Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Алашорда 8566 0 пікір 23 Ақпан, 2017 сағат 18:21

ТҰРМАҒАМБЕТТІҢ 80 ЖЫЛ БОЙЫ ҚҰПИЯДА ҚОЛЖАЗБАЛАРЫ ТУРАЛЫ ТЫҢ ДЕРЕК

Орталық ғылыми кітапхана мен Әдебиет және өнер институтының қорында көп жылдар бойы сақталып келген ұлттық мұраны ғылыми айналымға қосу мақсатында жарық көрген «Қазақ қолжазбаларының ғылыми сипаттамасы» атты ұжымдық жинақтың 5-томына енген ХХ ғасырдың басында өмір сүрген қырық сегіз ақынның шығармасына берілген жүз жиырма бес сипаттаманың жетеуі Тұрмағамбетке арналған (Қазақ қолжазбаларының ғылыми сипаттамасы. Алматы: Ғылым, 1986. № 119–125). Ақын мұрасының ғылыми анықтамасын жазған М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының сол кездегі ғылыми қызметкері Елубек Байтоқов.

Тұрмағамбеттің өзі дүние салғаннан кейін сексен жылға жуық уақыт бойы парақталмай қалған қолжазба құпиялары не дейді? Аталмыш еңбекте 119-реттік санмен 1940 жылдары Қызылорда облысының Қармақшы ауданынан Д. Шамекенов деген жинаушы тапсырған «Рауа бану» (түпнұсқасында «Орданың хикаясы». – Б. Ж.) дастанының латын графикасындағы қолжазбасына сипаттама берілген. Алайда сипаттама берушілер жинаушы туралы толық мәлімет көрсетпеген. Келесі, яғни 120-сипаттамада ӘӨИ қорындағы 717-буманың он бірінші дәптерінде «Тұрекең айтқан сөз», «Жұмыс бітпей тынықпайсың» деген шығармалардың бар екендігі, сондай-ақ ОҒК қорында, 714-бумада «Назым» деген қолжазба жинақ кездесетіндігі туралы айтылады. Ақынның қадим қолжазбасын жыға тани алмағандықтан, әрі қолтаңбаны толық түсіне алмаған Е. Байтоқов Тұрмағамбет шығармаларының жалпы санына, кейбірінің атауына қатысты елеулі қателіктер жіберіп алған. Бір қызығы, бұл қолжазбаларға қатысы болмаса да мұра тапсырушы ұрпағы Әбдірауықтың жанына фольклор жинаушы Мардан Байділдаевтың аты-жөнін қосарлап отыру байқалады.

Арнайы мекемелердің қолжазба қабылдау заңдылығына сай «жазылған жылы, жері» деген кестені толтыру мақсатында Е. Байтоқов Тұрмағамбет шығармаларының жазылған уақытын ойша белгілеп, кейінгілердің ырықсыз шатасуына жол беріп алған. Әр дәптердің аяғында «1900 жылдан бастап 1935 жылға дейін жазылған өлеңдер» (139-б.), «1938 жылдар, Қызылорда облысының Қармақшы ауданы» (140-б.) деген сияқты ғылым үшін салмағы шамалы қосалқы мәліметтер жиі кездеседі. Алайда Тұрмағамбет жырларының жазылған жылын анықтауға қатысты жорамалдар кімдердің, қандай деректеріне сүйеніп айтылған деген ең басты мәселе тағы да жауапсыз қалдырылған. Тек «Салдырып жай жаңадан. 1937 жыл» (35-б.), «Горький жолдас, көркі едің. 1935 жыл» (39-б.) деген екі өлеңде ғана олардың нақты жазылған жылы көрсетіліп, Аққозы Ызбановқа арналған «Қаздырып берді Ызбанов» деген бірінші дәптердегі отыз төртінші өлеңнің жоғарғы жағындағы «Қармақшы райкомына» деген сыңар ауыз сөзден басқа жерде автор өз өлеңдерінің нақты жазылған айы мен жылын көрсетпеген. Есесіне, айы мен жылын және жазылу жағдаятына орай қолмен қойғандай нақтылықтарды шығарма мәтініне ендіріп жіберіп айтатын кездері жиі ұшырасады. Қолжазба дәптерлердің жөндеуден өткізілмегендіктен шеттері жыртылып, қағазы тозып, жазулары көнере бастағандықтан оқылмайтындығы, беттелмегені әрі шимайланған, белгі қойылған жерлері көп екендігін анықтама беруші дұрыс айтқан. Шынында да, Тұрмағамбет қолжазбасын көне араб тілін білетін кәсіби аудармашылар да алғашында еркін меңгеріп кете алмағанын көзіміз көрді.

Тұрмағамбет шайырдың соңында қалған бес дәптердің бәрі бірдей дербес нұсқа емес. Қолжазба толық оқылғанда анықталған жайттың бірі, оларда ішінара мазмұн қайталанады. Бүгінде Сыр сүлейінің қолының табы тиген әлгі құнды қолжазбалардың мұрағат мүлкіне айналғанына қырық жылға тарта уақыт өтті. Сол себепті заманауи ғылым жетістігінің биік белесінен қарап шолу жасай отырып, Тұрекеңнің шығармашылығына қатысты түрлі ауызша деректер мен жазба құжаттарды қайта салыстырып, саралап, сипаттама мәліметтерін барынша елеп, оқырманды Тұрмағамбеттің төл қолтаңбасының мазмұны мен жағдаятынан толық хабардар етуді мақсат тұттық.

Сонымен, бірінші дәптердің бет саны елу сегіз, мұнда жинақталғаны бас-аяғы елу бір шығарма. Қырық тоғыз өлеңге араб графикасындағы қадимнен кириллицаға негізделген қазіргі қазақ графикасына көшіргендер тарапынан белгі соғылған. «Хабибі Хақ сәруардан» және «Аяқ-қолым харам су-ды» деп басталатын соңғы екі өлеңді сипаттама берушілер мүлдем белгілемегендіктен тізімге енбей, ескерусіз қалған. «Қазақ қолжазбаларының ғылыми сипаттамасындағы»: «Бұл дәптердегі автор шығармалары жетпіс атаудан тұрады» деген жаңсақ дерек сипаттама түзушілер мен қолжазбаны қабылдап алған мамандар тарапынан кеткен ағаттық екенін ашып айтуымыз керек. Себебі Тұрмағамбеттің «Көңіл гүжім дарақтай» (қолжазбада 1–8-б.) деп басталатын Сыр – Қуаңның табанынан өткен ел жақсыларын ұлықтайтын толғаудағы әр адамға қаратып айтылатын жеке бөлікті сипаттама берушілер жаңылысып дербес шығармаға санап, бір толғау жиырма жетіге бөлшектелген. Осылайша бірінші дәптердегі ақын шығармаларының нақты саны өзара шатастырылып, жаңылыс мәліметтерге жол берілген.

Дәптердің қырық сегіз бен елу екінші беттерінің аралығында Тұрмағамбеттің қолтаңбасына ұқсаңқырамайтын, жазуы өңіп, өше бастаған: «Қамбардан төрт бала (48-б.), Әлмәмбеттен төрт бала (49-б.). Бірінші баладан Базарбай, екінші баладан Нұрмахан, үшіншіден Құттыбай, төртіншіден Ноғай, Сартақ. Ноғайдан Нұрахмет (51-б.)» деген шежіре кестесі келтірілген. Содан соң елу үш пен елу алтыншы беттердің аралығына тағы да өз қолтаңбасымен «Хабибі Хақ сәруардан», «Аяқ-қолым харам су-ды» атты екі өлеңін жалғастырып жазған. Осы қолжазбаның елу жетінші бетінде жоғарыда басталған шежіренің жалғасы жазылған. Елу сегізінші беттегі «Нұржанға айтқаны» деген үш шумақты қысқа өлеңнің мазмұны Ысқақ пен Нұржанның бірқақпай айтысына құрылған. Бірақ қолтаңба Тұрмағамбеттке тән емес. Алғашқы жолы: «Хат жаздым жанабына Нұржан таздың, / Құлақ қой мазмұнына бұл қағаздың» (58-б.) деп басталатын қайымдасудың соңғы үшінші және төртінші жолдары: «Мен-дағы жазылғанын жақсы көрем, / Іріңді болар еді қабынбаса», – деп, Ысқақтың сөзі болып күрмеледі. Өлең карандашпен жазылғандықтан, сиясы дәптердің бетіне жайылып кеткен. Алайда бұл шығарманың Тұрмағамбетке тиесілі екендігіне күмән бар. Өлеңнің машығы Тұрекең жинастырған Нұржан Наушабаев шығармаларына да тән емес. Мұндағы Ысқақ ақын «Сауыққой саңлақтар көп сартабанда» деген жырында өзі атын атайтын (Ысқақ пен Шахар атты шайыры бар) Ысқақ шайыр мен «Әр жұрттың бар еді бұлбұлы» толғауының күрмелер тұсында тілге тиек ететін Сырдың он тоғыз сөз зергерінің қатарында тұрған Нұржан ақын (Омар мен Нұржан шабандоз) болуы әбден мүмкін.

Бірінші дәптерден Шернияз Жарылғасұлының «Руымды сұрасаң» (43-б.) және кете Жүсіптің «Осы түрлі сөз жаздым» (44-б.) деген шығармасының мәтіні кездесті. Бүгінде Орталық ғылыми кітапхананың сирек кітаптар мен қолжазбалар бөлімі қорында мұқабасының сыртында «Тұрмағамбет Ізтілеуовтың жинаған материалдары» деген жазуы бар 1169-бума сақталған. Кезінде Тұрмағамбет жинап тапсырған, ХIХ ғасырдағы халық ақындарының мұрасы жинақталған жүз отыз тоғыз беттен тұратын қолжазбаға барлығы елу екі шығарма тіркелген. Ұзыншақ дәптер қызыл сиямен беттеліп, өте ұқыпты жазылған араб графикасындағы қолжазба жақсы сақталған. Осы дәптерден «Шернияз ақынның қонған үйге айтқаны» (46–48-б.) деген тағы бір өлеңі кездесті. Аталмыш шығармалар Тұрекеңнің қолжазбасына автор тарапынан өз өлеңдерін іріктеп, қайта көшіру кезіндегі ауыс-түйістердің бірінде енген болуы керек. Сипаттама берушілер әуелде осындай жайттардан жаңылысып, Шернияз бен Тұрмағамбет туындыларын қоса есептеп жібергендері байқалады.

Тұрмағамбет қолжазбалары түпнұсқадан толық оқылып, ақынның қолтаңбасы анықталған соң ғана осы кезге дейін «Тұрмағамбеттің қолтаңбасы» саналып келген Орталық ғылыми кітапхана қорындағы 1169-бумадағы жазудың оған тән емес екендігі белгілі болды. Анықтай келе бұл жазу машығының 875-бумадағы екінші дәптерге қоса тіркелген Әдис Ахетұлының (Қолжазбада Хадише Ахытұлы деп жаңсақ жазылған. – Б. Ж.) қолтаңбасына ұқсайтындығын білдік. Ұзақ жылдар бойы Сыр өңірі, Жалағаш ауданында оқу-ағарту саласында қызмет атқарған Ә. Ахетұлының анасы Нәзира мен Тұрмағамбеттің бәйбішесі Биға екеуі Байболат болыстың қыздары еді. Ал Тұрмағамбет пен Әдис тіршіліктерінде жақын араласып, сыйласқан жандар болатын. Олай болса, Тұрмағамбеттің халық ақындары туындыларын жинаған ескі қолжазбасын жаңарту мақсатында қайта көшіріп, мұрағат қорына Т. Ізтілеуұлы атынан Ә. Ахетұлы ұсынуы әбден мүмкін екендігі қисынға қиғаш емес. Аталмыш қолтаңбаның Әдиске тиесілі екенін тек осылай ғана түсіндіре аламыз. Әйтсе де, белгілі бір шешім қабылдаудан бұрын бұл мәселенің ақ-қарасын анықтап, әлде де зерттей түскен абзал.

«Қазақ қолжазбаларының ғылыми сипаттамасы» жинағының екінші дәптерге берген: «Бұл дәптердегі шығармалардың саны үш жүз сегіз атаудан тұрады» (138-б.) деген анықтамасы да жаңсақ. Өйткені, зерттеу барысында мұндағы барлық ірілі-ұсақты шығармалардың саны екі жүз тоқсан бес атаудан тұратыны анықталды. Қолжазбада кездесетін басы артық бірнеше қосымша бетке байланысты сипаттамада «Қосымша жазуы» деген ескертпе бар. Алайда мұндағы мәтіннің қолжазбаға қатысы шамалы болғандықтан, қосымша жазу сипаттамада қысқартылып берілген. Мұндай нақтылықтарды жеке қарастыру болашақта ақынның шығармашылық лабораториясын зерттеп, терең зерделеу үшін қажет. «Қосымша жазу» карандашпен жазылғандықтан, әріп таңбалары өңіп кеткен. Мәтіннен мына мағынадағы сөздердің сұлбасын ғана оқуға болады: «Он бірінші ноябрь, дүйсенбі күні. Біздің мылтыққа отыз екінші гилза патрон керек, пистон шығаратынымен. 1354 жылдың рамазанының басы жұма болды, 29 ноябрьде, ескіше 16 ноябрьде. 1355 жылдың рамазанының басы жексенбі болды, 15 ноябрьде. Жосалы, Кармакчинский район, он бесінші ауыл, Сайарық колхозы. Алматы қаласы, Карл Маркс көшесі, үй номері 21, Қазақтың Мемлекеттік баспасы, Берденов Тайжанға».

Осы беттің шекесіне парсы тілінде: «Фирдоусидің Шаһнамасын айттым» деген мағынада екі жол өлең жазылған. Қосымшадағы екінші бір парақта ақынның өз қолымен жазған: «Район Қызылорда, станция Тереңөзек, Аламесек учаскесі, 11-ауыл, жетінші Көлсерекке. Боранбайбаласы» деген мекенжай көрсетілген. Алдыңғы хатты Тұрекең Тайжанға арнап жазып отыр. Сондай-ақ рамазан айына қатысты мына анықтамалар да тікелей сол Тайжан Берденовтың сұратуымен жазылған болуы мүмкін екенін терістей алмаймыз. Олай болса, Тұрекең өз қолжазбасын екі дана етіп көшіріп немесе сауатты шәкірттерінің біріне көшіртіп, бір нұсқасын Тайжанға беріп отырған деуге болады. Және мұның тек көшірме жасалған уақытты көрсету мақсатында соғылған бұрыштама болуы мүмкін екенін де ескеру керек.

Сипаттама берушілер екінші дәптердің бет санын жүз тоқсан екі деп көрсетіпті. Қолжазбаны оқу барысында жүз сексен тоғыз бен жүз тоқсан бірінші беттердің аралығы мүлдем жоқ болып шықты. Жүз тоқсан екінші бетке 307–308-реттік сандармен белгіленіп «Жігіттің тоқтар жері жетпіс-тағы», «Есерлік естен қалмайды жасыңдағы» деген екі қысқа өлең жазылған. Қолжазбадағы әрбір шығарманың тұсына реттік саны қойылғанымен, бұлардың арақатынасы барынша шатасқан. Қолжазба беттелер алдындағы парақ Әдис Ахетұлының 1948 жылдың 20 қыркүйегінде жазған «Тұреке, тұлғасы едің асқан жүздің, / Арнасы арылмастай асыл сөздің» деген арнау жырымен басталып «Ақынға арнадым» атты жиырма тоғыз жолдан тұратын осы өлеңнің маңдайшасына «14. 09. 1962. Марданға берілді» деген бұрыштама соғылыпты. Тұрмағамбетке арналған жыр болған соң Әдистің өлеңі қолжазбаға Әбдірауық тарапынан кейін тіркелген сияқты.

Қолжазбаның бұрыштамасында: «Ұлы жүзден Абақ, Тарақ. Абақтан – Жалайыр, Қаңлы. Тарақтан – Албан, Суан, Шапырашты, Дулат. Дулаттан – Ботпай, Сиқым, Шымыр, Жаныс» деген шежірелік мәліметтер кездеседі. Бұл жазу Тұрмағамбет қолтаңбасына жақын. Содан соң «Арнаған аттас інім келді хатың, / Оқыдым өрлей шауып кеуіл шатым» деп басталатын «Алға талпын» деген жиырма үш жол өлең жазылып оған: «Егізбаев Әбзәлидің армияда жүріп ауылдағы Әбзәлиге (аттасы. – Б. Ж.) жазған жыры» деп айдар тағылыпты. Бұл Тұрмағамбет шәкірттерінің бірі, ақын Ә. Егізбаевтың майдан даласынан елге жазған хаты екені анық. Ал Әбзәлидің өлеңін көшірген қолтаңба мен бірінші дәптердегі шежірені жазған қолтаңбаның үлгісі бір адамға тән. Ақынның немересі Өсер Әбдірауықұлының қолындағы қолжазба құжаттармен танысудың нәтижесі мұның Әбдірауықтың қолтаңбасы екенін анықтауымызға мүмкіндік берді. Осы өлеңнің ортасында қоршауға алып жазылған: «Бұл Тұрмағамбет Ізтілеубаласының толғау, терме үшін қойынлаған дәптері» деген сөз бар. Әріптердің жазылуы мен таңбалануына қатысты графикалық ерекшеліктеріне қарағанда, қолтаңба Тұрмағамбетке тән.

Қолжазбаның екінші бетіне тігінен жазылған «Тотыдан» деген сөз Тұрмағамбеттің қолтаңбасына ұқсамайды. Дәптерді мұқият зерттеу барысында қолжазбаның 1958–1959 жылдары көнеславяндық кириллицаға негізделген қазіргі қазақ графикасына аударылғанына көз жеткіздік. Өйткені, өлең мәтіндерінде жиі кездесіп отыратындықтан аудармашының ұғымына ауырлық түсірген кейбір мағынасы қиын араб, парсы сөздерінің асты сызылған. Мұндағы бір ерекше ескеретін мәселе, Тұрмағамбет шайырдың өз шығармаларының үстінен редакция жасауы. Мысалы, «Бидай хикаясында» (13-б.) кездесетін мына сөздер: «әлгі қарт» – «бабай», «есік қақты» – «айтты сырттан», «Бидайды бұл қарсыға дейді әкелгенім» – «Келдім деп көрсетті оны сонша жерден», «бұл адамда қалған» – «ол-дағы осы қалды», «Бидайдың біле алмай, асылына бек таңырқап» – «Біле алмай бидай асылын», «басын шайқап» – «аң-таң болып», т. б. Осы тектес редакциялаудың түрін әрбір шығарма сайын көруге болады. Дәптер бойынша мұндай өзгертулер өте көп (Қараңыз: 2–188-беттердің аралығы). Сондықтан да бұл болашақта өз алдына жеке зерттеп, өзінше қарастыратын қызық та күрделі мәселенің бірі.

Мұндағы өлең атауларының алдына қазіргі қазақ графикасымен оның аударылған жылы мен айы көрсетіліп (Мысалы: 29. 04. 1958; 21. 08. 58; 25. 08. 58; 17. 09. 58; 26. 07. 59; 19. 09. 1958.) «Аударылды», «Алматыға аударылды», «Алматыға берілді» немесе «Ауылда аударылды» деген сөздер кейде бет сайын әр өлеңнің тұсына жиі жазылған. Демек, бұл бес дәптерден тұратын қолжазба арабшадан қазіргі қазақ графикасына Алматы қаласында емес, ауылда – Тұрмағамбет ақынның туыстары мен мұрасын сақтаған жанашыр шәкірттері тұрған сол кездегі Ленин атындағы колхозда аударылған.

Бірінші дәптердегі оныншы бетінің жоғарғы жағында, «Мен аудардым» деген сөздің тұсында Жүсіпов дегеннің қолы қойылған таңба кездескен еді. «Аударылды. 31. 07. 1959» деген таңба және өлеңнің тұсына қосу таңбасы мен оқылғанын немесе аударылғанын білдіру үшін соғылған белгі осы дәптердің он алтыншы бетінен де ұшырасқан болатын. Кейін мұндай таңбалардың барлық дәптерде де кездесетіні белгілі болды (Қараңыз: Бесінші дәптерде «Мәрді диқан» хикаясы» (7-б.), «Жұмыртқа бидай хикаясы (Бидай хикаясы)» (25-б.), «Қамыс мінгеннің хикаясы» (33-б.), «Орданың хикаясы» (46-б.), «Сүлеймен хикаясы» (61-б.), «Кірпікшешен хикаясы» (67-б.), «Ақ құс хикаясы» (85-б.), т. б.).

Тұрмағамбет шайырдың арабша қолжазбасын қазіргі қазақ графикасына аударған кім болуы мүмкін деген сауалды төңіректеп ұзақ жүріп, ақыры оның белгілі бесаспап жыршы Мұзарап Жүсіпұлы екеніне тоқтам жасадық. Бұл ойдың дәлелін бекіте түсетін бірнеше дәйек-дәлеліміз болғанымен, Мұзараптың қазіргі әріппен жазып, оқи білгенін айғақтайтын дерегіміз кемшін еді. ХХ ғасырдың 70-жылдарына дейін көзі тірі келген ескіше сауатты жыршылардың бірі осы Мұзарап пен Үбісұлтан болатын. Екеуі де ақынмен сүйектес жақын, Тұрекеңнің барлық жырларын жатқа айтқан жандар. Бірақ қолжазба арасынан Үбісұлтанның есімі мен қолтаңбасы ұшыраспады.

Тек Орталық Ғылыми кітапхана қорында сақтаулы тұрған «Ізтілеуов Тұрмағамбеттің шығармалары» деген таңбасы бар 714-бумада «Аяпұлы Үбісұлтанның жинағаны 57 жол» деген сыңар ауыз сөз ғана кездесті. Әрине, бұл жерде Үбісұлтан Аяпов тапсырған мұраның осы дәптердегі өлең жолдары ғана көрсетілген болуы мүмкін. Алайда Тұрмағамбет жырларын толық білген және жүйелі жинаған жыршының бірі осы кісі.

Орталық ғылыми кітапхана қорындағы 1113-бумада қырыққа тарта халық ақынының өз қолдарымен жазған өмірбаяндары, репертуары, ұстаздары жөнінде түрлі мәліметтер сақталған. Соның ішінде Мұзарап Жүсіповтың 1946 жылы 16 тамызда ғалым Есмағамбет Ысмайыловқа жолдаған хаты да бар. Аталмыш хат мазмұнында: «...кейінгі уақытта газеттен жаңа әліппені жазып алып латынша жазатын, оқитын болдым. Қысқаша айтқанда әріпті газеттен алып, осы жазуға да (кириллица) жаттықтым. Мен көбінесе ұстаз тұтып, өлеңдерін жаттап айтатын ақындарым Шораяқов Омар, Ізтілеуов Тұрмағамбет, сосын өз әкем Жүсіп» – депті. Соңына «хат жазушы Жүсіпов Мұзарап» деп қолы қойылған айқарма беттегі көлдей өмірбаянынан Мұзараптың арабшаға қоса латын мен кириллицаға да бірдей сауатты болғанын білдік. Тұрмағамбеттің бірінші және екінші дәптерлеріне соғылған «Аудардым» деген белгі Мұзараптың өз қолымен жазған өмірбаянымен бір ізді басатынын көргенде көңіліміздің күдігі сейіле түсті. Демек, 1958–1959 жылдар аралығында ауылда отырған Әбдірауық, Мұзарап, Үбісұлтандар екі жыл бойы ақынның араб әліпбилі қадим қолжазбасын қазіргі қазақ жазуына түсіріп, бірінің аударғанын екіншісі тексеріп, қайта көшіріп почта арқылы Алматыға – Мардан Байділдаевқа салып жіберіп отырған.

Екінші дәптердегі жүз сексен тоғыз бен жүз тоқсан бірінші беттердің орны мүлдем жоқ болғанымен реттік саны мен өлеңнің өзі сақталған. Соған қарағанда дәптер алдын-ала беттеліп, өлеңдердің реті кейін қойылған тәрізді. Жүз тоқсан екінші беттің жоғары жағына: «Қызылордада Қалабай Бекділда баласы, Келмаш Күзембай баласы бар. Арыста Әлмұрат Қайнарбай баласы бар, ағартудың бастығы» деген сөздер жазылған. Осы сөздің шетін бастыра:

Ауылым осы кезде Селтұрғанда,

Отауы солқылдайды жел тұрғанда.

Қазақтың Ай мен Күні керек емес,

Бұралып тал шыбықтай сен тұрғанда

– деген жалғыз шумақ қара өлең жазылып, аяғына «ғазірет» деп қол қойылған. Өлеңнің қолтаңбасы мен авторлығы анықтауды қажет етеді. Өйткені ақын өз шығармаларының соңына «дамолла Тұрмұхаммед», «молла Тұрмұхаммед» деп қол қоятын. Ал мына «ғазірет» сөзі сырт ағайын мен шәкірттерінің ақынға деген құрметі болуы бек мүмкін.

Тұрмағамбеттің немересі Өсер Әбдірауықұлы сақтаған әулеттік мұрағаттан Әбзәли Егізбаевтың Тұрмағамбетке жазған хатының мәтіні табылды. Әдебиетші Ерхан Кәрібозов латыншадан қазақ тіліне көшірген хат мазмұны нақты: «Тұреке, дәптердің он тоғыз сызықтысы болмады. Барын беріп жібердім, жиырма үш сызықты екен, жиырма төрт парақты болды. Әбзәли, 15. 04. 1938 жыл». Демек, Тұрмағамбет өз өлеңдерін қолжазбалау үшін немесе қолжазбаның көшірмесін жасау мақсатында сол кезде Қызылорда облысының Жалағаш ауданында мектептің директоры болып қызмет атқарып тұрған Әбзәли Егізбаев інісінен қағаз тауып беруін өтінген. Қалам мен қағаздың тапшы кезінде ондай дүниенің ағарту саласындағы адамнан ғана табылатындығы белгілі қой. Хаттың 1938 жылы 15 сәуірде жазылғаны нақты көрсетілгендіктен, бұл кезде Тұрмағамбеттің түрмеде екенін де болжау қиын емес. Өлеңдерінің мазмұнынан совет үкіметіне қарсы айтылған үгітсөз іздеу мақсатында ақынның қойын қалтасынан талай дәптері тәркіленген еді. Сондай келеңсіз жайттардың бірі туралы қамауда жатып жазған «Едәуір екі кітап ермек еді» деген өлеңінде:

Едәуір екі кітап ермек еді,

Отырып ойым оқып көрмек еді.

Ішінде елге айтарлық еш үгіт жоқ,

Өткеннен қалған текке өрнек еді.

...Тыңдамай ағаң сөзін алып кеттің,

Балдардың бірқатары «бер» деп еді,

– деп, түрме бақылаушыларының әрекетіне қынжылыс білдіретін жыры бар. Қағаз тапшылығын тартқанда оған Әбзәлиден басқа да қол үшін созған жерлестері аз болмаған. Солардың бірі кезінде Алматы, Шымкент қалаларында оқу-ағарту саласының қызметкері болған жерлес інісі, көзі ашық азамат Шәйім Шайқыұлы Мырзабеков болатын. Тұрекеңнің мақал-мәтелдері жазылған үшінші дәптердің сыртында: «Для зоологии Н. Мырзабековой. Начато 10. 12. 1935 года» деген жазу бар. Демек дәптер 1935 жылы, шайыр Алматыда жүргенінде бастап жазылса керек. Тағы да сол қағаз тапшылығынан ол Шәйімнің оқушы қызы пайдаланған дәптерге мақал, мәтел, нақыл сөздерін жинақтаған.

Аталмыш дәптерге түскен мақал, мәтел, нақыл сөздердің реттік саны арабша жазылуы бойынша берілген. Алайда рет санының біркелкілігі өзгеріп кеткендіктен, кей жерде бір сан екі қайтара қойылған (Мысалы, қолжазбада 1-бет, 13-сан; 2-бет, 32-сан, т. б.). Қолжазбаның елу үшінші бетінде «Қой егіз туады: бірі – қонаққа сойылады, бірі – қошқар қойылады» деген соңғы мақалға 1317-реттік сан қойылған. Осыған сүйеніп сипаттама беруші Е. Байтоқов дәптерге «Нақыл сөздер жинағы» деп шартты ат қойып: «Мұнда 1317 нақыл, мақал сөз бар. Қолжазба соңында діни әңгімелер де кездеседі» (142-б.), – дейді. Ал біздің анықтағанымыз, үшінші дәптердегі нақыл сөздер мен мақал, мәтелдердің ұзын-ырға саны мың үш жүз алты. Демек сипаттама берушінің бұл жерде де біршама жаңсақтыққа ұрынғаны байқалады.

Мәтінтанушы Е. Байтоқовтың «діни әңгімелер» деп отырғаны «Әбу Ғали Сина» атты жалғыз шығарма. Қара сөзбен баяндалған, көлемі бес беттен тұратын бұл әңгіменің авторы Тұрмағамбет емес. Бұл – 1890 жылдары Қазан баспасынан жарық көрген башқұрттың әйгілі діни-ағартушы ақыны Кашафутдин Шаһмарданұлы шығармасының қара сөзбен мазмұндалған түрі. Мұның өлең нұсқасы Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар қорында сақтаулы. Тұрмағамбет мұны тек шәкірттерін хабардар ету мақсатында қара сөзбен мазмұндап шыққан. Шығарма өзінікі болмағандықтан да «Нақыл сөздер жинағынан» бөлек беттелген. Дәптерде жүздеген мақал-мәтелдердің қазіргі қазақ тіліне көшірілген нұсқалары кездеседі. Алайда оларды кім, қашан аударғандығы туралы мәлімет жоқ. Е. Байтоқов Тұрмағамбеттің «Нақыл сөздер жинағына» берген 125-анықтамасында «Өлең жолдары әр бетке екі қатардан орналасқан», – дейді. Үшінші дәптерде жекелеген шумақтардан басқа өлең жоғын ескерсек, бұл сипаттаманың да өзіндік кемшіліктері көп екендігі көріне түседі.

Төртінші дәптерді тізімге алғандар оны арабшадағыдай оңнан солға қарай емес, орысша дағдымен солдан оңға қарай теріс беттегендіктен ондағы шығармалардың орналасу тәртібі ауысып кеткен. Мысалы, мазмұны бойынша дәптердің соңында тұруы тиіс «Тұр еді Афрасияб келіп-кетіп» деп басталатын өлең жолдары бірінші бетке шығып кеткен. Сондай-ақ қолжазбаның соңында тұрған, Тұрекеңнің өлеңдеріне қатысы шамалы хадис, дұға, салауаттар өз ретімен дәптердің бас жағында тұруы керек болатын. Арабшада оңнан солға қарай беттелуі тиіс болса, Тұрмағамбет бұл дәптерді кириллица графикасының заңдылық ретімен солдан оңға қарай жазған. Беттеуші осы екі араны ажырата алмай, қолжазбаны оңнан солға қарай беттеп жіберген. Мұны өлең жолдарының орналасуы да дәлелдей түседі. Мәселен, алпысыншы беттегі «Ардақты Ізмұхаммед інім саған» деген өлеңнің соңы елу тоғызыншы бетте жүр, дәл осылай алпыс бірінші беттегі «Қадырдан хат жолдадым Жүсіпбайға» деген өлеңінің соңы алпысыншы бетке ығысып кеткен. Бұл дәптердегі барлық өлең осындай бейреттіліктен құралақан емес. Қолжазбаның «Шаһнама» эпопеясынан үзінділер берілген 1–17-беттері аралығына орыс сөздері араласып, арабша тек бос жерлерге жазылыпты. Соған қарағанда бұл да әлгі қағаз тапшылығының салдарына келіп тірелген шаруа сияқты.

Жиырма бірінші беттегі «Ұлына үш насихат айтты Лұқман» деген хикая автор тарапынан «Екінші назым» деп аталыпты. Осы дәптердегі «Таусылып тиын, тамақ қарын ашты» (32-б.), «Ала бер айтқан тілді, болма қалша» (68-б.), «Жұбатар күнің бар ма, Алла» (72-б.), «Келмейді өлім ойға нәпсіге ерсең» (75-б.), «Ақылым айтатұғын, келін Айыш» (77-б.) деген бес өлең басқа қолжазбада кездеспейді. Отыз екі мен елу тоғызыншы бет аралығында үшінші дәптердегі нақыл сөздер қайталанады. Қолжазбаның қырқыншы бетінде «Деп молла Тұрмұхаммед қолым қойдым, / Болмайды қатеден құр ердің мойны» деген өлең үзіндісінің соңындағы «М. Ш. 17. 11. 1980» деген белгінің аудармашы Мақсұт Шафиғиға еншілі екені даусыз. Өйткені қолжазбаның осы жеріндегі отыз сегіз бен қырқыншы беттері мүлдем жоқ. Жоғарыдағы таңба «Осы жерде аталмыш өлең болуы мүмкін» дегенді білдіруі немесе Мақсұт осы беттерді қолжазбадан аударуға алып, орнына қыстырма қағаз тастап кетуі де мүмкін. Қолжазбаның сексен жетінші бетінде: «Шымкенттегі Жафар... ауданы, 64 үй, Ұзынарық колхозында Қазанғап Байбол баласы бар. Ұлы жүз, Төленің тұқымы» деген бұрыштама бар. Белгілі эпик жыршы Қазанғап Байболұлы мен Тұрекеңнің арасында достық қатынас болмаса, қолжазбада әлгі кісінің мекенжайы қайдан жүруі мүмкін?

Қолжазбаның тоқсан жетінші бетінде, дәптердің ашық жеріне тігінен жазылған: «18 августь, Шәдібаласы Досмұхан қызметте...» деген бір ауыз сөз жүр. Толық оқылмағандықтан соңғы сөз «қызметте» ме, әлде «қаза тапты» ма, ол жағы толық анықталмады. Қолжазбаның жүз жетінші бетінде тігінен: «Шымбай көшесінде, 25 үйде Бекберген Әбубәкір баласы бар» деген сөз жазылған. Бұл адамдармен Тұрекең түрмеде отырғанда танысып, мекен-жайларын қолжазба дәптеріне сонда түртіп алуы да мүмкін екенін жоққа шығара алмаймыз. Қолжазбадағы жүз алты мен жүз он төртінші беттің аралығына: «Қаләл-ләзи нәби салаллаһ ғаләһис-сәләм Аллаһумә ағфирли уә әрхамни», яғни пайғамбарымыз саллаллаһу ғаләйһи уассалам былай деп айтты: «Алла менің күнәмді кешір және рахым ет» деген мазмұндағы хадис, дұға, салауаттар енгізілген. Тұрмағамбет шайырдың түрме жырларының көбінің мазмұны Аллаға сәнә, пайғамбарға салауат айту түрінде келеді. Қамауда отырғанда өз көңіліне демеу, жанындағылар үшін жұбаныш тауып беру үшін Тұрмағамбет өзінің білетін дұға, салауаттарын өзгелердің үйренуі үшін қағаз бетіне түсіруі де мүмкін. Қолжазбаның соңғы бетінің жазуы өшіп кеткен және ол Тұрмағамбеттің қолтаңбасы емес.

Мәтінтанушы Е. Байтоқов төртінші дәптердегі шығармаларды қырық үш атаудан тұрады деп тағы да жаңсақтыққа ұрынған (ҚҚҒС. 140–141-б.). Қолтаңбаның оқылуы қиынға түскендіктен, ол тек көзге анық көрінген атауларды ғана санаған сияқты. Тұрмағамбеттің төртінші дәптеріне енген мақал-мәтел, діни мәтіндерді және қырықмылтық Құлжабайдың найман Ерденге айтқан көңілқосын есептемегенде жетпіс үш атаудан тұратыны анықталды. Аталмыш шығармалардың мазмұнына қарап отырып, дәптердің түрмеде жазылғандығы туралы болжам айтуға болады. Бұл пікірімізге жанама дәлел ретінде қолжазбаның қатты бүлінгенін, қағаз тапшылығынан өлеңдерін орысша мәтін аралас дәптерге жазғанын, уақыт пен жағдайдың жоқтығынан өлеңнің бейретті түскенін және асығыс жазылғандығынан қолтаңбасының өзгергенін, сияға қоса карандашпен араластырып жазып отырғандығы сияқты көрнекі айғақтар келтіруге болады. Түрмеде отырғандықтан қолына түскен қағаз бен қалам түрін пайдаланып, жағдайдың мөлшерінен аса алмаған халін осыдан-ақ көреміз.

Тұрмағамбеттің бесінші дәптерінің мазмұны бірінші және екінші қолжазба дәптерді қайталайды. Мұндағы жырлары көбінесе екінші дәптерде кездеседі, онда ұшыраспайтын өлеңдері де бар. Мысалы, «Жаһанның жоқ қалары түбінде дос» (182-б.), «Сұхбаты сырластың Сыр сабатындай» (187-б.), «Ар-намыс азаматтар, қайда қалған» (188-б.), «Сырыңды сыртқа бектер, білдірмесең» (188-б.) деген төрт өлең қалған дәптерлерде жоқ. Мәтінтанушы Е. Байтоқов осы дәптерге берген сипаттамада: «Бұл дәптердегі автордың шығармалары 125 атаудан тұрады» дейді. Біздің анықтағанымыз, мұндағы барлық шығарма жүз жиырма алты, оның жүз жиырма екі өлеңі ғана Тұрмағамбетке тиесілі. Сипаттамада көрсетілген екі шығарманың қолтаңбасы автордікі болғанымен, өлең Тұрмағамбеттікі емес. Олар: Мәжидулла Жалғасбаевтың «Хат жаздым Тұрекеме кетіп шетке» (22 жол) және «Тұреке, жанабыңа жазамын хат» (51 жол) деп басталатын екі өлеңі. Шамасы бұл арнау жырларды Тұрмағамбет өз қолымен көшірген. Бірінші өлеңнің соңғы тоғыз жолының бас буындары, келесі өлеңіндегі жыр тармақтарының кейбір буындарының ұйқастары жыртылған дәптерден шала оқылды. Сипаттамада аталмыш автордың да аты «Соңында мақал-мәтелдер және Ғабидолла Жалғасовтың өлеңі кездесті» деп жаңсақ жазылған және соңында ешқандай мақал-мәтел жоқ.

Осы дәптерде «Қоңыз хикаясы» деген шығарманың алғашқы жартысы кездескенімен, ол тұтас күйде екінші дәптерге түсірілген екен. Ақынның бесінші дәптеріне сипаттама берген Е. Байтоқовтың хикая мазмұнындағы тұтас уақиғаны екіге бөліп бергені анықталды. Төл қолжазбаның жүз он жетінші бетінде автор 22-реттік санмен «Қоңыз хикаясы» деген тақырыптың астын ирек сызықпен сызып көрсетеді. Ал кейінгілер осы қолжазбаның жүз он сегізінші беттегі хикаяның жалғасын 23-реттік сан қойып қолдан бөлген. Бесінші дәптердің соңы, яғни екі жүз он бесінші беттен басталған Мәжидулла Жалғасбаевтың жыры екі жүз он жетінші бетте күрмеледі. Осы арнаудың соңғы жағына «Әбдірауық Тұрмағамбетов» (218-б.) деп қол қойып, «Әбділәзиз» деген атпен бір өлең жазылған. Өлеңнің қасына жақшаға алып «Үбісұлтан Аяпов» деп таңба соғылған. Одан төменгі тұста «Тұрмағамбет Ізтілеуов, Қызылбай Қонысбаев, Қонысбай Жанкісиев» деген кісі аттары кездеседі.

Әбділәзиз – Тұрмағамбеттің жастай дүние салған перзенті. Біздің білетіміз, Әбдірауық та аздап өлең жазатын болған. Бұл шығарманың Тұрмағамбет баласы Әбдірауықтың Әбділәзиз ағасына арнаған сөзі болуы да мүмкін. Он екі жолдан тұратын қысқа жырдың сиясы жайылып, қағазы әбден өңіп кеткендіктен оқылмады, қолтаңбасы да Тұрмағамбетке жат. Дәптердегі «Наушаруан хикаясы» (87-б.) аяқталмай қалған және сексен сегіз бен тоқсаныншы беттердің аралығына шығарманы күрмеу үшін арнайы орын қалдырылып кеткен. Бұл хикаяның толық нұсқасы екінші дәптерден табылды. Қолжазбаның екі жүз тоғызыншы бетінде жоғары жағында «Тұрмағамбетов» деген жазуы бар: «Күйеуі таз болады соқыр қыздың, / Тоқымым жоқтығынан жабу бұздым. / Орныңнан уағдалы ұшыраспай, /Адамдай таңкөз тіккен отырғыздың», – деген бірқақпай әзіл өлең шумағы жазылған. Ал Мұзарап Жүсіповтың көбіне бірінші және екінші дәптердегі шығармалардың тұсына белгі соққаны анықталды. Демек Мұзарап осы қос дәптердің Тұрмағамбет шығармаларының толық нұсқа екенін білген. Өйткені қалған дәптерлерде Мұзараптың қолымен соғылған белгі жоққа тән.

Осы бумаға қосымша тіркелген алтыншы дәптердің мазмұны М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қызметкерлерінің пікірін, жазылған сипаттамаларды, қолжазбаның қорға қабылдануы туралы мәліметтер мен тапсырушының мекен-жайына қатысты құжаттарды қамтиты.

Сыр сүлейі Тұрмағамбет Ізтілеуұлының төл қолтаңбасы толық оқылып, қолжазба бүккен құпиялар анықталғаннан кейін ел арасында ауызекі тараған күмәнді деректердің көбі ығыса бастады. Олай болса, ендігі жерде шайырдың «Шөлмек» дейтін әйгілі өлеңі де Шораяқтың Омарына орынсыз телінбейтін болар деп үміттендік. Сондай шытырман мәселенің бірі профессор Темірхан Тебегеновтің жазған пікірімен, Нығмеддин және Амангелді Егізбаевтардың құрастыруымен 1996 жылы жарық көрген майдангер ақын Әбзәли Егізбаевтың «Елімнің сырын еттім жыр» атты жинағына еніп кеткен Тұрмағамбеттің бес өлеңіне қатысты.

Аталмыш кітаптың жүз жиырма төртінші бетінде құрастырушылар ескерту бере отырып: «Опасыз достыққа» атты өлең Ә. Егізбайұлының 1969 жылы жарық көрген «Жауынгер жүрегі» кітабында жарияланғанына қарамастан Тұрмағамбет Ізтілеуовтың «Назым» атты (1972, 1982) жинағына жаңылыс еніп кеткен. «Татулық» Шораяқтың Омары мен Таубайдың Жүсібінің айтысына басалқы ретінде, «Сыйласушылық» Қаңлы Жүсіп пен Кете Жүсіпке екінші жазған хаты түрінде, «Надандық» деген өлеңі сол қалпында Тұрмағамбет ақынның өлеңі болып берілген. Біздің пікірімізше, бұлар ақын Әбзәли Егізбайұлының өлеңдері. Себебі, Әбзәлидің өз қолымен жазылып, сақталған дәптерде Тұрмағамбеттің өлеңдері де бар, ал аталмыш төрт өлең Әбзәлидің өз атымен берілген. Сондықтан осы түпнұсқаға сүйенуді дұрыс көрдік» – дейді.

Ал біздің білуімізше кәсіби әдебиеттану ғылымы пікірге емес, шығарма иесінің соңында қалған нақты мәтіндердің дерегіне сүйенгені дұрысырақ. Әбзәли Егізбаев өлеңдерінің арасында ұстазы Тұрмағамбет жырларының аралас жүруінің негізгі себептерін біз ілгергі сөзіміздің бірінде түсіндіруге тырыстық. Аталмыш төрт өлеңнің қиыннан қиыстырылып, Әбзәлиге еріксіз телінуінің бір айқын мысалы «Сыйласушылық» деген не әрі емес, не бері емес болып кептеліп тұрған тақырыбынан-ақ көрініп тұр емес пе? Әрине жинақтың құрастырушылары әдебиет ауылынан алыс адамдар болғанымен, кәсіби әдебиетші пікір білдірген жерде мұндай оғаштық жіберілмегені жөн еді. Біздің айтарымыз, болашақ басылымдарда қамсыз болмайық, әзірге бұған қатысты төрелікті Тұрмағамбет қолжазбаларының дерегі айтсын.

Ақын Әбзәли Егізбаевқа телініп жүрген «Туралық» өлеңінің көлемі «Елімнің сырын еттім жыр» жинағында он екі жол болса, Тұрмағамбет қолжазбасында «Тіріңде тура болсаң ту ұстарсың» деп басталатын бұл өлең он төрт жол (2-дәптер, 112-б.). Ал, «Татулық» аталмыш жинақта он алты жол, қолжазбада «Бектерім, бір-біріңмен болсаң тату» деп басталатын бұл өлеңнің көлемі жиырма жолмен күрмелген (2-дептер, 88-б.). Жинақта «Сыйласушылық» деп айдарланған он екі жол өлең Тұрмағамбет қолжазбасындағы атауы «Сіз-біз деп бір-біріңді сыйласпасаң», көлемі он төрт жол (2-дәптер, 89-б.). «Надандық» Әбзәлиде он төрт жол болса, Тұрмағамбет қолжазбасында «Қимаймын адам далын надандарға» деген осы өлең жиырма жол (2-дәптер, 150-б.).

«Елімнің сырын еттім жыр» жинағында Әбзәли Егізбаевқа орынсыз телінген тек Тұрмағамбеттің өлеңдері ғана емес екен. Кітаптың отыз бесінші бетіндегі кердері Әубәкірдің «Анамнан туғаннан соң бірге жеттім» дейтін белгілі өлеңі де осындай кептің жалын құшыпты. Танымал шайырлардың өлеңдерін Әбзәли секілді абырой иесінің көзсіз көшіріп алғанына менің күмәнім көп. Артық қыламын деп тыртық қылу кейінгілердің әрекеті болса керек.

Берік Жүсіпов, Фольклортанушы

Abai.kz

Ескерту! Кез келген материалды көшіру және жариялау үшін редакцияның арнайы рұқсатын алу қажет! 
http://qamshy.kz/home/show/15832

0 пікір