Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Әлеумет 11115 13 пікір 28 Наурыз, 2017 сағат 10:20

Даңқты диктатордың қатынқұмарлығы

Сталиннің екінші жары Надежда Аллилуеваның өзіне қол салуының себебі жайында тарихшылар арасында әлі күнге дейін бір ізді пікір жоқ екен. Көптеген болжалды нұсқалардың бірі - қызғаныш. Олай болса, Надежданың қызғанышын қоздырған ол әйел кім болды?

 

Зерттеушілердің мәлімдеуінше, халық комиссары Лазарь Кагановичтің  аталас туысының қызы  17 жастағы үріп ауызға салардай асқан сұлу Роза Каганович болса керек. Ол Сталиннен Юрий есімді ұл тапқан. Ол бейшара өзінің шын әкесі Сталин екенін өмірбақи білмеген күйі о дүниелік болған көрінеді.

 

…1932 жылы қараша айының 8-і күні кешке  Кремлдің игі жақсылары ұлы Октябрь төңкерісінің 15 жылдығын Климент Ворошиловтың үйінде атап өтеді.  Ол тұста маршал болып үлгере қоймаған Александр Егоров қасына теңдессіз сұлу актриса Галина Цешковскаяны ерте келген екен.

 

Біраз сілтеп алып, қатты қызып қалған Сталин нанды үңгіп алып, оны домалақтаған соң әлгі сұлу актрисаның алды ашық көйлегінің кеудесіне қарай лақтырып тұрғанын көрген Надежданың өңі бірде бозарып, бірде қызарып қатты мазасызданғанын бәрі аңғарған.  Әбден масайып алған көсем қолбасшы өз жарына қарай лимонның қабығын лақтырып «неге арақ ішпейсің?» деп анайы мінез танытқан соң Надежда шыға жөнелген. Таңертең жұрт оның басына оқ қадалған мүрдесін тапқан көрінеді.

 

Жалпы, Сталиннің отбасылық аурасы қандай болғаны жайында нақты дерек жоққа тән. Даңқы диктатордың сол бір кешдегі анайы қылығы небары 31 жастағы Надежданың төзімін әбден тауысқан болуы да ықтимал. Ол сол тұста жасы 52-ге толған күйеуінің ашынасы барын білген және оған қатты қапалы болған.  Никита Хрущевтің естелігіне сүйенсек, қазан төңкерісінің 15 жылдығын тойлаған сол түні Сталин үйіне бармаған. Зубалово аумағындағы саяжайына Надежда Сергеевна телефон шалғанда, оның жас әрі өте сұлу бір ұрғашымен сонда екенін білген. Өзіне қол жұмсауына осы оқиға себепкер болуы да мүмкін. Ал, генералиссимустың сол түнді кіммен бірге өткізгенін ешкім білмейді. Билік маңында жақын жүргендердің айтуларына қарағанда, қатал көсемнің бір жас келіншекпен жақын қарым-қатынаста болғаны анықталған.

 

Оның Сталиннің үзіңгілесі, совет тұсында биік лауазымдылардың бірі болған Лазарь Кагановичтің аталас туысының қызы, шын есімі Рахиль деген жас сұлу екені белгілі болып отыр. Ол халық комиссары ағасы Кагановичтің қолында өскен екен. Сталин оны алғаш Кремльде өткен бір тойда көріп қатты ұнатқан.

 

Аталас ағасы кейін Рахильге «ол кісінің көзіне түсу деген екінің біріне бұйыра бермейтін тамаша мүмкіндік» деген көрінеді. Өз кезегінде партияның жоғары басшылық құрамындағы үштік аталатын Молотов, Берия, Каганович ұлы қолбасшы Сталинге ықпал ету үшін сол қызды пайдалануды көздеген. Ол қыздың небары 17-ақ жаста екендігі Сталинді мүлде толғантпаған. Себебі, ол  онекіде бір гүлі ашылмаған Надяны  16 жастағы кезінде басын шыр айналдырып, құшқан кәрі тарлан.

 

Лаврентий Берияның  ұлы Серго Берияның айтуына қарағанда, Роза (Рахиль) ақылына көркі сай ғажап ару болғанға ұқсайды. Ол Сталинмен заңды некеге тұрмаса да одан бала тапқан. Аллилуева қайтыс болған соң Сталиннің төсек жаңғырту мәселесі жоғары деңгейде сөз болған.

 

Тарихшы-публицист Дмитрий Волкогонов «Советтің сол тұстағы элитасы  Кобиді (Сталин) өзіне жамағайын туысы болып келетін бір әйелге қоспақ болғанымен белгілі себеппен ол әрекеттері сәтсіз болған. Себебі, Сталин төсек қатынасына әлсіз болып қалған еді» деп жазған екен. Бұл жайында өзі Михаил Калининге айтқан да көрінеді.

 

Калининнің өзі де құр жаяу емес, қатынқұмарлығымен қатарластарына дес бермеген адам. Жыныстық қатынасқа құмарлықты арттыра түсу үшін емделген де жайы бар. Солай емделуге болатыны туралы Сталинге кеңес те берген көрінеді.  Өкінішке қарай оларды емдеген дәрігерді өздері 1937 жылы өлім жазасына кесіп атып тастаған. Жеке құпияларының әшкере болуынан сақтанған түрлері шығар.

 

Халық әкесі атанған Сталиннің өзінен гөрі  ашынасының ықпалы элита арасында барған сайын артып келе жатқандығы жайында 1930-жылдардағы советтің жоғарғы лауазымдылар қауымы ортасында  сыбыр-күбір әңгіме етек жайған екен. Сталинге жету үшін тек Роза Каганович арқылы ғана жол табуға  болады деген бейресми қағида пайда болған. Сталиннің үшінші жары туралы құпияны паш еткені үшін талай адам ішкі істер министрлігінің қанды шеңгеліне ілігіп, абақтыда қиналған көрінеді.

 

Сталиннің ашынасы  Гитлердің де назарында болған. Сталиннің тұңғыш ұлы Яков Жугашвилиді дүниежүзілік екенші соғыс тұсында қолға түсірген германдар тергеу кезінде оған әкесінің құпия ашынасы жайында не білетіндігі жайында сұрақ қойғаны туралы дерек бар.

 

Аталмыш соғыс кезінде атаққа шыққан көріпкел Матрона деген кемпір Сталинді немістер емес  Кагановичтің туысы болып келетін әйел өлтіреді деп болжам жасаған. Шын мәнінде, Сталинді о дүниеге аттандыруға Кремль маңынан әлде біреудің көмектескені жайында әңгіме совет қоғамында аңыз-әпсанаға бергісіз желдей есіп келген.

 

Каганович «Дәрігерлер ісінде» төтенше комиссия  еврейлерді жаппай қудалау жайындағы шешімнің өзгертілуін  1953 жылы наурыздың 1-нде өткен саяси бюро жиналысында талап еткен. Ол бұл талапты қойған кезінде партбилетін жыртып, Сталиннің бетіне лақтырған. Бұл ол тұста ақылға қонбайтын сұмдық жағдай еді. Сол сәтте оны  Берия мен Хрущевтен басқалары қолдаған көрінеді. Терісіне сыймай қатты ызаланған  Сталиннің денсаулығы сыр берген. Осы тұста әлде кім оған у қосылған арақты ішкізіп жіберген. У берген Молотов пен  Роза Каганович екеуінің бірі болған деседі.

 

Сталин өлген соң Роза басқа бір адаммен некелесіп, тегін өзгерткен көрінеді. Роза өте көп жасаған, 1994 жылы ғана о дүниеге аттанған. Розаның 1930-жылдардың басында Сталиннен тапқан ұлы Юра грузиндерге ұқсайтын адам болғанын Серго Берия еске алған көрінеді.

 

Юра өзі Кагановичтің отбасында өскен. Өз белінен баласы болмаған Каганович оны жетімдер үйінен асырап алдым деп жұртты сендіруге тырысқан. Юрий Кагановичтің шын мәнінде кім екендігін тану үшін «Кремль әйелдері» атты кітабымен жұртқа танымал болған публицист  Лариса Васильева көп ізденіп, Юраның алғашқы жары  Серафима Михайловнаны тауып сұхбаттасқан.  Ол Юрамен курсант кезінде танысқан. Айтуына қарағанда, Юра той-думанға әуес болыпты. Кагановичтің отставкасынан кейін Юра ішімдіктен бас алмай үйіндегі дүние-мүлікті де араққа айырбастап жіберетін болған.

 

Үйіндегі заттарды ұрлап қоймаған соң Каганович асырынды ұлын қуып жіберген.  Юра қаңғырып жүріп, 1960-жылдары Шешенстанға барған. Кейін Якутияға барып алтын қазған кездері де болыпты. Арақтан бас алмай жүріп, 1976 жылы ажал құшқан екен.

 

Сталиннің алғашқы ресми некелес жары Екатерина Сванизе деген әйел 1907 жылы Гүржияда ауыр науқастан қайтыс болған. Одан Яков деген ұл қалғаны жоғарыда тілге тиек етілді. Сталин 1914-1918 жылдары Анна Рубинштейн деген әйелмен бірге тұрған. Кейін оны тастап, Надежда Аллилуевамен үйленген. Одан Василий деген ұлы, Светлана атты қызы қалды.

 

1932 жылы Сталин опера әншісі Вера Давыдовамен әуей болған. Давыдова совет диктаторының Сочидегі демалысы кезінде сол жаққа жиі барып тұрған.

 

Сочидегі қысқы театрды  Сталин дәл осы Давыдоваға арнап салдырған деген де әңгіме бар. Сталин өзінің жеке күтушісі Валентинамен де жиі төсек қатынасында болғаны туралы Серафима Каганович айтқан екен. Сталинді жерлеген сәтте оның табытының қасында қара киімді бір әйел тұрғаны жайында дерек бар. Бірақ, оның дәл кім екенін тарихшылар анықтай алған жоқ.

 

Қуандық ШАМАХАЙҰЛЫ

 

Abai.kz

13 пікір