Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Алашорда 14826 0 пікір 27 Мамыр, 2015 сағат 11:26

АЛҒАШҚЫ ҚАЗАҚ ЕЛІ УСТАВЫН ЖАЗҒАН АЛАШ АЗАМАТЫ

Жетісу өңірі – қазақ елінің небір белді тұлғалары шыққан өлке. Осындай тұлғалардың бірегей даралары тек, Жетісу өлкесіне ғана емес бүкіл Қазақ-Қырғызға Барлыбек-Тұрлыбек деген атпен танымал болып, ел аузында қалған Барлыбек пен Тұрлыбек Сырттановтар. Екеуі ең алғашқылар қатарында Қапал станицасындағы жаңа мектепте сауат ашып, одан Верный қаласындағы «элитная гимназияда» оқып, үздік бітіреді.

Кейіннен, 1886 жылы Барлыбек дүние жүзіне әйгілі императорлық Санкт-Петербург университетінің шығыстану (шығыс тілдер) факультетінің араб-парсы, түрік-татар  тілдерін тереңдетіп оқытатын  оқуға түседі. Университет қабырғасында, Барлыбек араб тілін В. Розеннен, парсы тілін В. Жуковскийден, түрік-татар тілін И. Березиннен, шығыс тарихын Н. Веселовскийден,  қытай тілін факультет деканы А. Васильевтен оқып үйренеді. Осындай ғұламалардан білім, тәлім алған алғыр да, өжет Барлыбектің көптің бірі болып қалуы тіптен мүмкін емес еді. Сонымен қатар, озық ойлылардың, ғұламалардың ордасы Санкт-Петербург қаласының саяси өмірінен тыс қалмай, көптеген оқиғаларды көріп, білімін ұштай түседі.

Сана-сезімнің өсіп жетілуіне курсист-студент Н. Ветрованың зорлық пен зомбылыққа қарсы наразылық білдіруі, өзін-өзі өртеуі, студенттер толқуына себеп болды. Сондай-ақ, В. Ульяновтың (Ленин) жазған «Петербургтегі 17-ші қараша» прокламациясынан патша үкіметінің демократияны тұншықтыруға арналған әрекеттерін ұғады.

Университет қабырғасында жүріп, Барлыбек қазақ елінің қамын ойлап, оның болашағы туралы көкейтесті мәселерді жиі көтереді. Негізгі күш «ел бірлігінің нығаюы» екенін түсінген Барлыбек Сырттанов университет қабырғасында жүріп Мәметәлі Сердалин, Бақытжан Қаратаев, Абдолла Теміров, Бақтыгерей Құлманов сияқты жігіттермен бірігіп «Жерлестер» үйірмесін құрып, кейіннен ол үйірме «Жерлестер одағына» айналады, оның мүшелерінің саны 1500 - дей студент болады.

1890 жылы Барлыбек Сырттанов университетті 1-ші дәрежелі дипломмен үздік бітіріп шығады.

1891-1894 жылдар аралығында Ташкент қаласында Түркістан генерал-губернаторының қазыналық палатасында «столоначальник» қызметіне қабылданып, «Коллежеский секретарь» деген шен алады. 1894 жылы 29 қыркүйекте Жетісу әскери губернаторының бұйрығымен облыстық басқарманың іс жүргізу бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалады. Кейінірек ерекше тапсырмалардың кіші шенеунігі қызметін атқарады. Міне, сол қылышынан қан тамған Ресей империясының жауапты қызметтерінде жүрген кездің өзінде, қолынан келгенінше «Ақ патшаның» шенеуніктерінен, орыс казактарынан жәбір көрген қазақтарды және де басқа жергілікті халықты қорғауға көп еңбек сіңіреді. Осы қызметте жүргенде қазақ еліне ағартушылықты таратуға аянбай тер төгеді. Аянышты қазақ халы, тұрмысы хақында «Семиречинские областные ведомости» газетінде «Туземный отдел» деп аталатын арнайы айдар аштырып, өзі сонда арнайы мақалалар беріп тұрады.

Қазақ мұсылмандарының барлық мешіттеріне 1905 жылы Николай II патшаның суретін міндетті түрде ілуге қажет деген империялық нұсқауға Барлыбек Сырттанов «ұлы державалық шовинизм» екенін түсініп, оны әшкерелейді.

1903-1907 жылдары Ресей мен Қытай шекарасының межесін тексеру ісіне белсенді түрде араласып, жұмыс нәтижесін картаға түсіруге көп еңбек жасайды. Талдықорған және Алматы облыстарының Қытаймен шектес шекарасы Барлыбек Сырттанов белгілеуімен болған, ол шекара осы күнге дейін өзгеріске онша ұшыраған жоқ.

1908 жылға дейін, денсаулығына байланысты қызметтен босағанша, Жетісу облыстық басқармасының жауапты қызметкері – сарай кеңесшісі қызметін атқарады. Бұл кезде патша тыңшы-жендеттері де көзі ашық көкрегі ояу қара хылықтың сөзін сөйлеп, жоғын жоқтап жүрген Барлыбек Сырттановтың соңына шам алып түсе бастаған кезі еді. Верный (кәзіргі Алматы) қаласының тау жақ бетіндегі, күнгейіне қарай ойыса беретін, «Пугасов көпірі» деп аталатын тұсында тұратын Барлыбектің үйі тау алқабына жақын, жаздың аптап ыстығында да жанға жайлы, салқын мекен болған көрінеді.

1909 жылы Қарағашта, Есенқұл Мамановқа қазақ балаларына арналған жаңа үлгідегі «Мамания» мектебін салуға ықпал етіп, оған жан-жақтағы қазақ зиялыларын дәріс беруге алдыртады. Шет елде оқитын студенттерге қазақтың қаражатты деген байларынан қаржы ұйымдастырып, жіберткен де Барлыбек Сырттанов болған. Ауыл ақсақалдарын жинап мектеп салуға ақылдасып, Қапал көпесі Шаяхмет Атбасаровқа, Матай-Жалайыр ұл-қыз балаларына арналған 2 мектеп салуға көмектесуін сұрап хат жазған.

Жетісу өлкесінде жерді келімсектердің талан-таражға салып жатқан қимыл-әрекеттерін тоқтату үшін 1910 жылы 21 қазанда Ұзынағашта Жетісу болысының қазақтарын жинап, арнайы кеңес өткізеді. Кеңесте өзі баяндама жасап, қазақ халқының өз жерінде отырып, жер тарлығынан зардап көріп отырғандығын батыл айтып, ортаға салады. «Ел-жұртым, - деді Барлыбек Сырттанов – Қара шекпенділер күннен-күнге біздің жерімізге басып қоныстануда, халіміз ауырлап барады, күн көру қиынға соғып тұр. Жақсы жерлердің бәрі қара шекпенділердің меншігіне өтті, жұртынан айрылған байғұс қазақ тақыр жерлерге қуылды. Ауыз ашпай жатуға енді болмас, ояну қажет кір жуып, кіндік кескен жерімізді сақтап қалу міндетіміз. Қара шекпенділердің келуін тоқтату үшін бүгін қазақ болып бас қосу қажет» - деді.

Осы сөздерін іс жүзінде асыру мақсатымен 1911 жылы науқасына қарамастан Жетісу қазақтары мен қырғыздары, сарт, ноғайлары және басқа да   ұлттардың атынан арнайы өтінішпен Санкт-Петербургке барады. Талай патша шенеуніктерінің қабылдауында болады, халық мүдесінен алшақ тұрған Ресей бюрократиялық аппараты сөзіне құлақ аспаған соң Жетісуға оралып, патша өкіметінің отаршылдық саясатына қарсы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізумен шұғылданады.  Петроградтта бір қыс тұрып науқасы дендеп қатты ауырып, артынан жіберілетін ішіп-жем, жол қаражаты жіберілмей, ақыры әрең дегенде елге жетеді.

Бір хатында, Санкт-Петербургте жүргенімде «Лепсі уезінің жерін жазған кітап менен бұрын шығыпты, енді Қапал һәм Жаркент уездерінің нормасын азырақ көбейтуге қолым жетті. Ғалиханға (Әлихан Бөкейханов) жолығып көп сөйлестік» деп һәм өзге сондай сөздерді айтып, маған хат жазды деп еске алады Мұхамеджан Тынышбаев. Осы жолы Ғалихан екеуінің арасында ел болашағы, жер мәселесі жөнінде үлкен келелі әңгімелер жүреді. Әлихан Бөкейханов Барлыбек Сырттановтың ақжарқын, кеңпейіл мінезіне, асқан білімділігіне, парасаттылығы мен қарапайымдылығына қайран қалады.

1910-1914 жылдары «Айқап» жорналына «С. Б. Алашинский» деген бүркенішек атпен озық ойлы материалдарын шығарып тұрған. Ал осының бірден-бір айғағы ретінде 1910-1913 жылдар аралығында құпия түрде қазақ өлкесін Ресейдің ішкі колониясынан шығарып, тәуелсіз Республика мәртебесі бар мемлекет құрудың бас құжаты ретінде «Қазақ елінің Уставын» жазады, жарғының соңында, 13 июнь, 1911 жыл  С. Петербург. С. Б. Алашинский деп қолы қойылған, (автордан, мұндағы С. Б. Алашинский деген лақап аты  Алаш деген сөзден алынған болу керек).

Жалпы  «Қазақ елінің Уставы» төрт бөлімнен  және 28 баптан тұрады:

         I.    Қазақ елі республикасының жеке болуы турасында

          II.  Адам баласының хұқы турасында

         III. Қазақ жері турасында

         IV. Сот турасында

Осындағы I бөлімнің 1 – бабында, Қазақ елі халық билейтін һәм қазақи ерекшеліктері бар ел деп басталса, 2 – бапта, Қазақ елінің жеке туы бар, уставта оның түсі толық айтылып, қандай мағана беретіні жазылған. 3 – бабы, Қазақ елі Россиямен достастық, яғни доминион дәрежесіндегі қарым-қатынаста болып тұрады делінген. 4 – бабында, Қазақ елінің ең басшы орыны – Ұлт мәжілісі. Оған дауыспен өткендер. Ал Қазақ елінің басшысы Президентті төрт жылға сайлайды десе,  5 – бапта, Бір Президент екі реттен асып ел билеуге хұқы жоқ делінген.

II бөлімдегі Адам баласының хұқы турасындағы 10-бабында, Қазақ елінде адам баласының бәрі тең хұқылы. Дініне, қанына, тегіне, нәсіліне қарап адамды қорлауға жол жоқ.. Адам тек закон һәм құдай алдында жауап береді десе, осы бөлімнің 11-бабында, Қазақ елінде адам балалары бостандықта, теңдікте, һәм бақытты өмір сүруге хұқы бар делінген. Сонымен қатар келесі баптарында, әйел теңдігі, адам баласының еркін сөйлеуге, ұйым құруына, һәм партияларға кіруіне тыйым жоқ екені сол сияқты нәсілдерді бір-біріне қарсы итертетін ұйымның, партияның, адам баласының істеріне тыйым салынады. Кінәлілер законға жауапты екені және тағы да басқа баптар қаралған.

III бөлімде,  Қазақ жері оның меншігі деп басталып, Қазақ елінің жері саудаға түспейді, құдай оны адам баласына пайдалану үшін жаратты, Жердің кені, орман, су, көлі һәм таулары қазақ елінің иесінде. Мал жаю, егін өсіру, үй салу, жерді өңдеу һәм жерді пайдалы іс мақсатында қазынаға қайтару хүкмет рұхсатымен болады делінген.

Соңғы IV бөлімде, Сот турасында Сот билігі өз еркімен іске асады деп басталып, соттың хүкімі законға һәм сот ережелеріне бағынады, Судьялар дау шешкенде хүкіметке яки адам баласына бағынбай, закон һәм сот ережелері негізімен хүкім шығарулары шарт. Судьяларға әсер жасағандарға соттың хүкімі кесіледі. Тағы бір бапта сол кездің өзінде Судьялар қазақ тілін білуі шарт. Басқа нәсілдердің сотта өз тілдерінде сөйлеуге хұқы бар десе, соңғы  28 –бапта, Сот орнында партиялар болмауы шарт. Судьялар партияға кіру хұқынан айрылады. Жасырын мүше болса, орнынан алынады деп аяқталады. Жарғының ең негізгі идеясы – Қазақ елін Ресей отарынан шығару және дербес, тәуелсіз мемлекет құру. Мұндай қоғамдық-саяси идеяны тұңғыш көтерген қайраткер, тек Барлыбек Сырттанов еді.

Барлыбек Сырттанов әлеуметтік үрдіске де айырықша мән беріп араласқан. «Бір ру – бір руды жау көрмес» үшін күрескен. Бәрі бір халық, өз халқын өзі бөтен санаған жалғыз-ақ біздің қазақ жұртында болар деп, налыған. Бір ру елдің ішінде бөтен рудан біреу болса, оған күн жоқ, теңдік жоқ. Осылай бірін-бірі жау санаған соң, қазақта береке қалмай барады. Бір атаның баласы бір атаның баласын талап, әлі келсе қылмағаны болмайды.  Себебі ананың жұрағаты, мынаның жұрты басқа, міне біздің бұзылып бара жатқанымыздың себебі...» Қандай көрегендік пікір десеңізші! Тіпті бүгінгі күнді болжап кеткендей, жеке мемлект болып тәуелсіздік алған уақытта рушылдық пен жүзге бөліну көптеген нағыз дарынды тұлғалардың саяси аренаға шығуына кедергі болып тұрғанын жасыра алмаймыз. Керісінше, білім деңгейі төмен, беделсіз, шала сауатты адамдардың тек, руына байланысты лаузымға ие болуын көргенде, әлеуметтік прогрестің дамуы қаншама жылға тежелетіні даусыз болса керек. Ұлы бабамыз Төле бидің «Жүзге бөлінгеннің жүзі күйсін» деген өсиеті Барлыбек Сырттановтың ойларынан да үндестік тапқаны бұл ауырудың дендеп тұрғаны, көзі ашық, көкрегі ояу дана адамның сол кездерде жанына батқанын көрсетеді. Сонымен қатар орыс империясының «бөліп алда билей бер» саясатын енгізген, шала саутты елді бірін-бірі лаузымға таластыру арқылы халықты әлсіретіп, бірін біріне айдап салып билеп төстеудің зардаптарын көре білді. Қазақ қоғамының әлеуметтік прогреске жетудің негізгі өзегі кәсіби, сауаттылық деңгейі терең, білімді тұлғалардың ел басқару ісіне араласуы деп білді.Міне осындай әділетсіpдіктерді көре білген, жаман мен жақсыны айыра білген Барлыбек Сырттановтың, ел ойларын түзеуге ынтыққан. Ысырап байлық пен надан билікті сынаған. Қазақ халқының білімге кіріспегендігін құптамаған. «Күн ілгері білімге біз жетеміз» деп көксеген.

         Барлыбек Сырттанов Мұхмеджан Тынышбаевты оқуға аттандырып тұрып: «Жолың болсын балақай! Қазақтың көзі ашық, көкірегі ояу азаматтарының көбейуі өте қажет. «Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады». Қараңғы қазақтың күні қараң, осыны зердеңе  сақтап жүр», деп өсиетін айтады. Мына бір сәт соның айғағы болса керек, 1902 жылы туған қызы Қанифа апайдың мәліметі бойынша Барлыбек Сырттановтың артында өзі жинаған 2000-ға жеткен кітаптан тұратын кітапханасы қалған. 1914 жылы қарашаның 26-сында 48 жасында қайтыс болғаннан кейін Бәкеңнің жесірі «үйден жоғалып талан-таражға түсіп жүрер» деп барлық кітаптарды Қапал маңында орналасқан Қайнар мешітіне тапсырған екен. 1917-1919 жылдар аралығында бұл кітаптарды болашақ  дүлдүл ақын Ілияс Жансүгіров қажетіне пайдаланып, өзінің рухани ой-өрісін кеңейткен. Ілияс Жансүгіровтің әріптесі болған Мәрзия Ильдарова былай деп естелік айтады: «Бірінші рет мен Ілиясты 1919 жылдың жазғытұрымғы аласапыранында Ақсу қаласының батысындағы «Қайнар» дейтін елдің мешітінде көрдім, (автордан, Мәрзия Ильдарованың Ақсу қаласының батысындағы «Қайнар» дегені дұрыс, Қапал маңында орналасқан «Қайнар мешіті» деген жаңсақ айтылған). Алдындағы кітабына үңілген қалпында отыра берді... Ілиястың төңерегіндегі соншама қымбат, табылмайтын кітаптарды көріп, қайран қалып тұрмын. Орыстың және батыстың атақты классиктері мен кімдердің ғана шығармалары жоқ дейсіз, бұл кітаптардың арасында. Енді Жансүгірдің Ілиясы күнара дегендей келіп, сол кітаптарды ақтарады да отырады. Кейінрек большевиктер мешіттерге қырғидай тиген кезеңде сол кітаптардың барлығы жоғалып талан-таражға түсіп кеткен». (автордан, осы жерде Ілияс Жансүгіровтің бір дастанында жаңылмасам «Дала» болу керек жүзден аса емдік дала шөбінің аты аталады деп айтылуы тегін болмаса керек, өйткені Архивтен Барлыбек Сырттановтың өз қолымен жазған конистуция жобасымен қатар, «Дәрілік өсімдіктер деп аталатын қолжазбасы және сақталған» ал қазақтың дүлдүл «Құлагер» ақыны Ілияс Жансүгіровтің өзінің жоғарыдағы дасстанында қолжазбадан керекті жерлерін қолданбауы мүмкін емес. Бұл өзі зерттеуді қажет ететін үлкен, бір бөлек әгіме).

         Мұхамеджан Тынышбаев өзінің естелігінде: Бәкең, (Барлыбек Сырттанов) балаларға «Қарақтарым! Оқыңдар қазағыңды ойларыңнан тастамаңдар» деп ... айтып отырушы еді, - деп атап көрсетеді.

         Ұлт мәселесін ескере отырып, Барлыбек Сырттанов «Ынтымақ ережесі» деп ел арасындағы шараларды белгілеген. Ел арасында, Бәкеңнің «Ынтымақ ережесі» деп аталып кеткен, ереже небары 15 баптан тұрады, мазмұнына ғылми түрде талдау жасап қараса, ел басқару ісін дәстүрлік салт-санамен, әдеттік-құқық нормаларымен реттеуді негізге алған. Ереженің талаптары бойынша ел арасындағы болып жатқан дау дамайларды шешу, халық болып сайланған беделді ақсақалға жүктелді. Оның айтқан сөзі, жүргізген іс-әрекеті барлық қауым мүшелеріне міндетті болуы тиіс. Ереже бүгінгі күнгі «Медиаторлық ережеге» сай десе болады. Қазақ халқының ғасылар бойы қалыптасқан, қауымдық, гуманистік сипатттарға ие болған әдеттік құқықтың  «ағайыншылық», «жұртшылық», «асар», «қонақжайлылық», «қызыл көтеру», «жылу» сияқты көптеген инистутарын жаңа мағанада, жаңа сипатта қолданады. Мысалы, «Малы кемірек біреудің мініп жүрген аты, сауып жүрген сиыры өліп қалса, кідірмей, өзгеміз сол малды белдеуіне байлап бермек болдық». Сонымен қатар осы ережеде «жер дауы», «жесір дауы», «барымта, ұрлық дауы», «үлкенге тіл тигізу», «карта және құмар ойындар ойнамасқа» және тағы басқада тәртіптік жазалар қаралған. Бұл нағыз тәрбие беретін, үлгілі ереже болыпты. Қазір де, сол «Ынтымақ ережесінің» үлгісін негізге ала отырып әкімшіліктер мен мәслихаттар жергілікті жерлерде қолданса болар еді.

          1881 жылы Верный қаласында Жамбыл бабамыз «Сырттанға» деген өлеңінде  

         ....Сендей қазақ аз шығар,

         Үміт қылған баладан.

         Екі балаң жетілсе,

         Құтыларсың табадан.... Осындағы Жәкеңнің «екі балаң» деп отырғаны Барлыбек пен Тұрлыбек еді.

         ....Мен кандидаттық дисертация қорғарда, «Петербург университеті Қазақстанның саяси және құқықтық ой-пікірінің тарихында» деген мәселені ұсынып тұрып, ұлағатты ұстазым академик, есімі шет елдерге таныс болған ірі ғалым Салық Зиманов «Петербург университеті түлектерінің ішінде Барлыбек Сырттанов ерекше. Ол зерттелмеген тұлға. Соны зерттеңіз» деуі тегін емес екенін 15 жыл жариясыз, астыртын ізденіс пен зерттеудің нәтижесінде анық байқадым, деп Заңгер ғалым Сәкен Өзбекұлы  еске алады.

         Барлыбек Сырттанов сол кезде төрт құбыласы түгел, бір басынан артып жетілетін қызметі бола тұрып, бүкіл өмірін халық игілігіне, ұлт тәуелсіздігіне жұмсап, тікелей себептерін тигізгені ақиқат. Бұған дәлел ірі қоғам қайраткері, атақты заңгер, ағартушы демократ Бақытжан Қаратаев ... Один ты (Барлыбек Сыртанов С. У.) по-моему, заслужил расположение народа. Один ты имеешь право сказать, что работал за народ. Кто же больше. Все остальные – сытые подлецы на казенных жалованьях – лишь умеют зло завидовать и змейным образом шипеть вокруг тех, кто работает, тогда как они сами пальцами не шевелят за народ» - дей келе сол заманда оқыған қазақтардың ішінде ең білімдісі, беделдісі Барлыбек Сырттанов екенін, егер ол мемлекет басқару тізгінін өз қолына алатын болса, оның соңынан қазақ халқы еретінін мәлімдеп, оны өте жоғары бағалаған.

         Барлыбек Сырттанов – халқымыздың бостандығы мен ұлттық тәуелсіздігі, оның жарқын болашағы үшін аянбай тер төккен асқан білімпаз, елді аузына қаратқан, Қазан төңкерісіне дейінгі мерзімде Қазақстанда отаршылдыққа қарсы батыл үн көтерген ірі қоғам қайраткерлерінің бірі. Заман өткен сайын, мына бір заманның қыңырлығын  азғындығын, тозғандығын көрген сайын осы бір Алатау баласы «С. Б. Алашинский» (өзі айтып кеткен  лақап аты) Алатау баласынан, Алатау барсына айналып, ірілене, ұлынала беретінін, қазағым, халқым деп жүріп, сол кезде білмегені анық..

         Тұңғыш Ресей империясы құрамынан бөліп, Қазақ мемлекетін құру идеясын көтерген, тұңғыш Қазақ елінің Жарғысын жазған, тұңғыш Бәкеңнің Ынтымақ ережесі аталып кеткен ережені жазған, сонымен қатар әлеуметтік үрдіске, медицина саласына да үлкен мән берген артында өшпейтіндей із қалдырған ұлы тұлға  - Барлыбек Сырттановтың қайтыс болғанына биыл  2014 жылы – 100 жыл. Ал 2016 жылы туғанына 150 жыл толады. Тарих қойнауында ескерусіз, іздеусіз, белгісіз болып қалып бара жатқан осынау елім, жерім деп, бүкіл өмірін халық игілігіне, ұлт тәуелсіздігіне жұмсаған ірі тұлғаның ізгі істерін Алатау баласы, Барлыбек Сырттанов үшін емес, жалпы ұрпаққа ұлықтау мақсатында, жоғарыда аталған айтулы даталарға байланысты, мына төмендегідей игі істер атқарылса, бүгінгі және келер ұрпақ алдындағы, аға ұрпақ парыздары біраз өтелер еді.

  1. 1.     Облыс оқу орындарында ірі ғалымдардың жетекшілігімен, студенттер арасында Барлыбек Сырттанов жазған «Қазақ елінің Уставы», «Ынтымақ ережесінің» және басқа да еңбектеріне арналған кіші ғылыми академиялық жұмыстар жасалып қорғалса.
  2. 2.     Барлыбек Сырттанов туралы Жетісу зиялыларының  әдебиетші, сыншы, тарихшылардың қатысуымен зерттеу жұмыстары жүргізіліп, бәйге жарияланып, кітап шығарылса.
  3. 3.     Сәкен Өзбекұлының көпшілік қауымға арналған Барлыбек Сырттанов атты кітабы тың деректермен толықтырылып, көп тиражбен қайта басып шығарылса.
  4. 4.     Облыстық газеттерде Барлыбек Сырттанов тұрғысында шығармашылық «Барлыбек Сырттанов тағылымы» деген айдармен рубрика ашылып, Сырттановтарға байланысты танымдық материалдар жарияланып, еңбектері насихатталса.
  5. 5.      Туғанына 150 жыл толуына орай облыс орталығында Облыстық Әдлет басқармасының алдына не бір көрнекті жерге Барлыбек Сырттановтың бюсті тапсырыспен жасалып орнатылса, бір заң колледжінің не мектептің атауы Барлыбек Сырттановтың атымен аталса.
  6. 6.      Талдықорған қаласындағы І. Жансүгіров атындағы орталық музейдегі Барлыбек Сырттанов туралы бар материалдарды пайдалана отырып және оны толықтыру мақсатында бір жеке бөлме бөлінсе, кейіннен жеке музей болатындай.

 

          

          

                   С. Батырханов.

                   Т. К. Балтабеков.

                  

         Талдықоған қаласы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2253
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3511