Сейсенбі, 16 Сәуір 2024
Жаңалықтар 4711 0 пікір 26 Қыркүйек, 2010 сағат 13:27

Болат АТАБАЕВ: Тарыдай ой кейде қауызға сыймайды...

Режиссер  Болат Атабаевты бәрі біледі. Оның қойылымдары бүгінгі күннің пернесін дөп басатын ерекшелігімен және жаңашылдығымен тартымды. Атышулы Атабаевтың қойылымдары  бір қарағанда түсініксіздеу болғанмен, өресі биік көрерменіне ғана  асыққан ұмтылыс, мүмкін құштарлық болар -  бір жұмбақ сыр   өн бойында бұғып жататын секілді. Әйтеуір қызық. Қызық  қойылымдар. Қызық режиссер. Қызық адам. Қызық деген сөзді жақсы мағынасында  айтып отырмыз. Қызық нәрсе де, қызық адам да  әйтеуір бір қызықтырмай қоймайды ғой. Болат  Манашұлы өмірде  қызыл сөзден қызыл істі ұнататын адам. Мінезді кісі. Тыным таппай оқитын, тыным таппай ізденетін  режиссер. Оны өзгелерден ерекшелеп  әрі көрік беріп тұратын  бурыл тартқан толқынды, бұйра  шаштары. Кейіпкеріміздің сан қырлы  таланты бар. Ісмер. Олай дейтініміз өз сөзімен айтқанда, «Сәкен Сейфуллиннің әдемі бөркіндей»  құндыз терісімен көмкерілген бөрікті өз қолымен тігіп алыпты. Шынында да бұл бөрік нағыз шебердің қолынан шыққандай әдемі екен.  Бағбандығы тағы бар. Кішкентай үйін кішкене гүлбақшаға айналдырып қойыпты. «Гүл  баптау -  сүйікті ісім» дейді ол мейірлене жымиып. Сөйлеп кетсе гүлдің сан қырлы түрін айтады,  әйтеуір адам баласына қажетті пайдалы кеңестердің ақылманындай. Жеміс-жидектің де сортынан мол хабардар екенінен  білдік.

Режиссер  Болат Атабаевты бәрі біледі. Оның қойылымдары бүгінгі күннің пернесін дөп басатын ерекшелігімен және жаңашылдығымен тартымды. Атышулы Атабаевтың қойылымдары  бір қарағанда түсініксіздеу болғанмен, өресі биік көрерменіне ғана  асыққан ұмтылыс, мүмкін құштарлық болар -  бір жұмбақ сыр   өн бойында бұғып жататын секілді. Әйтеуір қызық. Қызық  қойылымдар. Қызық режиссер. Қызық адам. Қызық деген сөзді жақсы мағынасында  айтып отырмыз. Қызық нәрсе де, қызық адам да  әйтеуір бір қызықтырмай қоймайды ғой. Болат  Манашұлы өмірде  қызыл сөзден қызыл істі ұнататын адам. Мінезді кісі. Тыным таппай оқитын, тыным таппай ізденетін  режиссер. Оны өзгелерден ерекшелеп  әрі көрік беріп тұратын  бурыл тартқан толқынды, бұйра  шаштары. Кейіпкеріміздің сан қырлы  таланты бар. Ісмер. Олай дейтініміз өз сөзімен айтқанда, «Сәкен Сейфуллиннің әдемі бөркіндей»  құндыз терісімен көмкерілген бөрікті өз қолымен тігіп алыпты. Шынында да бұл бөрік нағыз шебердің қолынан шыққандай әдемі екен.  Бағбандығы тағы бар. Кішкентай үйін кішкене гүлбақшаға айналдырып қойыпты. «Гүл  баптау -  сүйікті ісім» дейді ол мейірлене жымиып. Сөйлеп кетсе гүлдің сан қырлы түрін айтады,  әйтеуір адам баласына қажетті пайдалы кеңестердің ақылманындай. Жеміс-жидектің де сортынан мол хабардар екенінен  білдік. Болат Манашұлы керемет аспаз.  Мынау өзім қайнатқан құлпынай, қарақат, бүлдірген тосаптары деп аузымызға тосты. Жесең дәмі тіл үйіреді. Тәтті-ақ.  Тары ақтайды. «Тарыны жақсы көрем. Сыйлыққа деп жіберетін достарым баршылық. Үлкен ақ табағыма тарыны төгіп ақтап, тазалап аламын. Бұл, әрине, көп уақыт  алады. Асықпай ойланып тарыны ақтап отырып, келесі көрсетілетін қойылымымның сахналық көріністерін ми сүзгісінен өткізіп, іштей ойланып шешімін  тауып аламын» дейді ол. Қызық . Сәлден соң Болат Атабаевтың  өз қолынан  имбирь, тары, бал салып, қаймақ қатқан күрең шайын  сүйсіне іше отырып ,  сұхбатымызды  бастадық.

-Сіз неміс тілді режиссерсіз.  Неміс тілін бала кезіңізден  білесіз бе?

- Талдықорған облысында дүниеге келдім. Шешем арғынның қызы. Аты -Мирта. Ән салатын өнері бар еді. Мен   өнерпаз  нағашыларыма тартқан баламын. Әкем өте салмақты адам болды. Екеуміз бала кезімізде өте жақсы дос болдық. Мінезім ашық болғандықтан пікірімді, барлық ойым-қиялымды  әкеме ашық айта беретінмін. Мені тыңдап, әр сөзімді қуаттап, қолдап отыратын. Біздің ауылда  немістер көп болды. Неміс балаларымен бірге ойнап өстік, мектепке бардық. Содан бір күні немістің алмабет аппақ қызына ғашық боп қалдым. Немісше ағып тұрмын. Бірақ мектепте қасына батырсынып барғанмен, тілім байланады да қалады. Жүрегім алып-ұшып, ақын да боп кеттім. Амал нешік, ол қазақшаға қараң еді. Ай сәулесі көл бетіне түскенде, шегірткелер шырылдап, құстар қанаттарын судырлатып ұшқанда, шіркін-ай, бұл әлемге сыймай кетемін. Аһылап-уһылап, ұйқысыз жүрген күйімді сезген әкем : «Не болды?» деп сұрады. «Ғашықпын, - дедім, - неміске»  «Онда жүр» деді. Қараңғы түнде әкеме еріп келемін. Қайда бара жатырмыз? Әкемнің әңгір таяғы күтіп тұрма екен?  Әйтеуір қалшылдап ұшып келемін. Баламын ғой. Содан бір кезде әлгі неміс қызының үйіне келдік. «Бар, терезесін қақ!» деді.  Немістердің үйіндегі терезенің  перделері үлбіреген аппақ,  әдемі боп келетін.  Әдемі пердесі бар терезені тықылдатып тұрмын. Бір кезде терезенің ар жағынан алтын шашы төгіліп,  көк аспандай мөлдір көзі жарқ етіп ғашығым көрінді. «Не керек?» дегендей иегін көтерді. Мен сасып қалдым да: «Ештеңе» деп басымды шайқадым. Ол маған аң-таң боп қарады да, терезенің пердесін жапты. Жүгіріп әкемнің қасына бардым.    «Шаруа бітті» дедім. «Бүгін тәтті түс көріп, тыныш ұйықтайтын шығарсың» деп әкем мені жетектеп үйге қайтты.

- Қызық болған екен. Содан соң не болды?

- Не болушы еді. Неміс немісті сүйді. Мен артист болам деп арман арқалап, Алматыға кеттім. Театр институтының  актерлік бөліміне құжат тапсырдым. Бірінші сынақтан аман-есен өттім. Екінші сынаққа келгенде қызық болды. Біз өзі бес-алты бала емтиханға бірге дайындалып, бірге жүретінбіз. Мушкетерлер сияқты, «Біріміз бәріміз үшін, бәріміз біріміз үшін»  деген ұлы ұранымыз болды. Содан топтанып сынаққа келдік. Мәнерлеп өлең оқып, үзінді айтып жатырмыз. Бір кезде емтихан қабылдап отырған  апайдың шағаладай  шаңқ етпесі бар ма?! Ойбай-ай, шошып кеттік. Сөйтсек, бір мушкетеріміздің көзі қитар екен. Эмоцияға беріліп, үзінді оқи жөнелгенде екі көзі китарланып, екі жаққа сәлем беріп кеткен ғой. Әлгі апай « Көтек! Бұл екінші турға қалай өтіп кеткен?» айқай салғаны.  Аудиториядан жылап қитар дос кетті. Оның соңынан барлық досы атып шықтық.  Осымен артистік оқу бітті. Оқымаймыз дедік. Енді қайда барамыз? Шет тілдер институты деген жазуы бар жерге кеп құжат тапсырып, неміс факультетіне оқуға түсіп кеттім. Ақырында неміс тіліне деген құштарлығым күшті болып, қызыл дипломмен бітіріп шықтым. Шешемнің қуанышы ерекше еді. Әйтеуір менің жын қуған  әртіс болмай, тәртіпті адам - мұғалім болғаныма  шүкірлік етіп жүрді. Иститут бітірген соң, Алматыдағы  «Достық» үйінде  Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаевтың қарындасы Фазила Ахметованың қарауында  референт болып қызмет еттім. Шетелден келген қонақтарға қаланы аралату, таныстыру менің жұмысымның бір тармағына кіретін еді. Бір күні газеттегі хабарландыруды көзім шалып қалды. Онда Темірбек Жүргенов атындағы  театр институтына студенттер қабылдайтыны жазылыпты. Жүгіріп жүріп режиссер бөліміне  құжат тапсырдым. Енді емтиханға барам деп жүргенде, қырсық шалып  тап сол күні шетелден делегация келе қалмасы бар ма?! Содан қонақтарды  қаламен таныстыру үшін Панфилов паркіне алып келдім. Көңілім алақұйын. Емтиханға қалай барамын? Содан беттің арын белбеуге түйдім де, шетелдіктерге: «Осы арада екі  сағат аялдай  тұрыңыздаршы. Екі сағаттан соң келіп алып кетемін. Осы екі сағатта менің менің тағдырым шешілгелі тұр, емтихан тапсыруға баруым керек. Мені дұрыс түсініп, қолдаңыздаршы» дедім. Олар мені түсінді. Жүгіріп емтиханға кірдім. Оқуға қабылдандым. Жұмысты тастап, болашақ режиссер мамандығын меңгеру үшін бар ынтаммен оқуға кірісіп кеттім. А.А. Пашков деген керемет ұстазым болды. Институтты бітірген соң, Теміртауға, неміс театрының  режиссері  болып қызметке қабылдандым.  Теміртауда сегіз жыл тұрдым. Білімімді, күшімді неміс театрын көтеруге жұмсадым. Соншама көп уақыт. Шынымды айтсам, Алматыны сағындым. Баламды, Арсенімді сағындым. Қолымды  бір сілтеп, «Алматы қайдасың?» кетіп те қалғым келді. Бірақ олай ете алмадым. Себебі, мына жақта театр ұжымы, менің ұжымым бар еді. Олар менің солдаттарым сияқты  ғой.   «Гүл болмасаң, күл бол» деп орта жолдан тастап кетуді намыс көрдім. Бір күні Теміртауға Колбин келді. Ақ қағазға сөзімді төгілтіп жазып, сан адамның арасынан жүгіріп өтіп   Колбинге жеттім. әМен Теміртаудағы неміс театрының режиссерімін. Бізге көмегіңіз керек. Барлығы мына хатта анық жазылған» дедім. «Оқиын, ойланайын» деді Колбин. Араға біраз уақыт салып,  Теміртаудағы неміс театрын  Колбин Алматыға көшіріп әкелді. Театрға мекеме, әртістерге 50 шақты үй берді. Сол тұста қазақ ағайындар мені жақтырмай, сыртымнан тілдеп жатты. Уақыт өтті. Жағдай өзгерді. Колбин да кетті. Германияға үдере көшіп  немістер де кетті. Қазіргі неміс театрында  тұқымдыққа бір неміс  әртіс қалды.

- Өзіңіз де  Германияға барып,  сондағы неміс театрында режиссерлік  қызметте болып қайттыңыз. Немістерді таңғалдырдыңыз ба?

- Немістер таңғалмайды. Олар есекарба сияқты жұмыс істегенді ғана біледі. Маған сын көзбен қарады. «Осы қазақтың қолынан  не келеді дейсің» деп күмәндана қарады. Өнер жолы - қиын жол. Мақтаншақтар мен қуыскеуделерді уақыты келгенде  жағалауға лақтырып кетеді. Батыста өнерге, өнер адамдарына еркіндік берілген. Сегіз-он сағат  жан қинап жұмыс істейді. Қалған уақытында бос. Кітап оқиды ма, демалады ма өз еркі. Еңбекақы келісім-шарт бойынша төленеді.  Бір спектакль  бір ай ғана сахналануы мүмкін. Тіпті одан аз уақыт. Сұранысқа сай болмаса, ығысып  түсе береді. Олар спектакльді түсінбесе, екі-үш мәрте,  тіпті одан да көп мәрте келіп көре береді. Демек, көруге тұрарлық   деген сөз. Ал бізде ше? Сұмдық түсініксіз дейді де, орнынан тұрып жүре береді. Яғни, көрермен ойланбайды немесе ойлануға ерінеді. Оларға жалт-жұлт еткен жарық шам,  тарсылдаған музыка түсінікті. Германияда бірнеше спектакль қойдым. Ол елге таңғалдыру үшін емес, өзім  бірдеңе үйрену үшін, көру үшін, таңырқау үшін бардым. Бізде эмоцияға көп мән берілсе, батыста  басқа рационға назар аударылады. Бізде сахнаға шыққан қойылымнан тек қана тәрбиелік  жағын іздейді. Өнердің эстетикалық, танымдық, ақпараттық, мифтік  жағын да танып түсіну бар емес пе?!

- Қазақ көрермендері сәбилік-санада қалып барады дегеніңіз бе бұл..

- Драма  - тартыс. Драмада ақ, қара, басқа да түстер бар. Менің түсінуімше, бұл ел ақ пен қарадан басқа түсті көргісі келмейді. Немесе көруге дағдыланбаған. Көргіш көз, сезгіш жүрек  болмаса,  өнер  тұл. Тек ақшамен, атақ, сыйлық  берумен  мәселе шешілмейді. Мысалы, «Қарагөзді» қойғанымда, мынадай шешім жасадым: Сүйгеніне қосыла алмай арманда  кеткен Қарагөз сұлуды  табалдырықтың астына тастадым. Қарагөздің асына келгендер оның мүрдесін аттап өтіп, сапырып қымыз ішіп, саңқылдап күліп әңгіме соғып отырады.  Трагедия ма, трагедия!  Мұны көргендер  маған қарсы сын айтты.  Бұлай ету дұрыс емес десті. Мен Қарагөздің трагедиясын өзімше көргім, көрсеткім  келген шығар. Сол тұста Әбіш Кекілбаевтың маған «Ішіндегі құндылығы бар інген оқыс қимыл жасамас болар» деп айтқаны бар. «Қыз Жібекті» қойдым. «Қыз Жібек»  қай кезде де өзекті тақырып. Менің тануымда: Бекежан  - қара күш, Төлеген - демократия, Жібек - халық. Бұл қойылым брейк биімен өрнектелді. Қимыл-қозғалыс, мимика би тіліне көшті. Төлеген аспанға көтеріліп, Жібек сызылған құстың қанатындай көрініс береді. Шешімінде Бекежан  көзі ашық, суға батпай  тұрып қалады. Бұл «жер бетінде  зұлымдық  жерленбейді»  дегенді білдіреді. Қойылымның сахналық киімдері қарапайым, алкызыл ашық түстерден тұрады. Бұл - жастықтың түсі. Бұл қойылымды қайтадан сахналасам, мүмкін тағы да өзгерістер  енгізетін шығармын. Тап осылай қойылды. Өнерде осылай қалуы  керек деген қатып қалған  қағида  жоқ  қой.  Өнер үнемі дамып, жетіліп отырады емес пе?! «Абайды» қойғанымда  сахнаға үш Абай шығардым. Көтерісшіл Абай, Философ Абай, Жас Абай. Философ Абай  ақыл-ойымен алға шығады. Жүрегімізбен сүйетініміз де осы Абай емес пе?!

- «Ақсарай» театрын ашуыңызға не себеп болды? Елімізде театр көп емес пе? Жұмыссыз қалып па едіңіз?

- Жұмысым жоқ болғандықтан емес, жұмысым көп болғандықтан  аштым бұл театрды.  2005 жылы  жолым жүрді десем де болады. Дәурен Жұмағалиев деген кәсіпкер жігіт көп көмек берді.  М.Әуезов, Ғ. Мүсірепов театрларында қойылымдарымызды қойып жүрміз. Қазірге дейін  Мольердің «Ақымақ болған басым-ай»,  Шиллердің « Махаббат пен зұлымдық», Ә. Тауасаровтың «Махаббат аралы»,  сондай-ақ, «Шыбын», « Қорқыныш көшкіні»  тағы да басқа қойылымдарды   сахнаға шығардық. Алғашында 70 әртіс балам болған. Қазір 30 шақтысы қалды.  Жағдайымыздың мүшкілдігі, әл-ауқатымыздың төмендігі  кәдімгідей шаршатып тастады. Қазіргі күнде әртіс-балаларым  түске  дейін  бірі дубляжда, бірі теле-радиода, енді бірі - кафе-барда жұмыс жасайды. Түстен кейін  репетицияға кірісеміз. Айлықтары жарытымсыз болғандықтан маған өкпелейді. Өкпелегені - маған сенгендері ғой. Олар жас, талантты әрі театрды  шексіз сүйгендіктен ғана осындай ерліктерге барады. Қиындықтарға  қарсы жүзеді. Қарап отырып сүйсінесің, қарап отырып аяйсың.  Өнерге мемлекет тарпынан жәрдем болғаны, түзу көзқарас болғаны оңды-ақ. Мәдениетте « нельзя» деген сөз болмау керек. Ой, бұл қиын шаруа деп отыра беруге бола ма? Қиындықтан қашпау керек.  Өнердің өскені мәдениеттің өскенін көрсетеді.

- Осы күні бір адамдар «мен ана ғасырдың адамы едім,  өмірге кеш келіп қойыппын немесе мен  ертеңнің адамымын» деп жатады. Сіз қай ғасырдың адамысыз?

- Мен бүгіннің адамы болғым келеді. Сол үшін қызмет етіп жүрмін деп ойлаймын. Мені бүртүрлі адам дейді екен. Біртүрлі адам емеспін, сантүрлі адаммын. Жан тазалығын ұнатамын. Намыссыздарды, ұяты жоқтарды аяймын. Оларды көргенде сондай қысылып кетемін.Жүрегіммен жылағым  кеп кетеді.

- Шын айтасыз ба?

- Өтірік сөйлеу үшін көп ақыл керек емес қой?!  Мен қаным қазақ болғандықтан  жаным ашиды қазаққа. Германияда болған екі жылымды әбден  ішқұса боп әрең өткіздім. Батыстағы жан суықтығы  тоңдырды. Тарыдай ой кейде қауызға сыймайды ғой. Үйіріңді аңсайсың. Шіркін-ай, қазақтың сұрапыл, сұмдық күйлері-ай қаныңды қыздыратын, арғымақтары-ай даламның  делебеңді  қоздыратын  дейсің. Сондай сағынышты тәтті мұң. Мұны тек жүрекпен ұғынғанға не жетсін!..

- Болашақта   қандай жоспарларыңыз бар?

- Ең алдымен « Ақсарай» театрының  орта жолда қалмай, алға қарай қадам басқанын тілеймін. Театрымыз да аяғын  тәй-тәй басқан бала сияқты. Осы күні өнер адамдары арасында бір сыңаржақ пікір қалыптасып кеткен. «Жыламаған балаға емшек бермейді» дейді де, анау жоқ, мынау жоқ деп еңірей береді.  Бала байғұс тілі, тісі  шықпағасын жыламай қайтеді?!  Бәріміз де балаға  ұқсаймыз деп   ақ шашымыз  жалпылдап  бұрыш-бұрышта еңіресек, сол әдемі көрініс пе?  Біз  бәріміз де  өкініштісі, енді қайтіп бала бола алмаймыз ғой?!  Қайтерсіз,  Уақыт деген мырза тым қатал-ау...  Сахналайтын  дүниелерім баршылық.  Мына нәрсені сахналамақшымын  деп дауылпаз соғып,  жарапазан айтатын  мен емеспін. Айтпақшы, менің спектаклімді көрген бір адам маған келіп, «Мына кейіпкеріңіздің қылығы   пәленшекеңе ұқсайды екен» дейді. Мен қойылым қойғанда  пәленшекеңді ойлаппын ба?  Ол - образ, сахналық бейне. Көркем өнерді түсінбейтіндерге айтарым аз. Олар үшін  мен  біртүрлі адам болып қала бермекпін.

 

Сұхбаттасқан

Маржан   ЕРШУ

0 пікір