Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Алашорда 85775 3 пікір 15 Маусым, 2015 сағат 11:45

МАҒЖАН ЖҰМАБАЕВ. ҚАЗАҚ ТІЛІ

 

ҚАЗАҚ ТIЛI
Күш кемiдi, айбынды ту құлады,
Кеше батыр – бүгiн қорқақ, бұғады.
Ерiкке ұмтылған ұшқыр жаны кiсенде
Қан суынған, жүрек солғын соғады.
 
Қыран құсты қос қанаты қырқылды,
Күндей күштi күркiреген ел тынды.
Асқар Алтай — алтын ана есте жоқ,
Батыр, хандар — асқан жандар ұмытылды!
 
Ерлiк, елдiк, бiрлiк, қайрат, бақ, ардың, —
Жауыз тағдыр жойды бәрiн не бардың...
Алтын Күннен бағасыз бiр белгi боп,
Нұрлы жұлдыз, бабам тiлi, сен қалдың!
Жарық көрмей жатсаң да ұзақ, кен-тiлiм,
Таза, терең, өткiр, күштi, кең тiлiм,
Тарап кеткен балаларыңды бауырыңа
Ақ қолыңмен тарта аларсың сен, тiлiм!
 
 
ЖЕР ЖҮЗIНЕ...
Жер жүзiне ер атағым жайылған,
Жан емеспiн оттан, судан тайынған.
Қайраты мол қандыбалақ қыранмын,
Күн болған жоқ жаудан жүрек шайылған.
 
Еркiн ырғып шыққам асқар Алтайға,
Қырда тұрып садақ тартқам Қытайға.
Талай тайғақ, тар кешуде таймаған
Батыр жүрек, қайрат ендi алдай ма?!
 
Талмай, қайтпай қамал бұзған кемеңгер,
Арыстанға қарсы ұмтылған мендей ер.
Бiр барқылдақ жалпылдаған төбеттен
Қорқар болсам, жұтсын менi қара жер!
 
МЕН ЖАСТАРҒА СЕНЕМIН
Арыстандай айбатты,
Жолбарыстай қайратты –
Қырандай күштi қанатты.
Мен жастарға сенемiн!
Көздерiнде от ойнар,
Сөздерiнде жалын бар,
Жаннан қымбат оларға ар,
Мен жастарға сенемiн!
Жас қырандар – балапан,
Жайып қанат ұмтылған.
Көздегенi көк аспан.
Мен жастарға сенемiн!
Жұмсақ мiнез жiбектер.
Сүттей таза жүректер.
Қасиеттi тiлектер –
Мен жастарға сенемiн!
Тау суындай гүрiлдер,
Айбынды алаш елiм дер,
Алтын Арқа жерiм дер,
Мен жастарға сенемiн!
Қажу бар ма тұлпарға,
Талу бар ма сұңқарға,
Иман күштi оларда,
Мен жастарға сенемiн!...
Алаш айбынды ұраны,
Қасиеттi құраны,
Алаштың олар құрбаны,
Мен жастарға сенемiн!
Мен сенемiн жастарға.
Алаш атын аспанға
Шығарар олар бiр таңда,
Мен жастарға сенемiн!
 
СЕН СҰЛУ
Бiлем анық: жанға жайлы Май сұлу,
Жарқ-жарқ еткен майда найзағай сұлу.
Қызықты орман, көңiлдi еркiн кең дала,
Күмiс табақ көкте жүзген Ай сұлу.
Кешкi ескен жiбек, жылы жел сұлу,
Хош иiстi түрлi-түстi гүл сұлу.
Әдемi аспан – төбедегi көк шатыр,
Асқар тауы, дариясымен жер сұлу.
 
Сылқ-сылқ күлiп сылдыр қаққан су сұлу,
Көлге қонып қаңқылдаған қу сұлу.
Бейне айнадай жарқыраған айдыннан
Күн шығарда көтерiлген бу сұлу.
Шаңқай түсте өткiр, алтын Күн сұлу,
Жымыңдаған жұлдыздармен түн сұлу.
Толып жатыр түрлi сұлу дүниеде,
Бәрiнен де маған, сәулем, сен сұлу!
 
 
ЖАУҒА ТҮСКЕН ЖАНҒА
(М.Д.-ға хат)
 
Дамыл көрмей ерте-кеш,   
Жұрттың қамын көп жедiң.
Байладың белдi, салып күш,
Тыныштық жүзiн көрмедiң.
 
Жағаластың жауменен, 
“Бермеймiн жұртым, жаным”, – деп.
Алыспақ болдың тауменен,
“Жұрт үшiн төгем қаным”, – деп.
 
“Оян! – дедiң жұртыңа, – 
Бас көтерiп, тiрлiк қыл!”   
Ақыл айттың ұлтыңа:
“Таста талас, бiрлiк қыл!”
 
Бiр шешпедiң белiңдi,
Жұрт үшiн уайым-қайғы жеп,
Сақтамақ болып елiңдi:           
“Қара күн алда, бекiн”, – деп.
Менменсiген күштi жау
Көздеп тұрды iсiңдi.
Қоймады сенi есен-сау,             
Алды қолдан күшiңдi.
 
Қараңғы үйге қамады,
Мейiрiмсiз өңшең тасбауыр.
Сорлыға Тәңiрi пана-ды,
Болса да бейнет қанша ауыр.
 
Қиялға ескi бата бер,        
Қайра өзiңдi, дәрмен не?
Уайымсыз, ойсыз жата бер,
Жұрт үшiн түстiң, арман не?
 
Көзiн ашып, артыңда
Жұртың ойлар: “Бұл қалай?
Тайынба, қорықпа, тартынба!” –
Деушi болар бiрталай.
 
Ұмытпаған өз ұлтын
Қайратты жас жiгiттер
Жұрт үшiн салар мал-мүлкiн,
Бiрiн-бiрi үгiттер.
 
Ұстасын, жапсын, уайым жоқ:  
“Қоймай қуса қорқақты – 
Батыр болар” деген көп,
Батыр ғып, одан не тапты?
 
Өрнек болар мұндай iс 
Кейiнгi жанған жастарға.
Қайраттанып, күйiп iш,
Азуын шайнар қастарға.
 
Қараңғы болса қанша түн,
Жұлдыз сонша жарқырар.
Бұлт басса да Алтын күн,
Бiр шығар, жердi жарық қылар.
 
Келешек күнде қағазға,
Алтынмен жазар атыңды.
Құшақтап сүйер, қағазда
Көрсе жазған хатыңды.
 
Уайым-қайғы жұтады,
Сенi ойлап, сорлы жұрт.
Аңдыған жау ұтады,
Тәңiрi, соның түбiн құрт.
 
Саған көк те тiлектес,
Бұралған өңшең нәзiк бел,
Перiштелер жаныңда!
Еш қайғырма, рақат – анық бiл...
 
Мейiрiмi кең күштi Ием,
Сорлы жұртты оң баста.
Дұшпан – құлаш, бiз – сүйем,
Рақмет ұшқынын таста!
 
Көбейсiн елде қайратты ер,
Жұрт үшiн болсын қара тер.
Сорлы жұртты бастасын,
Жасаған, соған көмек бер!
 
ТҰТҚЫН
(М.Д.-ға хат)
 
Кеудеде – от, iште – жалын, көзде – жас, 
Күнi-түнi қайғы жұтқан сорлы бас.
Сабан төсек, дым, қараңғы жатағы,
Наны қара, шайы қара, қарны аш.
 
Күн түсiрмес мейiрiмi жоқ қара
Ағармай ма мұндай үйде қара шаш?
Жанында жоқ жаны ашитын жақын жүз,
Тасбауырлар ыңғайына қарамас.
 
Жарық сәуле – не Ай, не Күн көрсетпес, 
Жақынының “Ой, бауырымын!” естiрмес.
Iс санаулы, сөз аңдулы, ерiк жоқ,
Өз қолымен ұнамды тон пiштiрмес.
 
Қайғыланба, сорлы тұтқын, еш нетпес,   
Күн батқанмен, таң атпайтын түн жетпес.
Ер жүректi азаматтың басына
Бұл жалғанда нелер келiп, не кетпес?!
 
М.Д. АБАҚТЫДАН ШЫҚҚАНДА
Зор қуаныш — қара түн өткенiне,
Алтын таңды ашық күн жеткенiне,
Қан аралас төгiлген көп көз жасты
Тәңiрi қабыл, мейiрiм ғып, еткенiне.
 
Ерiк құсы қайта ұшып келгенiне,  
Душар болмай дұшпанның мергенiне.
Қайта шықты батқан Күн,
 нұр шашылды,
Мың шүкiрлiк Тәңiрiнiң бергенiне.
 
Күннiң бетiн ежелден бұлт жаппақ, 
Жапса да, ұзақ тұрмай, жөнiн таппақ.
Қайғы көрсе, ер жiгiт қайраты аспақ,
Қамшы тисе, шын жүйрiк үдей шаппақ.
 
Оңнан естi жел бiраз қырын ескен,   
Соң туса да, оң туса, қалмас көштен.
Өткен iске – салауат, күтiп қалдық
Өткiр қимыл, ескi үмiт, жаңа күшпен.

 

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2253
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3513