Сенбі, 20 Сәуір 2024
Қоңырау 5867 0 пікір 24 Сәуір, 2015 сағат 09:02

Н.НАЗАРБАЕВ. ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ АЛДЫНДА ҚАЙ КЕЗДЕ ҚАЛАЙ ТАҒЗЫМ ЕТСЕК ТЕ ЖАРАСАДЫ

«Мәңгілік Ел: бір ел – бір тағдыр» атты тақырып аясында өтіп жатқан Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІІ сессиясы барысында президент Нұрсұлтан Назарбаев ХХ ғасырда қазақ халқы бастан кешкен қайғы-қасіретті айта келіп: «Өткен ғасырда әлем бойынша ешбір ұлт немесе ешбір ел қазақ халқы бастан кешкен қайғы-қасіретті көрген жоқ. Ұлттық ділінің мықтылығының, төзімділік қасиетінің беріктігі арқасында біздің ұлтымыз сондай қиындықтарға мойымады», - деді. «Сондықтан, - деді Елбасы сөзін ары қарай жалғап, - біз қазақ халқының алдында қай кезде қалай тағзым етсек те жарасымды болмақ».

Өз жерінде, байырғы баба қонысында өзге ұлттардың қасында азшылыққа айналған қазақтың бүгін қарасы молайып, қара орман қалың ел болып жатқанын ескерткен Президент Назарбаев Қазақстан халқының ендігі тағдыры қазақ халқының қолында екендігіне екпін түсірді.

«Біздің халқымыздың саны күннен күнге көбейіп келе жатыр. Тиісінше, жалпықазақстандық бірлік дегеніміз бос сөз емес. Ең алдымен, болашақ үшін қазақтың өзінің бірлігі керек. Мен мұны ылғи айтып жүрмін. Елдің тағдыры мен болашағы мемлекетқұрушы ұлт ретінде қазақтың қолында ғана болады. Халықты ұлы істерге ұйыстырудағы басты жауапкершілік те қазақтарға жүктеледі. Осыны әрдайым есте ұстайық, ағайын», – деді Назарбаев.

Алайда, қазақ халқы өзінің бауырмалдық дәстүрінен жаңылмауы керек. Сталиндік қуғын-сүргінге ұшырап, жер ауып келген жандарды жаны жаралы, көңілі қаралы қазақ қиын-қыстау заманда қанатының астына алып еді, бүгін де қазақ баласы өзін Қазақстан азаматы санайтын ұлттың өкілдерін өгейсітпеуі керек.

«Депортацияланған жандарды қуғындау ісі бұл жақта да жалғасын тапты. Сол замандағы биліктің тәртіп, талабына сәйкес Қазақстанда саяси қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтың әйел, бала-шағасына арналған 11 түрме де олардың тағдырының күрделенуіне сеп болды. Сондықтан да біз өзге өз жеріміздегі өзге ұлт өкілдерін өз бауырымыздай көріп, мамыражай ғұмыр кешкеніміз абзал. Кәрі тарихтың қойнауына тереңірек үңіліп үйренейік. Болмашыны сылтау етіп бір түннің ішінде Қазақстанға депортацияланған өзге ұлт өкілдерінің ешбірін де құқықтық тұрғыдан кемсітпеуіміз керек. Өйткені, оларды біздің аталарымыздың өзі қиын-қыстау заманда тамағын бөліп беріп, төрінен орын берген. Бұл біздің атадан балаға берілген ұлттық құндылығымызға тән ерекше қасиетіміз. Осы үрдіс ұрпақтан ұрпаққа жалғасып жатуы тиіс», — деді Елбасы.

Abai.kz

0 пікір