізді шын жүректен құттықтаймын!»

Ф.ГҮЛЕН:  

БҰНЫ ТЕК МАҒАН ЕМЕС, АДАМЗАТҚА ҚЫЗМЕТ ЕТКЕН БАРША ІЗГІ НИЕТТІЛЕРГЕ БЕРІЛГЕН  СЫЙ ДЕП ҚАБЫЛДАЙМЫН!

Деканның артынша сөз алып, Ф.Гүленнің атынан аталған сыйлықты алған доктор И.Асландоган Фетуллаһ Гүленнің осы шараға, яғни, өзіне табысталған аталған сыйлыққа орай жазған хатын оқып берді. Ф.Гүлен хат арқылы төмендегідей лебізін жолдаған: «Морхаус университеті, Мартин Лютер Кинг халықаралық орталығы басшылығы тарапынан ешқандай еңбегім сіңбесе де, «Ганди-Кинг-Икеда – 2015» сыйлығына лайық деп танылыппын. Бұл сыйлықты тек маған ғана емес, ешқандай да өтеусіз, өзін барша адамзатқа қызмет етуге арнаған ізгі ниеттілерге жасалған сый-құрмет деп есептеймін. Олар — өз отанынан мыңдаған шақырым ұзақтықта 50 ºС аязға қарамастан парызын орындағандар, Солтүстік Иракта ИШИМ-нен төнген қауіпке қарамастан мектептерінде оқуды жалғастырғандар, Нигерия мен Ауғанстанда қыз балаларға білім алу мүмкіндігін берген оқытушылар, Сомали мен Суданда қиындыққа мойымай қызмет етіп жүрген дәрігерлер, медбикелер, өздері материалдық тұрғыдан қиыншылық көрсе де игі істер мен жобаларды басқара білген кәсіпкерлер. Маған табысталған бұл жүлде, негізінде діні, ұлты, нәсілі бөлек бола тұра, жұдырықтай жұмылып, адамзаттың ең маңызды құндылығы  — бейбітшілікке ұйысып қызмет еткен жоғарыдағы жандарға берілген сый деп қабылдаймын».

ОЛАР ӨЗ БАҚЫТТАРЫН БАСҚАЛАРДЫҢ БАҚЫТТАРЫНАН ІЗДЕЙДІ

«Олар - өз бақыттарын басқалардың бақыттарынан іздеген ізгі жандар. Оларды Азияда, Америкада және Америка Құрама Штаттарында, жалпы төрткүл дүние жүзінде біріктірген нәрсе  — адам құқықтарын жоғары қойған құндылық, олардың әрбір жанның бақытты болуы үшін өздерін құрбан етіп, өз өмірлерін осыған арнаулары. Әрбір жанды адам ретінде көтермелеу, олардың Жаратқанға деген құрметтерінің белгісі. Әр уақытта Ұлы Иемізге мені де осы бақытты жандардың арасында етуін тілеумен болдым. Өзімді ешқашан ешкімнен артық көрмедім. Сіздер, олардың жанқиярлық ерліктері мен еңбектеріне өте көркем түрде баға бердіңіздер. Денсаулығым сіздермен осындай қайырлы күнде бірге болуыма мүмкіндік бермеді. Алайда уақыт пен орын айырмашылығы рухани тұрғыдан бірге болуға кедергі бола алмас. Осы сыйлықпен марапатталған ізгі жандардың бір мүшесі болу үмітімен ұйым басшылығына алғысымды білдіремін».

СКОТ АЛЕКСАНДР: «Ф.ГҮЛЕН - БҮГІНГІ КҮННІҢ МӘУЛАНАСЫ»

Салтанатты жиында сөз алған профессор Скот Александр, Ф.Гүленнің бүгінгі күннің Мәуланасы екендігін айтты. Оның ақиқатты іздеу мен әлемдік деңгейде білім беру ісінде тек бейбітшілікті, толеранттылықты ұсынғанын еске алған С.Александр, «Ізгі ниетілердің негізгі ұстанымдарының бірі — Пайғамбарымыздың  (с.а.с.) ізгі қасиеттерінің бірі болған кешірімділік қасиеті. Наразылық сезімінің жүректің уы екендігін айтқан Гүлен Ислам дініне тән болмаған бұл сезімнен алыстатуға тырысқан», - деді.

ӘЛЕМДІК БЕЙБІТШІЛІК КӨШБАСШЫЛАРЫНА БЕРІЛЕДІ

Айта кету керек, биылғы жыл осымен 13-рет ұйымдастырылып отырған «Ганди-Кинг-Икеда» Бейбітшілік сыйлығы КСРО-ың бұрынғы басшысы М.Горбачев, Оңтүстік Африка лидері Нельсон Мандела, Десмонд Туту, дк. Михаил Нобель мен Нобель сыйлығының иегерлері Бетти Ульямс пен Йон Хума сияқты тұлғаларға да табыс етілген-ді. «Ганди-Кинг-Икеда» бейбішілік сыйлығы, жыл сайын қоғамда бейбітшілік пен тұрақтылықтың маңыздылығын арттыру мақсатында өз үлесін аянбай қосқан әлемдік көшбасшыларға табыс етілетін сыйлық. Сыйлықтың атауы да әлемде бейбітшіліктің орнауына ықпал еткен тұлғалар — Махатма Ганди, Мартин Лютер Кинг және жапониядық белсенді Дайсаку Икедалардың құрметіне берілген. Салтанатты жиыннан соң, университет тарапынан жасалған әлемге танымал ұлы ұстаз, ойшыл Ф.Гүленнің суреті бейнеленген тақта, бұдан бұрын осы жүлдені алған тұлғалардың суреттерінің жанына ілінді.

Ғаламтор деректері арқылы дайындаған — Нұргүл ЖАМБЫЛҚЫЗЫ

Abai.kz  

0 пікір