Жұма, 19 Сәуір 2024
Мәселенің мәні 7919 0 пікір 22 Сәуір, 2015 сағат 13:26

ӨЗБЕКСТАНДА САЙЛАУ ӨТТІ: КАРИМОВТІҢ КЕЗЕКТІ ЖЕҢІСІНІҢ СЫРЫ НЕДЕ?

Таяуда Өзбекстанда өткен президент сайлауы Ежелгі Түркістанды қамтып, қазір Орталық Азия атымен белгілі аймаққа кіретін елдерді бей-жай қалдырмауы керек деп ойлаймын. Бауырлас елдегі саяси-экономикалық өзгерістердің бізге де ықпалы сезіледі. Тіпті кезінде, Түркістан губерниясы, сосын Түркістан республикасы ретіндегі бір мемлекеттің аясында өмір сүрген аймақтағы кез-келген құбылыс көршілерін бей-жай қалдырмасы анық.

Кеңес одағы ыдырауының нәтижесінде Орталық Азия аймағында ұлттық мемлекеттердің пайда болуына жол ашылды. Осынау тарихтың күрделі кезеңінде экономикалық әлеуеті бойынша Орталық Азияның лидері ретінде Өзбекстанның даму мүмкіндіктері әлдеқайда кең еді. Өзбекстан Президенті Ислам Каримов аймақтағы ең ықпалды фигурадай көрінетін. Жылдар өтті. Экономикалық жағдай күрт өзгерді. Халықтың тұрмыс деңгейі нашарлап, әлеуметтік қолдау механизмдері төмендеді, жұмыс істеуге қабілетті адамдардың негізгі дені отбасын қамтамасыз ету мақсатында елдің сыртына жол тартты. Әндіжан оқиғалары халықтың наразылығын көрсеткенімен оны әскер кіргізу арқылы орталық биліктің басып жаншуы әскердің әлі де әлеуетінің үлкен екендігін көрсетті. Саяси тайталасқа жол бермеген Каримовтың тіпті діни күштерді оппозицияға айналдырып алғандығы белгілі. Бұл жағдайда Ислам Каримовтың ерекше басымдықпен қалай жеңіске жеткендігі күмән ұялатады. Осы жеңістің себептері мен алғышарттары туралы талдама жасап, сырласып көрелік.

Бұл факторларды түсіну үшін Ислам Каримов феноменін түсіну керек. Каримовтың билік еткен кезеңіндегі мемлекет көлемінде жүзеге асырылған реформалардың дені билікті орталықтандыру мен жабық мемлекет құру бағытында жасалғандығы белгілі. Ислам Каримов өзге Орталық Азиядағы әріптестеріне қарағанда «мемлекет деген – мен» қағидасына арқа сүйеп келе жатқан лидерлердің бірі. Мелекеттік шекаралардың алғашқы кезеңдегі айқынсыздығы, күрделі геостратегиялық жағдай, экономикалық қиындықтар, ішкі этникалық мәселелер – осы факторлардың барлығының шешімін Ислам Әбдуғаниұлы билікті орталықтандырған жағдайда ғана жүзеге асыруға халқын сендіре алған тұлға болатын. Тәуелсіздік алғалы бері жиырма жылдан асса да, Өзбекстандағы жағдай оң өзгеріске ұшырамай отыр. Неліктен? Билік жағдайдың күрт өзгеруіне мүдделі емес. Оның мүдделі болмауының себебі айдан анық. Өйткені, саяси элита күрделі жүйелік реформаның жүзеге асуына мүдделі емес. Саяси-экономикалық элита соңғы жылдары өзінің негізгі жеткен жетістіктері мен қаржылық мүмкіндіктерінің барлығын Ислам Каримов тұсында иеленген тұлғалар. Кез-келген жабық жүйедегідей мұндағы өзгеріс елдің ішкі жағдайына тұрақсыздық факторын алып келуі мүмкін. Жеке билік режимін қалыптастыруда еңбек сіңірген саяси элита өзінің иеленген ықпалы және осымен байланысты ресурстарына қожалық етуіне кепіл.

Оның үстіне соңғы жиырма жылда билікті орталықтандыру саясатын жүзеге асырумен айналысқан Ислам Әбдуғаниұлы барлық дерлік үкіметтік емес секторды, соның ішінде діни ұйымдарды да терең оппозицияға айналдырды. Яғни, Ислам Каримовтың биліктен кетуі этносаралық, діни қақтығыстар мен қоғамдағы тұрақсыздыққа әкелуі мүмкін. Бұл тұрақсыздық уақыт өте келе елдің мемлекеттігіне де нұқсан келтіруі әбден ықтимал. Бұл күштердің барлығы бүгінгі күні күшті мемлекеттік аппаратпен ығыстырылып, қатаң бақылауға алынған. Режимнің өзгеруі болмаса да әлсіреуі ішкі жағдайды ушықтыратындығы айқын.

Тағы да бір маңызды фактор - биліктің бәсекелестікке төтеп бере алмауы. Өз мүддесі мен көзқарасынан басқа көзқарасты мойындамайтын бүгінгі Өзбекстандағы режим идеялар бәсекелесін қаламайды. Тек қана ресми түрде бәсекелестік жағдайда өткен президент сайлауы осыған дәлел. Өзге үміткерлердің мардымсыз бағдарламалары, халық арасындағы танымалдығының болмауы осының көрінісі. Тәуелсіз пікір айтып, өз көзқарасын білдірген саяси күштерді басып жаншумен айналысқан саяси режимнің өзге бәсекелесі болуы мүмкін емес. Басқа сөзбен айтқанда, Ислам Каримовке альтернатива жоқ. Ал, ол неге жоқ? Өйткені, елге сөзі өтетін қайраткерлердің барлығы саяси қуғын-сүргінде. Бұл жағдайда халық алдындағы таңдау не билікті орталықтандырған Ислам Каримов, не әлсіз бәсекелестер. Таңдаудың кімнің есебіне шешілетіндігі белгілі. Әрине, Ислам Әбдуғаниұлына.

Мықты мемлекеттік аппарат әрқашан да орталық биліктің басымдығын қамтамасыз етуге мүдделі. Себебі, сайлау барысында төмен көрсеткішке жеткен аймақ басшысы, Президент үмітін ақтамаған тұлға ретінде қызметінен тайдырылады. Оның үстінен қылмыстық іс қозғалуы да мүмкін. Яғни, президенттік сайлау жәй сайлау емес, аймақ басшыларының президентке деген қатынасын көрсететін сайлау болып табылады.

Дегенмен, Президент үшін жақсы болып көрінетін бұл нәтижелердің кері әсері де бар. Біріншіден, шынайы сайлауға, бәсекелестікке үйренбеген халық келешекте қандай бағыт ұстанарын білмей шатасады, адасады. Яғни, саяси мәдениет төмен күйінде қала береді. Ал бұл ел болашағы үшін өте қауіпті. Екіншіден, Президенттің жеңісін қамтамасыз етіп отырған элита мен Президент өзара тәуелді институттарға айналады. Яғни, Президент өз еркімен лауазымынан кеткісі келген жағдайдың өзінде саяси элита оған бұл мүмкіндікті бермейді. Өйткені, Президент жеке сенім қағидасына арқа сүйей отырып қана кадрлық тағайындауларды жүзеге асырады. Демек, элита президентке қай дәрежеде тәуелді болса, Президент элитаға сол дәрежеде тәуелді. Бұл Леонид Ильич Брежневтің кезіндегі саяси жүйені елестеді. Кезінде, Брежнев бірнеше рет лауазымынан бас тартқан кезде кеңестік элита оның бұл әрекетке баруына жол бермеген болатын. Нәтижесінде Брежнев тарихта қартайған, жұмыстан қажыған қайраткер ретінде, ал оның заманы тұралау заманы ретінде қалды. Үшіншіден, Президент көзі тірісінде өз билігін өзге тұлғаға, яғни мұрагерге қалдыру мүмкіндігінен айрылады. Шын мәнінде бүгінгі күнгі Өзбекстан элитасы бірнеше ықпалды топқа бөлінген. Ол топтардың ешқайсысы басымдықтың өзге топқа өткендігін қаламайды. Айқын мысал ретінде Гүлнар Каримованың тағдырын айтуға болады. Ең ықпалды отбасы мүшесі бүгінгі күні қудалануда. Оның бизнес империясы тәркіленіп өзі абақтыда отыр. Бұл күндері Ислам Әбдуғаниұлы тіпті, өз жақындарының саяси болашағына сенім арта алмайды. Себебі, элиталық топтар Каримовтан өзге тұлғаның билікке келуін қаламайды. Нәтижесінде мирасқорлықтан үміткерлердің барлығы дерлік элита тарапынан қудалауға ұшырайды. Демек, мұндай жүйеде мирасқордың болуы мүмкін емес. Ал бұл болашақтағы мемлекеттік жүйелі дағдарысқа жол ашады. Себебі, көптеген жылдар бойы барлық саяси топтарды, өз халқын қыспақта ұстаған лидер қайтыс болса,  саяси күштердің барлығы билікке ұмтылады. Оппозициялық күштердің алуан түрлілігі мен саяси мәдениеттің төмендігі бұл жағдайда үлкен ішкі қақтығыстарға, оны айтасыз, азаматтық соғыстарға әкелуі мүмкін. Бұл аймақтың геостратегиялық орналасуы мен ерекшеліктеріне байланысты Орталық Азияның барлық елдеріне қауіп төндіреді. Демек, аймақтық қауіпсіздікке нұқсан келтіреді. Ал аймақта түрлі Ұлы державалардың мүдделерінің тоғысқандығын ескерсек, бұл елдердің жағдайды пайдаланып Орталық Азияда өз ықпалын нығайтуға мүдделілігін түсінеміз. Демек, аймақтық дағдарыс қайтадан ғаламдық деңгейдегі қарсылық пен қайшылыққа әкелуі мүмкін.

Бұл – болуы мүмкін сценарийлер. Алайда әзірге сайлау қорытындылары бойынша абсолютті жеңіске жеткен Ислам Әбдуғаниұлы жеңісін тойлауда. Ұзағынан сүйіндірсін!

Шыңғыс ЕРГӨБЕК

Abai.kz

0 пікір