Сейсенбі, 16 Сәуір 2024
Мәйекті 7388 0 пікір 28 Сәуір, 2015 сағат 13:55

«ЖЕНДЕТ» АУРУЫ ТУРАЛЫ ЖЕҢІЛ КІТАП ЖАЗҒАН ПРОФЕССОР


Жоғары қан қысымы деген «жендет» ауру бар. Оған шалдыққан адам жүйелі түрде қалай ем қабылдау керектігін біле бермейді. «Айналдырған ауру алмай қоймайды» демекші, онымен науқастанғандар өте абайламаса бір күні миына қан құйылады, немесе бүйрек қызметі тоқтап, жарым денесі салданып, мүгедек болып қалады. Қорқыныштысы, қазір Қазақстанда осы ауру көп таралған. Қазақстан ғана емес, әлемді алаңдатып отырған дерт жыл өткен сайын жасарып барады екен. Сонымен бірге, жоғары қан қысымы - әлемде кең таралған жүрек қан тамырлары ауруының негізгі себепшісі.  

Шыны керек, медицина саласында жазылған кітаптардың дені орыс тілінде. Тәуелсіздік алғаннан бері де қазақша шыққан еңбектер мандымды емес. Медицинаның тілі ауыр, атау, терминдері көп болған соң қазақ тілінде дегендерінің өзін түсініп оқу үшін көп күш жұмсауға тура келелі. Ал, көрнекті дәрігер, интервенцион-кардиолог, рентген-хирург, Астанадағы «Ұлттық ғылыми медициналық орталықтың» интервенционды кардиология бөлімі басшысының орынбасары, профессор Қадырбек Рамазанұлы жазған «Жоғары қан қысым аурулары және оны емдеу жолдары» атты ғылыми кітап туралы олай айта алмас едік. Себебі...

Себебін айтпас бұрын тақырыпқа сәл кеңірек айналып келейік. Бізде не көп, аткөпір шығып жатқан ақын-жазушылардың, өнер адамдарының кітабы көп. Иә, рухани азық берер дүниелердің жарық көргеніне қуанамыз. Бірақ мемлекеттің дамуы, елдің өркендеуі басқа да салалардан тұрады ғой. Әсіресе, біз күнде қызыл кеңірдек болып, құрғақ айқаймен құлағын жаңғыртатын мемлекеттік қазақ тілінің дамуы үшін орыс тілі үстемдік құрған экономика, қаржы, бизнес, технология, медицина салаларында сауатты, түсінікті жазылған қазақ тілді еңбектер көп болса, аталған бағыттардағы тіл жағдайы тез оңалар еді.

Ал, Қадырбек Рамазанұлының кітабы - осындай олқылықтардың орнын толтырған құнды еңбектердің бірі. Себебі, бұл кітаптың өзіндік ерекшелігі бар, ол сірескен терминдерден тұратын, ғылыми тілде жазылған кітап емес. Еңбекті оқыған адам сіз бен бізге түсінікті, жалпақ жұрттың ұғым-санасына жеңіл мәтіндердің жетегінде лыпып отырады. Бұл туралы автордың өзі «жалпы қазақтың тілі бай, құнары мол. Біз оның әлеуетін медицина секілді салаларда толық қолдана алмай келеміз. Сондықтан, мен медицина терминдерін мүмкіндігінше ана тіліміздің түсінікті сөздерімен беруге тырыстым. Кітап еліміздегі кәсіби дәрігерлер мен медицина оқу орындарының студенттерінен бастап, денсаулығын қадағалағысы келетін қарапайым адамдарға дейін жеңіл түсінуге мүмкіндік береді» дейді. Сөзінің растығына еңбекті оқығанда көз жеткіздік.

Кітаптың тағы бір ерекшелігі – жоғары қан қысым аурулары туралы қазақ тілінде тұңғыш жарық көруі. Қазақстандағы және Қытайдағы қазақ ғалымдары бұл ауру бойынша әлі қазақша ғылыми дүние жазған жоқ. Сонымен қатар, автор онда жоғары қан қысымы ауруларының соңғы жылдардағы ең тың деген зерттеулерін негіз еткен. Және дәрігер оны өзінің теориялық білімі мен талай жылдық практикасын үйлестіріп, екеуін қорытып, табиғи да шынайы түрде жазып шыққан.

Жайшылықта біз «қазақ емханаға өлуге бір күн қалғанда барады» деп, басқа ұлттармен салыстырып, өзімізді күлкі қыламыз. Анығында, бұл күлкілі жағдай емес. Ұлтымыздың салақ әдеттеріне әжуалай қарағаннан ұтарымыз шамалы. Керісінше, халық арасына қауіпті, бірақ елей бермейтін осындай аурулар туралы жеңіл, сауатты жазылған еңбектерді көп таратсақ, жұртты ақпараттандырып, дерттің қатерімен сақтандырып отырсақ, өзімізге күлмес те едік және өкінішті өлімдерден барынша аулақ болар едік.  

Аталған кітап жоғары қан қысымы туралы жалпы ұғым, жоғары қан қысымды төмендетіп емдеу шаралары және жоғары қан қысым аурулары жөнінде сұрақ-жауаптар деп аталатын үш бөлімнен тұрады. Басқы екі бөлімде ауру туралы жете дейін жазылып, қажетті дәрілер, тіпті олардың дозасы мен кері әсеріне дейін тәптіштей айтылған. Ал, соңғы 150 сұрақ-жауаптан тұратын бөлім өте ұтымды формада жасалған. Жалпағынан созылып жатқан мәтін жоқ, ауруға қатысты нақты сұрақтар мен қысқа да түсінікті жауаптар тап-тұйнақтай берілген. Оқырман бір сұрақтан екінші сұраққа қызыға қарап отырып, қалай аяғына шыққанын білмей қалады және көп дүниеден хабардар болып, өзінің денсаулығына, өмір-дағдысы мен жүйесіз тұрмыстық әдет-дағдыларына басқаша қарай бастайды. Себебі, кітаптағы айтылған дүниелер қандай адамды да елең еткізіп, бейжай қалдырмайтын деңгейде.

Өкінішке орай, ғылыми еңбек тек автордың күшімен, аз тиражбен шығарылыпты. Өзін жарнамалауды, газет-журнал, теледидарға ұсынуды білмейтін қарапайым, нағыз ғылым иесі Қадырбек ағамыз оны әлі дұрыстап таныстыра алған да жоқ. Бірақ, «асыл кездік қын түбінде жатпайды» демекші, ғылымға, халықтың денсаулығына, медицинаға керек бағалы еңбектің ғылыми орта мен халық арасына кең таралып, ыстық ықыласқа бөленетініне сенім мол.

P.S.

Дәрігер туралы таныстыра кетсек. Қадырбек Рамазанұлы - ҚХР Шыңжаң өлкесі Алтай аймағының Буыршын ауданында дүниеге келген. 1984-1990 жылдары Шынжаң медицина  университетінде, 1994-1995 жылдары жүрек қан тамырлары аурулары бойынша Бейжің медицина  университетінде оқыған. 1998-2000 жылдары Шиан медицина  университетінің аспирантурасын бітірген. 40-тан аса ғылыми мақаланың авторы, соның ішінде екі мақаласы Испания мен Германияда өткен халықаралық мәслихаттарда талқыланған.

Өз саласында біліктілікпен жұмыс істеген дәрігер Қытай тарапының талай марапатына, сыйлықтарына ие болған. Мәселен, 2003 жылы жоғары дәрежелі дәрігер атағы берілді. Оның бәрін тізіп айтып жату артық болар. Шет елдерге білім жетілдіруге барып жүрген оны Канада еліндегі медициналық орталық жұмысқа шақырады. Алайда, жүрек түбінде Қазақстанға барып қызмет етсем деген арманы бар азамат бәрін тастап, 2007 жылы 21 желтоқсанда Қазақстанға келеді. Айтпақшы, Қадырбек ағамыздың шекарадан өткен сәті өте әсерлі болыпты. Ар жақтан ел аңсап, тәуелсіз қазақ мемлекетіне алып ұшып келген ол шекарадан өтіп, қазақ жеріне аяқ басқанда өзіне де белгісіз еріктен тыс бір күштің әсерімен «қазақ» деп айғай салып, бас киімін аспанға бір-ақ атыпты. Айналасындағылар оған таң-тамаша болып қараса керек...

Білікті маманды Елордадағы Абай Қабатайұлы Байгенжин басшылық ететін «Ұлттық  ғылыми медициналық орталық» бірден қызметке алады. Алғашында орыс тілін білу, ортаға үйлесу жағынан қиындықтар көргенімен, қажырлы еңбек етудің арқасында үлкен жетітіктерге жетті. Қазірге дейін ауруларға коронарография жасап, стент (тамырлардың тарылған  жеріне  орналастырылатын  арнайы  нәзік түтікше) қойып, талай науқасты ажалдан арашалап келе жатыр. Бүгінде тек жүрекке ғана емес, бүйрек, және аяққа да денервациялық ем жасауды қолға алған. Еңбегі еленген дәрігер қазір бөлім басшысының орынбасары. Әр уақыттарда Денсаулық сақтау министрлігі, қалалық «Нұр-Отан» партиясы және өзі қызмет ететін Орталық тарапынан берілген алығыс хат, марапат грамоталардың иегері. Тәжірибе алмасу, біліктілікті көтеру мақсатында әлемнің талай елін аралап, Америка, Франция, Испания, Австрия, Ресей, Қытай, Малайзия, Сингапур қатарлы елдерде болып қайтты. Қазақстанға оралып, еліме білімімді арнасам деп келген дәрігер бар зейін-зердесімен еңбек етуде. Ұлтына, отанына қалтқысыз берілген, адал жүректі профессор «ұлтының жүрегін» емдеу үшін, аянбай қызмет жасауда. Және білгені мен көңілге түйгенін кітап қылып жазып, халық игілігіне ұсынуда.

Мұрат АЛМАСБЕКҰЛЫ

Abai.kz

0 пікір