Бейсенбі, 18 Сәуір 2024
Өзіңе сен 5433 0 пікір 22 Сәуір, 2015 сағат 12:49

ОРТАҚ ВАЛЮТАДАН ОҢАША ТЕҢГЕМІЗ АРТЫҚ

«Теңгеміздің тағдыры талапайға түсіп кетті ғой!» деп қапаланып жүрген халықтың құлағына сүйінші хабар кеп жетті!

Еліміздің Ұлттық экономика министрінің орынбасары бүгін ортақ валюта турасында былайша кесіп айтты: «Біз бұл сұрақты талқыламаймыз. ЕАЭО келісім-шартында бірыңғай ұлттық валюта енгізу қарастырылмаған».

ЕАЭО-ға туысын тапқандай қуана еніп кеткен билікке разы болмағаныма біраз боп жүр еді. Ал дәл осы кесімді пікірге бір қуанып қалдым.

Құтты болсын, ағайын!

Мұның өзі жақсылықтың нышаны деп білемін, яғни біздің биліктің ішінде де Тәуелсіздігіміздің тұғырлы талаптарына тәу ететін тұлғалар да бар екен ғой. Ол дегеніңіз жаңадан қалыптасып келе жатқан шенеуніктер қауымына мықты сигнал: көрші алпауыт мемлекеттің басшысы Астананың төрінде отырып жария еткен аса маңызды мәлімдемеге өз мемлекетінің мүддесі үшін қарсы шығуға болады екен!

Мойындау керек, бір министрліктің өкілі жоғары жақтың рұқсат не тапсырмасынсыз мұндай, саяси астары ғана емес, салмағы бар сөзді айта алмайды! Соған қарағанда ЕАЭО-ға қатысты саяси шешім қабылдайтын топтардың ішінде де ұлттық мүддені жоғары қоятын күштер ықпалға ие бола бастағаны-ау. Ұзағынан сүйіндірсін!

Әйтпесе, ортақ валютаға қарсы шығушылар тек оппозиция қатарында ма деп келдік емес пе. Деп келгенде, билікке жақын топтардың ішінен осы тақырыпта пікірін ашық жариялаған Ұлттық кәсіпкерлер палатасы төрағасының орынбасары Рақым Ошақбаевқа қалай разы болмайсың?

Жақында валюталық одақ құру мүмкіндігі туралы тақырыпты талқылаған жиынға қатысқаным бар. Ұйымдастырған – Алтынбек Сәрсенбаев атындағы қор. Сонда қаржы саласының мамандары тәп-тәуір баяндамалар жасады. Тақырыпты бүге-шігесіне дейін ашып, «валюталық одақ Қазақстан экономикасына тиімсіз» деген тұжырымға келді.

Базбіреулер мысал ретінде келтіріп жүрген Еуроодақтағы ортақ валюта – еуро туралы, ондағы жағдайдың ЕАЭО-мен мүлдем өзгеше екенін дәлелдеп берді.

Бәлкім, мамандардың осы және басқа да пікірлері биліктің құлағына жеткен болар.

Сонымен, бір пәледен құтылған сияқтымыз.

Десек те, көңілде екі түрлі күдік әлі бар.

Біріншіден, жоғарыда аталған шенеунігіміз тақырыпты одан әрі жалғастыра келе: «Сонымен қатар, ЕЭАО аясында 2025 жылға дейін біз қаржы нарығын тұрақтандыру аясындағы заңнаманы үйлестіруді жүзеге асырамыз», - дегенді тағы да айтып отыр.

Батыс санкцияларының астында қалған, онсыз да тәлтіректеп тұрған Ресей рублі мен ешкім де ұстағысы келмейтін Беларусь рублі – «зайчикпен» бірге жүріп, теңгеміздің тұрақтылығын қамтамасыз ете аламыз ба? Сол «үйлестірудің» өзі қажет пе бізге? Соны ойлансақ.

Екінші күдіктің саяси технологияға қатысы бар. Голливудтың бір фильмі бар. Сюжеті мынадай:

АҚШ президентінің сайлауына үш күн қалғанда оның қарсыластары оны масқара ететін бір факт тауып алып беделді бір газетте жариялайын деп жатады. Ол мақала шығып кетсе, президент сөзсіз жеңіліп қалады. Президенттің өзі Қытайда сапармен жүр. Не істеу керек?

Көмекке оның ежелгі бір досы келеді.

«Соғыс ашу керек!» - дейді ол.

«Кіммен?»

«Албаниямен!»

«Неге Албаниямен?»

«Өйткені, ол елді көп адам біле бермейді!»

Сөйтіп, Голливудтың бір режиссерін шақырып, киностудияда АҚШ-тың Албания халқына көмекке келіп, соғыс ашқаны туралы бейнесюжеттер жасап, келесі күні таңертеңде барлық телеарналардан көрсетеді. Осыны көрген америкалықтар ана газеттегі бір мақаланы байқамай да қалады. Сөйтіп, президент қайтадан өз орнына сайланады.

Яғни, бір тақырыпты екінші бір тақырып арқылы тасалап қоюға болады.

Менің айтайын дегенім мынау: қаржы одағына кірмейтін болдық деп алақайлап жүріп, Еуразиялық Одаққа қатысты ортақ позициямыздан айрылып қалмайық, ағайын!

Әміржан ҚОСАНОВ  

 

Abai.kz 

0 пікір