Сенбі, 20 Сәуір 2024
Шамшырақ 10947 3 пікір 24 Сәуір, 2015 сағат 09:34

ТҮРКІСТАНДА ДӘСТҮРЛІ ХИКМЕТ АЙТУ САЙЫСЫ ӨТТІ

Түркістан қаласында «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайының ұйымдастыруымен «Ясауитану» республикалық байқауы өтті. Жоғарғы сынып оқушылары қатысатын бұл сайыс еліміздегі дәстүрлі байқаулардың қатарынан орын алады. Байқаудың тарихына үңілер болсақ, алғаш рет 1998 жылы Түркістан қаласының оқушыларының қатысуымен өткен. Жылдан жылға қанатын кеңейте түскен байқауға Түркістанға жақын жердегі аудандардың оқушылары қатыса бастайды. Сөйтіп, бұл байқау аймақтық деңгейге көтеріледі. 2009 жылдан бастап байқау Республикалық деңгейде өткізіле бастады. Жетінші рет өткен республикалық байқауға аудандық және облыстық іріктеулерден үздік шыққан 61 оқушы қатысты. Байқау қонақтары 19-20 сәуір күндері Түркістандағы «Зияратшылар орталығына» келіп орналасты. 20 сәуір күні тіркеу салтанаты өтіп, сайысшылар жеребе арқылы нөмірлерін алды. Арыстанбап кесенесі мен ортағасырлық Отырартөбеге экскурсия ұйымдастырылды. Қонақтарға арналған мәдени шара «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайына қарасты Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Монша, Есім хан, Қылует жер асты кесенесі, Жұма мешіті, Рәбия Сұлтан Бегім кесенесіне экскурсиямен аяқталды. 

Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат

21 сәуір сайыс күні, Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ-дың Мәдениет орталығында жас хикметшілер, сайысты тамашалауға келген көрермендер бас қосты. Республикалық білім сайысы салтанатты жағдайда мемлекеттік әнұранмен ашылды. 

Байқаудың ашылу салтанаты

Түркістан қалалық дарынды жастар мектебінің талантты өнерпаздары қонақтарға дәстүрлі ән айтып ілтипат көрсетті. 

Қонақтар түркістандық жас дарынның өнерін тамашалады

Ереже бойынша Республикалық сайыс үш кезеңнен тұрады. І кезеңде  хикметтерді жатқа айту, ІІ кезеңде билет бойынша жауап беру, ал ІІІ кезеңде тірек сөздерді табулары керек болатын. Екінші кезеңнің сұрақтары Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл толуына орай сұрақтар көбірек қамтылды. Онан бөлек мұражай сайтында жарияланған аңыз-әңгімелер және тарихи-мәдени ескерткіштер мен жәдігерлер бойынша сұрақтар қойылды.  

Жас хикметшілер 

Сайысқа қатысушылардың білімін сарапқа салған қазылардың құрамында т.ғ.д. М.Қожа, т.ғ.к. З.Жандарбек, ф.ғ.к. С.Ергөбек, мәдениет қайраткері Р.Жүзбаева, қазылар алқасының төрағасы мұражай директоры М.Садықбеков болды. Оқушылардың білімі барлық кезеңде де, ең жоғарғы бағасы 10 баллдық жүйемен бағаланды.

Бірінші кезеңде байқау ережесі бойынша іріктеліп келген оқушылар бірнеше топқа бөлініп хикметтерді жатқа айтып жарысты. Байқауға қатысқан 61 оқушы 16 адамнан төрт топқа бөлініп сайысты. «Әзірет Сұлтан» сайтына 30 хикмет жыл басында түгел жарияланып, оқушылардың жаттауларына теңдей мүмкіндік берілді. Жарысқа қатысушылар есте сақтау қабілеттерінің мықтылығын көрсетіп, қалың көрерменді өз таланттарымен тәнті қылды. Ақмола облысы мен Астана қаласынан келген оқушылар дайындықтарының жоғары екендіктерін бірінші кезеңде-ақ дәлелдеді. Толқын Гүлнар, Жамаш Алмас, Ыдырыс Абдолла үшеуі бірдей жоғары 50 баллды, ал Бауыржан Рамазан болса, 45 балл иеленіп, ақмолалықтар басқа облыстарды сан соқтырып кетті. Астаналық Ермек Дидар мен Нұғман Гүлмаралдар жоғары балл жинаса, тағы бір астаналық Абдуахит Балауса 40 балл жинады. Сонымен қатар Алматы облысынан келген Айтқазы Шұғыла, қызылордалық Аятбек Аружан, атыраулық Тасмағамбетова Құралай, түркістандық Абдулла Әлия хикметтерді әбден бойларына сіңіріп жаттағандықтарын көрсетті. 

Хикметшілердің қабілетін сарапқа салып, арасынан үздіктерді іріктеу қазыларға қиындық туғызды. Жүргізуші оқушыларды мүдірту үшін барлық өнерін салып бақты. Өйткені, екінші кезеңге сайысқа қатысушылардың тек жартысы ғана өтуі тиіс болатын. Ақырында 61 оқушының ішінен бабы мен бағы қатар шапқан 31 оқушы екінші кезеңге іріктеліп алынды. Кезеңді ф.ғ.кандидаты С.Ергөбек қорытындылап, өзінің байқаудан алған әсерін айтып ақтарылды.

Сайысшыларды бағалау сәті

Екінші кезеңде Қазақ хандығының тарихына, Қожа Ахмет Ясауи бабамыз жөнінде, мұражайға қарасты тарихи ескерткіштер мен жәдігерлер жөнінде алдын-ала сайтта жарияланған сұрақтар бойынша дайындалған билеттерге жауап берді. Екі сұрақтан тұратын билеттерге жауап берген оқушылардың ішінен түркістандық Абдулла Әлия мен Алматы облысынан келген Айтқазы Шұғыла ең жоғары нәтижеге қол жеткізіп, 50 балл жинады. Алматылық тағы бір өрен Тоқтарқызы Қырмызы 49 балл жинаса, ақмолалық Ермек Дидар, астаналық Нұғман Гүлмарал 48 балл жинады. Бұл кезеңдегі сайыста оқушылардың білімдері және сол білімді қалай жеткізе алатындығы сарапқа салынды. Қазақ тарихы мен дәстүрлі мәдениетіміздің өзегі болған ұлы әулие Ясауи бабамыздың ілімін терең меңгерген сайысшылардың барлығы жоғары нәтиже көрсетті. Үшінші кезеңдегі бәсекенің тартысты болатындығы нәтижелерден байқалып тұрды. Жоғары балл жинаған 17 оқушы үшінші кезеңге жіберіліп, т.ғ.д. М.Қожа кезеңді қорытындылады.  


Байқауға қатысушыларды марапаттау

Үшінші кезеңде екі сыннан үздік шыққан сайысшылар жадыларының мықтылығын сарапқа салды. Хикметтерде кездесетін сөздер тірек сөз ретінде алынып талапкерлер сол сөз кездесетін шумақтарды тауып, үзінді келтіруі тиіс болатын. Алдыңғы екі кезең бойынша жоғарғы ұпай жинаған оқушылар бұл жолы да сайысқа тас-түйін дайын болып келгендіктерін дәлелдеді. Өткен жылдардағы байқауларда ең қиын да жауапты сәт осы үшінші кезең еді. Байқаудың тарихында тірек сөздерді толық тапқан оқушы біреу ғана болатын. Ал биылғы байқауда үш оқушы тірек сөздерді толығымен тауып хикметтен үзінді келтіріп, жиналған халықты тәнті қылды. Атап айтқанда оңтүстікқазақстандық Абилдаева Балзира, жамбылдық Өздембаева Жансая, екі сын қорытындысы бойынша бірінші орынды алматылық Шұғыламен бірге бөлісіп тұрған түркістандық Абдулла Әлия ең жоғарғы 50 балл алды. Байқаудың тарихында бірінші рет үш кезеңнен бір балл жоғалтпаған Абдулла Әлия бас (100 000 теңге ) жүлдені, ал Айтқазы Шұғыла 144 баллмен (75000 теңге) бірінші орынды иеленді. Екінші орын үшін 50 мың теңгеден екі орын белгіленген. Қызылордалық хикметші Аятбек Аружан 140 баллмен ІІ орынның (50 000) даусыз жеңімпазы атанды. Ал 139 балл жинаған ақмолалық Толқын Гүлнар мен Жамаш Алмас екінші орынның қалғанын сарапқа салды. Хикмет айтып сайысқан екі өреннің ішінен Толқын Гүлнар мүдірмей айтып, ІІ орынды (50 000) иеленді. Жүлде қорының келесі орындары үш адамға арналған 30 мың теңгеден үшінші орын сайыскерлер арасында бөліске түсті. 139 баллмен Жамаш Алмас пен 137 баллдық көрсеткішпен Нұғман Гүлмарал алғашқы екі жүлдені иеленді. Үшінші жүлдені 134 балл жинаған Абилдаева Балзира, Тоқтарқызы Қырмызы, Ыдырыс Абдолла үшеуі сарапқа салды. Бабы мен бағы келіскен ақмолалық Ыдырыс Абдолла екі қарсыласынан басым шығып, жүлделі ІІІ орынды иеленді. Қатысушылардың арасында екі кезең бойынша 98 баллмен жоғары нәтиже көрсетіп тұрған Ермек Дидардың қолынан жүлде сусып кетті деуге болады. Тоғызыншы орында тұрған қызылордалық Аятбек Аружан суырылып алға шығып, ІІІ орынға табан тіреді. Он оқушы ынталандыру сыйлығы мен қоса 10 мың теңгеден жүлде алды. Бұл кезеңді т.ғ.к Зікірия Жандарбек қорытындылады.  

Байқауға қатысушыларды командалық есеп бойынша қорытындыласақ, Ақмола облысы бірінші орынды, екінші орынды ОҚО мен Астана қаласының командалары, алматылықтар үшінші орын алды. Әсіресе Ақмола облысынан келген оқушылардың 4-уі ақтық сынға шығуы республикалық байқауға дайындықтың өте жоғары болғандығын көрсетіп отыр. Оқушылардың есте сақтау қабілеті мен білімін, зердесін бағалау қазыларға оңай түспеді.

Жылдағы дәстүр бойынша қатысқан барлық оқушыларға және шәкірт тәрбиелеген ұстаздарға алғыс хаттар табыс етілді. Байқауға қатысушылар, сайысты тамашалаушы қалың көпшілік ұйымдастырушыларға алғыс сезімдерін білдіріп, ризашылықтарын айтып тарасты.

Қожа Ахмет Ясауидің рухани мұрасы «Диуани хикмет» шығармасын насихаттауды көздейтін бұл жоба әлі де өзінің жалғасын табады. Еліміздің түкпір-түкпірінен келетін жас хикметшілерді Түркістан жұртшылығы асыға күтеді. Хикмет айту дәстүрінің қазақ даласында жаңғыратын күні алыс емес, жақын қалғандығына сенім зор.

Abai.kz

3 пікір