Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Бұ не мазақ? 6454 0 пікір 7 Қаңтар, 2017 сағат 11:59

ҚАШАНҒЫ БYЙРЕКТЕН СИРАҚ ШЫҒАРА БЕРЕМІЗ?

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі,

Тіл комитетінің басшыларына ашық хат

 

Құрметті тіл мамандары, ұлттық Ана  тіліміздің  мемлекеттік  дәрежеге ие  болуы – қуанышымыз  бен  жауапкершілігімізді  арттырып  отырғанын түсінеміз. Соған   байланысты  әртүрлі   жұмыс-шаралардың   жасалып жатқанын да білеміз. Біткен   істің  міні  жоқ  десек те, бірер  пікірімізді қоғамдық-азаматтық парызымыз деп есептеп отырмын.

Сіздердің тапсырмаларыңыз бойынша  «Аруна»  баспасынан /Алматы, 2010 ж./ шыққан «Сөздік, словарь»  менің қолыма жаңа ғана тиіп отыр. Мұнда: «программа», «процент», «класс» – деген сөздер алып тасталыныпты. Бұл  сөздер  70-80 жылдары тілдік қорымызға еніп, сіңісіп, үйлесіп, бірігіп, кірігіп кеткен  сөздер  еді  ғой. Олар тілдік қазынамызда тарихи мұрағат мүлкі  болып  кетті. Бүкіл  қазақ тілінің жартысы шет елден енген сөздер мен терминдер. Сол терминдердің орнына  түгелдей  қазақтың  мағынасы дәл байырғы  сөзін тауып  қоямыз деу мүмкін бе, мүмкін емес?!

Жамап-жасқап осы үш сөзді ауыстырғанымызға назарларыңызды салыңыздаршы?

270-бетте «Класс» - І -1. сынып; 2. дәреже,  машина   представительского класса; жоғары дәрежелі машина. Класс - II -тап. Классифицировать-сұрыптау, топтау, топтастыру; классический – классикалық; Классическая   борьба - классикалық күрес. Классный – 1. сынып, сыныптағы; 2. разг. тамаша, өте жақсы - деп  жазылған. Бұл  аударма - дәлелдеулер  «сынып»  сөзінің  мағынасын  «класс»  сөзінің мағынасына теңестіре  алмай тұр. «Класс» (не?) - зат есім. «Сынып» (қайтіп?)  сынды   білдіріп   тұрған   етістіктің   көсемше  түрі.  Сынып    сөзінің синонимдері: сын, сынық, сынып, жік, бөлік, аралық, шек, ара және т.б. Сыныптың түп негізі – сын. Сөз табында  зат есім деп  қарағаннан  гөрі, бұйрық райлы етістік екені  даусыз. Көсемшенің  -ып, -іп, -п  жұрнақтарының  -ып  жұрнағы жалғанып (қайтіп?) деген сұраққа жауап беріп, көсемше болып тұр. Көсемше заттанбайды.

Мысалы: Күн сынып, аспан айықты. Аспан қайтып айықты? Күн сынып. Күректің сабы сынып, құр қол қалдық. Мәпіш  Шәріпқызының  «Ай сәулесі» кітабынан: «Басы сынып кетердей, құлағында шуыл.(202 бет)

Көңіл сынып қалады жабырқасам,

Суық тартып түнеріп жарық ғалам. (128 бет)

 

Тіл тапқанға әр орта – тұнық мекен,

үйрене алмай мен жүрмін сынып шекем.

Мен, асылы, күнімнен бұрын, сірә.

Бейімделе алмаудан құрып кетем.

                                                   (Ф.Оңғарсынова //Сарыарқа Самалы 11.11.12 ж)

Нұртас Оңдасыновтың «Арабша-қазақша түсіндірме сөздігінде: «Алматы. Мектеп» 1989 жыл. Былай түсінік берілген: сын-сипат, сын-сыпат, сыныф, сына. (247-265 б. 2т.)

Рушді сыныф (арабша) 5-7 кластар көлемін оқу деңгейі, иғдади сыныф 8-9-10 кластар шамасындағы оқу түрі дегенді білдірген, яғни білім бөліктерінің ара жігін  көрсеткен  және оны   «сыныф»  деп  көрсеткен, бір әріптің, бір дыбыстың  қандай  өзгеріске  ұшырататынын  да  ұмытпауымыз  керек.

Араб, парсы, шағатай тілдерін ана тіліндей меңгерген Ыбырай, Абай, Мәжһүр Жүсіп, Шәкәрім  жазып  кетер  еді  ғой.

Класс  [лат.classis  разряд] - группа  учащихся в  начальной, в  средней школе, подбираемых  соответственно по возрасту и познаниям. Ресми тілімізде айқын айтылып отырған  осы анықтамадан артық бар ма, жоқ!

Қарапайым әдіс – екі сөйлемді қатар жазып, кезек-кезек оқиықшы. Қайсысында өмір тіршілік бар?

5 - класс тұр, 6 - класс кетті, 7 - класс қалды.

5 - сынып тұр, 6 - сынып кетті, 7 - сынып қалды.

Біріншіде өмір, тіршілік, адам әрекеті болса, екіншіде жаппай  қирау, жайылу. Тек дауыс  екпінінің  күшімен ғана балама ұғымға келесің.

3 - бетте Программа – бағдарлама  делінген.

«Қыли адам екі кісіні  алдайды  дегендей»,  «программа» - дұрыс ой, тура қараса, «бағдарлама» – бұйрық  райлы  болымсыз  етістік - бағдарламай  адасып, айдалаға  қарайды. «Байқама, пайымдама, алды-артыңа  қарама, беталды жүре бер»  деп тұрған соң, енді  қайтсін?        Екеуі  екі  түлік сөз, қалай бірінің  қызметін  бірі мінсіз атқара  алады? Осы қателіктерді авторлар: Баян, Эльвира, Гүлбахира  білмейді  емес, біледі. Бірақ, бір мықтылардың бұйрығы  солай  болып  тұр ғой. Бірыңғай  қазақ сөзіне көшіп, орыс  сөздерін  құрту. Бұл  орыс  сөзі  емес. Латын  сөзі – термин. Кеңес үкіметі   құрылғаннан   бері  барлық  істе, бірінші   кезекте қолданылып, бұлталақсыз  іс-жүзеге  асырылып  отырған   сөз.

Авторлар  былай  жазыпты:

52-бетте: Бағдар І - 1. направление, курс, ориентация, ориентир;

2. перенаправление (развитие чего-либо);

ІІ – украшение (на серебре).

Бағдарла 1. дать направление, указать курс, ориентировать на что-либо;

2. наблюдать, следить за направлением (развитие чего-либо).

Бағдарлама – программа.

Міне, керемет! Бағыт-бағдарымыз мүлде басқа дүниеге айналып кете барды. Негізсіз, заңсыз өзгеріс. Бағдарлама жоғарыдағы тәртіппен аударылғанда «не наблюдать», «не следить за направлением» болар еді. Бұл қандай заң? «Күштінің арты диірмен тартады?» деген осы!

Бұйрық райлы болымсыз етістіктің түрі субстантивтенуі – заттануы деген болады. «Не?» деген сұраққа жауап беріп, атау тұлғада тұрады. Бұл жерде ондай өзгеріс жоқ.

Мысалы: көр+ме, баянда+ма, тапсыр+ма, қапсыр+ма, қайыр+ма, бүр+ме, үйір+ме, аялда+ма – бұл сөздер не деген сұраққа жауап беріп, көрме, баяндама, тапсырма, қапсырма (әйелдер қамзолының өңірін бекітетін қысқыш сартана), қайырма (әннің қайталанатын бөлігі), бүрме (Ақ көйлегім бүрмелі), үйірме, аялдама мағыналарын беріп тұр. Егер қиыр шегі көрінбейтін теңізге алып жарық шам қойылса, міне, соны бағдарлама деуге болар. Бірақ оны «маяк» дейді ғой. Болымсыз етістіктің бәрі бірдей заттана бермейді. Мысалы: жола+ма, сандал+ма, жарала+ма, жаула+ма. Бұлар заттанып тұрған жоқ. Сұрауы «не?» емес, «қайт пе?».

Бұл жұмыс, қылық – ұят, тереңдетсе – қылмыс.

Программа [гр. programma, объявление, предписание; 1. план намеченной деятельности]

Айдан анық айтылып тұрған дүниені бұлдыратып, бұрмалап, түсініксіз етіп, неге қателікке ұрындырамыз? Өзімізді өзіміз алдап, басқаларды неге адастырамыз? Кейбір білгіштер коммунистік партияның көсемдері Ленин мен Сталин сөйлеген сөз. «Оған жоламау керек» - деп апаттан сақтандырады. (Қалай күлмейсің)

349-бетте процент – пайыз деп, ал 151-бетте пайыз – процент делінген. Осылай аударғанда авторлардың қандай дәлелдері бар? Кім болса да бір негізге сүйенуі керек қой.

Мысалы: Алматы «Дайн – Пресс» 2008 жылғы «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінің 665 бетінде «пайыз» - пайыз тапты, тағат етті делінген. 100 бетте «Байыз» - байыз таппады, дегбірі қашты, сабыры кетті деп түсіндірілген. Бұл сөздер кеше мен бүгін аспаннан түскен, ауып келген немесе жерден шыққан сөз емес, қазақтың атам заманнан бері қолданып келе жатқан сөздері. Осы пайыз сөзін жерден жеті қоян тапқандай 680 бетте мойныңды бұрылтпай процент, пайыз деп қосарландырып жазып, проценттің анықтамасын берген. Жазған автор емес, суық қолдың ісі екені көрініп тұр.

Н.Д. Оңбасыновтың түсіндірме сөздігінде: файдун,  пайыз – 1. тасып толу, кемерінен шығу, молшылық; 2. жомарттық, мырзалық, қолы ашықтық, игілік, қайырымдылық (құдайдан), ауыс, көркемдік, әсімділік.

«Жел дегенін тек бірақ,

Ойға – қырға шапқылап,

Пайыз таппас ауа ғой. (М. Әлімбаев)

Әділім айтсақ, осы кітап жарияланғаннан кейін Ермұқан Бекмақанұлы бір жыл ма, бір ай жазу столында пайыздап отырып, қалыпты жағдайда жұмыс істей алған жоқ.

(Медеу Сәрсеке. «Қаныш елі» кітабынан, 104-105 бб.)

Мәшһүр Жүсіп Көпеев шығармашылығында «Ышқышбап сапары» өлеңінде:

Қарайды базар барған қалтасына,

Сүйсінер тоғай барған балтасына.

Отырдық біраз кіріп пайыз алып,

Жар салған ишандардың алқасына (І т. 112 бет)

 

Пірлерден зат едіңіз тиген назар,

Тамаша жүрген жерің болған базар.

Қасиет ғаріпліктен пайыз тауып,

Табиб болдың дауасыз дертті жазар.

 

Бұйрықты тұз, несібе адамды айдар,

Барады күн-күн өтіп жыл мен айлар.

Табылар барсаң пайда іздегенмен,

Пайыз абад, патих абадтай шәріп жайлар.

(Мәшһүр Жүсіп ІІ том, 34 бет)

Мәшһүр Жүсіп (1858-1931) ерте туып, ерте өлсе де, Мұзафар Әлімбаев, Медеу Сәрсекелер тірі ғой. Солардың көзін бақырайтып қойып, ауыздарынан сөзін барымталап алып, саудаға саламыз ба? Ұят қой! Кәсіпке айналдырып, пайда табамыз ба?

Құрметті басшы, тіл мамандары, осы мен айтып отырған жайды елдің бәрі біледі, «айтып жаман атты» болғысы келмейді. «Айтқанмен тыңдап жатқан ешкім жоқ, күл болмасаң, бүл бол, өлмесең өрем қап!» - деп, теріс айналады.

Мен 86 жастамын. Өнерім тасып, филология ғылымынан кандидаттық қорғайын деп отырған жоқпын. Дұрыс түсініңіздер! Болашақ ұрпақты ақымақ қылып, алдаудың обалынан қорқамын, арымнан ұяламын. Ертең есейіп, ақыл тоқтатып, көздері жеткенде, бізді оқытқан ұстаздарымыз қандай қараңғы болған, өздері түк түсінбейтін надан болыпты ғой демесін дегендік.

Жас ұрпақтың обал-сауабы мұғалімдердің мойнындағы парыз. 43 жыл мұғалімдік өмірімнің 36 жылын мектеп директоры болып еңбек істегенде, барлық тілегіміз жасұрпақ тілеуіне ауысып кеті ғой. Сондықтан Сіздердің мазаларыңызды алғаныма кешірім сұраймын.

Зекебай Солтанбаев, Павлодар облысы, Баянауыл ауданы, Құндыкөл округі, Егіндібұлақ ауылы

Abai.kz 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2256
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3523