Сенбі, 20 Сәуір 2024
4908 0 пікір 9 Қаңтар, 2017 сағат 00:37

ТІРКЕУ ҚАЗАҚТЫ ТЕНТІРЕТЕТІН БОЛДЫ...

Бұлай демеске амал жоқ. Жаңа жылдан бастап қолданысқа енген заң нормалары халықты дүрбелеңге салып қойды. Үлкен қалаларға бір айдан астам уақытқа келген ел адамдары уақытша болса да тіркеуге тұруға тиіс екен де, егер тұрмаса қалтасынан 16 мыңнан астам теңгемен айыппұл төлейді екен.

Осы заңды қабылдар алдында заң шығарушы органдардың түбегейлі ойында не болғаны елге түсініксіз. Үлкен қалада біреуді тіркеуге алмақ түгілі өз үйлеріне өзі кіре алмай отырған үлескерлердің саны қаншама, айлап-жылдап тұрақты жұмыс таба алмай сандалып жүргендер қаншама, қаланың коммуналдық пәтерінен орын таба алмай саяжайларды, жертөлелерді паналаған адамдар қаншама... Одан өзге үй иелерінің көрінгенді тіркей беруге ықыласы жоқтығын неге ескермеген. Келген-кеткеннің бәрін тіркей беретін уақытты үй иелері қайдан таппақ, ал құжатты түгендеуде жүйкеге тиетін жаңдайлардың да болатыны жасырын емес. Осыларды ескерместен атүсті қабылдана салған жаңа заң нормасы патруль қызметкерлеріне жақсы майшелпек болғалы тұр.

Бұдан бұрын да көңілі соқса көшедегі халықтың құжатын тексеріп, тырнақ астынан кір іздейтін олар ендігі кезекте кімді де болса тоқсаусыз тергеуге алуға әзір. «Қашан келдіңіз? Не істеп жүрсіз? Қайда тұрасыз? Тіркеуде неге жоқсыз? Бар болса көрсетіңіз? Айыппұл саламыз» деп дігерлеп, халыққа тізесін батырады. Қарапайым халық бүгінгі таңда полицияны қорғаушым деп тани алмайды, киліге кеткен жерінен полициядан құтылуға асығып тұратыны ақиқат.  «Осы бәле бір жаласын жауып, мені қинағалы тұр-ау!» деген ой бірінші келеді. Сондықтан автоматты түрде пагондағы қызметкермен келісім тауып, аз-маз пара беріп қош айтысуға бейім. Елдің дәл осы әлсіз тұсын білген полиция қызметкерлері бұл жағдайды қара басын қамдауға өте жақсы пайдаланады.

Бәсенеден белгілі жұрттың бәрі заң нормаларын жақсы білетіндей сауатты емес, аңқау ел арамза молдаларға тағы да жем болғалы отырмыз. Халықтың қамын ойлағаннан емес қарынның жайын ойлап шығарған аталмыш заң нормасына үзілді-кесілді қарсымын.

Гүлжан Ізтай

Abai.kz

0 пікір