Жұма, 29 Наурыз 2024
«Соқыр» Фемида 7492 0 пікір 15 Сәуір, 2015 сағат 13:34

ӘЛИЕВТІҢ ОРНЫНДА - ӘЛНҰР МҰСАЕВ ПЕН ВАДИМ КОШЛЯК

Австриялық ақпарат агенттіктері Венада “Нұрбанк” топ-менеджерлерінің өліміне қатысты сот процесі басталғанын хабарлап жатыр.  

Сонымен, қазақстандық банкирлер Жолдас Темірәлиев пен Айбар Хасеновты ұрлау және өлтіру факті бойынша айыпталғандар австриялық алқа билердің алдында отыр. Олар: Әлнұр Мұсаев пен Вадим Кошляк.

Атышулы іс бойынша басты күдікті Рахат Әлиев қайтыс болғаннан кейін енді барлығына аталған екеуі жауап бермек.

“Интерфакстің” дерегіне сүйенсек, сот төрағасы Андреас Бемом сот процесіне 16 алқа биін тағайындаған. БАҚ назарындағы процесте қауіпсіздік шаралары барынша күшейтілген көрінеді. Сот залына кірмес бұрын қатысушылар жылжымалы қауіпсіздік шлюздері арқылы өтуде. Сондай-ақ, сот күзеті қызметкерлерінің саны да ұлғайтылған.

Білесіздер, 24 ақпанда Қазақстанның Австриядағы бұрынғы елшісі Рахат Әлиевтің Австрия абақтысында өлі денесі табылған. Тергеушілер бұрынғы дипломаттың өз-өзіне қол жұмсағанын мәлімдеді.

Австриялық құқық қорғау органдары экс-дипломатты өткен жылы 5 маусымда құрықтаған-ды. Ақпарат агенттіктерінің хабарлауынша, Мұсаев пен Кошлякқа қатысты сот процесі бір айға жалғасады. Осы уақытта үш эксперт пен алпыстан астам куәгер тыңдалмақ.

Әлнұр Әлжаппарұлы Мұсаев – Рахат Әлиевтің серіктесі. Ол 1989 – 94 ж. ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті бөлім бастығының орынбасары, бөлім бастығы, басқарма бастығы, 1994 – 95 ж. ҚР ІІМ-нің Ұйымдасқан қылмыс пен сыбайлас жемқорлықпен күрес бас басқармасының бастығы, 1995 – 97 ж. ҚР Президентінің көмекшісі, ҚР Президентінің Күзет қызметі бастығының орынбасары, 1997 – 99 ж. ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары, төрағасы қызметін атқарды. «Ұлттық қауіпсіздік органдарының құрметті қызметкері» белгісімен марапатталған. Генерал-майор. Ал, Вадим Кошляк Рахат Әлиевтің жеке оққағары болған.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1571
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2265
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3565