Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3445 0 пікір 26 Қыркүйек, 2010 сағат 13:08

Әсия Бағдәулетқызы. Алматы қай мәдениеттің орталығы?

Осыдан бірнеше жыл бұрын «бастамашыл топ» Алматыда «Битлздың» мүсінін қоямыз деді. Ал кеп алыстық. Сейфуллин саябағына қоямыз деді, болмады. Опера театрының алдына орналастырамыз деді, бермедік. Қала берді, Қаржылық орталыққа қармақ салды. Тағы да дегеніне жете алмады. Барған сайын биіктеп, ақыры төбемізге бір-ақ шықты. Ағылшынның әйгілі төрттігі Алматының төрінен - Көктөбеден ойып тұрып орын алды. Айбыны асқан Джон Леннон, Ринго Старрлар жер болған қазақтың рухына сонау жоғарыдан көз салды. Шәкерім шықпаған, Абай аңсаған, тіпті хан Абылайға «арман болған» Көктөбе. Жергілікті басылымдар, обалы не керек, бұл мәселені айтудай-ақ айтты. Бірақ «Битлздың» жыртысын жыртқандар Алматы қаласының әкімшілігінен де мықты болып шықты. Олар кімдер еді?

Осыдан бірнеше жыл бұрын «бастамашыл топ» Алматыда «Битлздың» мүсінін қоямыз деді. Ал кеп алыстық. Сейфуллин саябағына қоямыз деді, болмады. Опера театрының алдына орналастырамыз деді, бермедік. Қала берді, Қаржылық орталыққа қармақ салды. Тағы да дегеніне жете алмады. Барған сайын биіктеп, ақыры төбемізге бір-ақ шықты. Ағылшынның әйгілі төрттігі Алматының төрінен - Көктөбеден ойып тұрып орын алды. Айбыны асқан Джон Леннон, Ринго Старрлар жер болған қазақтың рухына сонау жоғарыдан көз салды. Шәкерім шықпаған, Абай аңсаған, тіпті хан Абылайға «арман болған» Көктөбе. Жергілікті басылымдар, обалы не керек, бұл мәселені айтудай-ақ айтты. Бірақ «Битлздың» жыртысын жыртқандар Алматы қаласының әкімшілігінен де мықты болып шықты. Олар кімдер еді?

Сталиннің өзі «Шығыстың қыраны» атаған Жұмағали Шаяхметовтің туған немересі Ринат Шаяхметов. Орыстілді бір газетке берген сұхбатында Шаяхметов мырза «Битлзды» пейішке шығару жолында қанша теперіш көргенін жылап жібере жаздап баяндап берді: «Биліктің қандай дәліздерімен жүруге, қанша адамның алдына баруға тура келгенін білсеңіз!»... «Оқушы кезінде үй жұмысын орындаудың орнына «Битлзды» ұрлап тыңдайтын» (өз сөзі) Рәкең туған атасының ескерткішін қою үшін мұнша тер төкпес! КИМЭП-тің студенттеріне оқыған дәрісінде айтқандай, өзі аса табанды жігіт екен. Қоймай жүріп, дегеніне жетті. Оған қиналған кезде қол ұшын беріп, «арманын орындаған» - Марғұлан Сейсембаев. Иә, иә, атақты «Сеймар», кейіннен істі болып, Англия асқан «Альянсбанктің» серкелерінің бірі. Шаяхметовты қойшы, асфальттің баласы, «Битлзды» бесікте жатып тыңдаса, тыңдаған шығар, ал еңбек жолын қойшы болып бастаған Сейсембаевқа не жоқ?

Қойшы әйтеуір, банкирлер барын салып жүріп «Битлзды» төбемізге қойды. Бірақ оларды ұлықтау мұнымен бітпеген көрінеді. Таяу күндері Алматыда үркердей топ «Битлздың» 50-жылдығы мен Джон Леннонның 70-жылдығын атап өтті. Әрине, Леннонның туыстары болған жоқ олардың ішінде. Көзін көрген де тірі жан болмады. Есесіне Ерлан Көкеев, Құралай Нұрқаділовалар, тіпті Асыл Беделхан мен Ақжол Мейірбеков сияқты әжептәуір деп жүрген әншілеріміз «Битлз» әндерін шырқапты. Оларға қуанышы қойнына сыймаған Серік Ақышев қосылған. Құдай оңдағанда, Ғани Қасымов, Ермек Аманшаев, Ерлан Қанапьянов, Мэлс Елеусізовтер сахнаға шықпай қалыпты. Әйтпесе, «Битлз.ру» сайтынан біз осы кісілердің шараға асқан құлшыныспен кіріскелі жатқанын оқып-білгенбіз. Дегенмен ұйымдастырушы Айдар Бекбосынов аты аталғандарды Джон Леннон атындағы аллеяның ашылуында құрметті қонақ ретінде күтіп-ақ отыр. Қазақта ұлы жоқ. Қазақта тіпті талант жоқ. Осылай топшылайтын Қасымовтар Леннонға аллея ашып, ағаш отырғызып, мәре-сәре болмақ. Қазақтан кумир таппағандар сыйынатын Құдайын сырттан тауып, жетісіп-ақ жатыр.

Енді осындай, «шетел мәдениетімен сусындаған асқан білімдарлардың» қатарына Виктор Цойдың «поклонниктері» қосылыпты. Иә, иә, енді Алматыда Цойдың ескерткішін қоямыз деп еліріп жүргендер бар. Ол үшін әкімшіліктің рұқсаты бес тиынға да керек емес. Виктор Цой дәл «Битлз» сияқты, жеке меншік болып саналатын Көктөбеге орын теппек. Бұл жаңалық та Алматыдағы әншіні еске алу кешінде айтылды. Мүсінші Бақытбек Мұхамеджанов барын салып Цойдың ескерткішін құйып та қойыпты. Әншінің бойымен бірдей: 1.80.см. мүсіннің қолында оттықтың жалыны алаулап тұрады. Не деген фантазия, не деген романтика десеңші! Батырлардың бәрі бір инкубатордан шыққандай, Абайың анау жерге қарап тұрған, Әл-Фарабиіміз балерина, ал суретшілер Цойды қайтып әспеттеймін деп әлек.  Не көрінді бізге соншама? Цой мен Леннонға татитын ұл таппап па екен қазақ? Алаш арыстарына, Мағжанға, Күләш Байсейітова, анау қазақ театрының негізін қалаған «әулие-актерлердің» біріне де ескерткіш жоқ Алматыда. Қалтасында ақшасы бардың істеп отырғаны анау. Бұл біздің қасірет. Билігі мен байлығы бардың қазақ рухынан алыстап кеткені, не сондайлардың ғана билікке, байлыққа ие болатыны - қазақтың қасіреті.

Бұл қалаға шетелдіктер жиі келеді. Бәрі де Көктөбеге барады. Республика Сарайының алдындағы ұнжырғасы түскен «қара шалды» қайтсін, қаланы «алақанындағыдай» көріп тұрған Маккартнилермен жүздесіп, мәз-мейрам болады. «Еее, бұл байғұстарда қайбір мәдениет болсын...». Иә, Алматының бұрыш-бұрышында көрінгеннің кеші өтіп, ерінбеген «ерім» дегенге ескерткіш қойып жатыр. Қазақтың мәдениетін өшірейін деп қасақана әрекет етіп жүрген басқа біреулер бар дейін десең, осының бәрінің басы-қасында жанаталасып жүрген - қазақтың қарадомалақ балалары. Ақыры бәріміздің қорыққанымыз болды: төрттік төбемізде ойнап қана қойған жоқ, өзінен кейінгі талай «әлемдік жұлдыздарға» жол ашып берді. «Битлз», Цой, келесі кім? Келесі «герой» да араға үш жыл салып пайда болар ма екен? Әй, бұл жолы әдеп сақтап әуре болмайтын шығар... Көктөбе үлкен ғой, бәріне жетеді. Шетелдің жын-шайтанын үйірімен әкеліп иірсе де ешкім қой дей алмайды. Айтпақшы, жорамал: қайтқанына бес жыл толмай Майкл Джексон да Көкөтөбеге шығуы кәдік. Құдай біледі, солай болады да. Мадонна біраз жасай тұрса екен деп Тәңірден тілейік...

 

"Халық сөзі» газеті, №13, 17.09.2010

 

0 пікір