Сейсенбі, 19 Қараша 2019
Қоғам 4166 0 пікір 23 Ақпан, 2017 сағат 13:14

ПУТИН ОРТА АЗИЯҒА САПАРҒА ШЫҚПАҚ. ОЙЫНДА НЕ БАР?

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен РФ Президенті Владимир Путин Алматыда кездеседі. Ақпанның 27-і күні.

Путин асығыс жүр

Ақорданың таратқан ресми мәлімдемесінде осылай делінген. Келіссөздер барысында екі ел арасындағы ынтымақтастық бүге-шүгесіне дейін талқыланып, күн тәртібінде тұрған өңір аралық әм халықаралық түйткілді мәселелер сөз болмақ.

Владимир Путин 27 күні Алматыдағы кездесуден шыға салып, Душанбеге кетеді. Тәжік Президенті Эмомоли Рахмон мырза да сол күні Путин келеді деп күтіп отырса керек. Ал 28 ақпанда Бішкекте болуы керек. Кремльдің баспасөз қызметі солай деді.

Сөйтіп "салт басты, сабау қамшылы" Путин Орталық Азия елдерін араламақ. Ол бірақ тым асығыс жүр...

Нені талқыламақ?

Путинмен Назарбаевтың Алматыда өткізетін жарты күнінде нелер талқыланбақ? Енді осыған тоқталайық. Бұған қатысты ресми органдар мәлімет таратпағанымен, жоғарыдағы айтылған өңір аралық әм халықаралық мәселелерді тарқатып көрейік.

Әуелі іргесі сөгіле бастаған Еуразиялық экономикалық одақтың жайы сөз болатыны белгілі. Идеялық авторы Нұрсұлтан Назарбаев дегенімізбен, бұл одақ кіммін мүддесіне жұмыс жасап отыр?! Әрине, Ресейдің. «Менің сөзім емес, Бибібәтимәнің сөзі» дегендей, бұны Белоруссия басшысы Александр Лукашенко қатарынан бірнеше мәрте айтқан болатын.

Одақ ортақ емес, орыстыкі

Одақтағы нарықтық жүйе әділетсіз болған соң, Белоруссия Ресейге бақандай 15 миллиард доллар желініп қапты. Бұған бұлқан-талқан болған Лукашенко орыспен арадағы байланысты үзуге бел байлап отыр. Тіпті, арнайы баспасөз отырысын өткізіп, Путиннің екі сөйлейтінін, Медведевтің Премьер аты болмаса, "барып кел, шауып келдің" адамы екенін де айтып салған.

Айтпақшы, Лукашенко өткізген сол баспасөз отырысында Кедендік одақ дегенге әу баста Қазақстан тарабының қоярда қоймай сұранып кіргенін білдік.

Кедендік одақ дегеннен шығады, РФ мен арада кедендік кедергілер көп. Қазақстандықтар орыс кеденінде айлап тұрғанын талай рет жаздық. Тіпті, Ресей санкцияланған тауарлар тізіміне Қазақстандық тауарларды да кіргізіп жіберді. Бұған да қыңқ демедік. ЕАЭО-дан бізге келген пайда мен Ресейдің табысын салыстырып жатудың өзі артық.

Естеріңізде болса, былтыр мамыр айында Астанада өткен ЕАЭО саммитіне қатысқан Атамбаев пен Лукашенко одақтың жұмысы тұралап қалғанын айтып, шамданған еді.  «Как бы наше объединение ни эволюционировало - сначала Таможенный союз, потом Единое экономическое пространство, сейчас ЕАЭС - количество торговых ограничений не изменилось, так и осталось на уровне 600. Более того - после подписания договора наш внутренний торговый оборот только падает».

Белоруссия минус 1. Қазақстан ше?

Рас, ЕАЭО құрылған алғашқы жылы тауар айналымы 26%-ға, одан кейінгі жылы 30%-ға құлдыраған. Сондай-ақ, одақтас саналатын Қазақстан мен Армения немесе Белоруссия мен Қырғызстан арасында сауда саттық мүлде жоқ. Бұл өз кезегінде ЕАЭО-ның саяси мақсатта әм Ресейдің мүддесіне құрылғандығын дәлелдейді. Себебі, одақтас елдердің тауарлары тек Ресей территориясы арқылы ғана өтеді екен. Мұны «Московский комсомолец» басылымы жазып отыр.

Қазақстан ЕАЭО-дағы позициясын жоғалтып жатыр, деп жазады «radiotochka.kz» порталы. Сөзіміз дәлелсіз шықпас үшін сандар сөйлесін. 2016 жылдың көрсеткіштеріне сүйенсек, одақтағы тауар айналымы 20%-ға, экспорт  25%-ға құлдыраған.

Ал Ресей мен Белоруссияға сатылған шикі мұнайдың көлемі бар болғаны 44 миллион долларды құрапты. Бұл сома былтыр 506 миллион доллар болған.

Сондай-ақ, 872 тонна сирек кездесетін металл саудалай отырып, өткен жылмен салыстырғанда  251 млн долларға аз пайда тауыптық.

10 айлық есеп бойынша алтын экспортынан тапқанымыз 14 миллионнан аз болған. Былтырғы жылы бұдан 13 есе көп немесе 170 миллион долларға артық пайда тапқан едік. Жағдай осылай.

Арыстан қартайса, тышқан құлағында ойнар...

Кремль мен Ақорданың баспасөз қызметі таратқан хабарламадағы мына бір жолдың астарына үңілу қажет сияқты...«Лидеры затронут некоторые аспекты дальнейшего продвижения евразийской интеграции»... Бұл сонда еуразиялық ықпалдастықтың болашағы бұлыңғыр болып тұр, содықтан оның даму жолдарын қарастыру керек дегенге сая ма, әлде басқа ма? Өйткені жоғарыдағы жайттерге қарап отырып, одақтың ары қарайғы аяқ алысына күмәнмен қарамасқа шараң жоқ.

Лукашенко лепіріп сөйлеген соң, аяқ астынан Минскіде шеру болды. Мұның артында кім тұруы мүмкін? Әлде сәйкестік пе? Араға уақыт салмай Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Лукашенкомен телефон арқылы сөйлесті. Ресей мен Белоруссия арасындағы кикілжіңге алаңдаушылық білдірді. Бұл жерде территориялық даудың да ушығып кетпесіне кепіл жоқ. Әсіресе, Ресей өзгенің жеріне шүйліккенде қарадай қағынып шыға келеді. Оған Грузия мен Украина дәлел. Территория турасына келгенде ресейлік шовинист саясаткерлер, ашығында - Путиннің айтақтағы «офчаркелері» Қазақстанға да қияс қарайды. Лимонов, Жириновский дегендер тыныштала бастағанда Думаның депутаты Шперов шықты. "Қазақстандағы орыс жерлерін қайтарып аламыз" деді олі. Бұған қатысты Кремль: "Шперовтің сөзі Ресейдің позициясын білдірмейді" дегенді айтты. Дегенмен, кешірім сұраған жоқ. Я тыныш жатқан екі елдің ортасына от салған Шперовке ескерту жасалмады. Ол әлі депутат.  Жасыратыны жоқ, соңғы кездері Ресей жақтан жерімізге қатысты қотырала қойыртпақ сөздер көп айтылуда. Бұның бірін көрсек, біріне үнсізбіз. Мұның сыртында асқынып бара жатқан экономикалық дау тағы бар. Шындығында, біз Қырғызстанға басқасы түгілі басшысына нота бере алатынымызды көрдік. Ал Ресейге, Кремльге келгенде «тіс» батыра алмаймыз...

Ойыншы он бір жылдан соң Алматыға келе жатыр

Президенттер әдеттегідей Астанадағы ақ сарайда емес, Алматыда кездеседі? Неге? Бірінші – Алматы кешегі Кеңес одағының талқанын шығарған тарихи жер. Путин мұнда жиі келмейді. Екіншіден - Алматы ОА елдеріне шығатын қақпа іспетті қала. Екі мемлекет басшысы ең соңғы рет Алматыда 2006 жылы 17 маусымда кездесіпті. Ол кездесу қазақстандық «Kazsat» тұңғыш байланыс спутнигін ұшыру қарсаңында өткен болатын. Араға он бір жыл салып Путин міне,  ҚР Президентімен Алматыда кездеспекші. Содан ары Орта Азияны араламақ. Ойында не бар екен-ә?..

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

0 пікір