Жұма, 29 Наурыз 2024
Тажал-Ғазал 7139 0 пікір 24 Ақпан, 2017 сағат 10:43

ҚАЗАҚТЫ ҚЫРҒАН КЕҢЕСТІК ӘСКЕРДІҢ МЕРЕКЕСІН ТОЙЛАП ЖҮРМІЗ

Кеше әлеуметтік желілер арқылы кезіндегі кеңестік мейрамдардың бірі болған «23-ақпан – Кеңес Армиясының күні» жадымыздан әлі өшпегенін байқадық. Қазір бұл дата Ресейдегі Отан қорғаушылар күні ретінде тойланады.  Қазақстанның ол мерекеге еш қатысы жоқ. Әлбетте, кеңестік әскер сапында борышын абыроймен атқарған әке, ағаларымыздың жастық шақтың жарқын естеліктерін жаңғыртқанында тұрған пәлендей ештеңе болмауы мүмкін. Бірақ ұлттық мемлекет құру жолындағы бүгінгі ұрпақ санаға сынадай қағылған ескіліктің сарқыншақтарынан батыл арылғаны абзал.

Тәуелсіз ел атанғанымызға ширек ғасырдан асып кетіпті. Осы аралықта ұмытылуға тиісті кеңестік әскер күнін атап өтушлердің көбінің балалары Қазақстан әскері қатарында болып үлгерді. Ұландарымыздың сапқа тұрып, сарбаз атануын атап өтудің орнына, адам айтса нанғысыз тұстары жетерлік кеңестік армияны қайта-қайта еске алудан ұпайымыз түгенделе қоймас. Керісінше, бұндай әрекеттер тоғанды суға толтыра алмай әлекке түсіп жатқанда, бір жері жырылып лақ етіп ағып кететін суды еске түсіріп, ұлт тұтастығы жолындағы қадамдарымызды тежей бермек.

Кеңестік әскердің қолымен ұлтымызға жасалған қасіретті біле тұра, оны әспеттегеніміз қаншалықты орынды?! Әлде, олардың кеңестік режимге қарсы шыққандарды аяусыз жазалағанын, Алаш арыстарын атқанын, желтоқсан көтерілісі кезінде Қайрат, Ләззаттарды азаптағанын тез-ақ ұмыттық па?! Қош, олар бұйрықты орындады делік. Алайда әңгіме сол бұйрықты берген, халқын аяусыз қырған үкіметтің мейрамын насихаттауда болып отыр емес пе? Кейде, біздің осы күнде мәре-сәре болып бір-бірімізді құттықтап, 7-мамырда кеудесін оққа тосуға даяр сарбаздарымызды еске алмауымыз ұлтқа жасалған қиянаттай көрінеді. «Ресейдегі отан қорғаушылар күнін» ойлауды ұмытпайтындар, ел басына күн туғанда ауыздықпен су ішетін «ресейліктер» емес, өз жігіттеріміз екенін де ұмытпағаны жөн. Бірде Елбасы өз сөзінде: «Біздер, қазақстандықтар үшін, Отан қорғаушылар күні – 7-мамыр болып табылады. 23-ақпан емес, 7-мамыр! Бізді қай күні құттықтау керектігін әйел қауымы білсін. Біз оларды 8-наурызда құттықтаймыз. Ал, олар бізді 7-мамырда құттықтауды ұмытып кетеді» деп мәселенің маңыздылығын қазық қаққандай қылып айтқан болатын.

Аталарымыздың «өзім дегенде, өгіздей күшім бар» дейтіні есте. Бүгінгі күйімізге қарап, солай айта аламыз ба? Мыңдаған жыл бойы тойлап келген «Наурызды» ұмыта жаздап, әліге дейін өзіндік биігіне көтере алмай жүріп, соңғы 70 жылда ғана өмірімізге енген жат әдеттерден шыға алмауымызға жол болсын. «23-ақпан – Кеңес Армиясының күнінен» бөлек, «13-қаңтар ескі жаңа жыл», «14-ақпан әулие валентин күні» секілді қазаққа үш қайнаса сорпасы қосылмайтын мейрамсымақтар тағы бар. Бұл күндер діні мен ділі бөлек орыс халқы үшін бөтен емес шығар, ал бізге не жорық?!

Тегіміз түркі, сеніміміз ислам бола тұра, болмысымызға қайшы келетін дүниелермен санамызды улаудамыз. Қай-қайсының да тарихына үңілер болсақ, тағылым аларлықтай ештеңе таппайсың. Ұлттық мемлекет құруда көрші өзбек, түркмен ағайындар бізден әлдеқайда көш ілгері. Оған мемлекеттік саясаттан бұрын, халықтың күш-жігерінің арқасында қол жетуде. «Елу жылда – ел жаңа» деген. Оны көбіне-көп уақыт емес, адамдардың ұмтылысы жаңартады. Сондықтан санаға сілкініс жасау, өз қолымызда. Кеңестік сарқыншақтардан арылар кез әбден жетті. Ұлттық мемлекет құру – осындай кішкентай істерден бастау алады. Олай болса, ұлы мұратты шындыққа айналдыруда, көлденең кездескен кез келген істі өз мүддемізге жарата білейік!

Меліс СЕЙДАХМЕТОВ

 Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1579
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2280
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3606