Жұма, 19 Сәуір 2024
Мәйекті 5900 0 пікір 20 Қаңтар, 2017 сағат 13:07

ҚЫЗЫЛЖАР ВОКЗАЛЫНДАҒЫ КРЕМЛЬДІҢ КӨЛЕҢКЕСІ

«Қазақстанның тәуелсіздік алғанына 25 жыл өтсе де, Петропавл темір жол бөлімшесі әлі күнге дейін Ресейге бағынады. Мұнда жұмыс уақыты да, пойыздардың жүру кестесі де Мәскеудің уақытымен есептеледі» деп хабарлады өткенде 31 арнаның Солтүстік Қазақстан облысындағы тілшісі. Расына, Қызылжардағы темір жол вокзалының "теріс қарап" тұрғаны көптен бері сөз болып жүрген. Бұл вокзалда жолаушылар тек Ресей рублімен билет сатып алып, Ресейдің заңы бойынша жүріп-тұратыны көптен бері айтылып келеді.

Вокзалдың алдында репортаж жасаған арна тілшісі: «Петропавл теміржол бекеті Мәскеу уақытымен жұмыс істейді. Ішкі заңдылықтары да Ресей тәртібіне бағынады. Билет құны басқа қалалармен салыстырғанда әлдеқайда қымбат. Валюта бағамына байланысты еңбек ететін адамдардың да жалақысы мың құбылады екен. Және мұнда Ресей темір жолының картасы ілулі тұр» дегенді айтты. Осыны ашық айтып көрсеткен тілші өкінішке қарай вокзалдың ішіне камерасын арқалап кіре алмайтындығын да мәлім етті. Неге? Өйткені, РФ тарапынан рұқсат жоқ. Ол үшін Ресейдің құзырлы орындарына хат жазып, мұрсат алуы керек.

Міне, осындай кеп. Мәселенің мән-жайын жадағайлап түсіндіруге тырысқан ҚР ИДМ Көлік комитеті төрағасының орынбасары ДМИТРИЙ ПОТЛОВ:

- 2009 жылы келісімге енгізілген өзгерістерге сәйкес Петропавл бөлімшесі түгел теміржол инфрақұрылымымен бірге Ресей теміржолының жеке меншігіне өтті. Сәйкесінше, Ресей аумағындағы Илецк және Шығыс темір жол станциялары Қазақстан теміржолының иелігінде. Екі жаққа да тиімді шешім болып қабылданған, - деді.

Потоловтың «Ильецк» деп отырғаны өзіміздің Орынбор өлкесіндегі – Елек. Елек өзені. Ақтөбеге таяу маңдағы шағын бекет. Оның облыс орталығы – Петропавл қаласындағы темір жол вокзалындай стратегиялық маңызы ерекше емес. Ал, Петропавл қаласындағы темір жол вокзалы ол – Қазақстанның Солтүстігіндегі жүк және жолаушылар тасымалын үздіксіз атқарып тұрған аса маңызды нысан. Украина сияқты елдің тәуелсіздігі мен қауіпсіздігіне кепілдік бере отырып, Украинадағы жікішіл, шовинист орыстардың қолтығына дым бүркіп, әскери қимылдарды қолға алған Ресейге осындай маңызды нысанды қаратып қойған қазақстандық биліктің қамсыздығына қайран қалмасқа амалың кем. Өйткені бұл станцияда қос азаматтығы бар адамдар жүр. Осы жайттың ашып айтқан ҚР Парламент Мәжілісі  IV шақырылымының депутаты Жарасбай Сүлейменов мырза:

- Осы арадан билет алсаңыз Астанаға, Алматыға. Ол билет Астана, Алматыда алған бағадан әлдеқайда қымбат. Ал пойыз Қазақстанның пойызы. Бізде қос елдің азаматтығын алған адамдар ұсталып жатыр. Міне, солардың көбі осы теміржол аумағында жүрген адамдар. Петропавл бөлімшесінде жұмыс істейтін адамдар. Сол жерде қызмет істегеннен кейін, еңбекақы алғаннан кейін солардың айтуынан шыға алмай, қос паспортты қалталарына салып жүр, - деді 31 арна тілшісіне.

Бізде «әуелі – экономика» дейтін қатаң қағида бар. Сол қағида бойынша  көлік комитетінің өкілдері  Керекудегі темір жол вокзалына қатысты мәселеде экономикалық тиімділік жағына баса мән отырған сияқты.  Петропавл станциясы арқылы өтетін пойыздардың 95 пайызы Ресейдің темір жол көлігі көрінеді. Солай екен деп стратегиялық нысанды көрші елдің жекеменшігіне беріп қоюға бола ма?  Поездардың жүру кестесін, сағат тілін, станция қызметкерлерін өзіне қаратып алған Кремльдің көлеңкесі Қызылжар вокзалының үстінде қоюланып тұр. Бұған бірақ қазақ билігі, тіиісті органдар жете мән берер емес. 

Шәріпхан Қайсар

Abai.kz  

0 пікір