Сенбі, 20 Сәуір 2024
4642 0 пікір 3 Ақпан, 2017 сағат 12:52

ЖОҒАРҒЫ СОТ ЖОЛДАУДЫ БЕЛСЕНДІ ІСКЕ АСЫРУҒА КІРІСТІ

Бүгін «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Мемлекет басшысының Жолдауын орындау шеңберіндегі судьялар корпусының алдына тұрған міндеттерді жүзеге асыру бойынша Жоғарғы Сот Төрағасы Қайрат Мәми жұмыс кеңесін өткізді.

Іс-шараға Жоғарғы Соттың алқа төрағалары, сондай-ақ Жоғарғы Сот жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті мен Сот төрелігі академиясының басшылығы қатысты.Кеңестің жұмысын аша келе, Қ.Мәми Жолдаудың және Мемлекет басшысы еліміздің ғаламдық бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін экономикалық өсімнің жаңа моделін құру міндетін қойғандығын атап өтті. «Сот жүйесі құқық үстемдігі мен баршаның заң алдындағы теңдігін қамтамасыз ете отырып, Жолдауды табысты іске асырудың маңызды буыны болып табылады. Біз осы ретте мұны қалай жүзеге асырып, қандай міндеттерді қай мерзімде шешетіндігімізді нақты анықтауымыз керек», - деді Жоғарғы Сот Төрағасы. Соттар сот жүйесіне тән бағыттар бойынша ғана емес, өз құзыреті шеңберінде де Жолдауда белгіленген еліміз үшін маңызды өзге де барлық басым бағыттарды іске асыруға белсене атсалысуы қажеттігі айрықша аталып өтілді. Бұл жеке меншікті қорғауға, шетелдік инвестицияларды тартуға, бұқаралық кәсіпкерлікті қолдауға, салық-бюджет саясатын жақсартуға, бюджетті оңтайлы қолдануға және т.б. қатысты мәселелер. Осы аталған мәселелер бойынша сот практикасы сарапталуы, заңнама қайта тексерістен өтуі және тиісті органдарға кешенді ұсыныстар әзірленуі тиіс.

Кеңес барысында Қ.Мәми бірінші кезекте тұрған міндеттерге назар аударды. Олардың қатарында жеке меншікті қорғауға, құқық үстемдігі мен баршаның заң алдындағы теңдігін қамтамасыз етуге бағытталған реформаларды жүргізу бойынша жұмыстар бар.

Жоғарғы Соттың алқаларына жеке меншікке қол сұғатын қылмыстық құқық бұзушылық санаттары бойынша сот практикасын талдау және осы құқық бұзушылықтарды жасаудың негізгі себептерін зерттеу тапсырылды.

Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының үздік тәжірибесі мен ұсынымдарын қолдануға айрықша мән беру қажет. Осы орайда Жоғарғы Сот әзірлеген Әкімшілік процестік кодекс (ӘПК) жобасы бойынша жұмысты күшейту тапсырылды. Атап айтқанда, Қазақстанға жақында келетін Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы сарапшыларының алдында ӘПК-ні таныстыруды ұйымдастыру тапсырылды.

Сонымен қатар, Қ.Мәми шетелдік инвесторлар үшін республикамыздың тартымдылығын арттыру жұмысын күшейту қажеттігіне айрықша мән берді. Мұнда инвестициялық даулар бойынша біркелкі сот практикасын қалыптастыру және тиісті заңнаманы жетілдіру жұмыстарын жалғастыру қажет.

Бизнес ортаны жақсарту және кеңейту үшін ағымдағы жылы Жоғарғы Соттың «Салық заңнамасын қолдану бойынша сот практикасы туралы» жаңа нормативтік қаулысын қабылдау тапсырылды.

Қаржылық секторды «қайта жүктеу» бөлігінде Жоғарғы Соттың бастамасымен әзірленіп, қазіргі таңда Парламентте қарауда жатқан коллекторлық қызмет мәселелері бойынша заң жобасының шеңберінде түзетулер қабылдау бойынша жұмысты жалғастыру тапсырылды. Атап айтқанда, әңгіме банктерге арнайы талап-арыздардың ескіру мерзіміне қатысты талаптарды қою турасында болып отыр.

Салық-бюджет саясатын жақсарту мақсатында мүліктік және көліктік салықтар бойынша салықтық қарыздарды өндіріп алу туралы дауларды соттан тыс шешу тәртібі бойынша құралдарды әзірлеу тапсырылды. Атап айтқанда, салық органдарының жоғарыда аталған мәселелер бойынша салық бұйрығын шығарып, ол өз кезегінде сот орындаушысына тікелей жолданатын практиканы пысықтау ұсынылды. Сонымен қатар, «Салық және бюджетке төленетін өзге де міндетті төлемдер мен кеден ісі туралы» және «Кейбір заңнамалық актілерге салық жинау және кеден ісі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларына Жоғарғы Соттың ұсынымдарын да әзірлеу қажет.

Жоғары білім жүйесінің сапасын арттыру міндеті бойынша Жоғарғы Сот Төрағасы Сот төрелігі академиясын дамыту қажеттігіне айрықша назар аударды. Ол Академия оқытудың жаңа әдістемесін енгізіп, магистранттар мен жұмыс істеп жүрген судьяларға тиісті білім беріп қана қоймай, олардың бойынша ақпаратты жүйелеу қабілетін арттырып, оларға қажетті кәсіби дағдыларды сіңіртуі қажеттігін атап өтті. Академияға жақын арада оқу орнын дамыту тұжырымдамасының жобасын әзірлеу жұмысын аяқтау тапсырылды.

Қ.Мәми әкімшілік және қылмыстық заңнаманы ізгілендіру мәселесіне назар аударды. Осыған байланысты, істердің кейбір санаттары бойынша айыппұл көлемін азайту мүмкіндігі мен оларды өтеудің қисынды мерзімін тағайындау мәселелерін зерделей отырып, айыппұл салу түрінде жаза тағайындау институтын кеңейту мәселесін пысықтау тапсырылды. «Бұл мәселе Құқықтық саясат кеңесінің 2017 жылға арналған жұмыс жоспарында тұр. Сот практикасын мұқият талдап, тиісті ұсыныстар енгізу қажет», - деді Жоғарғы Сот Төрағасы.

Қоғамдық қауіптілігі төмен экономикалық қылмыс құрамдарын қылмыссыздандыру туралы айта келе, Қ.Мәми «Осы тақырыпты Елбасы әр түрлі жиындарда үнемі айтып келеді, бұл мәселе оны айрықша мазалайтынын білдіреді», - деді. Осы орайда, салық саласындағы құқық бұзушылықтарға жаза тағайындау практикасын сараптау және оларды қылмыссыздандыру, салықтар мен айыппұлдарды ерікті түрде төлеген жағдайда қылмыстық жауаптылықты болдырмау бойынша ұсыныс енгізу тапсырылды. Сонымен қатар, жалған кәсіпкерлікпен байланысты қылмыстар бойынша Жоғарғы Соттың ұстанымын айқындау қажет.

Берілген барлық тапсырмалар бойынша оларды іске асыру жолдары айтылып, нақты орындаушылар мен мерзімдері анықталды.

«Қойылған барлық тапсырмаларды орындау жұмысы таяу мерзім ішінде жолға қойылуы және сіздердің ұдайы бақылауларыңызда болуы тиіс», - деді Қ.Мәми.

Abai.kz

 

0 пікір