Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
5867 0 пікір 5 Ақпан, 2017 сағат 22:54

ЕЛДІҢ – ЕЛШІСІ

Иманғали Тасмағмбетовтың  Ресей Федерациясына төтенше және өкілетті елші қызметіне аттануы баспасөз бен әлеуметтік желі лердің кешелі бергі тақырыбына айналды.  Тақырыпқа айналуының басты себебі – Тасмағамбетовтың аса танымалдылығында ғана емес, тағайындаудың тосындығында  болса керек. Рас, бұл ел іші, тіпті, биліктегі ақ жағалылардың ортасы күтпеген тағайындау болды. Өйткені, Сағынтаев Үкіметіндегі әлеуметтік мәселелермен шұғылданатын вице-премьердің атқаруға тиіс шаруасы шаш етектен-ді. Оның үстіне атқарушы биліктегі бұл сала көптен бері Тасмағамбетов сияқты іскер басшыны, іскер болғанда ел мүддесін көбірек ескеретін басшы-тұлғаны күтіп қалған-ды. Аталған салада қордаланған мәселенің  де ұшы-қиырына жету қиындап кеткен. Соның бірі, мысалы, ұлттық идеология жұмысы еді. Ұлттық идеология дегенді ұлттың мақсат-мұратын мансұқтау, қазақты қатардан қалдыра тұру деп түсінетін идеологтар «ит басына іркітті төгіп-ақ» келді. Көше тілімен айтқанда, картопты жарудай-ақ жарды. Соның бірі, мәселенки, «Ұлт бірлігі» доктринасы болса, бірі «үш тұғырлы тіл», «қазақ көшін тоқтату», «Оңтүстік Қазақстан облысында табиғи өсімді шектеу», қазақстандық БАҚ басшылығына ресейліктерді қонжиту, т.б. болып жалғасып кете береді. Міне, осының бәрін Сағынтаев пен Тасмағамбетов тандемі дұрыс жолға қояды, ретке келтіреді, тігісін жатқызады деп күтілді. Әрине, аталған жайттарды Бақытжан Әбдірұлы жайына қалдырып,  жайбарақат қарап отырады дей алмаймыз, бірақ, Премьер-министрге енді экс-вице-премьердің ақыл-кеңесі, ерік-жігері, шешімпаздығы жетпей тұратын болады.

Жә, делік. Ілкіден бері белгілі, біз секілді жазу-сызудың айналасындағы ағайын былай тұрыпты, қарапайым ел іші Президент Назарбаевтың Иманғали Нұрғалиұлын қайдағы қиынға салатынын жақсы біледі. Бұл ретте Тасмағамбетовты  Назарбаевтың  десанты дерсіз.

1999 - 2000 жылдары Тасмағамбетов  Атырау облысының басшысы қызметіне тағайындалды. Ол кезде Атырау қаласы – заманауи игілікттерден шет қалған, ескіріп-тозған, құлазыған шағын қалашық-тұғын. Қаланың сондағы келбетін көрген адам оны Қазақстандағы ең бай облыстың, Қазақстан экономикасына қан жүгіртіп тұрған облыстың орталығы деп әсте ойлай алмас еді. Имекең барды да алдымен қаланың тазалығын қолға алды. Бұрындары «Үйшік» деп аталған Атырау көшедегі үйінділерден арылып, ажарын ашты. Қандай алпауытпен болса да табандасып сөйлесе алатын Тасмағамбетов Атыраудағы кен орындарына тас кенедей жабысып, «қара алтынды» құлаш-құлаш құбырлармен қорқыратып сорып жатқан Батыстық инвесторларды иіп әкеліп облыстың әлеуметтік тұрмысын жақсартуға жұмылдырды. Қатарынан бірқанша меморандумдарға қол қойғызып, Қазақстан экономикасының алдындағы жауапкершілігін күшейтті. Осы және өзге де шаруаны пәрменді түрде қолға ала бастаған   іскер әкем тап сол кезде Елорадаға шұғыл шақырылды.

Тасмағамбетовтың таңдай қақтырған тағы бір қызметі Алматы қаласының әкімдігін басқарған жылдары болды. Бұнда да Имекең жұмысты қаланың тазалығынан бастады. Храпуновтың кезінде «Макар атайдың мал қорасына» ұқсап әбден ыбырсыған, сасыған, қолаңса иісі қолқаңды қабатын Алматы айналдырған бірер жылдың шегінде ілгерідегі «гүл қала, арман қала» қалпын қайта тапты. Жолайрықтары көптеп салынды. Көшелер көліктердің кептелісінен арыла бастады. Алматы жұрт қызығатын, туристер тамсанатын, ұлттық бояу нақышын әйгілей түскен, мәдениеті озық жандардың қаласы  болып қайтадан түлеп, қайтадан жайнап шыға келді. Сөйткенде... Шаңырақ, Бақай дауы тұтанды... «Сол дау қайдан шықты, неге солай болды?» деп  еркін бір сұхбаттың сәтінде сұрақ қойған осы жолдардың авторына біздің бүгінгі кейіпкеріміз: «Менің елге жаулық ойлау үш ұйықтасам түсіме кіре ме? Әлгі аудандарда жер асты газ құбыры өтіп жатқан нысандардың үстіне, топырағы бос, құламалы, сусымалы жерлерге үй салып алғандар бар. Сол адамдар тың жерге көшсін немесе әкімшілік ұсынған пәтерлерге барып орналассын дедік» деп жауап берді. Әзірге, Шаңырақ, Бақай дүрбелеңіне көпшілік Тасмағамбетовты кінәлі санайды. Өйткені  бұл да біздегі мемлекеттік құпиялардың бірі ретінде «құлпын ашып», құрық бойлатуға  болмайтын оқиға.  Сондықтан біз «үйлерді күреп тастауға сақадай-сайланып шыққан тракторлар, үй бұзғыштар –  Тасмағамбетовтың еркінен тыс күштерге ұқсайды» дейтін болжаммен ғана шектеле тұрамыз.

Алматыдан Астанаға ауысқан Иманғали Нұрғалиұлы «Сити-митидің» сиқымен күн кешкен, турасына көшсек, қай елдің қаласы екендігі белгісіз Елордаға ұлт рухын сіңіріп бақты. Қалаға қазақы келбет дарытты. Тасмағамбетовтың тұсында БАҚ-та жария болмағанымен статистикалық мәліметтерден көрініп қалған бір дерекке сүйенсек, Астана қаласында жергілікті ұлттың жан саны еселеп артты. Ол уақыт Қазақстан халқының саны "анықталмай" Ақ Орданы әуіреге салып жатқан кез. Естеріңізде шығар, 2009 жылғы санақтың қортындысы 2010 жылдың аяғында әрең жарияланып еді ғой. Неге десеңіз, билік қазақтың қарап жүрмей көбейіп кеткенінен шошынып, соны біреу-міреу естіп қоймасын деп қатты абыржып отырды. Сондай абыржулы тұста Тасмағамбетовтың Елордаға қазақты қапататып жібергені «сұмдық» іс еді. Оның үстіне кезекті қаржы дағдарысының қара құйыны соғып, Астанадағы құрылыс орындары қаңырап, керік мойын крандардың тұмсығы әуелеп қалған. Тасмағамбетов сол керік мойын крандарды жұмысқа салды. Қала тұрмысы өзінің құрылысқа бейім қалпына оралды. Сөйткенде қала әкімі бір күннің ішінде Қорғаныс саласына кетті...

Қорғаныс саласының тірлігін түзеп, Үкіметке, өзінің жаны сүйіп әрі құлшына істейтін шаруасына кіріскен Имекең ақырында РФ елшілігіне аттанды. Тағы да қиынға, қиянға кетті. Неге десеңіз, қазір Ресей жан-жағына қоқан-лоққы жасап, агрессиялық қимылдарға ойланбай баратын, мазасыз, тыншсыз, тиымсыз елге айналып барады. Украинадағы сепаратистерді қолдап соғыс ашып отыр. Қырымды тартып алды. Гүржі еліне тарпа бассалуға дайын. Кавказды уысынан шығармаудың бар әрекетіне дайын. Батыс елдерімен арасы суынып кетті. Ресей әскері  Сириядағы қан қасаптың ортасында жүр. Түркиямен де ілінісіп қалады. Ресей саясаткерлері қай-қашаннан бері қазақ жерін жырымдап әкетудің жоспарын айтып, сарнап отырады. Сол сарнауықтардың қатары кейінгі жылдары мүлде көбейіп барады. Көбейіп, өршеленіп барады. Сондай елге кәтепті қара нардай  Имекең үлкен миссиямен аттанды. «Елдестірмек – елшіден» деген дана бабаларымыз. «Елшілік қызмет аяқталған кезде соғыс басталады» дейді бүгінгі Батыс саясаткерлері. Біздің қазіргі жағдайымызда Ресеймен елдік, елшілік қарым-қатынастың қауіпсіз жағы қамтамасыз етіле тұруы тиіс. Қалғанын, кемелімізге келіп, кенереміз тасыған күндерде көре жатармыз...

Жасыратыны жоқ, Тасмағамбетовтың Ата заңымызға тағы да өзгеріс еніп, билік бөлінісі талқыға түскен алмағайып тұста Ресейге елшілік қызметке аттануы – елден аластатылуы деп жатқандар да бар. «Аластатылу»  - ауыр сөз. Сыпайылап айтсақ, Тасмағамбетовтың елден қол үзе тұруына, елден алшақ жүре тұруына Назарбаевты айналасындағы қаржылық топтар мен саяси күштер мәжбүр еткенге ұқсайды. Себебі, Тасмағамбетов – өте харизматикалық тұлға. Оның өткір сөзі,шалт қимылы, турашыл  іс-әрекеті бірден көзге түсіп  жатады. Сондықтан да билікте оның бақталастары мен бәсекелестері  аз болмаса керек. Өткенде мысалы жап-жас басымен Айсұлтан Рахатұлы Назарбаев жасы алпысты алған ағасын, қала берді атасының ең сенімді серігін – Тасмағамбетовты еш шімірікпестен «халық жауы» деп атады! Тағы бір «халық жауы» - Әділбек Жақсыбеков Президент әкімшілігін басқарып отыр. Бәлкім, осындай «халық жауларынан» арылу үшін де Айсұлтанның нағашы атасы Нұрсұлтан «өзінің өнімін» һәм сенімді серігін РФ-ға елші етіп жіберген шығар. Бұл – ел аузындағы сөздің бір парасы. Ал біз Иманғали Нұрғалиұлының елшілік қызметті де аброймен атқарарына бек сенімдіміз. Имекең елшілікте қарап отырмайды. Ол елде біздің ата тарихымыздың тасқа түскен ізі жатыр, құнды мұраларымыз жатыр, қара ормандай тұтасып отырған қазақ дейтін елі бар, ол қазақтың мұндағы бір адам бас көтеріп сұрамайтын тұрмыс-тіршілігі, тілі, мәдениеті бар. Оның сыртында біздің экономикалық мүддеміз бар. Еуразия экономикалық одағының шеңберінде неге қазақ кәсіпкерлері Ресей нарығына ұмтыламуы керек? Неге біз Кремльдің аузына қарап отырумыз керек? Қала берді «ақырып теңдік сұрайтын» бір адам неге шулаған  орыстың ортасында жүрмеуі керек?

... деп келгенде жоғарыда біз Тасмағамбетовтың РФ-ға төтенше және өкілетті елші болып тағайындалағыны баспасөз  бен әлеуметтік желілірдің кешелі бергі тақырыбына айналғанын жаздық. Сонымыз рас. Мысалы, abai.kz ақпараттық порталында жарияланған «Тасмағамбетов қызметінен кетті» атты мақалаға орай оқырман қауым төмендегідей пікір білдіріпті. Сол пікірлердің бір-екеуін жұрт назарына қайыра ұсынғанды жөн көрдік.

Дәурен Қуат

Abai.kz    

Қаймана қазақ:

Бүгінгі билік ішінде қазаққа жақыны Иманғали Тасмағамбетов еді. Халық арасында да оның беделі жоғары тұғын. Қандай істі қолға алса да тыңғылықты, жауапты. Өмірбаянына қарап отырсақ, әр түрлі лауазымды қызмет атқарған екен. Қазақ мәдениеті мен тарихын, тілін жетік білетін жан. Көп қазақтар Имекең сияқты адамдар тұрған кезде қазақ мүддесін қорғайтын билікте әйтеуір бір адам бар деп өздерін жұбататын. Ұлтқа тірек көретін. Енді кім қалды, ұлтқа бүйрегі бұратын, жаны ашитын? Бұл тағайындауды дипломатиялық саладан тәжірибе жинақтау (жалғыз осы салада ғана жұмыс жасамаған екен) деп оң қабылдауға да болар еді. Бірақ, елшілікке кеткен билік өкілінің жоғары сатыға қайта қайтып оралуы сирек. Халық екі ойлы боп қалды. Бұл қадам саяси бәсекелесін бейтараптандыру ма әлде уақытша үзіліс пе? Ауыр салмақты саяси тұлға боп саналатын Тасмағамбетовтың жұлдызы пәс түсе бастағаны дейді кей сарапшылар. Биліктегі болашақ өзгерістер тұрғысынан алсақ, Имекеңе орын жоқ еді. Оның фигурасына лайық қызмет табу да қиынның қиыны. Бірақ оның мемлекет пен қоғам үшін жасаған қызметін ешкім жоққа шығара алмайтыны анық. Рахметін айтып, үлкен орден не медаль беріп барып елшілікке шығарып салуға да болар еді. Енді ғана ұлт үшін жоспар жасап бір тірлікті бастайын деп тұрғанда ішкі саяси өмірден кетуі қазақтарға түсініксіз боп қалды. Бұл оның саяси ақыры, мансабының соңы, біткенінің белгісі ме әлде...? Батыс аймағының, кіші жүз қазақтарына да оңай тимесі анық. Үкілеп үміт артқан жалғыз тұлғасы еді. Мусин біржолата кетті. Енді тек ақтөбелік Тәжин қалды, бірақ оның қаншалықты тайпаластары мен жерлестеріне бүйрегі бұратыны белгісіз. Қазақшылығы шамалы дейді білетіндер. Көбі оны техникалық фигураға бағалайды. Жұмыс атқаруға ғана лайық, дербес әрекетке баруға қабілетісіз кабинеттік шенеунік деп. Ал Тасмағамбетовтің салмағы мен беделін халық жоғары бағалайтынын ел аузындағы әңгімелерден жиі еститінбіз. Қазақтарды тыныштандыру үшін Көшербаевты жоғары билікке алып келу керек. Қазақшаға жүйрік шенеунік. Шүкеевтің де саудасы бітті деп естідік. Атыраулық философ досым қазақтар бүгін жетім қалды, кілең ұлтқа өгей басшылар ғана қалды ғой деп пікірін білдіріп жатыр. Қазақтар желтоқсандағыдай саяси ұстанымын білдіре ала ма дейді. Бұл екі дүние дедім, онда билікке өзге ұлт өкілін әкелді. Қазір Ақорда да отырғандар кілең қазақтар десем, олардың қазақ деген аты ғана, ұлттық ұстанымнан жұрдай, салмақтары жоқ пешкалар ғой дейді. Не айтарымды білмедім. Бұл қадамның сырын политологтар, сарапшылар түсіндіріп берер. Жай халық әзірге ұқпады.

 

Бекжан:

Бірінші орынбасары Тасмагамбетовтың беделі премер-министр Сағынтаевтың еркін жұмыс жасауына қолайсыздық тудырған болуы мүмкін. Сосын Ұлттық Банк төрғасының  да қысымға ұшырып отырғаны айтылды. Қазком мен Халық банк қосылу жолында, осылай ету Ұлттық Банк жобасы екені түсінікті. Қазком банк иесі Тасмағамбетовтың туған күйеубаласы екенін ескерсек, Акишев қысымды сол жақтан көргенге ұқсайды. Халық Банк болса Дариға жағыныңкі және Айсұлтанның Тасмағамбетоав жайлы айтқандары сол екі банктің қосылуын жақтағаны деп білемін. Осындай бірнеше себептермен Тасмағамбетов ыңғайсыз жағдайда қалды және өзі де уақытша Ресейге елші бола тұруды жөн көрген болар.  

Қарындас:

Имаш аға, қайда жүрсеңде тек аман болшы, қалың қазаққа үлкен тіреусің, уайымдап түн ұйқымыз төрт бөлінді...Сол жоғарыдағы қарапайым қазақтың өз елшісі(посол) Сіз едіңіз! Басыңызға амандық, мықты денсаулық тілеміз!

0 пікір