Жұма, 19 Сәуір 2024
Қоғам 4838 0 пікір 5 Ақпан, 2017 сағат 23:49

ЖЕЗЕКШӨЛЕР ҮЙІ ҺӘМ ПРОКУРОРДЫҢ НАМЫСЫ


Осыған дейін Abai.kz ақпараттық порталында «Мешіттің жанындағы жезөкшелер үйін прокурор «крышевать» етеді» деген мақала жарияланған болатын. Артынша осы мақаланың авторы Тұрар Шапқара аталған жын-ойнақ ордасының жабылғанын сүйіншілеп, тағы да мақала жазды. Енді жергілікті құзіретті органдар сол авторды «прокурарды негізсіз айыптады» деп сотқа беріп жатқан көрінеді. Әрине, біз Атыраудан алыста болсақ та «Жезөкшелер үйінің жабылуына» себепкер болдық. Енді істің барысы қалай өрбитінін бақылап отырмақшымыз. Автор "қолмен ұстап, көзбен көрмеген" кейбір жайларды логикаға сүйеніп, эмоциямен жариялап жіберген де болуы мүмкін. Сондықтан да тізгінді тең тарту үшін қарсы тараптың айтары болса, оны да жариялайтынымызды ескертеміз. 

Abai.kz ақпараттық порталы  

Атырау облысы Жылой ауданы Құлсары қаласындағы орталық көше бойына орналасқан «Айбек» жезөкшелер үйі 2017 ші жыл, қаңтардың 9-шы жұлдызында жабылған еді. Қорғаушысы мықты бұл «жаман үйді» жабылады деп ешкім ойламаған. «Жаман үйдің» жабылғаны Жылой халқына үлкен қуаныш сыйлады. Сүйінші хабарларды «Ватцап» байғұс қуана-қуана кеңінен таратты.

Жастар – жақсылық жаршысы! Халықта сенім пайда болды. Жастар жағы осындай пайдалы әрі сауапты іске белсене кірісіп, құлшына жұмыс жасай бастады. Оның жабылуына бірден-бір себепші болған нәрсе – ол «Abai.kz» сайтына жарияланған мақалам болатын. Мақаланы оқысымен ішкі істер бөлімі қызметкері Айбек жүгіріп келіп анасына көрсеткен. Қаһарға мінген анасы дереу «жаман үйден» жезөкшелерді тай-тұяғымен тырқыратып қуып шыққан. Жезөкшелерді түгел қуып шығып, екінші қабатта орналасқан «жаман үйді» түп-тамырымен басыбайлы жауып, маған келді. «Менің балам Баубек (Атырау облысы Индер ауданының прокуроры) ешуақытта жезөкшелерден ақша алмаған» деп маған мұңын шақты. Қай адам өз туған анасына: «Анашым, мен жезөкшелерден қомақты ақша жасап отырмын» деп айтады? Әрине, қай жерде де, қашанда, шеше байғұс баласын жамандыққа қия ма? Қазір адам баласы параны қалай алып, қалай беруді шебер меңгерді емес пе? Бірақ, Баубек есімді прокурордың осы уақытқа дейін жезөкшелерден ақша жасап  келгенін Жылой халқы анық біледі. Баубектің қорғаушы ретінде жезөкшелерден ақша алып отырғанын Құлсарыда (еркектерден) екінің-бірі білді. Оны ішкі істер бөлімі қызметкерлері де мойындаған. Зинақорлар да, араққа мас болып қалған жезөкшелердің өздері де «крыша железный» деген сөзді мықты сеніммен айтып жүрген. Жезөкшелер ай сайын «тыныштық салығын» жинап жеңгетайына тапсырып, жеңгетайы ретін тауып белгіленген есепшотқа аударып отырған. «Ел құлағы – елу, жел болмай – шөптің басы қимылдамайды, отыз тістен шыққан сөз – отыз рулы елге тарайды, халық айтса – қалт айтпайды» деген мақалдарды атам қазақ текке айтып па?

Осы «жаман үйді» жабамыз дегенде көпшіліктің пікірі мен көзқарасы мынандай болған: «Біріншіден оны жабу қиын. Себебі, оны қорғап отырған анау-мынау емес, прокурор! Екіншіден, прокурор ол жерден қомақты қаржы түсіріп отыр. Ал біреудің бизнесін жабу олардың ашуын туғызады. Қанша дегенмен де шені бар лауазымдылар ғой, керек кезде өздеріне керек заңдарды ұршықша үйіріп сенің жоныңа таспа тіледі. Көзіңді құртып түрмеде шірітеді. Сондықтан да, оны жабуға сенім аз». Көрдіңдер ме? Бұл қара халықтың лауазымдыларға деген көзқарасы еді. «Жаман үйдің» жабылғанына қуанып, мен Баубек пен Айбектің аналарына «Алла разы болсын!» айттым. Және де сол істі (екінші тілге тиек етпейтіндей) дәл сол жерде қалдырып жаба салдым. Қаңтардың 30-ы, дүйсенбі күні сағат 10-11 лер шамасында итті абалатып үйге бір бейтаныс жігіт келді. Алдын ала ескерту, шақыру қағазы жоқ, құжатын көрсеткен жоқ. Сұрауым бойынша, айтуынша, Эзб-дан, облыс прокурорының аға көмекшісі екен. Мақсаты – «Abai.kz» сайтына шыққан мақала төңірегінде. «Түстен кейін прокурортура кеңсесінде кездесерміз» дедім. Шаруасы шұғыл болып, шамасы Атыраудан таң атпай шығып келген. Түстен кейін кездестік. Мен тергеу деп түсіндім, себебі, сұрақ басталды.

- Сен мақалаңның мына бір жерінде: «прокурор Баубек жезөкшелерден қомақты қаржы алған» деп жазыпсың. Көзіңмен көрдің бе, ұстадың ба? Қандай дәлелің бар? - деді.

- Халық, ел, жезөкшелер, оперлардың өздері айтып отыр. Дәлел жоқ деп халық пікірі мен көзқарастары жоққа шығарылмайды!

- Кім оперлар, аты-жөндері.

- Атын айтудан бас тартам. Себебі, олар атын айтпауды өтінген. Мен айтпауға ант еттім. Баубек арыз түсірді ме? Мақалаға бола неге сонша тергеп кеттіңдер? Мақалада ішкі істер бөлімі орынбасары туралы да айтылған еді ғой.

- Ол жерімен ішкі істер бөлімі шұғылданады. Мен прокуратураға қатысты жерін ғана тергеуге тиістімін. (Менің бір мақаламды құзырлы орындар бөліп-бөліп алып өздерінше сілкілей берсе менің нем қалады сонда?) Бұл жерде сөз – прокурорлардың арына тиіп кетіп отыр. Егер пара алғаны рас болса, шара қолданып дегендей.... Сол туралы түсініктеме жазып берсең - деді.

-  Прокурорлар тек қана өздерінің арына тигенде ғана ыршып түседі екен ғой. Ал халықтың ары мен намысы қайда? Халықтың ашу-ызасы қайда? «Құлсарыда жезөкшелер үйі бар» деген атақ Жылой ауданының беделін көтеріп пе? Біздің арымыз бен намысымызға тиген жоқ па? «Қазақтың қыздары жезөкше, еркектері зинақор» деген атақ қазақтың абыройын көтерді ме? Сол атақтан қазақ марқайып жүрді ме? «Жезөкшелер үйін прокурор крышевать етеді» деген атақ  прокурорлардың абыройын асқақтатты ма? Сөздің шынында, жезөкшелер үйі жабылғасын жезөкшелер тентіреп кетті. Неге? Себебі, «крышасыз» қалды. Ал оларға біреу тегін «крышевать ете ме? Осының өзі – еш дәлел келтірмей-ақ, еш көрмей-ақ, осы уақытқа дейін Баубектің жезөкшелерден қомақты қаржы алып келгенін растайтын, айқындайтын дәлел!

Мен мақала жазардың алдында қанша шырылдадым, бармаған жерім қалмады. ҰҚК-не айтылды, ішкі істер бөліміне айтылды, Жылой ауданы әкімі мен Атырау облысы әкімі Нұрлан Ноғаевқа айтылды, жою туралы тапсырма да берілді. Құлақ асып әрекет қылатын болсаңдар қайда қалдыңдар? А, Баубек ҚР азаматы болғаны себепті мақала оның ар-ожданына тиген екен ғой. Ал прокурор шенімен жезөкшелер үйін қорғап Жылой халқын абыройсыздыққа ұшыратқаны үшін оның жазасы қандай екен?

Мақала әбден сайтқа шыққаннан кейін барып бет моншақтары үзіле қалыпты. Арғы жағы, «егер дәлелің болмаса сен заң алдында жауап бересің» дегендей көрінді маған. Пара алғанын көзіңмен көрмедің деген сөз – ол жезөкшелерден ешуақытта ақша алып көрген емес» дегенді білдірмейді. Түсініктеме жазып бердім. Және де бұл істерінің маған ұнамағанын, ортада болған диалогты жарыққа шығаратынымды ескерттім. Себебі, мені бүйтіп тергейтіндей мен Баубекті қандай да бір заң орнына берген жоқпын ғой. Көп кешікпей  ақпанның 3-і күні Жылой ауданы сотынан хабар келді. Сенің үстіңнен прокурор Баубек арыз түсірді деп. Нағыз кикілжің енді басталды, мен қарап қалмаспын, қызық алда екен. Өз прокурорларын қарабет қылып басын жерге тыққан, абыройын түсіріп ұятқа қалдырған Баубек сияқты азаматты қызметінен босатып, түбегейлі шенінен айырып, енді өмір бойы мұндай салада қызмет атқармайтындай етіп шешім шығару керек. Теңіз кенішіне жұмысқа тығып қойған 10 шақты «Шахман» атты ауыр жүк көліктерінен түсіп отырған қаржылар оған өмір бойына жетеді. Бұттан ақша жасамай-ақ қойсын.  Мен ҚР Бас прокуроры Жақып Асановқа және ҚР Жоғарғы сотына Жылой халқы атынан шағым жолдаймын!

Тұрар Шапқара

Abai.kz

0 пікір