Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Қайнайды қаның... 7056 0 пікір 25 Сәуір, 2015 сағат 07:59

ӨЗІН ҚҰРМЕТТЕМЕЙТІН ҰЛТТЫ БАСЫП АЛУ ДА, БАСҚАРУ ДА ОҢАЙ

Бір кездегі қазақтың атамекені Орынборды бүгінде Ресейдің Оренбург облысы деуге етіміз өліп, құлағымыз қанығып болған. Құдайдың ісі ме, әлде империалистік-шовинистік сана ауруы бойына сіңгендердің ісі ме, кім білсін, осыдан бірер жыл бұрын сол Орынбор облысында бір жылдың ішінде 23 қазақ қызы жоғалып, хабар-ошарсыз кеткен еді. Соған орай «Ресейде «казашкалар» жоғалуда» деген мақала да жарияладық. Оған не атқа мінген қазақ, не арба сүйреткен қазақ мыңқ еткен жоқ. Әшейінде кез келген жерден «исламист» дегенді тауып алып, орамал тартқан қыздарға қарсы «ерлікпен күрес жүргізетіндер» де сол жоғалған 23 қыз сияқты хабар-ошарсыз қалды. Егер басқа бір ел болса, өзге елде 23 қызы жоғалмақ түгіл, бір адамның мұрны қанаса, дүниені дүрліктірер еді. Әнебір жылы Өскеменде түнде мас болып бақырып-шақырып келе жатқан екі орысты біреулер ұрып кеткенде Мәскеу әкімі Ю.Лужков Елбасымызға қоңырау соғып, бұл қалай дегендей доңайбат қылды. Ендеше қанына сіңген империалистік зорлық-зомбылықпен бір кездері Ресей тартып алған тарихи атамекенінде күн өткеріп жатқан қазақтардың тұрмыс-тіршілігін  Қазақстандағы орыстардыкімен салыстырып көрелікші. Өйткені, өмір шындығы қашанда салыстыру арқылы айқындалады ғой. Бүгінде біздің жоғарыдағыларды да, әсіресе, бұрын өзі басшы қызметте болған, бүгінде орысша сөйлейтін «продуктыларын» биліктегі қызметтерге жайғастырған шалдарды да тыңдап отыра берсең, орыс ешқашан қазаққа зорлық, қорлық көрсетпеген екен, орыс қазақ даласына шабуыл жасап, қазақтарды қынадай қырмаған екен, тек жоңғар деген бір ғана бәлекет болған екен, тіпті қазақ пен орыс бір әке, бір анадан туған екен деп қалуыңыз да ықтимал. Тіпті соның бәрін өткен заман, өткен тарих дей салыңызшы. Өйткені, біз бұл арада мемлекеттері көршілес қос ұлттың бірін анадай, бірін мынадай деуден мүлде аулақпыз. Бірақ заман, қоғам өзгерген сайын мемлекеттердің де, жеке адамның да өмірге көзқарасы, саясатқа көзқарасы өзгереді ғой. Ендеше, содан бері ормандай орыстың империалистік санасы өзгерді ме? Қазақтың ұлттық санасы, ұлттық намысы оянды ма? Соған бір сәт назар салайықшы.

Әнебір кезде орынборлық меценат қазақ Құспан Бәтесов деген азаматтың баспасөзге берген сұхбаты қолымызға түсті. Оны оқып шыққаннан кейін жүрекке түскен жүкті, еңсені езген көңілдің қаяуын, өмірдің әділетсіздігіне деген өкпелі өксікті айтып жеткізу де оңай емес. Өмірге өкпелемегенде қайтесің: Қазақстанда орыс мектебінсіз бірде-бір қала жоқ. Қала түгіл ауылдар толған орыс мектебі, тіпті қазақ мектебі жоқ ауылдар да бар.

Алматы мен Астананың, кейбір үлкен ауылдардың өзінде бірнеше орыс мектебі бар. Кез келген қалада, аудан орталығында, ауылдарда орыс балабақшалары бар. Негізінен қазақ балаларына арналған балабақшалардың ішінен орыс топтары ашылған.

Қазақстанда көрсетілетін жүзге тарта телеарна негізінен орыс тілінде. «Ұлттық арна» деп аталатын «Қазақстан» арнасы орысшадан шатты-бұтты қып тәржімалап берілетін фильмдерді де «қазақша передача» деп есептейді.

Қазақстанның кез келген ауылдарынан, аудан орталықтарынан шағын қалаларынан бастап облыс орталықтарында, Алматы мен Астанада қардай борап жатқан орыс газет-журналдары. Солардың ішінде мемлекетімізден миллиондап ақша алып шығып жатқандары қаншама?! Бұлардың ешқайсысы қазақ тілінің 24 жылдан бері өз елінің төріне шыға алмай келе жатқаны, үйсіз-күйсіз жүрген қазақтардың тұрмысы, қысқасы, қазақ ұлтының мұң-мұқтажы туралы ләм-мим деп аузын ашпайды. Есі түзу адам кімнің – дос, кімнің – қас екенін содан-ақ білер еді, амал не...

Қала көшелеріндегі көлікке міне қалсаңыз, тыңдайтыныңыз «Русское радионың» жаныңа жат, мәтіні ұлттық тәрбиеңе қарама-қайшы әндері. Аялдамалар «Өтеген батыр» - «Утеген батыр», «Төле би» - «Толе би», «Жұбанов» - «Жубанова» боп тәржімаланбаса, орыстар адасып кететін сияқты.

Қазақстанда орысша білмесең министр, не үлкен бір компания басшысы болмақ түгіл, аудан әкімі бола алмайсың.

Міне, тәуелсіз ел деген аты бар өз еліңде осы жағдаяттарды күніге өз көзіңмен көріп отырып, «осы біз Ресейден тәуелсіздік алдық па, жоқ па?» деген де ойға кетесің. Ал, осы жағдаяттың бәрін Ресейдің қазақтан «берсе қолынан, бермесе жолынан» деп алуан-алуан айла-шарғымен, саяси сайқализммен тартып алған Саратов (Сарытау), Оренбург (Орынбор), Астрахань (Хажы Тархан), Самара аймақтарында өмір өткізіп жатқан қазақтар, яғни, ресейлік қазақтар артығымен көруде.

Иә, Алматы мен Астананы былай қойғанда, он шақты орыс отбасы тұратын ауылдар мен қалашықтарда орыс мектебі ашылып қойған. Ал Ресейдегі 300 мыңнан астам қазақ тұратын Орынбор уәлаятында бірде-бір қазақ мектебі жоқ. Қазақстанның кез келген аудан орталығында, тіпті кейбір ауылдарда орыс балабақшалары ашылған. Ал, қалың қазақ орын тепкен сол Орынбор, сол Орск, Саратов, Астрахань қалалары түгіл, олардың маңайында қазақша балабақша ашу туралы әңгіме қозғаудың өзі есі дұрыс сөз деп есптелмейді. Әлгінде біз айтқан Құспан Бәтесовтың «Айқын» газетіне берген сұхбатында (6.05.2010 ж) осы уәлаят басшылығы мұндағы қазақтың санын әдейі 125 мыңнан асырып көрсетпеуге тырысады екен. «Облыс билігі қазақтың өзін-өзі ұлттық тұрғыдан іздеуін қаламайды. Қазақтың ұлттық санасы өсуіне де риза емес. Біздің билік құрылымдарына баруымызға кедергі келтіреді. Менің туған жерім Тұзтөбе (Орынбор облысы) ауданында халықтың тең жартысына жуығы қазақтар болса да, қазақтан шыққан бірде-бір басшы, әкім, тіпті зауыт, колхоз басшысы тарихта болмаған. Қазақтардың білімі мен интеллектуалдық деңгейі жоғары бола тұра сот және заң органдарына, аудандық атқарушы органға, тіпті, мемлекеттік мекемелерге басшылыққа тартылмайды. Ал облыстық билік органдары жайлы айтудың қажеті де жоқ», – дейді ол.

Көріп отырсыз, Ресейдің орта, төмен буындағы билік басында отырғандардың өзі қазақтың ұлттық санасы, ұлттық намысы оянғанын қаламайды. Қолдан келгенше оған кедергі келтіруге тырысады. Ұлттық сананы ең алдымен оятудың басты құралы баспасөз, яғни, ұлт тіліндегі газет-журналдар мен телевизия. Әлгінде айтқанымыздай, Қазақстанның небір шалғай түкпірлерінен бастап аудан, облыс орталықтарын, қалаларды, Астана мен Алматыны орысша газет-журналдар алапат бір қарлы борандай басып жатқанда, Ресейдің қалың қазақ тұратын елді мекенінен қазақша не газет, не журнал іздеудің өзі «әбестік» болар... Ал, қазақша телевизия туралы айтсаң мазаққа қалуың мүмкін. Оның есесіне орыстар сені қытай басып алады деп қорқытады. Осы сөзді бүгінде өзіміздегі қазақтар да жиі қайталайтын болыпты. Әбден құлағына сіңіріліп тастағасын, қарапайым қазекем соны қайталамағанда қайтсін. Әйтпесе, сол Қытайда 3 телеарна күндіз-түні қазақша сайрап тұрғанын, ондай телеарна өзіміздің елімізде де жоқ екенін көздері көріп-ақ отыр ғой... Ол жақта аулымызда қазақ мектебі болмағасын баламызды қытай мектебіне бердік деген қазақ көрмейсіз.

Иә, қай ұлт, мейлі өз елінде болсын, мейлі жат жерде жүрсін оның сол ұлттық қалпын замананың неше түрлі қарлы бораны мен қарасуығынан аман сақтап қалатын ең басты, ең қуатты құралы – тілі, діні, салт-дәстүрі. Бұл үшеуінің бірінен айрылған ұлттың ақыл-есі, сана-сезімі дүбәраға айналады. Ал, санасы жартыкеш, дүбәра ұлттың ұрпағының бойында ұлттық намыс деген болмайды. Ондай ұлтты ешқандай мылтықсыз, зеңбірексіз бірте-бірте білдірмей жойып жіберу өте оңай. Және өз тілін, өз дінін құрметтемейтін ұлтты басқару, оның ұрпағының бойында құлмінезділікті (құлдық психологияны) қалыптастыру оңай екенін империялық санасы, шовинистік санасы ықылымнан қалыптасқан үстем ел жақсы біледі. Ондай шовинистік сананың тұқым қуалап, атадан балаға ауысып отыратыны сондай – сол империяшылдық пен шовинизм жайлаған елдің, тіпті, көшеде жығылып жатқан маскүнеміне шейін өз тілінде сөйлемейтін бұратанадан өзін жоғарымын деп есептейді. Демек, ұлтты ұлт қып біріктіретін, ұлт қып ұйыстыратын ең басты анықтауыш –тіл мен дін ғана. Бұл қос қасиеттісін, қос киелісін бұлжытпай ұстаған ұлт ешбір жат жерліктің табанының астына түспейді. Ресейдегі қарақұрым қалың қазаққа өз мектебін ашқызбаудың, телеарнадан ең болмаса, тәулігіне бір сағат қазақша хабар бергізбеуінің аржағында міне, осы жымысқылық жатқан жоқ дей алмайсыз. Қазақстанның ауасын жұтып, дәм-тұзын татып, бұл елде қазақтан артық қарһәлләзи рахат кешіп жүрген орыстың «нан», «тұз» деген үш-ақ әріптен, «су» деген екі-ақ әріптен тұратын сөзді біле тұра айтпауының аржағында не жатыр деп ойлайсыз?

Енді мынаған қараңыз: мына тұрған Өзбекстан, Түркіменстан, Әзербайжан, анау Балтық жағалауындағы: Латвия, Литва, Украина мен Молдавия «мемлекет құрушы ұлтқа ешқандай басқа бір ұлт балама болмауы керек» деген идеямен дамып, өркендеп келеді. Сонау жылдары оларда ұлттық тіл, ұлттық мәдениет, дін туралы сөзталас, ойталас болғанда осы елдердің басшыларынан бастап жергілікті өкіметіндегілерге шейін басқаларға: «Біздің Құдай берген жалғыз мемлекетіміз – осы! Біздің сіздер сияқты басқа Отанымыз жоқ. Сіздердің де, орыстардың да мәдениеті де, тілі де өз елдерінде дамуда. Сондықтан біздің мемлекет құрып отырған жергілікті, байырғы ұлтымыздың тіліне, мәдениетіне, жалпы тұрмыс жағдайына әрқашан айрықша басымдық беріледі» деп ашық айтты. Ал, біздің қазекем өз елінде өзін-өзі 130 ұлттың біріміз, яғни «көптің» бірі ғанамыз деуден танбайды. Құрамында қаншама автономиялы елдер бар, федеративтік Ресей де   ең әуелі орыс тілі мен орыс жағдайына басымдық береді. Тіпті, бүгінде орыс православие шіркеуі мен көптеген орыс саясаткерлері «1941-45 жылдардағы соғыста орыс ұлты жеңді» дегенін де естідік. Ресейдің қай мәселеде де ең алдымен орыс тіліне басымдық беретіні сондай, олар Еуразиялық Экономикалық Одақ деп аталатын Одақтың шарттарына да «баспасөзде, телевизияда еркін ақпарат тарату» туралы 6-шы және 7-ші деген екі бап енгізді. Әрине, ол ақпараттар тек орыс тілінде болары даусыз. Ал сенің «еркін» қазақша баспасөзің мен қазақша телехабарыңның құны Ресейге көк тиынға да керек емес.

Әнебір жылы (2009) Франция елінде француз тіліне, француз мәдениетіне басымдық беру жөнінде арнайы заң қабылданды. Германияда да, Жапонияда да, Қытайда да солай. Бұлардың ешбіреуі қазақтарға ұқсап жаппай ағылшынша үйренейік, сөйтсек әлемнің ең озық елі боламыз деп жатқан жоқ. Осыларды ойлай келгенде:

         Таусылмайды, досым-ау,

         Айта берсем зар-әнім,

         Жырды жырлап осынау,

         Жылап өтіп барамын, – деп, ашу-ызаңды ақ қағазға төккеннен өзге амалың  қалмайды екен.

Қысқасы, өз тілін, өз дінін құрметтемейтін ұлт – өзін құрметтемейтін ұлт. Ал өзін құрметтемейтін ұлтты кім көрінгеннің басқаруы да, басып алуы да оп-оңай. Қайталап айтар болсақ, қай ұлт та өзін жер бетінен жойылып кетуден сақтаймын десе, әсіресе, аз ұлттарға, әлсіз ұлттарға аузын арандай ашқан жаһандану деген жалмауыз заманда ең әуелі Тіл, Дін деп аталатын қос киесін аман сақтауға бар күшін салуы керек.

Мырзан КЕНЖЕБАЙ.


Abai.kz  

0 пікір