Сенбі, 20 Сәуір 2024
Қоғам 7114 0 пікір 14 Ақпан, 2017 сағат 11:17

«БОЛАШАҚТЫҢ» БОЛАШАҒЫНАН ҚОРҚАМЫН

           

Жақында БАҚ -беттерінен: «2016 жылы Ұлыбританияның «EF Education First» компаниясының зерттеуі бойынша ағылшын тілін үйренуден Қазақстан 54-ші орында, нашар меңгереді-мыс» дегенді оқыдым да е, е мұны үлкен кемшілік санап, намыстанып біздің биліктегі орысша оқыған, тоқығандар мен қазақша шаласауаттылар жанталасып балабақшаға дейін енгізіп жатқаны, білімсіздігі екенін түсіндім.

Өткен ғасырдың сексенінші жылдары сол кездегі қазақ жастарының көбісіне «ұлы отанымыздың  жүрегі» Мәскеуде оқу, арман болатын. Қолы жеткендер оқып жатты... Мен де солардың бірі болып Мәскеудегі Тимирязев атындағы ауыл шаруашылық академиясына түстім. Сабақтан үлгере алмағандықтан емес, бұзақылықтан шығып қалдым. Агрономия бөлімінде оқып жүргенде  ұққаным, қай сабақ болмасын оқитынымыз тек Ресейге қатысты материал болды. Жердің құнары, шөбі, жемі, мал тұқымы, климаты, жан-жануары мүлдем басқаша. Жан-жануарлары басқаша ортада өмір сүргендіктен оларға қатысты емдері де аурулары да өзгеше болатынын ұқтым. Бір демалыста ауылға келіп қойшы ауылға барғанымда Ресейден алған білімімнің бір тиындық құны жоқ екенін түсіндім. Маған қарағанда ауылдағы малшы мен қойшы менің қасымда білім жөнінен академик дәрежесінде білетінін сезінгенде ұялдым. Сондықтан «Болашақпен» шетелде оқыған, оқып жүрген студенттердің техникалық білім алып жүргендерінен басқалары Қазақстан үшін білімсіз. Бұрынғы мәжіліс депутаты М.Тінікеевтің «болашақтың» бітіріп келген балалары ағылшын тілінен сауатсыз екенін мәлімдеген болатын. Иә, өзіміз қазақ тілінде оқып, қазақша өсіп, өмір бойы қазақша оқып жүрсек те қазақ тілін жетік білмейміз. Ал, олар бес жылда тіл үйрене ме, білім ала ма, әрине шаласауатты болатын жөні бар. Оның үстіне орысша оқыған, бай-бағландар мен шенеуніктің балаларына мектепте өтірік бес қойылады. Не қазақшадан мақұрым, орысшадан шала білімі бар, олардың болашағынан үміт не қайыр? Олар туралы қайбір жылы ол кезде ҚР сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов: «Егер Қазақстанда тек қана қазақ тілі мемлекеттік тіл болып қалатын болса, біз Қазақстанға бармаймыз» деп жатыр деп министр байбалам салмаған болар еді. Сонда жағамызды ұстап; «Шетелге оқуға кімдерді жібергенбіз. Ата-бабамыз күндіз-түні қан кешіп, жан беріп осындай алып даланы оның асты-үсті толған байлықты, тілі мен дінін ұрпағына аманат етіп мыналарға қалдырған ба деп түңілдік. Бұл күдігіміз расталып, «Болашақтың» майда шабақтарын былай қойып кит, акулалары өз елін тонап, парақорлық, жемқорлықпен торға түсіп қамалып жатыр. Кезінде білім министрі болған Ш.Беркімбаева  ханым: «Орыс тілінде білім алып, тәрбиеленген  қазақ балаларынан қазақ мемлекетінің қамын ойлайтын қайраткер шықпайды» дегені дәл келді. Халқының тілін, дінін, ұлттық қасиетін аяққа басқандар бәрібір түбінде оңбайтынына көзіміз жетіп отыр. 1994 жылы «Казакстанская правда» газетінде Қазақстанның Суханбердин, Б. Абилов, Н. Смағұлов, Қ. Есенберлин, Р. Баталов сынды өз ұлтынан жерінген 150 байшыкештер басқа елдерше айтқанда «сатқындар» бізше патриоттар;  

- Жерді жекеменшікке сату,

- Орыс тіліне мемлекеттік мәртебесін беру; Төлқұжаттағы «қазақ» деген сөзді жойып «қазақстандық» деп жазу дегенді талап етіп президентке үндеу хат жариялады. Бұлары бос кетпеді 1995 жылғы ата заңға қазақ халқы деген жойылып орнына «біз Қазақстан халқы» деп жазуға мұрындық болды. Өзге 9лттар сұраса бөтен дер едік. Қазақ мемлекетін жою үшін қазақтың балалары сұрап жатқаны сүйекке таңба екен. Бәрі қазақтың балалары бола тұра, тілді, дінді, ұлтты, кеше жер тағдыры сынға түскенде қайсысы кәне араша түсіп жазаланды. Нағыз білімді адам елі үшін отқа түспесе оның несі білімді. Назарбаев мектебін бітіргендерден де ұлттық буржуаздар шыға қоймайды. Бұл олардың кінәсі емес. Бұл биліктің қателігі. Қазақ тілі үстемдік етпеген, ұлттық педагогика оқытылмаған мектепте қаншама талантты болып оқыса да басына іс түскенде елін сатып, керек десеңіз елін тонап кете алады. Өйткені олардың бойында ұлтшылдық жоқ . Ұлтын сүйген оқушы ғана елін сүйе алады. Бұл жазылымаған заңдылық.

Қазіргі ағылшын тілі халықаралық жәй қарым-қатынас тіліне айналып, білім, ғылым, жаңа технология тілі болудан қалғанына ғасыр болып қалды. Біз сияқты экономикасы мешеу, елін жемқорлық пен жағымпаздық жайлаған елді алдап, «ағылшын тілі - әлем тілі» деп ақша табатын алаяқтардың құрық жетпес залымдығы. Өткен ғасырдың басында жаңа техникалар ойлап тапқандары рас. Одан кейінгі тағдыры сол баяғы дақпыртпен келе жатыр. Өйткені қазір «ағылшын тілі арқылы әлемдік озық білім , ғылымға, жаңа технология прогрессіне жетеміз» деп 25 мемлекет ағылшын тілін мемлекет тілі етіп алса да міне елу жылдан асып кетті озбақ түгілі ұлтын жойып білімсіз, мәдениетсіз болып азғындап барады. Соның бірі Индия. Ал, өз тілінде оқып, білім алып, жаңа технологияны дамытып жатқан Жапония, Қытай, Оңтүстік Корея мен Шығыс Азия елдерінен ағылшын тілді мемлекеттер шаңында қалды. Негізі кешегі кеңес одағында коммунист болған, биліктегілерден гөрі бүгінгі биліктегілер мен елін сатқан байшыкештердің ұл-қыздары шетелде оқып парақор, жемқор болғаны болашақ ел үшін өте қауіпті. Болашақ бағдарламасымен керемет білім алып ең болмағанда Қазақстанға келіп біреуі болса да цех ашып технология әкеліп ең болмағанда шұлық шығаратын цех ашқаны бар ма. Біздің студенттер негізінен шетелдің университеттеріне білім мен ғылым іздеп емес, диплом, сертификат алуға, сол дипломның, танысының күшімен билікке тұруды, қарақан басын байытуды көздейді. Ұлтын ойласа неге ең болмағанда біреуі жемқорлыққа қарсы ұйым ашып , белсенділік көрсетіп білімділігін көрсетпейді. Ешқашан бөтен ел екінші бір елдің балаларын білімді, мәдениетті етпейді. Керісінше жемқор, ұлтына қарсы етіп тәрбиелеп өз елін менсінбейтін етіп оқытады. Олар ақымақ емес қой жақсы оқытып таза ілім берсе ол өз елін көтеріп оқыған еліне бәсеке, бақталастық тудырып озып кетпесін деген мемлекеттік бақай есеп тұрады. Ағылшын тілін меңгеруден Нидерландия бірінші орын, сосын Дания, Швеция, Норвегия елдері орналасыпты. Осы елдерге барып өз тілін, ұлттық салт -дәстүрін, әдет- ғұрпын мақтаныш етіп, ұстанып өзгелерге үйретіп жүрген бір жергілікті ұлтты тауып бере алмайсыз. Керісінше қырық пайызға дейінгі жергілікті ұлттың азғындағанын еркек пен еркек, әйел мен әйел үйленіп, елу пайыз әйел байсыз бала табатынын, жергілікті ұлт жылдан жылға мыңдап азайып, орнына келімсектер жайлап бара жатқанын дәлелдеп беремін.Тарихта Еуропаны мыңдаған жылдар уысында ұстап дірілдеткен осылардың ата-бабасы Викингтер ұрпағы әдірам қалды. Ағылшын тілі арқылы жеткен жетістігі кәне. Қазағыма айтарым ешқашан ағылшын тілін меңгеріп компьютер, техника, ұялы телефон ойлап таба алмайсыз, басқалар да таппаған. Шетелге ең қымбаты  АҚШ-15 млн, ең арзаны Қытай 1,6 млн теңгеге магистратураға оқытады екенбіз. Қане ғалымдарымыз он бес жыл өтті. Қорытынды не болды? Болашақпен ең көп баратын АҚШ пен Англияға мамандық «мемлекеттік қызметкер» екен ұсталып жатқандар да осылар емес пе. АҚШ пен Еуропаға миллиондар төлеп не үшін оқытамыз. Оларда білім керемет болса, неліктен өздері Азия елдерінен «миларды» талантты, дарынды ғалымдарды, студенттерді миллиондаған ақша төлеп өздеріне шақырып жағдай жасап, пайдаланады? Сенатор Б. Әйтғмова ханым былай депті: «Біз барлығымыз мемлекеттік қызметте жоғары лауазымдарға жете алмаймыз. Мысалы, мен бүгін-ертең өз орнымды ешкімге бере қоймаймын. Сондықтан мен секілділер елде өте көп. «Кенет бізге екі үміткер келді делік. Оның бірі – «болашақтық», екіншісі қарапайым маман. Әрине біз «болашақтық» маманды таңдаймыз- дейді. Иә, біріншіден оларға орын бермейді. Екіншіден, орын тигенше оқығандары миларынан шығып кетеді. Берсе де, олардан Назарбаев мектебін, университетін, ұлттық, жекеменшік ЖОО бітіргендер білімсіз бе? Болашаққа сонша ақша төлеп әуре болмай ақ, өзімізде оқыса, бәрібір Назарбаев мектептерінде де ұлттық педагогика оқытылмайды, ағылшынша оқытатын, қазақша сөйлемейтіндерді өзімізде де өсіріп оқытып жатырмыз. Шетелде бес жыл ағылшын тілінде шала білім алып келгендермен жиырма жылдан бері Қазақстанның барлық оқу орындарында ағылшын тілі мамандығына оқығандардың білімін ойласам қорқып кетемін. Бұлардың екеуі де қаптаған жұмыссыздар. Олардың білетін ағылшын тілі тұрмыстық деңгейде ғана маймылдарға да үйретуге болады. Ағылшын тілінде өз пәнін үшке білетін адам қалай баланы ғылымға , жаңа технология ойлап табуға жететін білімін беске бере алады. Осы жұмыссыздар армиясына жұмыс тауып беру үшін болашақ ұрпақты құрбандыққа шалып отырмыз. Олар біздің ертеңіміз емес пе? Болашақпен оқып келгендерде мектепте физика, химия, матемаика пәнінен білім бере алмайды. Оны беру үшін ол ағылшындардың ортасында туылып, мектеп , жоғарғы оқу орнын, физика пәнінен ағылшын тілінде бітіру керек сонда ғана ол пән мұғалімі бола алады. Біздің білім министрлігі ағылшын тілі түгілі ағылшын көрмеген қазақ не орыс тілінде білім алған жандардан пән мұғалімі жасамақшы. Осыған орай былтырғы Премьер-министрдің орынбасары Дариға Назарбаеваның 2018-2019 оқу жылында 9-10 сыныпқа дейін оқыған мектеп түлектері ағылшын тілді болады деген сөзі сандырақ. Өйткені 25 жылда мемлекеттік тілді үйрете алмай отырмыз. Ең алдымен оның материалдық базасы мен ағылшын тіліндегі методиканы жергілікті жерге бейімдеуге, оқу-методикалық әдістеме құралдарын жасап шығаруға экономиканың қазіргі дағдарысы мүмкіндік бермейді. Дания, Швеция, Норвегия басшылары ағылшын тілін зорлықпен кіргізгендіктен білім барынша төмендеген. Басында өз тілінде оқығандар  ағылшын тілін меңгере алмай қазір жиырма пайыз оқушылар сабаққа бармай көшеде қаңғып жүреді. Ешкім оларға ұрса да алмайды. Сабаққа неге бармадың -деп ата -ана болсын, мектеп мұғалімдері аузын аша алмайды. Өйткені «бала құқығы» деген заң оған жол бермейді. Бұл осы ұлттарды жою үшін сырттан танылған ұлтты ірітуші қасірет заңы. Сондықтан табиғатынан сантехник, слесарь, ұста, құрылысшы, малшы, шопыр, қарапайым жұмысшы болатын жастарға ағылшын тілінің не қажеті бар? Оқушылардың математика, физика пәндерін ағылшын тілінде оқып, түсіне алмауының салдарынан 6-7-8 сыныптан мектепті тастап кетуіне бұзақы, нашақор, жезөкшелік, ұрлық -қарлықты күшейтеді де ел қазіргі еуропа елдері сияқты азғындыққа ұшырап ыдырайды.  

Көп тіл білгеннің зияны жоқ, білімді боласың деген теріс ұғымды ағылшындар күнде миымызға сіңіріп келеді. Бірақ өздері ағылышыннан басқа бірде бір тіл үйренбейді. Қазақтарды ақымақ қылып өз тілідерін ғана әлемге жайып, басқа тілдерді жою үшін, бар ақшаларында қаражатын да аямайды.

Алғашқыда жапондар да «біздің түбімізге жеткен жапондық – тіліміз, діліміз» деп «жапон тілін тастап, жеңген елдің тілі – ағылшын тіліне көшейік» дегенге дейін барды. Үкімет комиссиясы құрылып, мәселе жан-жақты зерттеліп, «жапон тілінен бас тартудың қажеті жоқ. Білім-ғылым, техника, технология жетістіктерін қай тілде шықса да, жапон тіліне аударып, игеру керек» деген тұжырым жасалды. Бұлай ұлтын сүю қағидасы жапондарды қазір жаңа технология, білім, ғылым, мәдениттен әлем алдына шығарды. Қазақ балаларының білім, ғылымы, тәрбиесі, мәдениеті керек емес деп келгеннен қызыл көзденген ҚР Білім және ғылым министрі  Ерлан Сағадиев блогерлермен кездесуде; бірінші бағытты қазақ тілі мемлекеттік тілді тез меңгертудің әдістемесін жасаймыз. Осы мақсатқа ғылым бағдарламасының маңызды бөлімі ретінде тиісті қаржы бөлу көзделіп отыр. Бұл – өте маңызды мәселе дегені – сандырақ, өтірік. Ешқашан бұлай істемейді де. Өйткені қазіргі бағдарламаларының бәрі тек ағылышын тілі. Аталған бағдарламаның негізгі мақсаты – Президент ұсынған “Мәңгілік ел” идеясын орындауға бастайтын, оған негіз қалайтын платформа жасау. Өйткені, “Мәңгілік ел” білімі заман талабына сай, әлемдегі ғылым мен техниканың, жалпы әлем өркениетінің жаңалығын еркін біліп, еркін игере алатын Қазақстанның мәңгілік қоғамын құруға арналған. Сағадиевтің іс- әрекеті мемлекетке ие қазақ халқының тілсіз, ділсіз, ұлттың мәдениеті, тарихынсыз мәңгілік ел жасамақшы. Өзге бір елдің тілінде мәңгілк ел болады деген не ақымақтық. Италияндықтар, гректер, испандықтар, армяндар, грузиндер, үш мыңжылдық тілімен әлі келеді. Еврейлер екі мың жыл бұрын жоғалған тілін қайта тірілтіп, білім, ғылым тіліне айналдырды. Неге олар ағылшын тіліне көшпейді, Олардың дамығысы келмейді ме, сонда. Қазақ тілін жөндеп сөйлей алмайтын бірінші сынып оқушысына ағылшын тілін, билік өз қолына алып, зорлап оқыту тәсіліне көшті. Бір сыныпта 25 бала болса, оның ары кеткенде бесеуі ғана тұрмыстық ағылшын тілін меңгеруі мүмкін, қалған жиырмасы бағасын алып, сыныптан сыныпқа көшіп жүре береді. Сонда бес бала үшін есепсіз шығын шығарып, қанша баланы қорлап оқытамыз. Бұл қаладағы жағдай. Ал, ауылда нағыз топастық басталады. Өйткені ауылда ағылшын тілін қолданып, меңгеретін орта жоқ. Бүгін жаттағаныңды сабақтан шығысымен ұмытып қалады. Орыс мектебінде орыстар, қазақ мектебінде қазақтар өз тілдерінде оқып-ақ биология, физика, химияны меңгере алмай жатқанда ағылшын не далбаса.Үш тілден не қазақша, не орысша, не ағылшынша білім ала алмай білімсіз ұрпақ қалыптасатын болады. Оның үстіне, ағылшын тілінде де елінде де ғылым дамып жатқан жоқ. Әсіресе, соңғы 50 жыл көлемінде Шығыс Азия «жолбарыстарының» технология мен білім - ғылымды дамытқан жетістіктерін, ойлап тапқан роботтарын, ағылшын тіліне аударып басқа мемлекеттерге сатып, таратып отыр. Әлемдік білім-ғылымда ағылшын тілі тек аударма рөлін ғана атқарып отыр. Бізге де тәуелсіздік алғалы жаңа технология орыстан шықпаса да орысшаға аударылып орыстікі сияқты келіп жатыр емес пе, ағылшын тілінің қауқары да сондай.Тек әлемдік көлемінде.     Қазақ тілі экономика мен техника тіліне айналмай, өмір сүрмейді, сол үшін ІТ саласындағы, экономика саласындағы оқулықтар қазақшаға аудармай қалай дамытады? Ал қазіргі биліктің мақсаты «бұл салалар толық ағылшын тіліне тезірек көшуі керек» деп жанталасып жатыр. Осы ма Сағадиевтің қазақ тілін дамытқаны. Жапондар, кәрістер, финдер ойлап тапқан жаңа технологияларын әлемге сату үшін ағылшын тіліне аударады. Сонда ағылшын тілі олар үшін аударма, сату тілі ғана білім, ғылым тілі емес.Сонда министр нені көксеп жүр?. Мысалы, жапон өз тілінде шығарған роботының теориясын жапоннан ағылшын тіліне, орыстар ағылшыннан орыс тіліне, қазақтар орысшадан қазақ тіліне аударады. Сонда робот техникасы туралы білімнен не қалды дейсің әйтеуір аты бар заты жоқ быламық - батпақ білім болып шығады. Өйткені әр ұлт бар нәрсені өздерінің ұлттық қадір – қасиетіне, тіл заңдылығына қарай бұзып аударады. Бір сөзді екі немесе үш рет бұзған соң одан не түсінесің? Бұл біздің сорымыз. Сондықтан жапоннан роботты жапон-қазақ, кәрістен теледидарды кәріс-қазақ, финнен ұялы телефонын фин-қазақ тіліне аударылуы керек. Сонда бізде жалғыз ағылшын емес осы тілдерді де оқыту керек. Ал бізде қазақ сыныптарының өзінде ағылшын тілін орыс тілі арқылы үйретеді. Бұл не?  Күнделікті өмірден көріп-біліп жүргеніміздей, шетелде оқып келгендердің басым көпшілігі ұлтының рухани байлығын бойына сіңірмеген, салт-дәстүрінің қайнар бұлағынан сусындамаған  шикі данышпандар, шелекке отырғызылған гүлдер. Қазақ халқына басқа ұлттың көзқарасымен қарайды. Қазақстанның жағдайын, қазақтың жағдайын білмейді және білгісі келмейді. Шын мәнінде әлемдік деңгейге шығамыз десек онда жаппай ағылшын емес жаңа технологияға икемі барларды жапон тілінде, медицинада тибет тілінде, ұялы телефонды меңгерсін десең фин тілінде білім бер. Қарым қатынас тілі ағылышын тілін әркім өзі үйреніп алсын.

 Дэвид Кристал «Тіл ажалы» атты кітабында: «…Солтүстік Америкада 187 жергілікті тіл бар. Сол 187 тілдің бәріне қазір ағылшын тілі қауіп төндіріп тұр. Бір ұлтты жоқ қып жіберу үшін оларға қостілділікті үйретудің өзі-ақ жетіп жатыр. Сонда олардың тілін екінші үстем ұлттың тілі шұбарландырып бүлдіреді де, ақыры тілі бүлінген ұлт өз-өзінен жойылып кетеді» дегенін біздің билік біле тұра үш тілмен жақын арада тұншықтыру тәсіліне көшті.  

Ойлан, қазақ, әзірге уақытың барда. Оян, намыс, кеудеңде жаның барда!

Тоғайбай Нұрмұратұлы

Abai.kz

0 пікір