Жексенбі, 17 Қараша 2019
Қоғам 1932 0 пікір 21 Ақпан, 2017 сағат 10:47

ЕЛБАСЫНЫҢ ҮНІ ЖЫЛОЙҒА ЖЕТПЕЙ МЕ?

Мен Оңайбаев Қамбар Оңайбайұлы (04.01.1958) Атырау облысы аумағындағы Жылой топырағында дүниеге келгенмін. Қазіргі таңда Қосшағылдан 13 шақырым қашықтықта, «Құлсары – Теңіз» тас жолы бойына жақын маңда тұрамын. «Барым да, нарым да ұлтарақтай осы жер» дегендей, қыстағым да, жайлауым да – сол жер! Көз ашқалы ата-баба кәсібі «мал шаруашылығымен» айналысып келемін. Артыма ерген ізбасардан жалғыз тұяқ, жалғыз ғана ұлым бар. Жасым 60-қа таяп қалды.

Мені жағдайсыз мехнат, құр уәде, арам пиғыл, әртүрлі кері істер әбден қажытып бітті. «Алтын үстінде отырған қайыршының» күйі менің діңкемді құртып шаршатып жіберді. Былығы көп, балығы жоқ дарияға жыртық ау салған қария секілдімін. «Бай өлке» атанған, маңында ТШО секілді алпауыт, ірі  өнеркәсіп зауыттары бар Жылой өңірінде мұндай сорлы, мұндай бейшаралық күй кешуімізге не себеп? Мен қалай қылғанда да осы Қазақстанның гүлденуіне, экономиканың дамуына өз септігімді, өз үлесімді мүмкіндігімше қосып отырған жоқпын ба?  Ет, сүт, ірімшік, құрт, май, шұбат, айран, т.с.с таза табиғи халал өнімдерді өндіріп келемін. «Өзіме дегенде – өгіздей қара күшім бар» деп, барлық қиындыққа мойымай, аяғымнан тік тұрып, шаруашылығымды дөңгелетіп, өлтірместен өрге сүйреп келе жатырмын. Жазда аптап, қыста қар астында қаламын. Менің қарымды аршуға, ақшасына, техника келер ме екен бұл жерге? «Жетім – жәутеңдеумен қарын тойғыза алмас» дегендей, кімге барып мұңыңды айтасың, қол созар ешкім көрінбесе?

Амалсыз іштегі тебіреністі хат қылып жариялауға бел будым. «Қалам – қанжардан өткір!» деп, еріксіз қолға қалам алдым. Сөзді қысқаша қайырайын, себебі, «көргенді – к..т деген жеңеді» деген қазіргі кезеңде түсінігі мол ақылды адам, сөз иесін табу қиынның қиыны! Сәл еске түсіріп шымшып өтсем, өкімет біздің сауатсыздығымызды өте тиімді пайдаланып түлкібұлаң, құйтұрқы әдіске салып жер соқтырып кетті. Әлсіз буынға қанжар сұғып, жығылғанға – жұдырық жұмсады. «Сарықамыс, Кең арал, Қаратон» елді мекендері көшірілгенде, «Кең арал» тұрғыны есептелетін бізге өкімет тиесілі үйді де бермеді. (Білдей 4 шаруақожалықты есі бүтін өкімет ұмытып кетіпті. Тізім, қадағалаушы, сол округтің әкімсымағы секілді мамандар сол күні ұйықтап қалып па?). Демек, біз айдалада үйсіз қалдық, ол бір. Заңды ұршық қылып иірген «шөпкетышарлар» бізді (өзімізге, мал шаруашылығымызға қолайлы) ыңғайлы, тыныш отырған жерімізден қоқан-лоқы көрсетіп күшпен айырып қуып жіберді. Демек, мал шаруашылығына тиімді жерімізден және айырылдық, ол екі. Заңды шиыршықтап сегіз бүктеген қушыкеш басшылар ТШО-ның бізге суға, жарыққа деп бөлген ақшасын «Ебін тапқан – екі асайды» деп, өздерінің «түпсіз терең қалталарына» сүңгітіп жіберді. Демек, ақшасыз, көмексіз, жарық, сусыз қалдық, бұл – үш. Тапа-талтүсте біздің пай-несібемізді ауыздан жырып ұрылар қымқырып кетті. Талай сот болды, оның бәрін жіпке тізіп дәлелдеуге қазір менде құлшыныс та, күш те жоқ. Себебі, «бәке-сәке, пара-мара, мафия-клан, сыбайлас-жемқор, парақор-жалақордан құралған тобыр – бойынан күш-қуаты, жігері мен қайраты сарқылған, жапан түздегі тоқал тамдағы өлмешінің күнін зорға көріп отырған қара шаруа, кәрі малшыға дес бере қояр дейсің бе? Амал жоқ, «Кең аралдан» сыгандар құсап өзіміз қалаған жерге зорға көшіп келдік. Көшіп баруымыз үшін ғана «Сараңның  қайыршыға амалсыз садақа бергені» секілді қылып, шамалы, жеткіліксіз, аз-мыз тиын-тебен ғана берді. «Жұтаған – шүкірге тоймас» дегендей, қанағат, шүкір еттік. «Сенген қойым сен болсаң – жусағаныңды пәленше етейін, басшыларға сенсем мал-жаныммен шөлден қырылып өлетін түрім бар» - деп, ең соңында суды өз күшіммен шығарып алдым. Бірақ, «Шыдамның да – шегі бар; сабырда – сарқылады; әкесі өлгенді де естіртеді» дегендей, мен де тот басып іште қақталған өз шерімді шимайлап жарыққа шығаруды мақұл деп шештім. Бір көзім мүлдем көрмейді, екінші көзім шала-жансар. Құлағым естіңкіремейді, денсаулық сыр берді. Сонда да «керең құлақпен» аккумуляторға жалғанған радиодан елбасының «кәсіпкерлікті қолдауы» туралы бағдарламаларды тиіп-қашып естіп қалып жүрмін. «Елбасының үні біздікілерге жетпей ме, әлде біздікілер елбасы сөзіне құлақ аспай ма?» - деп те ойлап қоям. Бізді қатырып, жоғарыға жалған ақпарат берушілер істі «жабулы қазан күйінде» қалдыруда. Мысалы, мен де кәсіпкермін ғой.

Жерім заңды, меншік иесімін, жеке кәсіпкер деген құжатым бар, салық төлеймін. Біздің басшылар елде қанша кәсіпкерлер барынан бейхабар ма, әлде өздері сауатсыз ба? Әлде бас қосып түсіндіру шараларын дұрыс бағытта насихаттап жеткізуге қауқарсыз ба? Мына дамыған заманда, айдың аманында, ТШО-ның маңында, ТШО-дан газ өндіріліп, артық газ ТШО аймағында ысырап болып өмірлік бостан-бос далаға жанып тұрғанда, іргесінде отырған менің қи, тезек, отын жағып отырғаным күллі әлем алдында ұяттау емес пе? Осы көрініс әділеттілік пе, дамығандық па, әлде басшылардың іскерлігі ме? Мен Маңғыстауға көлігіммен жиі қатынап тұрамын. Сол кезде көретінім, сонау тау етегіндегі, сонау көз ұшындағы зорға көрінетін жалғыз түйір малшы үйіне тоқ пен газдың тартылып тұрғаны. Әлде біздің елде әр облыс әртүрлі қызмет атқара ма? Мен отырған жерден ТШО-ға қатынайтын асфалть бір шақырымға жетпейді. Ал асфалть жанында қуатты бағаналар (высоковолть) орналасқан. Мұндай бағаналар мен отырған жерден 500 метрдей қашықтық жерде  де бар. Осындай бағаналардың іргесінде отырып менің өмір бойы білте шам жағып отыруым да қатты  дамығандықтан ба? Жарық жоқтықтан мен теледидар, хабар-ошар көре алмай мәңгүртке айналып барам. Сонда мен елде қандай ахуалдар бой алып жатыр, соңғы жаңалықтар, елбасының халыққа үндеуі секілді жаңалықтардан бейхабар күйде бұ дүниеден өтіп кетуім керек пе? Әлде мен саяси соқыр, мылқаудың күйін кешуім керек пе? Арасында, жарықты «тоқ движокпен» қосам, ал жанармайдың бағасы шарықтап ұшып кеткелі қай заман? «Құлсары-Теңіз» тас жолының жөндеу көрмегеніне қанша жыл болды? Алды жамалып арты қирап жататын «одноразовый» уақытша жол қанша адамның опат болуына себеп болды? Мен тұратын маңда жол белгілері атымен жоқ. Жол белгілері қандай да бір жағдаятқа қарай салынбаушы ма еді? Мысалы, мен тұратын маңдағы «жылдамдықты азайту, жақын маңда үй бар, мал бар, сақ бол!» дегені сияқты белгілері қайда? Осының салдарынан қанша малымды көлік басып өлтіріп кетті.

Мені көзі ашық деген, дипломы, мансабы, лауазымы, шені, тағы бар адам ұқпағанда, менің: «жолға шықпа, машине басып кетеді» деген сөзімді мал ұға ма? Әлде біз сұрауы жоқ үшінші сорттағы қазақпыз ба? Мынау деген масқара сұмдық қой! Басшылар кенеуі кеткен ешкідей тек қана байлықты, тек қана түбі жоқ өз қалтасын, тек қана өз жеке мүддесін ғана ойлайды, ал біз бейшараны кім ойлайды сонда? «Шешінген судан – тайынбас» дегендей, мен көрмеген қызықты ең болмаса артымнан ерген тұяғым, орнымда қалатын орынбасарым көрсін деген ниетпен істі бір жағына шығаруға белсене кірістім. Менің хатымды оқыған ТШО басшылары, Атырау облысы әкімі Нұрлан Ноғаев, Жылой ауданы әкімі Ізбасов Мақсым, кәсіпкерлікті қолдау мекемесі басшысы Ерболат Төлендиев мырзаларға айтар өтінішім, маған, яғни «Құлсары –Теңіз» тас жолынан бір шақырымға жетер-жетпес жерде орналасқан үйіме жылу (ГАЗ) мен электр жарығын (ТОҚ) жүргізіп беруіңізді сұраймын! Осы шағымымды президент әкімшілігіне, т.с.с тиесілі жерлердің бәріне жолдап отырмын. Себебі, бұндай жағдай тек менің емес, мен сияқты шаласауаттылардың талайының бастарынан өтіп жатқан жағдай екені бесенеден белгілі!

Қамбар Оңайбайұлы

Abai.kz

0 пікір