Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Жаңалықтар 4405 0 пікір 26 Сәуір, 2015 сағат 19:32

БҮГІНГІДЕЙ САЙЛАУ БОЛҒАН ЕМЕС

Саясаттанушы Рүстем Қадыржанов 2015 жылғы сайлаудың ұйымдастырылуына жоғары баға берді

Биылғы сайлау науқаны барысында мемлекет тарапынан нақты жұмыстар атқарылды. Бұл туралы саясаттанушы, философия ғылымдарының докторы Рүстем Қадыржанов BNews.kz тілшісіне берген сұхбатында айтты. Ол биылғы сайлау науқаны ерекше болғанын мәлімдеді.

«Мен Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан бергі сайлауларды қадағалап жүрмін. Бүгінгідей сайлау болған емес. Сайлау мемлекет пен қоғамның өзара байланысын нығайтады. Мұнда біз мемлекет тарапынан нақты жұмыстар атқарылғанын көріп отырмыз. Ұйымдастыру жұмыстары жоғары деңгейде жүргізілген. Биыл сайлау учаскелерінің саны артқан, ОСК, әкімдіктің қыруар жұмыс атқарғаны байқалады. Қоғам тарапынан да жауап болды: біз бұрынғы сайлауларға қарағанда халық дауыс беруге едәуір көп келіп жатқанын көріп отырмыз», - дейді Рүстем Қадыржанов.

Сарапшының айтуынша, сайлау науқаны тек дауыс беру күнін ғана емес, үгіт-насихат кезеңін де қамтиды. Бұл тұста аталған науқанның да маңызы зор, ерекше болып табылады. Биылғы жылы үгіт-насихат материалдары өте мықты болды. Бұл қоғамның саяси мәдениетінің өскенін, халықтың билікке сенетінін көрсетіп отыр.

«Мен таңертең Қазгидрометте дауыс бердім. Таңғы 10-ға таман сайлау учаскесіне келсем, кезек күтіп тұрған халықтың қарасы қалың екен. Мұндай көп сайлаушыны бұрын-соңды көрмеп едім. Меніңше, биыл сайлаушылардың саны 90%-дан кем түспейді. Тіпті аздап кезек күтуге де тура келді. Бүгінгі күн маған мереке сияқты. Халықтың көңіл-күйі көтеріңкі», - деп бөлісті ойымен саясаттанушы.

Абай-ақпарат.

0 пікір