Дүйсенбі, 18 Қараша 2019
Қоғам 2981 0 пікір 28 Ақпан, 2017 сағат 10:58

АУЫЛ ҚАЙТСЕ ДАМИДЫ?

 

Біз ауылда колхоз, совхозды көріп өстік. Атың өшкір кеңестік жүйе кезінде ауыл қайнаған тіршіліктің көзі болатын. Ересектердің жұмыстан қолы босамай, әуелі балалардың өзі жаппай науқандық жұмыстарға жегілетін. Қой ұрықтандыру, төлдету (сақман), қой қырқым, пішен (шөп шабу), астық жинау (қырман), жайлауға мал айдау және т.б. Осы жұмыстар жыл он екі ай айналып келіп тұратын. Екі жүздей отбасы тұратын біздің Қопа ауылында 60 000 қой, 3 000 жылқы, 1 500 бас сиыр бар еді. Бұл әлгі 200 үйдің жеке меншік малын қоспағанда, тек совхоздың ғана мал саны еді. Үкіметке табиғи таза ет, сүт, тері, жүн өнімдерін тонналап өткізетін едік.

Тоқсаныншы жылдары совхоздар мен колхоздар тарап, мал мен техника кеңшар мүшелеріне «пай» ретінде таратылып берілді де, бір қойдың құны төрт жарты арақ болды... Ауыл құлдырады, жаппай қалаға көшу басталды...

Жердің астын үңги бермей, қайта орнына келіп отыратын ауыл шаруашылық өнімдерімен өзімізді ғана емес, айналамызды да қамтамасыз ете алсақ керемет болар еді,  бірақ ауыл еңсесін тіктей алмай тұр.

Бүгінгі күні үкімет агросекторға қатты көңіл бөліп отыр. Қазір олар ауыл шаруашылық өнімдерін өндірушілерді қаржыландырудың тың механизмдерін іздестіруде. Ауыл шаруашылығы министрлігі, оның ішіндегі бірнеше комитеттер, оған қарасты «ҚазАгро» ұлттық холдинг, «ҚазАгроинновациялық» акционерлік қоғамы мен ветеринарияға қатысты бірнеше республикалық мемлекеттік кәсіпорындардың ауылды көтерудегі ойласып тапқан бірден бір жолы – шаруа қожалықтарын кооперативтерге біріктіру болып отыр. Биыл пәленбай кооператив пайда болып, іс іріленіп, шаруа ілгерілей бастады – деп есептер беріп те тастады.

Ертеректе «Ауыл жылын» жариялағанбыз. Содан кейін 2004-2010 жылдарға ауылдық жерлерді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы, Үкімет бекіткен «Агробизнес 2020» бағдарламасы, «Ауыл шаруашылығын дамытудың кешенді бағдарламасы» деген сияқты дамуға нұсқа болар құжаттар қабылданды. Әттең, бұлардың ешқайсысы да ауылды алға сүйрер емес. Жақында өткен үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасы: «Агробизнес 2020» мемлекеттік бағдарламасын қолдауға бюджеттен 640 млрд. теңге жұмсалғанын, бірақ ет өндіру 2016 жылға жоспарланғандай 60 мың тонна емес, 17 мың тонна ғана болғанын айтты.

1973 жыл. Жаз айы болуы керек. Атам: «Тұр, өгізшені айдауға көмектес», – деп ерте оятып алды. Өгізшені өріске жібермей, байлап алып қалыпты. Маған «су әкел» – деді. Бір шелек су әкелдім. Өгізше жартысын ғана ішті. Атам түгел ішпегеніне қатты ренжіді. Сосын ол жетектеп, мен артынан айдап, ауылдың шетіндегі жұрт «заготскот» деп атайтын жерге келдік. Өгізшені таразыға тартып, шығарған тірі салмағына есептеп қолма-қол ақшамызды алып, бас жібімізді ұстап кейін қайттық. Мені оятқаннан бастап, қолма-қол ақшаны санап алып қайтқанға дейінгі кеткен уақыт бір сағат. Яғни, қолдағы малдың қолма-қол ақшаға айналуына бір-ақ сағат уақыт кетті.

Ал бүгін Алматыдан 500 шақырым жерде тұратын біздің ауылдағы қарапайым шаруа алдындағы малын қолма-қол ақшаға айналдыруға қанша уақыт кетіреді екен, көрейік. Ең алдымен, сойып апарған жөн бе, әлде тірілей апару керек пе? Соған бас қатырады. Көлік іздейді, көлігі болса, бензин іздейді. Малы ұрланбаған деген анықтама алады милициядан. Малы ауру емес деген анықтама алады мал дәрігерінен. Бұл қызметтер ақылы. Ресми болмаса, бейресми алынады. Жол бойы бұрын Ақсу мен Алматының арасында 9 пост бар еді. Бәріне «отметка» беретінсің. Қазір Қапшағайдың көпірі ғана қалды, олар жақсылап қарайды. Құжатыңнан бір ілік табылса, ол жерге де бірдеңе беруің керек. Базарға әкелесің. Сатып алушыға өзі баққандай еттің кереметтігін айтып жылпылдап, келісін пәленбайға өткізетін сатушы әкелген малыңды айналып көреді. «Арықтау екен дейді, бұндай етті алушы аз дейді, дұрыс соймапсың дейді. Жарайды, алыстан келіпсің, мынаншадан аламын», – деп міндетсиді де, таразыға салып 15-20 келісін кем санап қолыңа ақшаңды береді. Риза болмасаң да, еттен құтылғаныңа үһ  дейсің. Терісі мен басын ол алмайды. Оны үйге тастап кетсең жолдағы тексерушілер есіңді шығарады. Сондықтан теріні тиынға басқа бір жерге өткізіп, басты қайтадан ауылға алып қайтасың. Әйелің пысық болса, үйітіп «холодес» жасап береді. Осы әуреңе екі сөтке уақытың кетеді. Шыққан шығындарың мен қолыңа тиген мардымсыз ақшаны көріп, малшының көрген күні құрысын дейсің.

Ауылда уақыт өте баяу өтеді. Қаладағыдай сүргін жоқ. Самарқаулық пен марғаулық ауылдың табиғатына сіңген. Ауыл саудасы күнде қызып жатқан базар емес, бағасы сағат сайын өсіп, сәт сайын өзгеріп отыратын биржа емес. Оларды еркіндікке жіберілген көк қағаздың бағамы да қызықтырмайды. Ауылға қажетті басты құндылық – тұрақтылық. Бұл ­– өзі өндіретін өнімдерге деген баға тұрақтылығы және оған мемлекеттің беретін кепілдігі. Мемлекет, ең құрмаса, бір жылға ауыл шаруашылық өнімдерін шаруалардан сатып алуда бекітілген бағаны сақтауға кепілдік беруі керек. Ауыл қашан дамиды, шаруа қашан өнім бере бастайды? Баяғы менің атам сияқты көп уақыт жоғалтпай, баққан малын, өсірген өнімін бекітілген тұрақты бағамен кез келген уақытта жақын жердегі Үкімет ұйымдастырған нүктеге өткізе алатын болса ғана. Үкімет өндіруді шаруаға қалдырып, «сбытты» өз қолына алған жағдайда. Жоғарыда аталған қаптаған бағдарламалар мен оны орындау үшін құрылған дөкей мекемелерге бюджеттен жұмсалған қаржыны осыған бұрғанда.

P.S. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерді жеңілдікпен қаржыландыруда «Егісті тамшылатып суғарғандарға және асыл тұқымды мал бордақылау кешенін құрғандарға басымдық беріледі» деген көктен алынған талаптар бар. Ауылды дамытуға бұл да тұсау болып отыр...

Бижомарт Қапалбек

Abai.kz

0 пікір