Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
46 - сөз 8210 0 пікір 27 Сәуір, 2015 сағат 11:55

АЛ, СОНЫМЕН НЕ БОЛДЫ?..

Бері қара, безермей,

Ер шықпайды, ез өлмей...

Науқан өтті дүрілдеп,

Сол советтік кезеңдей...

 

Бір түйткіл ой бөгелді,

Кімі, кімге теңелді?

Кім айтады, ағайын,

Ал, сонымен не болды?..

 

Көнбеді не, көнді не,

Айтпақ едің енді не?

Айды аспанға шығарып,

«Жеңімпаздар» - жеңді ме?

 

«Өй» десер мен «бүй» десер,

Қай пұшпақты илесер?

Енді тағы қанша жыл,

Қазақ солай күй кешер?

 

Қазақ Діні қанша жыл,

Қазақ Тілі қанша жыл,

Қазақ Ділі қанша жыл,

Ұлттық Рух қанша жыл,

 

Тек қылтиып құлағы,

Сол орнында тұрады?

Қайрат, жігер атаулы

Іштен мүмкін тынады...

 

Келімсекпен бірге өсер,

Қай Тілде Ұлтым тілдесер?

Қайран Қазақ, қанша жыл,

Өгейлікпен күн кешер?

 

Деп кім айтар: «масқара-ай...»,

(Не деу керек басқадай?)

Қалар қанша сол күйі:

Қазақ - кедей, басқа – бай?..

 

Жұмаш КӨКБӨРІ,

27.04.2015 жыл.

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1559
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2249
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3499